29.01.2022
  874


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

КҮЗГІ БАЛҒА ТАНЫСТЫРУ

(Сұраныспен)

Күзгі бал - ерекше бір күз мейрамы,
Құлпырып жиналатын гүл мейманы.
Бәйгеден оза шапқан жүйріктердің
Жанатын жұлдызымен бірдей бағы.

Ассалаумағалейкум, жамағатым,
Алдыңда бар өнерің салады ақын.
Текті елдің талантты бір ұрпағымын,
Бөрік киген сыйлайтын азаматын.

Қарсыластар аман ба, армысыздар?
Ауыл-аймақ тегіс пе, бармысыздар?
Ассалаумағалейкум, қазыларым,
Қара қылды қақ жарар жанбысыздар?

Ұлы жүз, Ақкөңірдек - руым менің,
Өзгелерден кем болмас құным менің.
Намысымды жалау ғып келдім бүгін,
Биікте желбіресін туым менің.

Әкем, анам - ең қымбат жан, асылым,
Қос жанардай сақтайтын қарашығым.
Кең пейілді Клара - анам менің,
Болатбек әкенің мен - баласымын.

Күздегі ақ жаңбырдай төкпелеймін,
Кемшілік кетіп жатса, сөкпе деймін.
Дүйім жұрттың сенімін ақтамасам,
Өзгеге емес, өзіме өкпелеймін.

Жеңіп шығып бәрін де, даңқым асса,
Күздей жомарт көңілім шалқымас па?
Баршаңызға сәттілік тілеймін де,
Сөз кезегін беремін қарсыласқа.

 





Пікір жазу