Ақан мен Мұқанның айтысы
Мұқан:
Сөйлесе сөз табатын мен бір ақын,
Қаймықпай қарсы барам саған жақын.
Алысқа көңіліңді шабаттама,
Жақыннан жараспай ма жесір қатын?
Ақан:
Мұныңа жауап табар мен бір ақын,
Қатынға жұғыспайды біздің тақым.
Әйелді не қылайын қыз тұрғанда,
Алғасын айтасың ғой өзің қатын.
Мұқан:
Мен саған достықпенен жөн айтамын,
Өз мұраң жақының ғой деп айтамын.
Мекенсіз боп әр жерде жүргеніңше,
Үй болып отырсайшы деп айтамын.
Ақан:
Мұқан сен сүйгеніңнен жеримісің,
Мұз болып жанған отқа еримісің?
Ақылың маған берген жақсы жауап,
Сонда да сүймегенді телимісің?
Мұқан:
Сөзімді ауыр көрдің бе үй дегенге,
Телісем де көнбейсің сүймегенге.
Мекенсіз боп әр жерде жүргеніңше,
Қатын мен бала керек өлгеніңше.
He қылсаң да катын ал іздестіріп,
Ақылым, шын айтқаным, сен дегенде.
Ақан:
Менің де достығым бар сен дегенде,
Көңіл шіркін ренжір кем дегенге.
Қыз деген сөз аузыңнан бір шықпайды,
Оны қызғаныш көрдің бе мен дегенге?
Мұқан:
Қыз алсаң болар ма еді көңілің қош,
Жесір қатын ал десе боласың өш.
Әйелдердің бәрі де саған жақпай,
Қала ма деп ойлаймын мақрұм бос.
Ақан:
Бақ берген жақсылықпен мандайыма,
Жасымнан өнер берген тандайыма.
Атым шыққан еліме мен Ақанға
Елден жақсы бір сұлу табылмай ма?
Кезі келсе бір сұлу өз бағыма,
Аянбай мен құрықты салмаймын ба?
Мұқан:
Бір кезде болып едің жақсы халда,
Сол кезде берген саған олжа, мал да.
Бұл кезде жарлы болып тақырландың,
Кім келер титықтаған кедей шалға?
Серілік енді саған неге керек,
Бұл сөзді айтпап па еді Шыңғыс хан да.
Кім болысса айтады өсиетпен,
Еш пайда қылмай жүрсің шыбын жанға.
Ақан:
Қыз ал деп шығушы еді Шыңғыс хан да,
Мазамды алушы еді анда-санда.
Ұнаған сұлуыңды өзің танда,
Керек болса берейін дүние-мал да.
Осы айтқаны Шыңғыстың әлі есімде,
Көңілім сонан бері сұлу жанда.
Мұқан:
Ақан-ау, бул сөзімді көңілге алма,
Болмайтын қолдан келмес іске салма.
Қыздарды біздің айтқан ұнатпайсың,
Онан басқа алатын қызың бар ма?
Ақан:
Сөйлесің мағынасыз шығып шетке,
Жала сөзің келмейді тіпті епке.
Алатын менен басқа қайнысы бар,
Ал деп неге айтпайсың Мақамбетке?