Қалыңмал кәмпәниясы
повесть
"Ханның басын хан алар шауып тұрып, қардың басын қар алар жауып тұрып" дейтін ділмәр қазақ ханзадасын ұмытқаны қай заман, айтарға болмаса, айбалтаға түсер ханның басы жерде жатқан жоқ, хан түгілі қанын жүктей қоярлық қасиеті қалмаған қараның басына қамшы үйіріп көрші. Қайыршының қатыны ұл тапса да атына "ханды" қосақтап жіберетін Шоққайың ақсүйектердің аптарихасын әлдеқашан қор қылып бітірген. "Совет" деген боқмұрынға "ханды" тіркеген соң не сұрарсың. Ал қар деген шіркінді қарашадан шілдеге дейін бүкіл қарағай құлағымен кешіп жүретінін жұрт ежелден біледі.
Наурыздың ортасына зорығып жеткен Шоққайың торғай су ішетін күн таяп қалды деп отырғанда тағы да басып салды. Апта бойы қапалақтаған ақ көбелек алысты қойып ауыл -үйдің арасына ат жүргізбей тастаған. Аяғы боранға айналып, ағаш біткеннің алты ай қыс жинаған ақ қалпағы мен тон-тымағын қоса бұрқылдатып, аспан мен жердің арасын айрандай сапырып жіберді. Күресінге жетіп ауын шеше алмай қалған кәрі-құртаң соңғы қар, соңғы боран шығар деп қуығын жұбатқан болысты. Ит біткен үре алмай тұншығып қалған, есесіне ашыққан ашатұяқ күндіз-түні мөңіреп, ауылды азан-қазан қылды да жылы үйде отырған еркек кіндіктің өңешінен ас өткізбей ит болды.
Бір Аллаға тапсырып, жылқы атаулыны сонау қарашада Мая текшесіне кеулетіп қоя беріп, қар бұзылғанша тым-тырс жатып алатын әдет мал бітпеген еріншек ауылдың маңдайына жазылған қырсығы. Жегенде ғой, алдына аузы бар тірі мақұлық салмайды: табақ түбін көзімен тесіп, баржиған бармақтар самарды тінткілеп жүріп қара еттен қазы мен қартаны жыра қашқанда ауыз дейтұғын ауланың қақпасынан сәріде адасқан емес. Қыс келсе болды, итіне дейін санап үріп, еркегі есінеудің өзінен-ақ шаршап қалатын Шоңмұрындардың қырық күн шілдеде де аспаннан қар дәмететіні тегін болмаса керек. Осының өзін тәкаббарлық пен кісілікке санап шіренетінін қайтерсің. Осыдан жетпіс жыл бұрынғы қазан төңкерісіне дейін атасына мал бітіп еді деп, күні бүгінге дейін кекіріп отыратын кепкен шалдардың кепиетін ат көтерсе нағылсын. Сөйтіп отырып, қазан түбінде қалған шеміршекке өкпелеп, шыбыштың шырп етпе уызынан құр қалдым деп ағайынның есігін ашпай қоятын қылт етпесі есінде жоқ. Солай! Қоймадан қор, қорадан түлік қашқан соң бұл елдің бар байлығы тілінде қалған. Ауызбен орақ орып, артымен диірменнің тасын айналдырғанда, пай-пай, сырт көзге Алтайда Шоңмұрыннан басқа жұрт жоқ сияқты.
Торпағы толғатып, қысырының құмалағы қатса да тұра өзіне жүретін ағайын тыныштық бермеген соң Веттехник жылқыны адақтап қайтпаққа таңғы алақаншықта шығып еді, шұбар шымылдықты атпен жыртып текшенің кейкеңіне іліккенше сәске де болған.
Жер көшкендей бір гүріл шатқал өңешінен құлаққа ұрып, үрей боп жетіп еді, қасқа маңдайдан қар шапаттаған құтырық құйынға ілесіп, Алтай құлап келе жатқандай бірте-бірте жақындап қалды.
Жылдың бұл мезгілінде кемер-кемерге жиналған күртік қар көшкі боп ағып, таудан есетін "алтын құректің" лебі жетісімен таудан да биік ақ көрпенің қабат-қабат текшесі бір күнде астынан тозып, бір түнде сарқ-сұрқ жоқ болады. Іңірде қар басып ұйқыға кеткен уәйімсіз ел ертеңгісін қара жерге шоңқиып отырып қалады да шанадан түспей жатып арбасына жете алмай, жілігінің майын жаяулап үзіп, малының тулағын құйрығынан созып тұрғызатын әдеті.
Таң бозында алақаншықтап сөгіле бастаған секілді еді, сәскеге қарай толастайтын шығар деп шығып кеткен Веттехник қателескенін енді сезді. Көзкөрім арқан бойынан аса алмай, ар жағындағы ақ түтектің шымылдығын тесе алмай, құла жорғаны ирек жолдың сұлбасына салып қойып мимыртпен ғана келе жатқан. Бульдозермен жырып жасаған иректің науасы оппаға кептеліп қалған екен, әншейінде алдына тұяқтыны түсірмейтін қызғаншақ, ерегеспе мінезді құласы артында тақымдайтын ешкімнің жоғын сезгендей омбыны көкірегімен орып асығар емес. Гүрілі құлағы шалғанмен тұспалын аңғара алмай, көшкі ме деп қауіптеніп қалың қарағайдың ығына бұрыла бергені сол еді, құздан аққан қорымдай дүркіреп, шұрқырай жөңкілген қалың жылқының алды қасынан өте берді. Боз кіреукенің астынан селдей аққан топалаңның селтеңдеген құлақтары тағы да ала құйын боз кіреукені тіліп жоқ боп кетіп жатыр. Бораннан ықты ма, бөріден үрікті ме деп тұрғанда топалаңның соңы тұманға кірген поездің ақырғы вагонындай шолтаң етіп жоқ болды. Ежелден мал қарасын көзбен танып үйренген Веттехник көңіліне күдік алып, неде болса тебіннен қайтуды ұйғарды да тұяқпен тапталып қалған ирекке құланы қайта салған. Қияның қағынды құйынындай емес, жан-жағын орман қоршаған таз текшенің төбесі ықтау екен. Кезеңге шыға келгенде қарсы алдындағы жартастай серейіп, тапжылмай тұрған әлдебір мақұлыққа танау тіреп бірақ тоқтады.
Сауыры мұз, бауыры солаңдаған шашақ-шашақ сүңгі, танаудан атқан ақ будан, маңдайын жапқан мұз кекілден жылқының нобайын аңғарып еді, оқыранып жібергенде ғана Веттехник жирен қасқа айғырды таныды. Әбден сүлесоқ боп шамасы біткен байғұс енді болмағанда күрс етіп құлайын деп тұр екен, "жеттің бе" дегендей қыраулы кірпіктің астынан кейісті қабақпен аларып бір қарады да күрсініп салды.
Текше төбесіндегі атшаптырым алаңқай шиыр екен. Қисая соққан бұрқасын қалың ізді енді ғана бүркей бастаған. Ортадағы таптаурын қалың жылқының тұяғы, қалың шиырды шыр айнала, омбы қарды опырып, кеудесімен қасатты жыра шапқан қасқырдың ізі. Біреу, екеу... Веттехник ізге қарап жыртқышты да санап алды. Қаншығы мен арланы. Жылқының таңғы жусауында келіп тиіссе керек. Аң түгілі адамның да бөтен-бөстегін үйіріне кіргізбейтін жирен қасқа жыртқышпен жарыса, жылқыны айнала жортып арпалысқанын да ізден көріп тұр. Сақа айғырға серік болар жабы мен сәуіріктерден сес болмаған. Веттехник оны да ізден оқып тұр. Тоңқайып жатқан, шоңқайып қалған жабағы-жәутік жоқ па деп біраз жерді шолып еді, бытқылға түскен жыртқыштардың ізінен басқа ештеме таба алмады. Көтеріп әкететін тоқты-торым емес, демек жылқы аман, үрдесін баспаған ізге қарағанда қасқырлар жирен қасқаның жығылуын күзетіп қалың жылқының соңына түспеген. Өшпендік пе, кезептік пе, кім білсін. Веттехник орманға бағыттап екі дүркін қосауыздың өңешін босатты да кері қайтты.
Тасбақаның мүйіз сауытыңдай шеміршек боп сіресіп қалған жирен қасқаның қыр арқасын қамшының сабымен тырналап әрең дегенде аршыған Веттехник құланның ішпегі мен қашанда қанжығадан түспейтін өзінің брезент сулығын айғырға жауып, айылмен тас қып тартып тастады.
— Ал, жануарым, енді тырпылдап көр! — деді.
Қазақының жатыры, дончактің қасасынан жаралған түйедей будан неменің тұла бойы шытынап, қозғала бере шашпаулы келіншектей сылдырап қоя берген. Әуелде тәлтіректеп құлаға сүйеніп еді, әрберден соң буын-буыны сынып, сүмеңдеп еріп, салбырап кеткен құлағы мөшектей бастың төбесіне қонған қос тышқандай кекіл арасынан қылтылдап тіріле бастады.
Иректің жыландай мың майысқан бұлтарысында құзға құлап кетпесін деп айғырды өрге, құланы ылдиға салып еді, өңкиген пілдей неме жолға симай қайта-қайта бүйірімен қағып, екі-үш дүркін қиядан ұшырып жібере жаздаған соң екеуін қосар жетелеп, өзі жаяулап тартты. Тұрқы ақырға, арқасы қораға батпайтын жирен қасқаның қасында құла жорғасы құлындай-ақ екен. Танауына қатқан сүңгісі морждың азуындай салбырап, көне заманның әлдебір мақұлығындай ерсілігімен күлкі шақырған, ұялы қасқырға тай бермей күні бойы арпалысқан "еңбегін", өзін құрбандыққа шалып, үйірін ел бетіне қайырған "ерлігін" ескеріп Веттехник езуін жия қойды. Бөтенмен қатар тұрып ақырдан жем жеп, бөтеннің қатарына ілесіп көрмеген эгоист құла әуелде кіржіңдеп-тыржыңдап кірпияздық жасаған болып еді, қасқырдан жасқанбаған қас дүлей онысын қаперіне де алмаған соң жөніне көшті.
Әлдекімнен абайсызда жел шықса да Алтайдың басы күңіренетін әдеті, аспан алақаншықтап тесіле бастағанмен ағаш басы әлі де ала құйын, орман гүрілдеп, текшенің төбесінде мың самолет ойнағандай ұлы сарын толастар емес.
Қысы-жазы мал тұяғынан босамайтын бабасы Маяның бір кездегі, күздеуі шыбынсыз жазы, ықтасын қысымен бір ауылды шығынсыз асырап, әсіресе жылқы жарықтықтың өрісіне де, тебініне де жарап тұр. Танаудың астынан озып ат қинап көрмеген, бірақ табақтан таз қарын шалса да таласып қалатын Шоққайың жал-құйрықтыны таңы айырылып бағып та, баптап та жарытқан емес. Ара-тұра ас пен тойда бәйгеден тиын-тебен тауып дәніккен бірлі-жарым қулар болмаса, ақ малым дейтін жансебілдер ел ішінде де аз. Әне бір Хрущевтің заманында мама бие жетім торпақтың құнына татымай қалып еді, одан бері де тоқты-торымның қадірінен озғаны шамалы, әйтеуір тұяқты ғой деп, ет қой деп бар қасиетін пышақтың жүзі, қарынның қанағатымен ғана танып отыр. Арақ деген шіркіннің буы аспанға көтерілген уақытта қымыз салтанаттың сәні тұрмақ қойшының құрым мүңкіген қараша үйінің босағасынан аттай алмай, ертеңгі-кеш қасқа сиырдың желінін созуға құлқы жоқ келін-кепшіктің желі көрмегеніне де ғасырға таяп қалған шығар. Жиырма сегіздің тәркісі, отыздың кәліктібінен соң Шоңмұрында ниет те, пейіл де жоқ, қолында қоздап, қорасынан өріп шықпаған соң "көптікі" деп өкіретін бұқаға дейін жаудың малындай көріп, кермеге тыпыршытып ат байлау, керікті керек-ау деп дәулет санау дәстүрден шыққан. Тырқылдатып мотоцикль, ырылдатып ыңыршақ машина мінгенге мәз болатын кейінгі буынның таңдайынан дәм, танауынан иіс кеткелі қашан. Әрменіректе әр түтін ошаққа тас болар азаматымен мақтанушы еді, бүгінде сол азаматтар кемпір-шалдардың есебінен баптанатынды шығарды. Шүкір, қатын қарынның құрышына, бай қораның бұрышына қарамайтын болған. Бір бөлімшенің ырымға деп ұстап отырған мынау аздаған тұяғы да қасқа айғырдан басқа тірі пәндаға керегі жоқ сияқты. Ақ қар, көк мұзда ақ тер, көк тер боп бұл байғұс әуре. Әттең мақұлықта тіл жоқ, айтар болса мұның да біраз мұңы бар-ау...
...Мұны мал болады-ау деп ешкім ойлаған жоқ-ты. Шоққайыңға бас дәрігер болып келген жылы Мырза сонау Дегерес жылқы зауытынан ат-түйедей қалап, жиырма төрт мың сомға алдырған еді. Әдейі барып таңдағаны ақылтеке мен арабы тұқымның буданы болатын. Көктастың теміржол бекетіне келгені ақалтеке тұрмақ сақалтеке де емес, бұланның бұқасындай арбайған бір арық құнан боп шықты. Дегерестің делдалдары алдап соқты ма, әйтеуір түріне қарасаң есектің нобайы, бойына қарасаң жирафтың ағайыны, басы сабан кептеген қанардай, шоқтығы томардай бірдемені вагоннан зорға түсіріп алған. Лопиған қу сүйек шашылып қалатын болған соң жайдақ машинаға артуға келмей, жүз елу шақырымдағы Шоққайыңға жазғасалымның қарақат қағында жарты ай сүйемелдеп зорға жеткізіп еді, кекештің сандырағын, кедейдің жалбырағын аңдып отыратын Шоңмұрынның жыртаң езу кісімпаздарының артын ашып күлмегені қалсашы. Етке болмаса ерге толмайтын жергілікті жабыны қорашсынып, селекция арқылы тұяқтыдан тұлпар шығарамын деген Мырза үш жыл бойы тапқан-таянғанын жинап, жиырма төрт мыңды совхозға қайтарып берді де жирен қасқа есектің шылбырын ұстап қалған.
Обалы қане, екі жыл саяқта жүріп, азуын теспей жатып бестісінде арқыраған айғыр боп шыға келді. Үйірін байталдан жинап, тектіні бүйірінен иіскеп танитын кірпияздығынан Мырза жирен қасқаның қазан ат пен дон тұқымының буданы екенін бірақ білді... Сауыры тақайдай, омырауы қаптай, арқасына ердің қапталы симайтын дүлей неме сәуірік біткенді шайнап, сақа айғырлардың өзін кәрі-құртаң биелерімен қуып тастады. Жирен қасқаның дауысын естісе ақырда тұрған аттың арқасы қышитын еді, керік ұстаған шал біткен қырғын боп шуласып, айғыр емес, ауылға аю алып келдің деп қарғысының аяғын Веттехниктің адресіне бағыштайтын болған. Әйтеуір, құдай ондап, үйірін тұйықтаған соң жирен қасқаның жыны басылды да жәрпілдеген кетік шалдар жаман байталдарын өздері жетелеп әкеліп алдына тосып, тәкаббар неме иіс алмай қойса қыздары байдан қадірсіз қайтқандай жер сабайтынды шығарды. Сабасын, сабамасын, оған намыстанған да, арықтаған да жирен қасқа жоқ, жал-құйрықтының құты атанып еді, бірақ совхоз Веттехниктің жиырма төрт мыңын қайтарып бермей сіңіріп-ақ кеткені. Мал есебінде жоқ, сідігі көптікі, сіңірі өзінің жекеменшік үйірдегі айғырды құрықтап мінуге Мырза да қимаған.
Тәйірі, бір айғырдың белі де бедел болып па. Жиырма төрт мыңды қайтарып бергенде Мырзекең оны жиырма төрт күнге жеткізер ме еді, жеткізбес пе еді?.. Одан бергі жүйкені тоздырған талай тауқыметтің кәмпенсәтциясын да даулаған емес.
Танау шелектей, жиырмаға күпті боп жүрген шағында, сонау көл жағасындағы үлкен совхоздың дәрігері Мырзаны елге қайт деп ағайындар қоймаған соң ерін арқалап келген. Хан көтереді деген елі бар болғыр айналдырған екі жылдың ішінде қаңғытып жібере жаздады. Әуелі бас дәрігерліктен сыпырды, одан түкпірдегі бір бөлімшеге қуды, ақыры ішкі жақтағы кержақтардың шошқа фермасына апарып қамаған. Қашанда шығасыға иесі басшы, келе-сала совхоздың малын түгендеп, жиырма бес жылқы, оншақты тайынша -торпақты әлдекімдердің мойнына міндіріп, жылы орынға айдатып жіберіп еді, ауданның бір басшысының құйрығын басып кеткенін қайдан білсін. Шошаңдаймын деп ыстық қоламтаға аунағандай шала күйіп, шошымалы қотырдай қарап жүріп қасынып, қыршаңқы мінезді де қиянаттан тапқан. Совхоздың жаңа директоры баяғы қызметіне қайта шақырғанда да ауыл арасындағы қатар жан болар жайым жоқ деп шалқасынан түсті де Веттехниктің тозбас креслосын қалап жүріп ауылын зорға тапқан. Содан бері бейтарап мемлекет ретінде ел ішінде отырып-ақ жалғыз үйлі автономия жариялап еді, алыстың тойына, жақынның соғымына бармайтын сасай бас іргесіне Өтеу келіп жармаспағанда үй арасындағы тар соқпақты да шөп басқандай екен. Оның да үшті-күйлі жоғалғанына екі -үш күн. Боранды күні ит пен бала құтырады деп, қар жыртылып, қара жердің қағы көрінгенде қызылсырай қалып займкеге жіберіп еді. Бар да қайт деген. Шал осында жатқанда бір малын алып соқ деген. Шешеңе айт, байып қатын алатын болды, еншісін бер, жаңа отауға жасау керек, жиған-терген тиын-тебенін текеметтің тұйығынан шығарсың деп еді. Өтеу сенерін де, сенбесін де білмеді. Қысқа күнде қырық қыжыртпамен саудың басына сақина байлап жіберетін Веттехниктің қай мазағы деп ойласа керек. Кемиек болғанша бір кемпірді алдай алмасаң несіне дамбал киіп, ышқыр тоздырып жүрсің дегенде барып миына бір нәрсе кірген сияқты. Қараңқағырдың қазанының қансып қалғаны есіне түскенде екі айтқызбай-ақ "бездеқотын" тепкілеп жөнелген. Берерменге жоқ болса да аларманға келгенде алдына жан салмайтын кедей байғұсқа тырнағын бір жібітсе де байлық қой. Бір шаруаға жұмсаса артынан өзі қоса еріп жүретін Мырзекеңнің біреудің дәрменсіздігінен де ләззәт алатын әдеті еді, енді барсакелмеске жібергендей: "Бұқтырманың мұзы түсе бастап еді.." деп ар жағын ойлағысы келмеді. Әдейі соған көрінгендей тамшыдан торғай су ішетін мезгілде қағынып тұрған бораны мынау... Өзі өле алмай, сіңіріне ілінген көксау байғұстың өлігін қайдан таппақ?..
Алақаншықтың арасынан ауыл үйлерінің шатыры ербейгеннен-ақ Өтеудің кәртәміш тамын іздеп еді, тым-тырс жымырайып отыр екен. Қадаға кигізген қалпақтай мойны қылқиған бір шөмеле шөпті жұлмалап сеневалдың төбесінен әлдекімнің қарасы көлбеңдеген, піл сауырындай құшақ жетпес мол дүниеден Қараңқағырдың бөксесін таныды да Өтеудің әлі келмегенін сезді. "Төрден орын тимесе де төсенішке жарыған байғұс, қалбалақтап қайда жүр екен?!". Боран тұрмақ бозқырауда да күресін басына жете алмай баспалдақтан ірге суаратын Қараңқағырдың бөксесі дәп бүгін сеневалға шығып кеткеніне жыны келген Веттехник бүкіл әлемді осы бөксе бүркеп тұрғандай іштей жат та кеп ашулансын. "Қатынның аты қатын! Қаперінде ештеңе жоқ! Қатып өлсе ғой, өкіріп жылар ма едің, өтірік жылар ма едің?!".
Сіркесін су көтермей қарадай қаны тасыған Веттехниктің алдынан омырайып Тырыштың Ерғалиы шыға келсін. Салақұлаш тілін қызыл иегінен жылтыңдатып, аузындағы алты тісін санауға шамасы келмей жүріп бұл да ақылды бола қалыпты. Әуелде танымай тұрғандай замандасының етегінен иегіне дейін сәңірейіп бір қарады да:
— Өй, зәнталақ, зер қараймай зылқыны таудан қуып түшкенің қалай? — деп тәлтие қалғаны. — Прабляющи боғын пыщақтып жатыр!
— Жарылқапты! Пышақ ұшынан дәм татқан шығарсың?.. Немене, жылқы егініне түсіп пе?
— Қылғынып өлер қылтанақ шөп жоқ дейді.
— Қырқып берсін. Мал ашықса жүнді де жей береді.
Тірі пендеге зәредей зияны жоқ, аш болса да томпайып тоқ жүретін Веттехниктің замандасы, қашанда аузы қышыған әзілқойға мешен еді, бұл жолы да біреуінің арызын жеткізем деп Мырзекеңнің аузына теріс кеп қалғаны.
— Мынауыңды суға шомылдырып шыққаннан саумысың? — деп жирен қасқаның сауыс-сауыс мұз жабуына момақан ғана зіл тастап томпайып кете барды.
Бейкүнә жанның митыңдаған жорғасына, омбыға түскен ирек-ирек ізіне қарап өзінің де содан артып кеткен әуселесінің жоқ екенін сезгендей болды. Алдынан үріп шыққан ит те жоқ, ақ кебінге оранып өліп қалған ауыл жел өтінде мал бар-ау, малға кеткен жан бар-ау деп тырп етсе нағылсын. Әлгінде ғана Қараңқағырдың қазандай бөксесіне жылы келіп еді, бүкіл Шоңмұрынның еркек-ұршағысы бүрісіп боран астына кіріп кеткенде бір қатынның сағдар сауған қайратына да қанағат деу керек екен-ау...
Қызылкөз жардай боп есік алдында тұр екен. Сыңайы, үйге кіруге Нұрбикенің аристократ шайынан қорқып Мырзаның келуін күтсе керек. Құла мен қасқа айғырды жабулап, жабық қораға кіргізіп, ақырға жем салғанша, үсті-басын қағынып болғанша тапжылмастан қақшиып тұрды да қойды.
— Бәтір-ау, екеуің есікті ұмытып қалғаннан саусыңдар ма? — деген Нұрбикенің дауысын естігенде ғана қорбаңдап Веттехниктің соңына ерді...
...Есік күрс-күрс еткенде Нұрбике ұшып кете жаздады.
— Аяғың сыңғыр, қолы тұрып есікті етігімен тепкен кім болды екен?!
Ұзынды-қысқалы екеуі табалдырықта ежірейіп тұр екен.
— Иә, сендерді кім шақырды?
Айкүмісте үн жоқ. Борқасы Веттехникті көргеннен-ақ ыржиып күле бастап еді.
— Сендерді кім шақырды деймін?
— Ветпунктің қақпасында тұрған жоқсың, кім де болса кіргізіп сөйлеспеймісің?! — деп Нұрбике реніш білдірген соң ғана Мырза босағаны босатқан.
Тоқырбас осы үйде туып, осы үйде өскендей – ақ сып етіп кіріп, шешінер-шешінбестен тымпиып барып балаларға сіңіп кетті. Айкүмісте үн жоқ. Төрде отырған Қызылкөзге ажырайып бір қарады, қоқайма таққа үйренбеген басы бөстек іздегендей еденді тексеріп біраз тұрды да басқа орын таппағандай "әрі отыршы" деп Қызылкөздің қасына зорға сыйды. Самардай бетін сақалына тығып, қалғанын жасыратын жер таппаған Қызылкөз аусыл соққандай меңірейіп қап еді, Мырза енді бір қарағанда жұдырықтай боп жиырылып, стол астына жоғалып бара жатқандай көрінді.
Айкүміс келген соң Нұрбике дастарханын қайта жасаған.
— Ия, сендерді кім шақырды?
Айкүмісте үн жоқ. Түбіт шәлісін шешпестен Нұрбикенің аристократ шайын терлеп-тепшіп сораптап, әлгі бір сауалды тағы да айтады-ау дегендей жүзін ұлынан алып қаша берді.
Таңнан бері үйге кіре алмай суық сорып қалған Қызылкөз де ағыл-тегіл. Айкүміс есіктен кіріп келгенде әзірейіл көргендей қу жанын қоярға жыртық таппап еді, әлде жан терін шығарған жұдырықтай кемпірдің ызғары ма кім білсін.
— Ей, Борка, сендерді кім шақырды?
Тоқырбастың бар жауабы ыржию. Сол ыржиыстың ар жағында бір құпия бар секілді де, әттең ауыз оңаша емес. Дүниеден бейхабар Нұрбике құйрығына қыл батқандай қипақтап, мына пәле таға нені бұлдіріп еді дегендей сұраулы кейпін күйеуінен айырмай, мүлгіп отырған Қызылкөздің, мелшиіп сыпырған енесінің мүсәпір қалпынан күдік іздеген. Өмірі жұрағат қумайтын Қызылкөздің займкеден қия баспайтын Айкүмістің бұл үйге нағып үйірсек бола қалғаны да оған жұмбақ. Шал, үйге қайт, — деді Айкүміс. Шалын қолындағы кесенің ішінен іздеген.
— Неге қайтады? — деді Мырза. Қолындағы кеседен сұрап еді. — Мал берсін, ақша берсін, еншісін қайтарсын демеп пе едім. Төрт ұлды артындағы тайлы-тұяғымен жекеменшікке саған қалдырдық, қалғанын бөліп-жарсаң да разымыз.
— Немене, бұған үшінші қатын әперейін деп пе едің?
Бұл жолы Айкүмістің даусы тік шықты. Мал ішінде отырып та қозының егізін, ұяластың сегізін теліп көрмеген Нұрбикеге Қызылкөздің қаншасын алып, қаншасынан қашқаны бәрібір еді, тек енесінің шаңқ еткен тарғыл дауысынан өкпесінің қабынып отырғанын сезді де стол басының ендігі ауарайын Мырзадан аңдыған. Отағасы құдды құда түсе келгендей керіліп:
— Үшеу болмаса да бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ, бір құлағы шұнақ жыртық жаулық табылып тұр, — деді.
— Бүтіні табылмады ма?
— Бүтіні де қашпайтын еді, бірақ, бәрібір сен оның көзін шығарып, аяғын сындырып, құлағын жұлып бересің де. Бүгіннің жанын қиналмай даярын алғаны дұрыс қой.
Дастархан басында орынсыз жырқылдауды әбестік көретін Нұрбикенің өзі де шыдай алмай ас үйге шығып кетті де, әлден соң езуін жиып қайта кіргенде күйеуі әлі керіліп отыр екен.
— Екі аяқ, екі қолы жоқ болса да жерде жатқан тесік моншақ бар ма, оның үстіне есік көрмеген періште екен, қалыңына бұзаулы сиыр, бір бие, бес қой сұрап отыр.
Расында мына пәтшағар біреуді саудалап жүрген шығар дегендей Қызылкөз Веттехникке үрке қарады. Айкүмістің көзі шарасынан шығып бара жатыр екен.
— Арзан, — деп Веттехник темекісін тұтатып алды, түтінді бір бүркіп тастап-Алпыстан асқан кәртәмішқа тым арзан! — деп Қызылкөздің бас-аяғын, киіздей сақалын көзімен санап шықты.
— Малы садақа! Ақсағына да, тоқсағына да сиейін!.. Үйге қайт!..
Жылап отыр екен. Ішіп отырған тамағын тастай беріп, Боркасы кемпірдің қолтығына тығылды да Веттехникке жаман көзімен қарады. Веттехниктің де шешесінің қартайып, шөгіп бара жатқанын бірінші көргені еді. Туасынан сүтке жарымай, омыраудың иісін алып көрмеген бейбақ, әйтеуір шешенің бар екенін сезгенімен, мені де осы кемпір тапты -ау дегенді ойына да алмаған. Шарасынан бұршақтап түскен жастың сорасынан кешегі зәрдей ашы күндердің қасіреті сарқылмағанын аңғарды ма, Веттехник анасының кір-қоң мен боқтан басқаны мыжып көрмеген қураған саусақтарын күректей алақанымен басып отырып тұла бойының еріп бара жатқанын жасырып:
— Ойпырай, алжыған шалды да ақсаққа қимайтындар бар екен-ау! — деп жұрттың жібуге айналған әжептәуір көңілін әзілге жыға салды.
— Шал, кешір! — деді Айкүміс.
Қызылкөздің өзі жоқ, сүлдері ғана отыр еді. Әу баста құлдыққа жаралған жетім неме "кешір" деген ілтипаттың тегін түсінді ме, жоқ па, кім білсін. Есесіне жалған дүниеде пендеге бір алданыштың қажет екенін Веттехник түсінген. Сыңардың ақсақ екенін біле тұра, ақсақтың да сыңар іздеуге қақысы барын ескермепті-ау...
— Үйге қайт, — деді Айкүміс. — Анауыңның аяғы ауырлап қапты, обал болады, — деді. — Екі қатын бір ақсақтың тегеурініне татитын шығармыз. — Айкүміс соңғы сөзін ұлына қарай атып еді.
— Сен осында қаласың, — деді Мырза.
— Немене?.. Көзі соқыр, аяғы ақсақ шұнақ шалға берейін деп пе едің?!
Борқасын бауырына басып, басынан сипағанынан-ақ Айкүмістің байласаң тоқтамайтынын Веттехник те ұқты. Нұрбикенің ішін ілген жоқ, алдын кесіп өтпесе де көзден жырақ, көңілден орын теппеген бір кемпір, әйтеуір ене деген аты болмаса оған бәрібір бөтен еді. "Осында қаласын" дегенде Қызылкөз бағжаң ете қалған. Өз алдына оттауды білмейтін, оттамаса да қарадан қалмайтын кәрі азбандай жетексіз сүмеңдеп, бір қатынның билігінен өмірі пысын оздырмаған байғұс Айкүмістен басқа да алдында бір азаптың күтіп тұрғанын қаперіне де алмаса керек. Бәсіре бәйбішесінен кешірім сұратып, Веттехник дүниеде Қызылкөз дегеннің барын Қызылкөздің есіне салып еді, оны да мойындамаған сияқты...