Өсиет өлең
Уа, шіркін, кедейліктен кісі өлмейді,
Өлмегені қүрысын ісі өнбейді.
Аузың бұлбұл, аяғың дүлдүл болсын,
Ер жігіттің аяғын кісендейді.
Ер жігіт мақтанады асы болса,
Биік тау шаттанады тасы болса.
Сол жігіттің басына бақыт қонбас,
Ағайыннан алданған қасы болса.
Жігітке кедейшілік намыс емес,
Жоқ болсаң, туысың да таныс емес.
Суық су, арық соғым, жаман әйел –
Үшеуі кедейліктен алыс емес.
Жігітке ең керек іс – білім деген,
Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.
Білсеңіз елден таңдап бір сұлу ал,
Қыпша бел, оймақ ауыз күлімдеген.
Үшінші, елден тандап бір жүйрік мін,
Көзіне көрінгеннен сүрінбеген.
Төртінші, заманыңда күліп-ойна,
Бір кезде шал боларсың дірілдеген.
Сал жігіт сүйер ғашық жарды айтады,
Бай кісі қорадағы малды айтады.
Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын,
Үшеуі ер жігітті қартайтады.
Қаршыға әлсіз болса қаз алмайды,
Ер жігіт малсыз құлаш соза алмайды.
Бұл дүние жұртты алдаған бейне базар,
Әр адам өз әлінше базарлайды.
Жаманды жақынсынып есепке алма,
Айырып туысқанды өсекке алма.
Жетем деп осыменен мұратыңа,
Тұлпарды айырбастап есекті алма.