29.01.2022
174
МЕНІ ҒАНА
Болмысымда жомарт пейіл, тілегім,
Қолда бармен тең бөлісіп жүремін.
Ал сезімге келген кезде кеңдік жоқ,
"Мені ғана!!!" - дейді өзімшіл жүрегім.
⠀
"Саған ғана ғашық көзбен қараймын,
Сені ғана бақытыма балаймын," -
Деп көңілің ынтызар боп тек маған,
Мені ғана сүйгеніңді қалаймын.
⠀
Ой - тұңғиық, тереңіне бойлаймын,
Тәтті - қиял, бал дәміне тоймаймын.
"Басқаға ауып кетпесе екен аңсары,
Мені ғана сағынса" деп ойлаймын.
⠀
Адал сезім болсын мәңгі күшінде,
Құрметтейін сені соның үшін де.
Шалғай жүрсең, мені ойла күнұзақ,
Мені ғана көр түндерде түсіңде.
⠀
Түрлі жолмен сынайды Алла пендесін,
Уәдеде тұра алмау - ерге сын.
Сезім әні кеудеңдегі дүрсілдің
Мені ғана жүрегіңде тербесін.
⠀
НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР КӨПЖАСАРҚЫЗЫ
⠀
29.08.2020 ж.