29.01.2022
  4545


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

АНАМСЫЗ ӨТТІ БІР АЙЫМ, САБЫР БЕР МАҒАН, ҚҰДАЙЫМ.........


Көңілім - пәс, қабағым жүр ашылмай,
Түпсіз ойлар түн ұйқымды қашырды-ай.
Анажаным, сізді аңсап өткізген
Бір ай маған болып кетті ғасырдай.

Сәл күйзелсем, жанарыма жас тұнып,
Сағыныш-дерт бара жатыр асқынып.
Кеудемді де көтеремін күнде әрең,
Қойғандай бір қара таспен бастырып.

Ауыр болды бұл сынақтың жүгі тым,
Бір ай бойы сізді ойладым күні-түн.
Білсем-дағы қайта келмесіңізді,
Неге, анашым, үзілмей жүр үмітім?!

Сенбей жүрмін, есік жаққа елеңдеп,
Күттім сізді күліп кіріп келер деп.
Еркімнен тыс бағындырар еркіне,
Таңданамын:"Қиял неткен шебер!" - деп.

Барлық сәтте жанымдасыз сіз менің.
Ұмыта алмай өткен күндер тізбегін,
Көпшіліктің арасынан көшеде
Сізді көріп қалам ба деп іздедім.

Жабырқадым, көніп келем амалсыз,
Ауадайын керексіз ғой маған сіз.
"Жыламашы, жалғыз емессің," - деген
Адамдардың бірі де жоқ, хабарсыз.

Өкпемді айтып, көрсете алам сес кімге?
Жалғыздықтың күйін жиі кештім де.
Орныңызды үңірейіп бос қалған
Толтырмайды, баса алмайды ешкім де.

Өзегіме өкініштен толып мұң,
"Жетім қалдым" деген ойдан қорықтым.
Кетсеңіз де бұл жалғаннан, жадымда
Бір боламыз мен өлгенше, соны ұқтым!!!

Келеді, ана, сізбен бір сәт жолыққым........ 





Пікір жазу