Сот
повесть
Қадырханның қызыл қарағайдың он шақтысын қопарып трәктрмен сүйреп әкелгенін қайтерсің, жармысын Өтеудің үйіне, қалғанын қарызына таратқанда Мырзаның есік көзінде сындырып жағар сырғауыл да қалмаған еді. Нұрбике тысқа шыққанда Мырза құйрығына қояр томар таппай тиянақ іздеп жүр екен.
Әй, көзелім-ау, отын қайда?!
"Қайдағы отын?" — дегендей Мырза бәйбішесіне таңдана қарады да қалтасынан темекісін шығарып, түк көрмегендей, түк болмағандай бейжай тұрып шырпы жақты, сосын:
Көршілерде бар ғой, қиын боп бара жатса Қараңқағырдан қарызға аларсың, — дей салды.
Жарылып кете жаздаған Нұрбике күйеуін қауып тастауға сөз таппай тіл-аузы байланып қалып еді. Үш аяқты мотосекілін ырылдатып, ойқастап келіп тоқтаған ауыл кеңесінің хатшысы Советхан:
Мырзаға, сені Құмархан шақырып жатыр, тез жетсін деп жатыр! — деді.
Әншейінде сәлемі сатулы хатшының "Мырзаға" деп қиыла қалғаны кекесін сияқты естілгенмен ауыл кеңесінің рәйісі бас тартатындай қуанған, "қашайын деп тұрған киік еді, шабына таяқ тиіп еді" демекші, Нұрбикенің қабағынан тығылатын жыртық таппай тұрған Мырзекең алды-артына қарамастан зытты. Былай шыға бере артына бұрылғанда бәйбішесі де ірі арқанын салақтатып көршінің ауласына кіріп бара жатыр екен, әй байқұсым-ай, бетіңнің нұрын бес төгіп, сұрайтының бір бума отын, сол үшін бір самауыр шәй ішіл, абысыннан бір мөшек өсек тыңдаймын деп бір ғасырға қартайып қайтатын болдың-ау!" — деп іштей жаны ашыған болды.
Жаз бойы көлеңке іздеген көпек иттерден босамайтын, қыс болса көлденеңнен адасып келген көк аттыдан басқа тірі пенде бас сұқпайтын Құмарханның кеңсесінде бүгін бүрге қонақтайтын орын жоқ екен. Самайынан сақалы, сақалынан мұрты бұрын ағарған ауыл кеңесінің рәйісі тұрқы мен ені шамалас қараторының домалағы еді, қақ төрдегі биік столдың ернеуіне иегі зорға ілініп, мыштиып отырған қалпы кеңірдегін бір созды да қойды. "Әкәу, мұнысы несі?.. Әдейі шақыртып алғаны қалай, кісімісің деп кірпігіне ілмегені қалай?.."
Қыс бойы жарытып от жанбайтын жалғыз ғана өзінің үйіме деуші еді, кеңсенің ызғар тепкен қыраулы төрт қабырғасы ысқырып тұрғандай көрінген: шіркін-ай, елу жыл сақтасаң да ет шірімейтін керемет қойма екен-ау деп ойлады. Жеткені жеке, жетпегені бір орындыққа екіден мінгескен тон-тымақты ауыл кеңесінің депутаттары мен игі-жақсылардың қымтанып келгеніне қарағанда отырыс ұзаққа шабатын шығар деп жұрттың желкесіне таман барып қонжия бергені сол еді:
— Мырза Жанкөбеков! — деген рәйістің ысқырықтан шағар ащы дауысы төбе құйқасын қырқып түскендей болды.
Мелшиме ойнағандай тырп етіп бір пенде көтеріле қойса ше. Құмархан үшінші рет қайталағанда жұрт жапатармағай өзіне бұрылған соң — дәу де болса мен шығармын деп Веттехник орнынан тұрды.
— Немене, құлағыңды піл таптап кетіп пе еді? — деп рәйіс қарасынан ағы мол, шарбыдай қатпар қабақты ала көзін бұрап-бұрап тастады.
— Менің азан шақырып қойған атым Мырзамұхамбет! — деп Веттехник те қырсыға қалды.
— Айтпасаң да білем, бүгінде жолдас-молдас деген модыдан қалған, менің іздеп отырғаным господин Жанкөбеков!..
— Ойпырмай, даражамды дардай қылдың-ау!.. Рахмет! Тек менің фамилиям Жанкөбеков емес, Байкөбеков!..
— Язви, әбден шатастырып, миымды мырық қылып жібердіңдер-ау!.. Осы сендердің қаншауың Жанкөбектің, қаншауың Байкөбектің ұрығысыңдар?! — деп рәйіс қатты кейіді.
— Тұқым қусақ осы ауылдың жармысы Жанкөбектің, жармысы Байкөбектің ұрық-шарқы болат та. Соның есебіне жетпеген мыйың расында мырық екен! — деп Веттехик те жатып алды.
— Әй, әкелеріңнің атын жетістіріп алғандай жеті атаңда қай қарызың кетіп еді?!.
— Немене, Байкөбектің атын сенен басқалар алып жүре алмайды деп пе едің?..
— Менің жөнім бөлек қой, — деп рәйіс өзінің де Байкөбеков екені енді ғана есіне түскендей қипақтап қалды. — Кезінде жазылып қалған соң...
— Бізді де кезінде бірімізді Байкөбек, бірімізді Жанкөбек қып жазып берген селсебет болатын!..
— Жә, бабамыздың қына шығып кеткен сүйегін қырық аунатпай іске көшелік! Бері шық, мына жұрттың алдына, тойыс, бырзидумның алдына!..
"Әкәу, мұнысы несі?! — дегендей Мырза қаптаған Жан мен Бай көбектердің жаудырап отырған жүздеріне жалтақтай қарап ілгері шықты.
— Аты-жөнің?
— Әлгінде айттым ғой.
— Маған емес, быртакөлге айт! — деп рәйіс жетпіс жеті атасының өші кеткендей қаламсаппен ақ қағазды тырқылдата тесіп отырған хатшысын жарым елі иегімен нұсқады.
— Мырзамұхамбет!
— Фамилияң?..
— Немене, өз фамилияңды ұмыта қалдың ба?
— Әй, менде не шаруаң бар?.. — деп ашуланайын деді ме, рәйістің әлгіндегі жарым елі иегі салбыраған семіз ұртының астына сіңіп, жоғалып бара жатыр екен, Мырза табан астында дардай әкімнің иегін жеп қойғысы келмей:
Байкөбеков! — деді, деуін дегенмен, өзін емес, рәйістің өзін нұқығандай шаңқ етті.
— Қызметің?
— Веттехник!
"Рас па?" — дегендей рәйіс ала көзін Мырзаның көкірегіне тіреп отырып алды. Көңілінің қошына қарай шылаушындай жиырылып-созыла беретін жарым иегі жылтыраған майлы ұртының астынан салбырап қайта шығып келе жатыр екен. Жадырайын десе керек.
— Слушай, медпункттің спірті таусылып қалыпты, бір шетіберт ауыса тұрсаң қайтеді?..
— Жоқ! Жетпіс жетінші бабамның аты-жөнін де бір шетіберт спиртке айырбастай алмаспын!.. Осы сендер, кімнің қолында не бар, соған бөгіп жатыр дегенді қашан қоясыңдар?! Сиыр баққан майдан ақмұрт боп, қой баққан қырып жеп жатыр ма екен?! Әлде менің аузымнан спірттің иісін алып отырмысың?! О несі, өй!..
— Сен өйтіп қырсықпа! Медпункт томпонға спірт таба алмай жатыр. Мал қымбат па, адам қымбат па?.. Сөйт...
— Сөйте алмайтын шығармын!..
— Неге?..
— Негесі сол, медпунктің иесі басқа, ветпункттің иесі сапқоз, сенімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сондықтан сөйте алмаймын!..
— Деректіріңнен қағаз әкелсем ше?..
— Деректірдің қатыны спірт иіп тұрса бір жөн, әйтпесе мал емес, сенің қатының аусыл болды, Қараңқағырдың байына албыт тиді деп қағаз бере ме?! Сөз екен-ау!..
— Сонымен сөйте алмайсың ғой?..
— Алмаймын!
— Онда айтқанымнан қайтпаймын деп ант бер.
— Айтқанымнан қайтқан емеспін!
— Егер қайтсаң айыпқа тартылатыныңды ұмытпа!
— Спирт сұраған сен, бермеген мен. Сұраған — ұятсыз, бермеген — бетпақ. Сонда айыпты кім? Маған алдымен соны айтшы.
— Сені бермегенің үшін айыптап тұрған кім?!.
"Әкәу мынау не деп отыр?.." деген сұраулы жүзбен Веттехник залдағы жұртқа қарап еді, соның жауабын бізден сұрайды-ау деп қыпынғандай танауын тон-тымақтың сеңсеңіне тығып алып сеспей отырған осы ауылдың бетке шығарлары бүгінгі бар беделді рәйістің өзіне қалдырған тәрізді. Әншейінде танауының құрты салбырап, иегін тос қасқасынан өлсе көтермейтін ол шіркін де көктен періштесін көргендей төбеге сәңірейе қалыпты. Қырық жылдан бері құмаршылар көрмей кеткен көне "памирін" шірене тұтатып, шырпысының тұқылын "тихокеанский сельдің" қазандай қалбырына шаншып өшірді. Не іздегенін кім білсін, айғырдың тезегіндей төпеленген темекінің күліне телміріп біраз отырды, рәйіс боп таққа қонғаннан бері астауы қоқыстан босамаған бипылнисә түгілі Құмарханның өзі де ыс мүңкіп, күншіліктен Веттехниктің қолқасын ұрды. Желпінген сайын жағасынан түтіндеп отырғаны қаперінде жоқ:
— Әй, сен қатын сабағанды қашан қоясың?! — деп Мырзаға ежірейе қарады.
— Сабағаны қалай?
— Е, қатынды қалай сабаушы еді?..
— Ақсақтың бақайын, тоқсақтың томпайын құрттаған Веттехник түгілі шолақта болса қолында қамшың бар, қатынға өзің қол тигізіп көрші, қыбылаңды таппай қаларсың!.. Өле алмай жүр деп пе едің?!.
Атқан оғы далаға кетіп, оқшантайы бос қалған рәйіс "енді не қылсам екен" дегендей дағдарып тысқа қарап еді, қырау басқан мылқау терезеден жылт таппай ақыры Веттехникке қайта бұрылғанда әлгінде ғана салбырап келе жатқан жарым елі иегін күмпиген майлы ұрты тағы да жым-жылас жұтып қойыпты. Кеужірінің құжыры қанбаса да орталап қалған сигаретін сарғайып кеткен саусағының ұшымен мыжып отырып, бет терісін бырс-бырс сындырып, мыжырайып отырып:
— Әй, біреудің қатынында қай атаңнан қалған кегің бар еді, қолың қышып бара жатса өз қатыныңды неге сабамайсың?! — деп Құмархан кәдімгідей жаны қинала, жағын ашпастан ысқырып сөйледі.
Біреудің жынына, біреудің жанына тиіп, есердің боқтығын да, естимін дегеннің бопсасын да бойына дарытпай әдейі жүре тыңдайтын Мырза рәйістің қыжыртпасын қаперіне де алған жоқ, құдды бір шәйға шақырып тұрғандай Құмарханнан бастап бүкіл ағайындарының бет-жүзін түгел түгендеп шықты.
— Қаншауыңның қатындарыңды сабап едім?..
Бойынан биік пиманы қонышынан басып сүйретіле кірген қалқанқұлақ боқмұрын суыр құлақшынын басынан сыпыра салып, құлағымен сөйлесетіндей тебіңгідей шеміршегін рәйістің аузына тақап қалшиып тұра қалды.
— Селсебет көке, Өтеу көкем келе алмаймын, ауырып отырмын деді.
— Отырғаны қалай, ауырғаны қалай, келе алмайтыны қалай?!.
— Сөйтті ғой... ауырып отырмын деді ғой...
— Әй, мәңкөсе, ауырып жатыр ма, әлде отыр ма?!.
— Сөйтті ғой... отырмын деді ғой. Өзін көргем жоқ...
— Әй, өзін көрмесең оның ауырып отырғанын қайдан білдің?..
— Өзі дәретханада отыр екен. Айғайлап айтты ғой...
— Тфу!.. — Жел көтерген шыбындай үшкіріктен үріккен қалбырдағы темекінің күлі рәйістің ала көзіне ақ кірпік жапсырып, онсыз да жұрттың демінен бу кернеп тұрған ат шаптырым кабинетті ала бұлт басты да төрдегі ел басшысы мен етектегі игі-жақсыларды бір-бірінен адастарып кетті. Қас-кірпігін қаққылап, шыбындап отырған Құмархан:
— Әй, Мәңкөсе, оның қатыны қайда екен? — деп тағы да қалқанқұлаққа жармасты.
— О кісі айтты... Әкім тұрмақ әкем шақырып жатса да бармаймын деді. Монша жағып жатырмын, ермек таппай ерігіп отырса кешке келіп, шабының шуашын, арқасының алты батпан күсін езіп алсын деп айтты де деді...
— Мынау не көкіп тұр әй?!. Жоғал әрмен!.. Жоғал дедім ғой!..
Қалқанқұлақ сүйретіліп есіктен шыққанша селсебет көкесі "жоғалды" үш қайырып ентігін зорға басты да, тон-тымақтың астынан тұншыға күлген әлдекімдерге кіржиіп кірпігімен сес көрсетті. Ел-жұртпен екі ортада екі қолына ермек таппай зеріге бастаған Веттехникті ұмытып та кеткен сияқты еді, мынау нағып тұр дегендей үрке қарады. Мырза осы қадалыстан бұған да "жоғал" деп айта ма деп үміттенген. Рәйіс бір жапырақ қағазды шымшып ұстап, шіміркеніп оқи бастады:
— Белқарағай селсебеті Құмархан Байкөбеков пен ушәскөбей Құзархан Жанкөбековке Шоққайың тұрғындары Өтеу Байкөбеков пен Лукерия Ивановна Шустриковадан арыз. Әй, мынаның Шустриковасы несі?-деп Құмархан қағазды серпіп тастап хатшысына қадалды.
— Қыз кезіндегі пәмилиясы ғой, — деп Советхан Қараңқағырдың фамилиясының бөтен болып шыққанына өзі кінәлідей ақталды.
— Қайдағы қыз?!. Әй сол он бір бала тапқан сардамбал қатын емес пе!.. Болмайды! Шақырып алып пашпыртын түзету керек!.. Әбизәтелнә! — деп Құмархан серпіп тастаған бір жапырақ қағазды қолына қайта алды. — Наурыздың он үшінші жұлдызында сапқоздың беттекнигі Мырза Байкөбеков таң атпай келіп, ай-шай жоқ, қарыз деп алып жеп кеткен отынымызды сұрағанымыз үшін байымыз екеумізді қосақтап сабап кетті. Сонан бері байым бөксесін баса алмай, өзім шонданайымнан ақсап жүре алмай қалдым. Басбұзар беттекникті заңға тартуларыңды өтінем. Шустрикова. Бұ зәнталақтың Шустриковасы несі ей?!. Жанкөбек пен Байкөбек шекесіне тар келгендей!..
— Субап болған екен, Өтеудің қолы батпай қатыны иттен де үрегеш боп кетіп еді, — әлдекім сылқ-сылқ рахаттанып қалды.
— Сабаса жөні бар, асырап отырған осы ғой, — деп екінші біреу мүсіркеген болды.-Өтеу мен Қараңқағырдан бәрібір мал қайтпайды.
— Немене, енді ақиреттік қарызды да қатын сабап қайтаратын болдық па?!.
Құлағы шыңғырын, жүз грамнан соң да жылынбайтын қос шеміршегі өртеніп барады екен, төбеге ұрғандай меңірейіп, тіл-аузы байланып қалған Мырза Құмарханның салпылдап отырған жалпақ езуін ғана көрген, "өй, сабағаның рас па?!" деп нешінші дүркін бақырман болғанда барып есін жиып алды, бірақ, бұлқ етпестен, бүкіл дүниеден бейғам қалпы.
— Сабасам сабаған шығармын, — дей салды да мамырлап басып алдыңғы қатардағы дәнекүстеу бір орындыққа отыра кетті. Алқымы күмпиіп, тұп-тұтас бұғы мойнын бұра алмай, жақ-шықшыты білеу-білеу боп, демі шықпай сол бойда дүңкиді де қалды. Совхоздың қайқы күреңінен басқа ат тартпайтын Веттехниктің салмағына шыдамай төрт сирағы төрт жаққа шатқаяқтап шақыр-шұқыр ыңырсыған орындықтың ойбайынан-ақ жер қозғалса былқ етпейтін сапбасты да бір ашудың қысқанын жұрт сезді.
— Куә қайда, куә жоқ қой! — деп қалды біреу. Деуін дегенмен Веттехниктің дарбазадан да далақтай жалпақ жауырынының далдасына жасырынған жылаңқы дауысты қаншама кеңірдегін созғанмен рәйістің ада көзі іле алмады. Сыныққа сылтау іздеп отырған Құмарханға бұл да ұпай:
— Сабадым деп мойындаған соң куәнің қажеті қанша!-деп кезек күткен келесі ауызды біржола тығындап тастады.
— Ағайыншылықпен ушөскебайдың аузын басып, азар дегенде бетін әрмен қаратып жібердім, — деп төндіріп қойды. — Күйлеген қашарын қуған қодастың бұқасындай көзіңе түскен қатынды тарпа бас салып сабайтынды қайдан шығарған әй бұл?! Ұзын сөздің қысқасы, Өтеу мен Қараңқағырға айып ретінде екі айлық жалақыңды ұстап береміз! Осылай деп сапқоздың бұғалтіріне бртакол өткізем. Дұрыс па? — деп келте қылса да, кең қылса да өзі пішіп, өзі кесіп отырған Құмархан өтірік те болса көпке шапағат салғансыды.
— О ненің ақысы? — деп қалды әлгіндегі жылаңқы дауыс.
Тырыштың Ерғалиы кетік тісі омырайып Веттехниктің қолтығының астынан сығалап отыр екен, отырған жерінен көзінің оғымен суырып алатындай Құмархан да қиқайып кеп қадалсын:
— Өй, жаның шықсын!.. Білмей отырған шығарсың! Анау күрек тісіңнің құны үшін Адайханның неше айлық жалақысын жалмап едің?! Байы бөксесінен, қатыны шонданайынан шоңқайып жатса, он бір баланы сен асыраймысың?.. Өкімет екеш өкімет те жазатайым жұмысқа жарамай қалсаң уақытша пынсия төлейді!..
— Болды ма? — деп Веттехник орнынан тұра бергенде дәнекүс орындық та саудырып шашылып қалды. — Тағы да біреуіңді сабап тастамай тұрғанда мен осы жерден кетейін!.. Мен кеткен соң көлеңкемді кескілеп итке тастасаңдар да өздерің біліңдер!
... Төбе тұңғиықтап, көк күмбезінің етегі шыр айнала ағараң тартыпты. Наурыздың жылымық желі биікте екен, Алтайдың басы құйындап, орманның гүрілі тасыған өзеннің сарылындай алыстан шалқыды. Аспан тарап тастағандай, жұлдыз санап алғандай, төрт құбыла тап-таза болғанымен төбеде көк жібек перденің тербелісіндей толқын бар. "Бұзылайын деп тұр-ау... Бұзылса бұзылса екен. Алты ай бойы сіресіп!.. Көре-көре көз қарықты, кеше-кеше ат арыттық!.."
Сұр қар ылжырап қалыпты. Борқ-борқ түз кешіп келе жатқандай етігі зіл тартып, екі аяғы тұсамыс түскендей кібіртіктеп жүрісі өнсеші. Жұрт "ырбынай болдым" деп жатады, ырбынай ма, ырғын-ай ма, сол немесі қашанда Веттехникті буыннан алатын албастысы бар: жіліншігі сырқырап, тізесі талды ма-ау, әйтеуір, туда бойы ұйып, шопырларша айтқанда ходовая часть алып денені тарта алмай қалды. "Әкәу маған не болған?!. Бая бір қатынның базынасын көтере алмай!.."
Ымырт болмай жусайтын Шоққайың қарақұрыққа сіңіп қалғып барады. Қардан киген қалпағы тозып, қыйқиып құты қашқан ағаш үйлер де іріген үрдесінге ылжырап шөгіп кеткендей көрінді. Өзінің де күйі қашып, көңілі көктемнің қарындай ылжырап... Бүйтіп ешкім қорламаған да шығар, дәп бүгінгідей қорланбаған да шығар. Бейғам келе жатып боққа аяғын тығып алғандай, былғанышы жұлығына жетпесе де жиіркеніші тұла бойын түршіктірді... Менің үстімнен де әлдекім шағым айтады деп ойлаған жоқ еді. Шағым айтқандай жаман-жәутік совхоздың жаман-жәутік Веттехнигі кім еді?.. Купка мен қой қашыруда, жаз бен күздің көшінде, қыстың боран шашынында болмаса бар екенсің-ау деп есіне алар кім бар?.. Кәліктіп болып та, сапқоз болып та жарты ғасырда түкке жарымаған Шоққайың жұртының кедейліктен құты қашып, құлқы тозғаны былай тұрсын, сол кедейлік өзегіне түсіп, елдік қасиетінен де айырылып қалғаны ма?.. Әншейінде де азан шақырсаң бір-бірін естімейтін, бірінің есігі шығысқа, бірінің есігі теріске қарап, ағайыннан ағайын үркіп, бір-бірімен мәңгілікке өкпелесіп отыратын шағын ауыл дәп бүгін шағылып қалғандай, ағайын-сүрейдің бар ниет, бар кісілігін дәп біреу бүгін тонап кеткендей көңілі құлазып, өзінен де, өзгеден де үміт болар бір тиянақ таппай, Байкөбек, Жанкөбек дейтұғын бір Шоңмұрынның екі атасы бір-бірімен отаса алмай бір-біріне көсеу оқталып отыратыны дәп бүгін есіне түскендей!.. Бір жағаға сыйыспай, Бүркіттің екі қапталына қақ жарылып қасарыса қалғанын қарашы!.. Әттең, өзеннің суын да қақ жарып бөлісе алмай отыр, мал екеш малды да қос жағадан қақпайлап түсіріп, жау тигендей қайырысып әкетіп, күйлеген шыбыш, күйек жыртқан текені де ләззатқа зар қылып қойды... Дүкен, қойма біткенді теңденіп тең ортаға теуіп түскен рәйістің кеңсесі мен совхоздың ақ ордасы безбеннің екі басын құдіретімен шіреп отырғандай-ақ мұқым дүниеге шырт түкіре қалыпты...
... Көзінің отын жарқ еткізіп қасқа маңдайдан әлде не оңдырмай соқты. Есеңгіреп барып есін жиғанда ветпункттің темір қақпасын сүзіп тұр екен... "Алла, атаңа нәлет-ай!.. Мұнда қай сор айдап келді?!." Талайдан бері кілт сұғылмаған қара құлыптың кіндігі тотығып қалған ба, бүкіл шек-қарыны шиқылдап зорға бұралды.
...Ұлып тұр екен-ау, ұлып тұр!..