31.01.2022
  238


Автор: Ақан Сері

Ынтызарым

Қарағым, қарақаттай көз жанарым,
Ерігіп жаңа келді сөз жазарым.
Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп,
Бұл күнде тоқталып тұр сол базарым.
Қиынның қия тастай биік шыңнан,
Аяғын енді өзің біл ынтызарым.
Тәуекел саяхаттап салдым кеме,
Дарияның ортасында сен шынарым.
Сұлу қыз шақырғанда байпаңдаған,
Өткір қыз бозбаладан тайсалмаған.
Қарасам тал бойында бір мінің жоқ,
Сарыуыз жұмыртқадай шайқалмаған.
Қалкама күліскенім — сүйіскендей,
Дүниеде күліп-ойнап жүріскендей.
Болғанда тілің майда кәмпит, балдай,
Ішінен ақ құманның су ішкендей.
Әр сөзің сөйлегенде бұлбұл еткен,
Көргенде ақ жүзінді есім кеткен.
Сипатың неше түрлі мадақтасам,
Хор қызы тырнағыңа әрең жеткен.
Әркімдер қызыл түлкі сен деседі,
Мұзбалақ ілуіне тең деседі.
Қызарып қызыл түлкі қырға шықса,
Ақиық қиялай кеп шендеседі.
Жаманнан бойың тартып ерте сақтан.
Қапыда өтпес пышақ қол кеседі.
Қалқатай сұқсыр үйрек сырандағы,
Аспанда мен ақсұңқар қырандағы,
 Қиында қия жартас тұрсаңдағы,
Қиғаштап қанатымды бұрамдағы.
Бір басым бір сен үшін шыңға қарсы,
Тәуекел майданында тұрамдағы.
Алдым жар, айналуға, артым тұман,
Жақын тұр бақ пен сордың сыналмағы.
Ата-анаң көздің жасын көрмес пе екен,
Баласын жылы сүйер жыландағы.
Мен десең белді бекем буамдағы,
Атадан қайта жас боп туамдағы.
Қалқатай, бір өзің деп сабыр қылсаң,
Көз жаспен көңіл кірін жуамдағы.





Пікір жазу