31.01.2022
  426


Автор: Ақан Сері

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН

Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды,
Шөл құмайт көк шалғынды саз болмайды.
Сасықтың пиғалы ылас – қараңғылық,
Тұрса да шілде туып, жаз болмайды.
Жиылып қарға-құзғын шулағанмен,
Артылып қалыбынан мәз болмайды.
Жамандар жайда жәрдем бермек түгіл,
Тар жерде басын бақса аз болмайды.
Ит үрер жақсыға да, жаманға да,
Сары алтын жамандаумен жез болмайды.
Бұйығып, дүзге шықса бұққан «ерлер»,
Еліріп от басында ез болмайды.
Әркімнің өзіне лайық қалыбы бар,
Пасықтан ыластық мінез тез қалмайды.
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,
Жамннан үлгі аларлық сөз қалмайды...
Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ел жаңылып етегін басқан жерде,
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Қақшиып қалады екен аспан-жер де.
Тар жерде қолдың ұшын бергенді айтшы,
Екінің бірі мырза тасқан жерде.
Жамандар көре алмаған қылады өсек,
Ылайық заманында асқан ерге.
Шапса да қанша жүйрік, бедеу озар,
Болмайды кім үмітті қосқан жерде.
Билер көп тор алдында тысырайған,
Жол табар көсем қайда қосқан жерде?
 Дәулетің барда досың толып жатыр,
Тауық көп тары, бидай шашқан жерде.
Басыңа қиын-қыстау іс түскенін
Білерсің досың қалмай қашқан жерде.
Жігітті шешенсіген дауда сына,
Мақтаған қыран құсты ауда сына.
Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,
Жігітті батырсынған жауда сына.
Білінер жер жақсысы қыс келгенде,
Көрінер көлдің көркі құс келгенде.
Кімнің алыс, жақыны сонда ашылар,
Басыңа қиын-қыстау іс келгенде.





Пікір жазу