02.02.2022
  222


Автор: Светқали Нұржан

«Арал қызына»

Жыр-шоғырынан
* * *
Анау жатқан Каспийдің ұлы едім мен,
Атырау ем —
жаныммен, жүрегіммен.
Аралдық қыз,
бір күні Арал болып,
Қол бұлғадың Дария-білегіңмен.
Сарқылдың ба тірліктің таласында?
Бір мұң жатты көзіңнің шарасында.
Аласұрған кез қайда,
Аралдық қыз,
Арал болып тартылып барасың ба?
Алғысы жоқ тірлікте, қарғысы көп,
Өзгере ме — өзгермес мәңгі сурет?!
Картадан көр:
Каспийім Аралыңды
Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп?!
Есін алған аңсары арманды ұл ем,
Сен мұңайсаң, мен дағы жалған күлем.
Тулап жатқан Каспий боп ақтарылып,
Толтырармын бір күні арнаңды мен...
* * *
...Өзіңде деп жүрген едім көрік, бақ,
Сөз таба алмай әспеттеуге, мақтауға.
Арал қызы,
Атырауға келіп қап,
Ақыры біз жолығыстық Ақтауда.
Сені көріп ұмыт болды қайғы, өлең,
Құшақ жайдым Адам Ата сезіммен.
Ұлы Теңіз сүйіскенде Айменен,
О, һауа Ана, мен сүйістім өзіңмен.
Бүкіл ғалам кетті дерсің теңселіп,
Нұрмен орап алды бізді алтын бақ.
Сылқ-сылқ күліп Ұлы Атырау қол соғып,
Шағалалар құттықтады шаңқылдап...
Аспан көкшіл,
Жұлдыздары сиреген,
Суға құлап шабақ шалды шағала.
Тұрмыз біздер тылсым, қыршын күйменен,
Айбергенов жырлап өткен қалада...
...Қиялға еріп кеткішпіз ғой , тегі, біз. —
Сені аңсаудан туды мынау күй ішкі.
Анадайдан бір бейтаныс пері қыз:
"Неге жалғыз тұрсыңыз?" —деп тиісті...
Қашанғы жатам мұң басып,
Жаралған ек қой жануға...
Атырау-жігіт шын ғашық,
Аралдық арман аруға!
Егер де қоссақ, Әппағым,
Ерір ед біздің ішкі мұң:
Қызылордаңның аптабын,
Маңғыстауымның ыстығын..
Өзіңді мәңгі іздермін,
Жартымын,
Сен де жалқысың.
Махаббатымыздан біздердің
Өрт шығып—
Жерді шарпысын!..
* * *
Жүргенімде қуалап киік-күнді,
Бар аңсарын санама құйып тынды.
Досыма да жиі айтам соңғы кезде:
"Кеттім ғой, —деп, — сағынып сүйіктімді"
Оқты мылтық тұра ма атылмай түк,
Ашылды сол құпия хатым қайтіп?!
Жеңгем естіп қойыпты,
Ұйқысырап
Жатқанымда өзіңнің атынды айтып...
Жүрек құрғыр кеудемді жылап тепкен,
Аңсайды ғой кезімді шуақты өпкен.
Досым басу айтады:
"Білмейсің, —деп, —
Сағыныштың қадірін жырақ кетпей!"
Хаттарымнан жайымды тағы білсең,
Кірпігіңнің ұшына сағым іл сен.
Жырақтамын, амал не,
Мен өзіңді
Көріп тұрып өлердей сағынушы ем!
Бетіңменен бастың келіп бетімді,
Жымиясың сиқыр сырмен не түрлі.
Кейде бейнең зәулім аспан төріне—
Жұмақ жаққа шақыратын секілді.
Өзіңменен бір келіп пе ем үйге мен?
Дым түсінбей, өзді-өзінен күйді өлең.
Аймалайсың, тайғанайсың төсімде
Үнсіз-түнсіз, түк жылусыз күйменен.
Сәлден кейін қалғың келмей жекпе-жек,
Құшағымнан сусып шықтың өкпелеп.
Құлап түстім төсегімнен, айқайлап
Ұмтылғанда:
"Кетпе, кетпе, кетпе!.." —деп...
Өңім тұрмақ, түсім арқау өлеңге,
Аурумын ба, саумын ба әлде... —
Мені емде.
...Есім жиып орнымнан тұрғанда,
Ай сәулесі аунап жатты еденде...
* * *
Түсімде екен, иә, кәдімгі түсімде,
Айналыпсың тас тұғырлы мүсінге.
Тиісті екем мен де және өлуге,
Тасты өліп сүйгендігім үшін де.
Дар ағашы төніп тылсым бейітке,
Жұрт ызамен қарап маған—
Шейітке,
Мүсінің де көз салғандай мен жаққа,
Өңдегіден сәл жылылау кейіпте.
Үкімімді шығарушы қиырды
Бір шолып ап, құдайына сиынды.
Сосын маған төніп келіп
Соңғы рет:
"Пікіріңді қайтып ал!" —деп бұйырды.
"Сүйіп келдім,
Сүйіп мәңгі кетермін!" —
Деп еңсемді шамырқана көтердім.
Оянып та кеттім сол сәт,
Оянсам:
"Сүйемін!"— деп жылап жатыр екенмін...
Талап мынау: жаныма жатпа менің,
Тап сол күйде қалшы сен —
Әппақ едің.
Тек қана отыр нұрға орап түн тылсымның,
Терезеден тесілген қап-қара өңін.
Теңемеп ем өзіңе бөтен қызды,
Тартты неге құпия мекен бізді?
Талықсысақ төсекте,
Тұрған аңдып
Түн кеп басып қалмай ма екеумізді?!
Тәнге төре — жастықтың базарына
Тұтқын болсақ, қалармыз мазағына.
Тура қарап тұрайық —
Таң көзіне,
Тат жұқтырмай пәктіктің Ажарына.
Таң атқасын арқау боп отты өсекке,
Түк мән бермей сыбалған көп кесекке,
Тысқа шығып кетелік, таң сәулесі
Тайғанасын татаусыз ақ төсекте...
* * *
Жүрші, жаным, Аягөзге,
Серпілші енді сен де бір.
Қозысы өңге,
Баяны өзге,
Қодары өлген жерге жүр.
Жықпылдарға жылқы жатқан
Шақырғанда түн ымдап,
Бұлақтармен бүлкіп аққан
Сырласып ап сыбырлап—
Көптен күткен сапарыңа
Аттанайық нұр кешіп. —
Махаббаттың Отанына,
Аруана-Айға мінгесіп.
Шөкім бұлттан ауыт жасап,
Аруана-Айға салайық.
Дертімізден сауықпасақ,
Сол аспанда қалайық.
Бізде, сірә, жазық бар ма
Бұл сапарды аңсасақ?!
Жұлдыздарға-қазықтарға
Кідірерміз шаршасақ.
Ғашықтықтың кеселіне
Ем іздеп бір байқалық.
Қозы-Баян Кешеніне
Зиярат қып қайталық.
Оралғасын, Арман-ай, бір,
Аққа көңіл ауар шын!
Желіні толған Аруана-Айдың
Уыз-Нұрын сауарсың...
Қозы болып сені іздеп бара алмадым,
Таба алмадым амалын,
Аралдағым.
Арандадым құдыққа Қодар қазған —
Жүректе дерт болдың ғой,
Жанарда — мұң!
Қимай маған қызығын көктеме түк,
Тағы бір жыл өтуде өкпелетіп...
Ауылыңды табуға көмек берер,
Айбас сынды ағам да кеткен өтіп.
Не табам деп өрт жанды суытқаннан,
Қарсы алар ма ең алдымнан шығып, қарғам?
Сені іздеуге арнайы жаратқанда,
Ақбозымның аяғы сынып қалған...
Аунап-қунап Аралда, қызық көріп,
Айдынында теңіздің жүзіп көріп,
Қайта алмадым, жолымен бұрынғының,
Ай-Таңсықтай апаңа жүзік беріп!..
Ел оқымай — сарқылған көлдерге аят,
Басар ма едік бірігіп дөңдерге аяқ.
Күн кешер ме ек,
Қырқыспай Қодар қыртпен,
Мен де өлмей-ақ, артымнан сен де өлмей-ақ!..
Ғұмыр құрсын — зімді жасқап кешкен,
Тағдырым бар гүл сынды тастаққа өскен.
Кеудем көне жұрт құсап құлазиды,
Қарау-Ата — Қарабай тастап көшкен.
...Өз аңызын әр ұрпақ айта келді!
Қылығыңа қайыл ғып байтақ елді,
Хазар жаққа өзімді іздеп келіп
Бір Аңызды туғызсаң қайтеді енді?!
* * *
Сен енді тоқтарсың ба,
Деміме мынау алқынған.
Оралдан ұшқан көк қаршыға,
Оралып өткен алдымнан.
Т.Айбергенов
Жан жатыр қазір жалынға бөгіп,
Жанардан жасын-жас парлап.
Дертіме жүр-ау қаның керегіп,
Аралдан ұшқан қасқалдақ.
Көрінбей кеттің аспаннан мынау,
Дауа емес маған — ішірткі ем.
Арал жақтағы, қасқалдағым-ау,
"Барсакелмеске" ұшып па ең!?
Естілсе кейде Аспан жақтан үн,
Қомданам,
Біреу ұш дердей.
Шарап та ішемін, қасқалдак қанын
Таба алмаған соң ішкендей...
Бабамның көзі,
Даламның көзі—
Шыдармын қалай толғамай?!
Анаңның өзі—Аралдың өзі
Қасқалдақ қаны болмағай.
Молығасың сен! —
Өлеңім саған! —
Өлемін, сенім алдаса...
Жолығасың сен! —
Сенемін соған —
Дініне берік молдаша!..
Тәрік қып,
Қыстай мезі еткен әнді,
Қиқулап жетті құс біткен.
Өрт қойып жүрме, Өзекке мәңгі —
Оралмай қалып түстіктен!
Көктем кеп әнге маңым бөленіп,
Болса да у-шу аспан жақ—
Дертіме жүр ғой, қаның керегіп,
Аралдан ұшқан қасқалдақ!..
* * *
Уақыт заулап, барады жер түрленіп,
Жүрегімнен бір суық жел тұрды өріп...
Арал қызы, бір кезде дәурен озып,
Жолығарсың кемиек кемпір болып.
Басқанменен кәрілік күй еңсені,
Жоғалтпаспын,
Жүрегім-ием, сені.
Сол кезде де күйреуік сәби ақын,
Мәужіреген шал болып сүйер сені...
* * *
Мұңаю шарт мен үшін,
Күлкі міндей
Сезіледі — тұрғанда түн түрілмей.
Арал қызын армандап,
Түндерден мен
Аласұрып шығамын кірпік ілмей.
Содан кейін дүниенің сиқы қашып,
Көрер көзге көрініп күйкі, жасық,
Бұлт басқаны сықылды Алатауды,
Күні бойы жатамын ұйқы басып.
"Мәжнүн",—деп бәз біреу аяп қалса,
Езілемін,
жанардан жай аққанша...
Ұзақ жатам, —
түсімде Арал қызы
Теңіз құсап сыбырлап оятқанша...
Дидарымды шапақпен бояған кіл,
Сол бір жаннан мәңгілік ой алармын.
Мәңгі ұйқыға бір күні кеткенде де,
Сол қыз кіріп түсіме ... оянармын...
Сәуірдің құлағыма күркірі кеп,
Найзағай жатты аспанның бұлтын іреп.
Өр ару,
Әзілдедің бұлтты нұсқап:
"Шашыңнан аумайды екен... күлкілі...", —деп...
Сен күлсең—көк тасқа да бүр шығады,
Көзінде—көңіліңнің күн шуағы.
Сен деген күлу үшін туған жансың,
Ал менің жанарымды мұң шылады.
Сәуір кеп мұңды құшақ жайған бір күн,
Күлесің, бұйырмаған қайран құрбым.
Жел жұлқып,
Түтеленген бұйра бұлттың
Шашымнан аумайтынын қайдан білдің!?
Өткем жоқ дауылдардан ар саудалап,
Қонбады маңдайыма — жан сауға — бақ.
Жел түткен шаштарымның түптерінен
Сәуірдің жаңбыры боп қан сауламақ...
Найзағай — тесті бұлтты найзадайын,
Қарашы тағы да бір,
Айналайын...
Әттең-ай, бәрін көріп, Көрмедің ғой
Миымның жарқылдаған найзағайын...
ХІІІ
Сені көрсем санамда сең көшеді,
Бір мұзбенен бір мұз кеп белдеседі...
Көз алдымда көлбеңдеп азаптадың,
Соңыңа еріп күйдірдім мен де сені.
Түк көрмеппін көзіңнен—мөлдіріңнен,
Күлкіңе елтіп келіппін кемді күн мен.
Көздің жасы сарқылмай сарқылмайтын
Қайғы болдың,
Жасырам енді кімнен?!
Жалғыздықтың, деп жүріп, досы—қатер—
Арзу болдым бекерге—осы жетер.
Мың күн азап сыйлаған тағдырымның,
Мың жыл қажап қинаса несі кетер?!
Жетер енді! — Өзіңді көрмеймін мен—
Қылығыңды ерге ерік бермей жүрген.
Құдайда жоқ өрлікпен көтерілермін,
Бұйрыққа да сен айтқан ермей бірден!..
Ортамызда жіп бар-ды—
Үздің рас,
Ексімімен теңсетіп бізді біраз...
Сені сүйер маңайда ақын аз да,
Мені сүйер алайда қыз құрымас!..
Күлдірер—жыл,
Күйзеп—ай, жылатар—күн,
Бүр атар Мұң—
Басқаны ұнатармын.
Кеудемде тек із қалар,
Күзгі Әнінен
Жапырағын телдеген Құба талдың...
Жетер, жетер! —
Болдық қой өкпелесіп,
Кетем ертең өзің жоқ шетке көшіп.
...Атып тұрдым сен келіп қалды ма деп,
Сықыр етіп—
топсасы кеткен есік...
Күлмеңіздер,
Мендей ғашық сорлыға,
Құдірет тұттым,
басқа амалым болды ма? —
Жерде жеті кереметтің бірінің
Арал қызын қойып көрем орнына.
О, Жасаған!
Елең алма!
Нана гөр! —
Жетім жұлдыз! —
Жырларыма пана бер...
Пенделердің тарылғанмен тынысы,
Менің ғана ғажабым боп қалады ол.
Ғажап құрсын, қалар күйреп, саудырап,
Күйремейді ол—
Өртенсе орман, тау құлап.
Тұра бермек мәңгі жас боп жырымда,
Жасқа толған жанарлары жаудырап.
Түнек торып, жүрек болып қысылдым.
Аса құлақ аспаса да бүгін ел,
Сонысынан күні ертең-ақ түңілер.
Көрмек болып мәңгі тірі ғажапты,
Жырларыма жапырлап кеп үңілер...
* * *
Мәңгі өзіңмен қоштасуға келдім мен,
Сен қарсы алдың келбетіңмен өр мүлдем.
Түк ұқпадың көмейдегі шерлі үннен.
"Хош бол-ғын..." —деп, оң қолымды ұсындым,
Түнек торып, жүрек болып қысылдым.
Сездім енді қайрылмасын құсымның.
Соқты үскірік, тұрған үйден ән аңқып,
Бұл қоштасу қатыссыздай саған түк,
Тура қарап қойдың маған сауал тік.
Дауысыңа піл көтермес бітті зіл:
"Алған жандай бар байлығын ұтқызып,
Не ғып тұрсың?
Жүзің неге қып-қызыл?.."
Енді сенен шыға қоймас иманды үн. —
Сен түнекте қалатындай қиналдым,
Амалсыздан қиялыма иландым.
Күбірледім, шегін тартып шыдамның:
"Батарында қызармай ма шұбар күн? —
Кетерімде мен де сөйткен шығармын..."
* * *
Сен қайыңның шыбығы едің. —
Ұстара-
Күз келді де қиып түсті...
Еш шара
Қыла алмадым,
Жап-жасыл ғып жырлары,
Шырша едім мен көктеп тұрар қыста да.
Кез жетті де жапырағың шашылған,
Желге ілесіп кеттің мәңгі қасымнан.
Қыста сені құшағыма ап жылытып,
Жазда сипап тұрсам деп ем шашыңнан... 
* * *
Әр құбылысты — абат табардай тым
Әдетім еді ағат бағамдайтын.
Шошытып тынды сені мінездерім,
Өзіңді көрсе тағат таба алмайтын.
Бар ма қылығым — қатарға жағардай? —
Жолдары қырын сапарға жарардай.
Фәни — нала-мұң,
Зариғабамын
Қорқау ұлыған жапанда қалардай.
Көктің түбітін түтердей шатқалда,
Алатау самалын дүкендей сатқанда—
Жүрегім менің қанап кетеді,
Көздерің жанды тікендей шаққанда.
Деп ем өзіңе,
Ақтар бірге сырды. —
Қаны жүректің — аққан сүмбе сынды.
...Тау танауында кемпірқосақ тұр,
Бота тұмсығына таққан сірге сынды.
Ақ қайыңдарға көп қыз деп қарадым,
Ішінен соның жоқты іздеп табамын.
Өзіңе деген есалаң сезімді
Ышқына боздап жеткізбек боламын.
Үмітімді үзіп жұмсарар кезіңнен,
Жанарды жаспен тұмшалап езілгем.
Аңсап өзіңді ындыны кепкен,
Нұр-сүт саулайды мұңсана көзімнен.
Сол аңсарыммен түндегі жотаның
Жұлдыз боп жанған гүлдерін отадым.
...Басқа түліктен қай кездерде де
Даусы ащы болад сіргелі ботаның.
* * *
Алматының ақ қары еріген күн,
Шат күйінде көріндің —
Сені көрдім.
Сені көрдім — егілдім, емірендім.
Емірендім, төгілдім, тебірендім. —
Алматаудың ақпары сөгілер күн...
Тап сол күні төндіріп ақыретті,
Маған тимей бір жасын қапы кетті.
Мен — көктеммін! —дегенді әлемге айтып,
Биыл тұңғыш көк аспан шатыр етті.
Маған тимей бір жасын қапы кетті.
Мына хабар тұра алмас қақпаны ұрмай.
Күнә болар бетіңді баққа бұрмай...
Күркір тынып аспанға сына қағар,
Құлама жар ақпары ақтарылды-ай! —
Жылап алар — жыр жазсам шақтарымдай.
Шыныменен жібітті-ау сені Дәурен! —
Мұныменен бітер ме менің әурем?..
Мұңды ұрлаған сол күні
сол көктемше,
Бір жырлаған алдыңда едім-ау мен! —
Мұныменен бітер ме, менің Әурем?..
Күн күркіреп,
Аққанда жасын көктен,
Жан қауызы көзіңде ашылды еппен.
Қара Тоңы Ақ Қыстың жібіген соң,
Бүр жаратын артынша—Жасыл Көктем!
...Алматаудың ақпары сөгілгенде...
* * *
Уызын бірге ұрттап ек талай түндердің,
Жұлдыздар қалды сол шақтан — қадайтын белгім.
Сиқырлы сәуле шашатын жанарларыңнан,
Ине шашырап мен жаққа қарайтын болдың.
Жұлдыз- шақпағы Ай-шамның білтесін жағып,
Нұрына гүлдер тұратын күлтесін малып.
Аяз боп кенет аңсызда алқымнан будың,
Шашырап кеткен көп ине — күрт есімді алып.
Аяз боп инең түйрейді —
Ұрады үскірік,
Шыра қыстырып көзіне - құрақ ұшты үміт.
Қауырсындарын дал-дұл қып үскірік түткен,
Үміттің құсы ақыры құлады ышқынып.
Қолынан бәрі келерін ұқтырып тәңір,
Көңілдің кіршең көйлегін жыртты ымыртта бір —
Ырайы қайтып Инеңнің —
Бермесе жамап:
Ақ қарын — Ақпан, ақ нұрын жіп қылып — Мамыр...
Қабақ түйгесін — жүректі табад та ине сұм. —
Қайта кимек ем көйлекті, қадап түймесін. —
Ертер ме екенсің қасыңа,
Әй, қайдам, мені —
Қара Көйлекті Ақ Жіппен жамап кигесін?..
* * *
Оралттың мұңды...
Сағындым сені —
Жоғалттым мәңгі шынында.
Басылар ма екен жанымның шөлі —
Ендігі қалған ғұмырда.
Көздегі жағып шырақтарды өлген,
Бастаған бір гүл бүр жара...
Сұлулық Пірін — Жұмақтан келген
Шошытып алдым біржола. 
Жұттым да Түннің нұрларын сараң,
Сеуіп ем саған барды сап. —
Еткендей әсер жырларым саған
Мамырда жауған қар құсап...
"Кетемін", — дедің.
Жолда тұрмадым,
Сескендім. —
Жан ем наз ұрған.
Маңдайларына сорлы ақындардың
Сағынып өту жазылған.
Ақындар жолы теріс келерде
Әдеті: ит боп жүретін. —
Ғашық боп қалып періштелерге,
Тозақтарда өзі сүретін.
Жанымның шөлі! —
Сағындым сені,
Баратын саған жол жоқ па?
Өзіңді жұтқан
Сағымның селі
Келеді ағып мен жаққа...
Жоқтаудан Сені аянып па екем,
Тек ғашық айтар Хаққа сын! –
Айқайлап жатып оянып кетем,
Ұрғылап жұмақ қақпасын...
* * *
Сен болдың, шаттық — қайғым да,
Әйелден бөлек келімің —
Жолықтың жастық — айдында,
Қызындай ғайып — перінің.
Сиқырлы, сынық әніңде
Аққу боп қанат қақса мұң — 
Сен жүрген жердің бәрінде
Көшетін жұмбақ ақ сағым.
Менің де көріп көшті ұйқым,
Киді әлем көйлек үр жаңа —
Сол әнді мен ем еститін —
Сағымды сүйген бір бала...
Менен де бұрын кей жігіт
Көз сапты саған — өрті ұрып.
Армандар қалды, — дейді жұрт,
Беліңе жетпей мертіліп.
Көйлектен есіп самалың,
Төсейтін бетін ұяң мұң.
Сезімге дерткен анарың
Шыңы ма дер ең — қиялдың!
Жеткізе де алмай назды айтып,
Тағатын едім сөзге мін —
Тамып бір түсе жаздайтын
Қос жұлдыз сынды көздерің...
Жұлдызы тамып көкбет түн,
Шапағы жанды шарпыды.
Ақыры жынды боп кеттім,
Перінің ұрып салқыны.
Көзімді байлап жат дуаң,
Жүргенде санам айықпай —
Сұңқ етіп түнде Аққу-ән,
Жоғалды сіңіп ғайыпқа - ай!
Сен боп қал перім — көрмеген,
Ізіңе, мейлі, гүл егем. —
Сондағы дерттен емдеген
Ішірткім еді бұл —
Өлең — ң!..
Көктем де келіпті - ау деп, мәз болмап па ем,
Өткенде қаңқылдасып қаздар көктен...
Адастым ақ нөсердің арасында
Өзіңнен мәңгіге көз жазғанда, әттең!
Жасындар елші болып бұлт аралық,
Жатқан шақ шың басынан шырқап ағып...
Асырып Алатаудан кетті сені,
Ақ нөсер қойынына қымтап алып.
Басына бұлт байлаған қара шыңға,
Әлі де гүл теруге барасың ба?
Шаштарың су - су болып жүргендейсің,
Әлі күн ақ нөсердің арасында?
Жас ғұмыр — жасынды бұлт, көшер бастан,
Көше алмай біздің бастан неше арбасқан.
Үйіріп арманымды алып кеткен,
Кірпігін нөсер басқан, о, шерлі аспан,
Қай жерде жүр екенсің —
Дос ем жастан?!
Жастық шақ бұлт боп тағы төнетіндей,
Төнсе егер кешер едім мен өкінбей.
Астында ақ жаңбырдың жүрем әлі —
Су - су боп өзің шыға келетіндей...

1982-1985 ж





Пікір жазу