Аужар
Бісміллә деп жазылған нұрдан қалам,
Күн дегенде жаралған барша ғалам, жар-жар-ай!
Пайғамбардың сүннеті жиын-тойда, жар-жар-ай,
Тыңдасаңыз айтайын біраз кәләм.
Ғайры нәрсе болмайды жазылғаннан, жар-жар-ай,
Жұда болдың ата-ана қолдарынан, жар-жар-ай.
Жарылқасын бір Құдай жолдарыңнан, жар-жар,
Көп жамағат жиылған тындашы деп, жар-жар.
Қарындасым сөйлейін мұңдарынан, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған атасынан, жар-жар,
Шашыраған теректің бұтасынан.
Көшпелі алтын секілді гауһар мойын, жар-жар,
Еске дұға алғайсың батасынан, жар-жар.
Қыздар мұңдық айырылған әкесінен, жар-жар,
Суда ғарық болғандай кемесінен, жар-жар.
Балапанын қорғаған қудай болып, жар-жар,
Оқ тигендей зарланар денесіне, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған ағасынан, жар-жар,
Киілетін сықылды жағасынан, жар-жар.
Ұзатарда жылайды қыздар байғұс, жар-жар,
Туған айдай кемиді бағасынан, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған інісінен, жар-жар,
Қанат-құйрық бауырлас тынысынан, жар-жар.
Бауырластың жолдары қиынырақ, жар-жар,
Бал-шекердей құйылған шынысынан, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған сіңлісінен, жар-жар,
Одан бұрын кететін мұңдасынан, жар-жар.
Тәуір болып жөнелсе алдыңғы апасы, жар-жар,
О да ғибрат алмай ма үлгісінен, жар-жар.
Тоты құстай сыланған қарындасым, жар-жар,
Тақия, кәмшат қалады белгісінен, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған жеңгесінен, жар-жар,
Жақынырақсыр айтқан өңгесінен, жар-жар.
Ақтұйғын ұшар биік ұясынан, жар-жар,
Шыбын жаны шыққандай кеудесінен, жар-жар.
Қыздар мұңдық айрылған құрбысынан, жар-жар,
Әзіл айтып тең өскен құрдасынан, жар-жар.
Босанғанға ұқсайды жібек тізгін, жар-жар,
Күміс құйрық, қаракөк жорғасынан, жар-жар.
Көңілің қапа болады бір сағатта, жар-жар,
Көкала үйрек жүзгендей көз жасыңнан, жар-жар.
Дауысыңа сыңсыған жүрегіміз, жар-жар,
Кем болмайды балқыған қорғасыннан, жар-жар.
Қыздар мұңдық жұртынан айрылғанда, жар-жар,
Бала құстай қанаты қайрылғанда, жар-жар.
Әйел болып туды деп ғазиз басым, жар-жар,
Оттай қайнар жүрегің қайғырғанда, жар-жар.
Мына дәурен басыңнан кетті көшіп, жар-жар,
Кемеліңе түрленіп жеттің өсіп, жар-жар.
Қимасаң да кешесің қарындасым, жар-жар,
Туған жерің өсірді алтын бесік, жар-жар.
Қимасаң да амал жоқ өз жұртыңды, жар-жар,
Қайран жұрт деп кетерсің есендесіп, жар-жар-ай.
Ұл боп тусаң бұл күнде жүрмес пе едің, жар-жар,
Құдіреттің ісі еді, амал нешік, жар-жар-ай.