03.02.2022
139
КӨҢІЛДІҢ КҮЙІГІНЕ БАСАТҰҒЫН
Мап-майда түгіндей ғып масатының,
Жұп-жұмсақ сырлы жырлар – жазатыным.
Сап-салқын суға малған орамалдай,
Көңілдің күйігіне басатұғын.
Жарайды ол сүртуге де көздің жасын,
Жарайды ол орауға да жан жарасын.
Кім сəтсіз махаббаттан азап шексе,
Сол менің өлеңімді олжаласын.
Немесе көпті көрген сұңғылаша
Жұбатар, кім қайғыға ұшыраса.
Таңдайын кебірсіген жібітер-ау,
Ауырып жатқан адам су сұраса.
Кіршіксіз сəбилікпен ол ойнар да,
Ермек боп нəрестесіз жұбайларға.
Аңсаған құрбысындай күбірлесер,
Кемтар қыз жалғызсырап мұңайғанда.