03.02.2022
  312


Автор: Ғалымбек Жұматов

Даланың бозторғайы

Ауылға баратын болдық дегенді естігеннен-ақ, аулаға жүгіріп шыққанмын. Не керек, кешке дейін он алты қабат үйдегі достарым мен таныс балаларымның бәріне дерлік қуанышты хабарымды жариялап үлгердім-ау, сірә. Атамның ауылына балалар бақшасында жүрген кезімде бір барған екенмін. Енді, міне, екінші класқа көшкенде ғана, көкемше айтқанда, жолы түсті.


Көкем машинасын сусылдатып, баптап қойыпты. Қаладан шығып кең асфальтты жолға түскеннен ақ, «жигули» жүйткіп ала жөнелді.


— Біраз жүрген соң, тас жол таусылып, шаң қапқан қара жолға түсеміз,— дейді көкем, кейістік білдіріп. Мен оған назар аударып отырған жоқпын. Терезеден көз алмаймын. Жол жиегіндегі ағаштарды, шағын ауылдарды, қарсы жолыққан машиналарды қалт жібермей шығарып салып отырмын. Жан-жағыма осылай алақ-жұлақ қарайлаған мен ұйықтап кеткенімді де аңдамай қалыппын.


Атамның ауылына түнде келіппіз. Таңертең оянсам, аяқ жағымда әлдебіреулер күңгір-күңгір әңгімелеседі. Ақырын басымды көтеріп қарадым. Дөңгелек келген тәпелтек үстелді ортаға алып, атам, көкем, көкемнің інісі Тарғын, Айман тәте шай ішіп отыр.


Төбесінде жіңішке ағаштармен айқыш-ұйқыш торлаған үлкен саңылауы бар киіз үйде жатқанымыздан-ақ, атамның жайлауына келгенімді ұқтым.


— Міне, Айдын батыр да оянып қалыпты. Қане, тұрып, сәлем бер. Ассалаумағалейкөм де.


— Міне, жігіт! — Бәрі жағалай құшақтап, аймалап шықты.


— Бар енді, қолыңды жуып кел, қаланың ақ саусағы,—деп, Тарғын арқамнан қағып қалды. Өзінше еркелеткені.


Мен тұрып тысқа шыққанша, күн көтеріліп, қызына бастапты. Бір керіліп алып, айналаға көз жібердім. Қай жаққа қарасаң да, теп-тегіс дала. Не тау, не өзен, не қалың тоғай көрінбейді. Тү-у алыстан көгілдір толқын тербеледі. Оның сағым екенін білемін. Ойы мен қыры, тіпті көзге шалынбайтын бұл жазық далада атамның, ағамның, тәтемнің іштері пысып, уақыттары мүлде өтпейтін шығар-ау. Жақын тұстан ауыл да көрінбейді. Айдаладағы жалғыз үй осы. Қалай шыдап отыр екен? Үйге көңілім құлазып кірсем, атам көңілді сөйлеп отыр.


— Айдын асықпай тамағын ішіп алсын. Өзім атқа мінгізіп алып кетемін. Даланы, қойдың жайылымын көреді,—дейді. Жайлауды көретін несі бар. Далаға бір шыққанда байқағанмын. Үй іргесінен бес жүз-алты жүз метрдей жерде жайылып жүрген отарды шай ішіп отырып-ақ көруге болады. Бірақ атама қарсы пікір айтқаным жоқ. Атқа мінгеннің өзі қызық емес пе.


 Отарға бет алғанда, мен атқа отырдым. Атам жетекке алды. «Тізгінді беріңіз. Желдіртіп ала жөнелейін» деуге батылым жетпеді. Ақырын аяңдаған күйімізде қой шетіне де келдік.


— Ал, балам, сен осы жерде ойнай тұр. Қойдың алды алыстап кетіпті. Мен бір қайырып келейін.


Жалғыз қалдым. Не істесем екен? Жақын жүрген қойды ұстап алғым келді. Сәл жақындасам болды, біреуі емес, бірнешеуі үркіп ала жөнеледі. Онсыз да бір жерге тұрақтамай, шөпті быр-бырт жұлып, ілгері жылжыған отарды жөн-жосықсыз қуа беруге ұялдым. Атам қайтып келеді деп жүрсем, ол қойды қайтарған бетте атынан асықпай түсіп жатыр. Алыстан аңырая қараған мені байқап, қолын бұлғады. Жүгіріп жетіп, жантая жатқан атамның қасына отырдым


Бір уақытта шырылдаған үн шықты. Тура бұлбұлдың сайрағаны дерсің. Дәл қасымыздан шығатын секілді. Айналама қараймын. Көрінбейді. Атам мұрты көтеріліп жымиды. Иегімен әуені нұсқады.


Аспанға қарасам, тура біздің төбемізге жақын тұста кішкене торғай қанатын сермелеп, шырылдап тұр. Қанатын қаққанымен, орнынан қозғалмайды.


— Ал, балам, ақырын қимылдап, орнымызды ауыстырайық. Қойды да айдай жүр.


— Неге?


— Жақын жерде бозторғайдың ұясы болуы керек. Олар ұяны жерге салады.


Соны қорғаштап шырылдап жүр.


Атамның көрсеткен бағытына қарай ақырын жүріп, ұзап кеттік. Содан, түс ауғанша қой соңына ілесе отырып, атам әңгіме айтты. Анда-санда қала жайын сұрап қояды.


— Көз тоқтатып қарар жалғыз ағашы жоқ жазық далада қалай жалықпай жүрсіздер, ата! — дедім үйге қайтар жолда.


— Неге жалығамыз?


— Екеуміз түс ауғанға дейін жүргенде байқағанымыз бозторғайдың шырылдағаны ғана ғой.


— Дұрыс,  балам, бүгін бозторғайдың әнін естісең, ертең жүгірген аңын кездестірерсің. Көп жүрсең сан түрлі құстарын да көрерсің. Бәрін бір күнде көргеннің не қызығы бар. Олай болса, даланың сенің қалаңдағы зоопаркіңнен несі кем? Өзің зоопаркке көп барасың ба?


— Атамаңыз. Кейде тіпті барғым да келмейді.


— Міне, көрдің бе. Дала да бар жақсылығын бір күнде үйіп-төгіп бере салған болса, біз де жалығып кеткен болар едік. Атаң осы далада туып, осы далада өсті. Туған жерге деген ыстық ықыластың өзі бір күнде емес, жылдар бойында қалыптасады деп білемін. Біз үшін сондықтан әр күнінің орны бөлек.


Киіз үйдегілердің барлығы ұйқыға жатқанда, Айдын ояу еді. Оның құлағына даланың бозторғайының үні естілгендей болды да тұрды. Айдын ертеңгі күнге асықты.





Пікір жазу