31.01.2022
  158


Автор: Ақан Сері

ТОРЫНЫ ТАҢҒА БАЙЛАП МІНГЕН ҚАНДАЙ

Торыны таңға байлап мінген қандай!
Үкілі әсемдетіп жүрген қандай!
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай!
Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,
Құрбыңмен сыпайы ойнап күлген қандай!
Ишарат әзілменен сөз қатысып,
Қыр-сырын жеңгесінен білген қандай!
Күнінде уәделі қалқа жанның
Сылантып сал торыны мінген қандай!
Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,
Жүгіртіп сайлау жермен желген қандай!
Бір сайға торышаны байлап тастап,
Тұсына ақ боз үйдің келген қандай!
Алаңдап алабұртып тұрғаныңда,
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай,
Келдің бе ебін тауып қалқашым деп,
Боз үйге есік ашып енген қандай!
Жамылып екеуара бір шапанды,
Айқасып тар төсекте жатқан қандай!
Сол жерде айтыспаған сыр қалмайды
Мысалы әбдіре ашып ақтарғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында
Баяғы сайдағы атты тапқан қандай!
Ойласаң бұл дүниеде не қызық бар,
Қасынан қалқажанның аттанғандай?
Торыны жүгіртесің көңлің тасып.
Өлтіріп бай көпесті ақша алғандай.
Аулыңа өлеңдетіп сен қайтасың,
Бәйгеден атың келіп шаттанғандай...





Пікір жазу