31.01.2022
  548


Автор: Ақан Сері

Ақ көйлек

Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.
Үстінде дүниені алған жайқын көлдің
Бетінде сен коңыр қаз қаңқылдаған.
Қамалап қанша дұшпан тұрсадағы,
Ой, қалқа, біз дегенде тартынбаған.
Аспанда үшып жүрген мен ақтұйғын,
Келгенде жем жеріне шаңқылдаған.
Тындасаң ықыласыңмен, асыл еркем,
Көңілімде бір сөзім бар айтылмаған.
Он бес пен жиырманың арасында,
Уа, шіркін, жігіт емес талпынбаған.
Жапанға сен бір біткен шынар ағаш,
Саяңа мен емес пе салқындаған?
Етегін ақ кәйлектің кестелеген,
Жақсы қыз айтар сөзін дестелеген.
Құрбыңнан артық туған ақмаралым,
Әлі жүр айтқан сөзің есте деген.
«Лағып бет алдына шаршамайын,
Жұмысты бітірейік кешке» деген.
«Сары алтын сабыр түбі» деген, қалқа,
Сырыңды ешбір жанға шешпе деген.
Етегін ақ көйлектің маржандаған,
Жақсы қыз айтар сөзін арзандаған.
Жақсының жақсылығын білгеннен соң,
Жаман қыз неге керек малжаңдаған?
Сүйкімсіз жаман қызбен сөз байласып,
Жеріне уағда айтқан жігіт барған.
Күндізгі айтысқан сөзі есінде жоқ,
Хабарсыз төсегінде ұйықтап қалған.
Үйінде көрінгенмен мауқын басып,
Кәпірдің айтқан сезі бәрі жалған.
Жылында бір жолықсаң жақсымен бол,
Жаман қыз жүрсін, кәпір, менен әрмен.
Етегін ақ көйлектің бүрмелеген,
Жағасын машинамен түймелеген.
Сақтаулы алтын қазына жауһарымын,
Аулақ жүр, неге керек кимелеген.
Егерде көлеңкеме тием десең,
Түсерсің неше түрлі күйге деген.
Алтайдың шыңындағы сен бір түлкі,
Ақиық біз емес пе шүйделеген.
Үмітке, жемес астан дәмелі боп,
Арадан кейбір адам мінбелеген.





Пікір жазу