Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы шешен тілді, қалжыңбас Тәжібай Битаев деген майталман журналист қызмет жасаған. Ұжымға аса сыйлы сол ағамыз қатал деген бастықтардан да жасқанбай, айтар сөзін айтып салып, қарап отырады екен.
Қазақстан Компартиясының органы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметте аса қатал, өмірде дегдар, жүріс-тұрысы аристократ Балғабек Қыдырбекұлы (1929–1995) басшы болып тұрған кез деседі. Редакция ұжымында айтулы даталар мен мемлекеттік мерекелерге орайластырып «Қызыл қалам» атты қабырға газеті шығарылып тұрады. Қабырға газетін шығарушы да, редакторы да Тәжібай Битаев екен.
Сондай кезекті бір мерекеге арнап шығарған қабырға газетінде елеусіздеу бір қате кетіп қалыпты.
Ол қатені Балғабек бастықтың қырағы көзі байқап үлгереді. Содан қабырға газетін шығаруға қатысқан азаматтарды бөлмесіне шақырып, реніш білдіреді. «Неге байқамайсыңдар? Партком қайда, местком не қарап жүр! Олар неге оқып, тексеріп шықпаған?» дегендей жігіттерге жекіп, тығырыққа тірейді.
Сонда ортада тұрған Тәжібай ағамыз алға суырылып шығып:
- Бәке, әркім өзі басқаратын газетіне ие болғаны жөн шығар. Осы мен сіздің «Соцқазақстаныңызды» басқару ісіне араласпаймын ғой. Менің газетімнің шаруасына неге кірісесіз?» – деп, бастықты да, басқаларды да ду күлкіге батырыпты.