03.02.2022
  182


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КҮЙШІ ЖІГІТ

Мұң екен тиек салып, шек таққаны,
Келтіріп құлақ күйін, сəл қаққаны.
Жөнелді саусақтары салғыласып,
Қоғадай желкілдеген жел жақтағы.
Сол сол-ақ шаңқай түсте үркіп ерен,
Жылқыдай қырдан құлап, дүркіреген;
 Тұғырда қыран қатты сілкініп қап,
Секілді аспан кенет күркіреген.
Су таудан ақтарылып лақылдаған,
Қу қаудан өрт тигендей лапылдаған;
Жанартау жалқындаған жалын атып,
Тəрізді аңызақ жел аңқылдаған.
Күй саулап саусағынан сала қарыс,
Жас жігіт қыз алдында жаңа таныс.
Сыр шертті қос иығын қомдап алып,
Елікке атылардай ала барыс.
Жүздіріп шектен төккен шарабына,
Қармақ сап қыздың сезім-шабағына;
Арудың асқақ көңлін қондырды əкеп,
Аядай домбыраның шанағына!
1966 ж.





Пікір жазу