Қолыңды шығарып отыр
повесть
Қыс болса бүкіл Шоққайыңның шоқынатын жалғыз иконы Өтеу. Бүкіл Шоққайында жекеменшіктің маңдайына біткен жалғыз машина да Өтеуде. Машина болғанда да сонау Көктастан сүйреп келген көне заманғы "Виллистің" қаңқасы еді. Қаңқа болса да алғашқы кезде "машинасы бар екен" дегізіп Өтеу байғұстың атағын әудемге апарып тастаған. Машина дәулетке саналған заманда жүрмесе де есік көзінде теңкиіп жатқаны қаншалық. Жата-жата қаңқасының да сыры көше бастағанда, көлігі бар деген Өтеудің атағы өше бастағанда:
— Ел-жұртқа күлкі болмай мынауыңның не көзін құрт, не қатыныңды сатсаң да мұның ішек-қарнын тап! — деп Өтеудің жанын жағасынан алған Мырза болатын.
— Мен қашып құтыла алмай жүрген қатынды қай ақымақ ала қояр дейсің, осының ішек-қарнын сен тапсаң, қайран қатынның сілекейін сұрамай-ақ саған берейін, — деп Өтеу өзіне жармасқан.
Екі үйдің есік көзін саталап жүрген азғантай қараның бір-екеуін Нұрбике мен Қараңқағырды қан-қақсатып қаңқаның ішек-қарнын тапқан Мырза еді, әйтеуір Өтеу қолының ісмерлігі сеп болып бір жылдың ішінде төрт аяғынан тік тұрғызды. Сонан бері бұл байғұста тыным жоқ. Мұның "бездеқот" болғаны да сор боп жабысты деп өтірік күңкілдеп, жорта кейігенімен Өтеу де аяқ артқысы келген ағайыннан аяған емес: Шоққайыңның баласынан бақсысына дейін міне жөнелетін көк есегі де осы, толғатқан қатындарды перзентханаға тастап, шілдеханадан жырғап қайтса, іш тастаған бикештерге дейін түсікханаға жеткізіп салып сұбабын алып жүр. Әйтеуір, әр жортқан сайын бір шишаны бардачөгіне қыстыра келіп, Өтекеңнің ашөзегін ауыз шайқар ащы сусыннан үзген емес. "Бездекоттың" жалғыз жауы — Қараңқағырдан басқа қарғыс естір күндесі де жоқ. Қарғасын, қарғамасын, одан арықтап қалған "бездеқот" та жоқ: қысыр қатын күшенбей-ақ бұтын көтерсе бұтасын шық қылатын қарыс жердегі тоғайдан шырпы басын сындырып қайтуға мойны жар бермейтін Өтекең күн сайын көлігінің мың болтын жүз тексеріп, өтірік шаршап, өтірік қажып, содан әжептәуір ләззат алып, қайын жұртына ұрын түсіп қайтқандай әжептәуір даража тұтып жүргені. Мың болттың майы мен бензабактың қанағатсыз құлқыны Қараңқағырдың қабырғасын аяздай қаритынын қаперіне ілсе ғой...
...Екеуі есіктен шықпай жатып ерегескен: мал иесі рульге өзің отыр деп Веттехник, мен тастап алдым ғой деп Алтайдың аң баспайтын қуысында МАИ-дың әзірейілі күтіп тұрғандай-ақ Өтекең де қисая қалғаны. Бір қисайса ары жығылмаса бері бүгілмейтін Өтекеңді жеңе алмаған Мырзаның екі қолы баранкамен алысып, мал иесін ішінен "сыпайы" ғана сыбап келеді.
Қатқақ жол қабырғаңды қаусатқандай. Дым бүріккен өзен бойының айрандай аппақ тұманы машинаның шақырайған қос жанарын аспанға алып қашып, онсыз да кирелеңі мен бұралаңы көп шатқал түбіндегі өркешті жолдың ойлы-шұңқырын көбейтіп жіберді. Бұл шоқырақпен Көрбикеге жеткенше көрде ғана көретін мүңкір-нөңкіріңді тіріңде тататын шығарсың!..
— Әй, ит, қолыңды шығарып отыр!..
Боқтықпен нығарлап бос тастаған мөшектей басы бұлтақтап, бөксесі ырғақтап, көпшік үстінде домалап келе жатқан Өтеу көзін ашып алды да сені қайдан көріп едім дегендей Веттехникке мөлие қарап, "бездеқот" келесі бір мөңкігенде бардачектің айызын қандыра сүзіп барып екі қолын қара тонның қалтасынан қинала суырды.
— Басыңды Бұқтырманың жарығына тығып кетейін бе осы?!.
— Жетісерсің! — деді.
Ежелден екеуінің ең жарасты әңгімесі ерегес. Бір емшектен тете өскен балалар төбелескіш келеді деуші еді, емшекке таласты дейтұғын бір ананың төлі де емес, екеуі ағайындас бір атанын енінен. Өтекең бір нәрсесін жоғалтқандай жан-жағын тіміски сипанып, ақыры адасып жүріп Веттехниктің қалтасына түсті де сигаретін суырып шықты. "Саған ендігі жетпегені осы еді!.."
— Сен осы екі қолыңды шаптырып тастасаң қайтеді?..
— Жетісерсің! — деді.
Ауылды қойын ауданға аңыз болып кеткен бас бармағынан басқа қайраты жоқ Өтекең, екі қолды шаптырып тастасам нем қалды дегенді тағы да сол сұқ саусақтың жықпылынан сығалаған бас бармақпен сездіріп еді...
...Дәл осындай наурыздың мүйіз қатқағында бөлім меңгерушісі өлердегі сөзін айтып Өтеуді бойдақ қой бағып отырған Ерғалиға көмекшіге жіберсе керек. Тоғыз ай бойы осының келуін күтіп отырғандай-ақ қойшының кербез қатыны толғатып, ауданға алып кеткені сол екен, тышқаққа түйме де қас дегендей алас-қапастың үстіне елдің бірінші басшысы Заднюков келе қалыпты. Әр саулықтың жатырына ұрықты санап салып, бес айдан соң санап отырып суырып алатын әдет бойынша науқаншылап шыққан беті екен, келген бойдан: осы уақытқа дейін қой нағып төлдемей жатыр деп қиғылықты салыпты. Бұлар өңкей сек дегенге түсінбепті. Өндіршектеп қоймаған соң қитыға қалған Өтекең:
— Бұлардың төлі бұтында жүр, — депті, — төлдесе төлдейтін шығар, айланшығын тігіп тастаған ешкім жоқ, желінін ұстап көрсеңші, — деп бір тоқты қошқарды алдына тоса қойса керек.
"За оскорбление личности" деп аудан басшысы еру болып отырып бес сағат бойы боқтаған екен, оған өті жарыла қоятын Өтеу ме, бес сағат бойы міз бақпай отырып тыңдапты да кетерінде өлген тоқты қошқардың ұмасын кесіп алып, машинаның құйрығына қоңырау қылып байлап жіберіпті. Әншейінде де әжептәуір әніңді әпендінің әзілінен асырып, теріс айналдырып жіберетін жұрт, Заднюковты көрсе болды, көттігінде несі бар екен деп сұрайтынды шығарған. Өтеу де сыбағасыз қалған жоқ: бастық бес сағат бойы боқтағанда бес ауыз жауап қайтара алмапсың ғой дегендерге, "мен екі қолымды қалтама салып, бес сағат бойы саусағымды шығарып отырған жоқпын ба!"-деп құтылған. Содан бері Өтеумен ұрсыса қалған еркек-ұрғашы одан: "әй, қолыңды шығарып отыр!" дейтін болған, екі адамның басы қосылып өсек айта қалса да күдік тудырмас үшін екі қолды қалтаның аузынан аулақ ұстауды үйренісіп еді...
Қырық шақырымдық осы бір қысқа жол ат арылтар алты айлық барса-келместей қажытып болды. Ес білгеннен бергі табаны Бұқтырманың жағасы мен соны сағалап жортқан қисық жолдың тасында қалған сияқты. Табанын жол тоздырды ма, жоқ, жолдың тасын бұл тоздырды ма, кім білсін, әйтеуір, мынау тырпың тірліктен жүйке де тозып біткендей. Құдалыққа кетіп бара жатқандай шіреніп, сигареттің тұқылын саусағы күйгенше обырып емген Өтеуге сенімсіздеу қарап қойды.
— Ей, өлейін деп жатқаны рас па, әлде сенің қырық өтірігіңнің бірі ме?
— Өтірік десең, бұрылып қайта бер! Өлсе сенің әкең әлет те, оған менің нем кетті?!.
Бәсе, мұның несі кетсін. Бөтен түгілі бөлесі қимайтын соншалықты қымбат та адам емес еді. Бүгінгі алпысын қойып, атандай жігіт кезінде аттың оңы мен терісін ажыратып жатпаған, дүлей ме десең — басы орнында, ақылды деуге — қырық жыл отасқан қойнындағы қатынының атын жаттай алмай жаңылып жүрген әшкүдіктің Өтеуге кәдірі өтпеген соң былайғы жұртқа оның бары не, жоғы не!..
...Екеуінің де әкесі бір күнде алынды. Әскерге емес. Жау болып алынды. Халықтың жауы. Мырзаның әкесі Мүсірәлі ауын кеңесінің төрағасы еді. Өтеудің әкесі Жүсіпәлі жеке шаруа болып отырыпты да үй-күйі, қора-қопсысына екі есе салық түсіп, соны төлей алмаған соң жалғыз қасқа сиырын Мүсірәлі айдап кетіпті. Артынан қуып жеткен Жүсіпәлі ағайынын ұрып-соғуға аяп:
— Атаңның көрі!.. Енді саған менің қара сиырым да керек боп қалды ма? — деп төрде тұрған Сталиннің портретін қамшымен тартып-тартып жіберіпті.
Ағайынын ұстап беруге Мүсірәлі аяп, жұлым-жұлым Сталинді көміп тастаса, ол кезде жансыз сурет те жоқтаусыз қала ма, ізінше тіміскіп келген іңкібіді: "көсемді тірідей көрге салдың!" деп екеуін бірдей томпылдатып айдап жөнелген. Содан аллауакпар!..
Жүсіпәліден екі іні: Елеу, Төлеу, бір ұл осы Өтеу қалып еді. Елеу мен Төлеуді соғыс жұтты да, екеуінің өтеуі болып мына Өтеу өлі жүр. Өлі портреттің қырсығын көтере алмай байғұс шеше жоғалып тынған. Мүсірәліден қалған жалғызға Жүсіпәлінің жетімін теліп Айкүміс кержақтардың ортасына кетіп еді, дәп осы Бұқтырманың жағасында, дөп осы келе жатқан Көрбикенің займкесінде күні кешеге дейін бойдақ сиыр бақты. Азабы көп болғанымен, әйтеуір, айрандығы бар, тізеңнен боқ кешсең де, әйтеуір, боқтайтын ешкім жоқ, малға икемсіз кержақтарға жау бақса да, жаулықты бақса да бәрібір, әйтеуір, түгел болса жандары тыныш, "пәшес" деген құлақжарды дабырадай атақтан бұлар да тыныш. Итшілеп жүріп, ит мінгендей болып жүргенде соғыс та бітті-ау. Сөйтіп бір "жаудан" он тоғыз жасыңда қалы, екінші жауды жиырма жеті жасында жеңген Айкүміс тұп-тұра жиырма тоғыз жасында байға тиемін деген өнер шығарды да дәп бүгін өлгелі жатқан Қызылкөз аузы-басын жүн, өнебойын түк басып үйге кірген күні Өтеу бунт жасады. Өтеудің Мырзадан үш жас үлкендігі бар еді. Шаруаға бұрынырақ жарап қалған соң ба, әлде тұл жетім болған соң мүсіркеді ме, Айкүміс Өтеуді өз баласынан көрі ерекше күтіп, жыртық-тесігін мезгілінде бүтіндеп, қылаяғы сиыр қайыруға шықса да Мырзаға көрсетпей бір-екі құртты қойнына артық тығып жіберетін. Шерменде көңіл қу жетім осыған да мәз, Айкүмістің бір сөзін екі етпей бүкіл шаруасын айтқызбай істейтін еді де, соның бәрін әншейін күні үшін емес, бар пейілімен тындырып, оған анасынан бетер елжіреп тұратын. Сөйткен көңіл бір күнде суып, Айкүміс байға тиемін дегенде Өтеу сорлы есінен танып қала жаздаған. Сондағы бар тапқан айласы ФЗО. Жұрт одан қашып жүрсе, бұл өзі тіленіп кететін болды...
...Аудан орталығында набыр болып жатыр дегенді ұзынқұлақтан естігені болмаса ФЗО -ның не екенін, оның қайда екенін екеуі де білмейтін. Әйтеуір, Көктас деген қала.
— Бұлардың төлі бұтында жүр, — депті, — төлдесе төлдейтін шығар, айланшығын тігіп тастаған ешкім жоқ, желінін ұстап көрсеңші, — деп бір тоқты қошқарды алдына тоса қойса керек.
"За оскорбление личности" деп аудан басшысы еру болып отырып бес сағат бойы боқтаған екен, оған өті жарыла қоятын Өтеу ме, бес сағат бойы міз бақпай отырып тыңдапты да кетерінде өлген тоқты қошқардың ұмасын кесіп алып, машинаның құйрығына қоңырау қылып байлап жіберіпті. Әншейінде де әжептәуір әніңді әпендінің әзілінен асырып, теріс айналдырып жіберетін жұрт, Заднюковты көрсе болды, көрттігінде несі бар екен деп сұрайтынды шығарған. Өтеу де сыбағасыз қалған жоқ: бастық бес сағат бойы боқтағанда бес ауыз жауап қайтара алмапсың ғой дегендерге, "мен екі қолымды қалтама салып, бес сағат бойы саусағымды шығарып отырған жоқпын ба!" — деп құтылған. Содан бері Өтеумен ұрсыса қалған еркек-ұрғашы одан: "әй, қолыңды шығарып отыр!" дейтін болған, екі адамның басы қосылып өсек айта қалса да күдік тудырмас үшін екі қолды қалтаның аузынан аулақ ұстауды үйренісіп еді...
Қырық шақырымдық осы бір қысқа жол ат арылтар алты айлық барса-келместей қажытып болды. Ес білгеннен бергі табаны Бұқтырманың жағасы мен соны сағалап жортқан қисық жолдың тасында қалған сияқты. Табанын жол тоздырды ма, жоқ, жолдың тасын бұл тоздырды ма, кім білсін, әйтеуір, мынау тырпың тірліктен жүйке де тозып біткендей. Құдалыққа кетіп бара жатқандай шіреніп, сигареттің тұқылын саусағы күйгенше обырып емген Өтеуге сенімсіздеу қарап қойды.
— Ей, өлейін деп жатқаны рас па, әлде сенің қырық өтірігіңнің бірі ме?
— Өтірік десең, бұрылып қайта бер! Өлсе сенің әкең әлет те, оған менің нем кетті?!.
Бәсе, мұның несі кетсін. Бөтен түгілі бөлесі қимайтын соншалықты қымбат та адам емес еді. Бүгінгі алпысын қойып, атандай жігіт кезінде аттың оңы мен терісін ажыратып жатпаған, дүлей ме десең — басы орнында, ақылды деуге — қырық жыл отасқан қойныңдағы қатынының атын жаттай алмай жаңылып жүрген әңгүдіктің Өтеуге кәдірі өтпеген соң былайғы жұртқа оның бары не, жоғы не!..
...Екеуінің де әкесі бір күнде алынды. Әскерге емес. Жау болып алынды. Халықтың жауы. Мырзаның әкесі Мүсірәлі ауыл кеңесінің торағасы еді. Өтеудің әкесі Жүсіпәлі жеке шаруа болып отырыпты да үй-күйі, қора-қопсысына екі есе салық түсіп, соны төлей алмаған соң жалғыз қасқа сиырын Мүсірәлі айдап кетті. Артынан қуып жеткен Жүсіпәлі ағайынын ұрып-соғуға аяп:
— Атаңның көрі!.. Енді саған менің қара сиырым да керек боп қалды ма? — деп төрде тұрған Сталиннің портретін қамшымен тартып-тартып жіберіпті.
Ағайынын ұстап беруге Мүсірәлі аяп, жұлым-жұлым Сталинді көміп тастаса, ол кезде жансыз сурет те жоқтаусыз қала ма, ізінше тіміскіп келген іңкібіді: "көсемді тірідей көрге салдың!" деп екеуін бірдей томпылдатып айдап жөнелген. Содан аллауакпар!..
Жүсіпәліден екі іні: Елеу, Төлеу, бір ұл осы Өтеу қалып еді. Елеу мен Төлеуді соғыс жұтты да, екеуінің өтеуі болып мына Өтеу әлі жүр. Өлі портреттің қырсығын көтере алмай байғұс шеше жоғалып тынған. Мүсірәліден қалған жалғызға Жүсіпәлінің жетімін теліп Айкүміс кержақтардың ортасына кетіп еді, дәп осы Бұқтырманың жағасында, дәп осы келе жатқан Көрбикенің займкесінде күні кешеге дейін бойдақ сиыр бақты. Азабы көп болғанымен, әйтеуір, айрандығы бар, тізеңнен боқ кешсең де, әйтеуір, боқтайтын ешкім жоқ, малға икемсіз кержақтарға жау бақса да, жаулықты бақса да бәрібір, әйтеуір, түгел болса жандары тыныш, "пәшес" деген құлақ жарды дабырадай атақтан бұлар да тыныш. Итшілеп жүріп, ит мінгендей болып жүргенде соғыс та бітті-ау. Сөйтіп бір "жаудан" он тоғыз жасында қалып, екінші жауды жиырма жеті жасында жеңген Айкүміс тұп-тұра жиырма тоғыз жасында байға тиемін деген өнер шығарды да дәп бүгін өлгелі жатқан Қызылкөз аузы-басын жүн, өнебойын түк басып үйге кірген күні Өтеу бунт жасады. Өтеудің Мырзадан үш жас үлкендігі бар еді. Шаруаға бұрынырақ жарап қалған соң ба, әлде тұл жетім болған соң мүсіркеді ме, Айкүміс Өтеуді өз баласынан көрі ерекше күтіп, жыртық-тесігін мезгілінде бүтіндеп, қылаяғы сиыр қайыруға шықса да Мырзаға көрсетпей бір-екі құртты қойнына артық тығып жіберетін. Шерменде көңіл қу жетім осыған да мәз, Айкүмістің бір сөзін екі етпей бүкіл шаруасын айтқызбай істейтін еді де, соның бәрін әншейін күні үшін емес, бар пейілімен тындырып, оған анасынан бетер елжіреп тұратын. Сөйткен көңіл бір күнде суып, Айкүміс байға тиемін дегенде Өтеу сорлы есінен танып қала жаздаған. Сондағы бар тапқан айласы ФЗО. Жұрт одан қашып жүрсе, бұл өзі тіленіп кететін болды...
...Аудан орталығында набыр болып жатыр дегенді ұзынқұлақтан естігені болмаса ФЗО -ның не екенін, оның қайда екенін екеуі де білмейтін. Әйтеуір, Көктас деген қала бар, онда шахта бар, шахтадан қорғасын шығарады дейтін лақап. Киімі көк, тамағы тоқ болады деген еліртпе сөзге қарамастан ФЗО-ның ауыл бас сайын жылда түсетін бала салығынан ел азар да безер қашып, ұлын қимаған кейбіреулер қызын садақаға беріп тынатын еді. Әскерден зерезеп болып қалған секемшіл момын жұрттың онсыз да селдіреп қалған отбасына бұл да бір соғыстан жаман қиянат сияқты көрінетін. Расыңда, кеткендердің қайтып оралғаны кемде-кем: қыз байға тиіп жат болса, ұл қатын алып жат жұртта қалып кетті де, байға тигендердің бақытты болғанын, қатын алып қарық боп байығандардың бірде біреуін көрген ешкім жоқ. Ауылдан шашау шыққандарды санаттан шығарып тастайтын қайран қыр қазағы олардан қайтып қайыр күткен емес...
.. .Сарша тамыздың сарала тонын киіп алған Бұқтырманың аңғары ертеңі мен кешкісін аңыратып бір соғатын көк долысы болмаса семіз жапырақ пен шаңқай түсте ғана бусанатын сере шықтан пысынап отырған. Шыбын-шіркей таусылып, сары масаға жаудай тиісетін өгіздей көк инеліктер ғана қалған, бұлардың да қу жаны, ұрығын сеуіп болған соң ағаш біткеннің бұтағыңда құмырсқадай құжынап мыңына миллионы міңгесіп жатыр. Көлеңке ыз, күнгейдің қоламтасы өше бастаған. Дүние моп-момақан, боз аспанның өңі қашып, маужырап қалғып тұрған сияқты еді. Тек Бұқтырма... Көк долы Бұқтырманың жартас кемірген ысылы. Бұқтырма сарқырап емес, ысқырып ағады. Бірін-бірі тықсыған көк толқын мен көп толқын былдыр-сылдырға мұрсат бермей бірін-бірі бұқтырып, туған өлкенің өзегінен қашып шыққанша асығатыны бар. Бұқтырма сарынын елде қалдырып, сүлдерін ғана шығанға алып кететін әдеті. Мың шақырым ұзап кетсең де құлағыңда мәңгі-бақи қалатын ел сарыны.
Мырза Өтеуді жарты жолға, дәп осы Бұқтырма мен Күлместің құйғанына дейін шығарып салды. Ағасының бүйірін тесіп түскен қап-қара Күлмес көкшағыр өркешті қақ жарып, оқтай зырлаған асығыс ағынның жолын бөгегісі келгендей ұршықтай шыр айналдырып арпалысып жатыр екен. Қара жылан мен сүр жыланның шиыршық атқан қанды төбелесіндей көрінген. Тесіліп ұзақ қараған соң ба, екі жыланның төбелесінен әлден уақытта жер көшіп жөнелді. Көшкен жерге ілесіп Өтеу де қалың бытқылды қақ жарып қашып бара жатқандай еді. Сасқанынан айғай салды.
— Немене, жындандың ба?! — деп Өтеу қайтып келді.
— Отырғанның бәрі жынды ма?!.
— Адамның зәресін алып!.. Бар, үйге қайт!
— Қайтсам қайтам!.. Сенен сұрайды деймісің!..
— Қайт!..
Сиыр қайыра шығып, жорғасы бар сынық мүйіз қоңыр шолақ өгізге таласып, төбелесіп тарқасқандай екеуі тоң-торыс ажырасып еді. Шығар ауызда кержақтардың "Согорное" дейтұғын селосы бары есіне түскенде төбесінен тоқ тесіп өткендей Мырза қалт тоқтады. Айдаладан бір орыс көрінсе он қазақтың тырағайлап қашатынын ежелден ел біледі, сол -ақ екен, Өтеуді шырылдатып әлде кімдердің сабап жатқаны көз алдына елестеп кетті де кейін қарай жын қаққандай безіп-ұрып жөнелді...
...Ол да жүгіріп келеді екен. Екеуі тағы да құйғанның басында кездесті.
— Ей, неменеге жүгірдің?!.
— Сен ше?..
— Мен енді... Үйге қайт! Тәтем ұрсып жатқан шығар...
— Қайтсам қайтам! Сенен сұрайды деймісің!..
Екеуі тағы да тоң-торыс ажырасқан. Былай шыға беріп Мырза тағы да кері шапты. Ол да жүгіріп келеді екен. Тағы да құйғанның басынан кездесті.
— Ей, кетесің бе, жоқ па?!.
— Кетсем кетем! Сенен сұрайды деймісің!..
Үшінші жолы кетісіп айырылысқан сияқты еді. Былай шыға бере Мырза тағы да бұрылып алып кері жүгірді.
...Езуінде қурай, екі көзі жұмулы, иегі аспанда, боздатып отыр екен. Көзінде жас, боздап отырғандай көрінді... Елеу мен Төлеу соғысқа аттанарда екеуі қосылып сыбызғы тартқанда бүкіл Шоққайыңды жылатып еді. Бақсылық қонбаса да сыбызғы бұлардың тұқымынан бар дерт. Жылқышының жыны жанторсығында деуші еді, сиыр бағып жүріп өнер шығарған жалғыз Өтеу шығар. Бала кезінен құрай көрсе езуіне бір қыстырмай тастамайтын әдеті, күй ме, зар ма, мал иесі кім, кімнен қалған сарын, оны өзі де ажыратып жатпайды, әйтеуір, басы ән, аяғы мұң мен өксік секілді таусылмайтын бір әуенді бірде "Айрауықтың ащы күйі" деп, енді бірде Саймақтың "Сары өзені" деп, ертеңінде "Қос жетім" деп сұңқылдатып отырғаны. Тыңдауға бар да, таңдауға жоқ сауатсыз кулак оны қайдан білсін, көкейдегі шерді қозғаса болды, басы салбырап шұлғи беретіннің бірі Мырза...
...Әуелі езуінде қурай, қоңыр өгізге көлденең мініп алып ұйқылы-ояу Өтеу теңселіп отырған сияқты еді, енді бірде екеуін іздеп Бұқтырманы бойлай зар еңіреп жүгірген анасы елестеді, ақыры көрмеген әкенің көмілмей қалған сүйегі көз алдында тұрып алғаны... Боз аспан қорғасындай сағал-сағал боп еріп, Алтайдың ала шындарының төбесіне төгіліп жатқандай, дүние жыбыр-жыбыр көшіп бара жатқандай еді. Сөйтсе, өзі де жылап отыр екен. Жыбырлаған да, қыбырлаған да жанарға толған ыстық жастың ар жағында қалған боз аспан мең жарық дүние екен...
Екеуі де бір-бірінен жасырған боп көздерін теріс қарап отырып сүртісті.
— Әкең!.. Осыдан пысуға түсіп кетсем бар ғой!.. Әкең!.. шақтыда жұмыс істеп... алдымен сені шыттай киіндірем!.. Анау Қызылкөзді бар ғой... Әкең!..
Жылы орнынан Қызылкөз қуып шыққандай-ақ, алдымен өзінің аяқ-басын бүтіндеп алғандай-ақ... Керзі бәтіңкенің ұртынан бақайын жылтыңдатып отырып, мұрнының боғын етегімен былғап отырып...
— Әкең!.. Маған бар ғой, пызу да жетеді. Сені оқытам!.. Сен үлкен нәшәндік боласың. Әкең!.. көрсетесің!..
Бөркі қисайып, етігі сыймай жатса да бұл елдің әкеден түк қоймайтын ауруы бар. Содан ба, әкеге жарыған біреуі жоқ, жүз түтіннің тоқсан тоғызы жетім мен жесірлер де, қалған біреуінің өзін қатындар қорқытады. Сонда да бұлардың қалай өсіп-өнгеніне таңғалатын бір пенде жоқ, сонда да етегін өсек көтерген ұрғашы, жаман аты шыққан ана жоқ, сонан соңда Құдайберген, Құдайберді, Жолбике, Жолдыгүл деген аттардан құр қалып, Хан мен Бектердің, Мырзалардың қаптап кеткені де Шоққайыңға жарасымды шығар. Сонан соң да шеше қорқытып сыйлатады, жоқ болған соң ба, әкеге деген сағыныш әркімнің көкірегінде бір шер...
...Соғыс басталысымен-ақ ымпырт Мыңқұлдан мал айдай бастады. Қойы, сиыры, сарылығы бар, көктемнің лайсаңынан боқыраудың боранына дейін Алтай өңірін қара топырақ қылып кететін еді. "Ымпырт, ымпырттыкін жымпырт" деген де осы кезде шыққан. Жетім-жесір нені жымпыртын қиратты дейсің. Оның есесіне мал айдауға әр ауылға түсетін адам салығы балаға келген пәле-ФЗО-дан кем емес-ті. Әуелі құрыққа ілінетін панасыз жесір, оның үстіне байың "пәшес" болса бас тартып көр. Сонау шекарадан мал қабылдап, оны Семейдің ет комбинатына жеткізгенше ту қатынның өзі елге тулақ боп сүлдерін зорға жеткізетін, егер қарлы-жаңбырда адасып, боран-шашында үсіп өлмесе бұған да шүкір. Түзде түнеп, жел-құздың өтінде мал көтіне ерген еркек қосқа ұрғашының жаны қайдан шыдасын. Сол мал көтінде кеткендердің алғашқысы Күлпән еді. Айдалада біреу айтысса ауызға ілініп, төркінінде біреу төбелессе төбесі көрініп қалатын байғұс содан қайтып қара тізімнен түскенді қойды. Соңғы бір сапарында сүйегін сүйретіп, бар тапқан пайдасы құрсағын томпайтып қайтты да, тозақтан бетер тоздырып жіберген мынау жалған дүниеден мүлдем қашқысы келді ме, екі кештің арасында иен моншада асылып өлейін деп жатқан жерінен Айкүміс арқаннан ажыратып алып қалып еді. Сонан кейін де ел қатарында көп жүрген жоқ...
...Қарашаның қарағай басын шұлғытқан қара дауылынан соңғы қарлы-жаңбырлы бір күнінде көттікті ер-тұрманды ала өгізін жетектеп қабасақалды әлдекім келді де Күлпәнді әкетпек болды.
— Айкүміс-ау, кетейін десем қу жалғызды қимаймын, кетпейін десем құрып қалғыр құрсақты қалай босатам? — деп Күлпән зар еңіреп жылаған.
— Абыройымды сақтаймын десең артымнан ересің. Балаға зар болғаныммен басқаның ұрығы менің де бойыма сыймайды, қатын тастағанда да жетісіп отырғаным шамалы! — деп қабасақал теріс қарап отырып алған. Сондағы екеуінің арасындағы бар дау сыймай отырған басы артық жүк те Өтеу екен.
Қарлы-жаңбырлы ала шұбар ымыртта ала өгізді алдына салып томпылдата қуалап қабасақал кете барды. Ала өгізді емес, ала өгіздің үстінде селк-селк қопаңдаған Күлпәнді сабап бара жатқандай көрініп еді. Ұзын бишік сауырдан сарт ете қалғанда қайқаң қағатын ала өгіз емес, қабырғасы сөгілгендей құлап барып, майысып барып басын зорға көтерген Күлпән секілді. Ала өгізді қуып, құлын да даусы шырқырап Өтеу кетті. Өтеуді қуып Мырза кетті. Үшеуіне де жете алмай Айкүміс жұртта қалған. Ала шұбар ымыртты атымен қақ жарып қайта бұрылған қабасақал:
— Әй, ақымақ, қайт кейін! Шешең сен түгіл анау ішіндегі ұятын асырап алсын! — деп ақырған. Сосын ала шұбар дүниеге албастыдай сіңіп жоқ болды.
Талып жығылған Өтеуді Айкүміс арқалап зорға жеткізіп, су бүркіп тірілтіп алып еді... Өтеудің қолына сыбызғы ұстатқан қасірет пе, әлде атадан қонған арқа ма, оны Мырза тұрмақ Өтеудің өзі де білер ме екен?.. Әйтеуір, Өтеу сыбызғы тартса Мырзаның көз алдына қарашаның ала шұбар ымырты қайғып келеді де тұрады: пеш көмейін күңіренте суырып, қара құрық терезені қара жалаудай жалп-жалп сабалаған қара жел, сарнаған орман, зарлаған тоқал тамның төрт бұрышы, сол бұрышта солығын баса алмай өксуден шаршаған Өтеу... Байғұс ана зарлап бара ма, сарнап бара ма, өксіп бара ма, өліп бара ма, оны ешкім білген жоқ. Өлі ме, тірі ме, оны ешкім көрген жоқ. Ағайын тұрмақ артында қалған жалғыз ұлды да іздеп келген жоқ. Жалғыз ұлдан ұят күшті болғаны да...
...Айкүміске бай боламын деп жүнді ауыз Қызылкөз кіріп келгенде ала шұбар ымыртта анасын алып кеткен қабасақал қайтып оралғандай Өтеудің аза бойы тітіркеніп, азар да безер болғаны осыдан да шығар... Сыбызғыдан зар сауғанда барса-келместен қайтып оралмайтын әкені ойлады ма, жоқ әлде қарлы-жаңбырлы қара күзде ұшты-күйді жоғалған шешені ойлады ма, кім білсін...
— Тұр ей, үйге қайт!..
Жылайын деп тұр екен. Бұл да жылайын деп тұр еді. Екеуі де бір-біріне көз жасын көрсетпес үшін құшақтасып қар талғанша көп тұрды. Сонан бірінің иығын бірі көз жасымен суарып барып әзер ажырасқан еді.
— Сен анау қырға дейін үйге қарай жүгіресің, — деп Өтеу бір төбені саусағымен өлшеп берді. — Мен анау қырға дейін Қатынға қарай жүгіремін, — деп екінші төбені өзі өлшеп алды.
Бірінен бірі қашқандай екеуі екі жаққа безе жөнелген. Безіп келе жатып та безіп бара жатқан Өтеуді көз алдынан жоғалтқан жоқ еді, артына бұрылып қарағанда сарала тон киіп алған саршатамыздың шатқалынан басқа, шатқал ауызда шаншыылып отырған Саралқаның шыңынан басқа дым жоқ екен. Сосын Бұқтырманың жартасты тілген ысылы. Боз аспан тағы да сағал-сағал боп еріп, Алтайдың ала шындарының төбесіне төгіліп жатқандай, дүние жыбыр-жыбыр көшіп бара жатқандай болып еді. Сөйтсе, сөгілген де жоқ, төгілген де жоқ, жанарға толған ыстық жастың ар жағында қалған боз аспан мен жарық дүние екен... Шығанға қашқан Бұқтырманың ағынымен, көк тасты тілген көк долы толқының сарынымен жарысып өкпесі өшкенше, үйге жеткенше жүгіріп еді. Бірақ сыңарынан айырылған жетім көңіл сүйкенер қара таппай шығанға тартып ұлыды да тұрды. Ақыры көрші аудандағы интернаттан бір-ақ шықты да, қыс оқып, жаз соның көңінен көміріне дейін таситын көк есегі болып жүріп оқу бітірді. Обалы кәне, айтқанында тұрып Өтеу қаражатын қалтасына салып беріп Семейге шығарып салды, Малдәрігерлік институтын бітіргенше бес жыл бойы үзіп-жұлып ақшасын жіберіп, жазғы демалыстың кезінде аяқ-басын бүтіндеп қайтаратын еді. Сүйіп қосылды ма, сүйеу болсын деп күні үшін қосылды ма, біреудің босағасында күшік-күйеу болып жүріп, меншікті баспанаға енді ғана қолы жетіп, кебек араласпаған ақ дәмге енді ғана ерні тигенде селикоз деген тепсең құтылмайтын темір бактың арқасында обраковкаға шықты да қалды. Енді мынау қызығы мен шыжығынан қиянаты көп өмірдің қырсығына егескендей бас бармақты сұқ саусақ пен ортан қолдың жықпылынан шығармайтын болған. Бар қайраты да, бар айбаты да осы...
Айкүміс жүнді ауыз Қызылкөзден төрт ұл тапқан. Кешегі тектімін деп жүрген зиялының ақжаулығы қаңғыбасқа қатын боп кеткенін өзіне қор тұтып, отыз жыл бойы бақыр басты біреудің отбасына отырып, жұрт көзіне ен-таңбалы болса да қайтып ел бетіне көрінген емес. Тайганың тағысындай саяқ тірлік кешкен Қызылкөз бес үйлі займкеден басқа отан бар дегенді ойына алса нағылсын. Мұның да өзінше қызық хикаясы, ел аузында таусылмайтын жыры бар.
Мырза мен Өтеу іргеде отырса да кемпір-шалға ат-ізін сала бермейді. Ауыл маңындағы қу тақырға ұстап отыру қиын болған соң екеуі жиылып оншақты қарасын Қызылкөзге қосып қойып, жыл сайын бір-екі соғымнан алып жегені болмаса бауырын езіп бара жатқан жұрағатшылығы да шамалы. Шеше бір болғанмен төрт ұл Мырзаға бөтен де, тумаса да туғаннан ыстық Айкүмісті Өтеу төрт ұл мен Қызылкөзден күні бүгінге дейін қызғанады...
Өркешті жолдың қатқағын жыртып, ара-тұра мөңкіп-мөңкіп қойып "Бездеқот" Көрбикеге жеткенде Өтеу жеті ұйықтап, жеті оянған. Жел көтерген сырмадай шұбатылған боз тұманды машина фары тесе алмай қойды да, әйтеуір, қой қора, сиыр қора, ат қора, тауық қора, шөп қора — өңшең қораның ортасында қонжиып отырған үйреншікті ескі үйді танауымен түртіп тапқан еді.
— Неге тұрсың? — деп Өтеу ежірейе қарады.
— Немене, үйге де машинамен кірейін деп пе едің?!
Келіп қалғанына өкінгендей Өтеу бет терісін бес сындырып, қош жерде серейіп мұз боп қалған екі аяғын бауырына зорға тартып алды.