29.01.2022
  201


Автор: Қалихан Ысқақ

Көңілімді сағыныш, мұң басқанда...

... менің жанымды жадыратар оның жайдары жүзі. Сонан соң ащы айтсын, тұщы айтсын әр сөзін санап тұрып, тастап-тастап сөйлейтін өлеңге бергісіз мәнерлі тілі, ашуын білдірмейтін, асығысты білмейтін ашық дауысы.


* * *


Алматының асфальті бауырдай балқып, аспаны айналып жерге түскен қапырығында аузында қолақпандай құлпы бар ағаш сандығымды арқалап жеттім-ау. Қала көргенім де бірінші, пойыз көргенім де бірінші, тіпті есек көргенім де бірінші. Алтайда туып, Алтайда өскен соң ба, Алатау көз алдымда жоқ, құданың құдіреті, менің есімде есектің ақырғаны қалыпты.


Никольск базарында мыжырайған бір қытайдың қыңырайған күркесінен бәтеңкенің бауына құда түсіп жатқанымда ту сыртымнан аңыраған дауыстан шошып, жалт қарасам, әлдебір төрт аяқты ақ танау қара пәлекет аузын апандай ашып еңкілдеп тұр екен, сол неме жұтып қоятындай базардан сатыр-сұтыр қашып шықтым.


Алматыны маған есек таныстырған соң көңілім біртүрлі құлазып, жетімсіреп қалдым. Ауылда бала да болсаң сені адам санап, бір жерден төбең көріне қалса: «Әй, қайда барасың, әй, қайдан келесің?» деп тоқтатып алып сұрап жататын, өзіңнің қадыр-қасиетің жоқ болса да баяғыда сүйегіне қына шығып кеткен әке-шешеңді есіңе салып мүсіркер еді. Алматыдағы адамдардың бәрі бөтен: балық үлестен құр қалатындай борс-борс желіп бара жатқан, сол үлестен құр қалғандай кейіп келе жатқан беймаза жұрт, сенде ешкімнің шаруасы жоқ, сенің ешкімге керегің жоқ. Аяқ астынан елді сағынып, оқуы құрысын деп қайтып кеткім келді. Бірақ, қалтама қаражат салып, мені оқуға жіберген өкімет. Өзгеден қорықпасаң да өкіметтен қорқасың. Оған қоса намыс та бар, пәленшенің сорлы жетімі оқуға түсе алмай қайтыпты десе... шынымды айтсам, ішімнен конкурстан өтпей қалсам екен деген ой да болды.


Елуінші жылдардың басында астананың қазағы некенсаяқ, анда-санда қазақша жазылған бір ауыз сөзге көзің түссе де жылап көріскендей боласың. Уйгурская дейтұғын көшенің қиылысындағы Комсомольская 102 деген үйден Орталық музейдің қарсы алдындағы Советская 20 дейтін университеттің бас ғимаратына жаяу келемін. Трамвайға мінуге қорқамын: есігі жабылмайтын ағаш вагон салдыр-күлдір шапқылап келе жатып құлап қалатын сияқты, оның үстіне өңкей орыс тағы да кіл бөтен адамдар.


Екі қабат үйдің көлеңкесінде ай баққандай аспанға қарап отырмын. Алматының аспаны да бөтен: бұлт та жоқ, жылт та жоқ, күн көзінен қурап кеткен сарғыш кіреуке. Ағаш арасынан ыздиған шіркеу дулығасының шошайған шпилі де бөтен. Менен басқаның бәрі де өліп-талып кітап кеміріп жатыр. Сағат онда қазақ әдебиетінен емтихан басталады. Спецпердмет деген осы десті, осыдан сүрінбей өткен басқасынан құламайды десті. Ынтырнат берген кәкір-шүкірді тығындаймын деп сандығыма кітап та сала шықпаппын, аңырып отырғанымды арт жағымнан бір нәрсе сарт ете қалғаны. Атып тұрғаным сол еді, қас пен көздің арасында шалбарымның артқы қапталы жалбырап түсті де қалды. Ту сыртымдағы терезе химфактың лабораториясы екен, әлдебір нойыс бір саптаяқ кислотаны серпіп жіберсе керек, әйтеуір майбөксе аман, амандығын қайтейін, шалбарымның шалғайы борсық сорып кеткен көгендегі қозының құйрығындай үңірейіп, астананың бөтен жұртын бір үркіткен...


... 1952 жылдың тамызында, таңғы сағат онда мені Зекеңнің алдына алғаш рет шалбарымның жыртығын алақаныммен басып кіргенмін. Стол басында қайсарлы қалың шашын сәндеп тараған көркем жігіт отыр екен, сыптығырдай қара жігіт терезеге теріс бұрылып шылым шегіп тұрды. Қаймығып келіп билет алдым. Аудиторияда мен секілді төрт-бес можантопай, ортасында жалғыз қыз — Мәрия Қарақонақова. Жанасалап отыра бергенімде: «кәне, кім дайын?» деген дауыс естілді. Билетіме қарасам білетін сияқтымын. Бірінші сұрағым — «Абай және бүгінгі қазақ поэзиясы». Неде болса осы жерден тезірек кеткім келді. Шалбардың жыртығы ма, жоқ әлде аудиторияның пысы басты ма, қарадай қысылып, бесіктен бері шықпаған терім борап қоя бергені.


— Ағай, мен дайынмын, — дедім.


Көркем жігіт қадалып бір қарады да: «кел, отыра ғой» деді.


Алғашқы сөзім әлі есімде. «Абай көтерген биіктен қазақ поэзиясының туын әрмен қарай жылжытқан ешкім жоқ».


Көзіңе қадалып қарайтын әдеті екен, экзаменатор «тұра тұр» деп тоқтатып қойды да:


— Әй, бері келші, тыңдашы, мына бала не деп отыр? — деп терезеге теріс қарап шылым шегіп тұрған қара жігітті шақырып алды.


Қаратай Құттыбаев па, жоқ әлде Сәрсекеев пе, кейін де сыптығыр қара жігіттің бейнесін көз алдыма елестете алмадым. Әлгі бір алғашқы сөзімді маған қимағандай, Зекеңнің тамсанысын көпсінгендей селқос отырып:


— Абайдың қандай өлеңін білесің? — деді.


Ынтырнатта өскен басым, Қара шалдың «интернатта оқып жүр, талай қазақ баласын» сарнап бердім. Қара жігіт: «тағы да?» деді. «Қазағым, қайран елім, қайран жұртым». Зекең қасындағы әріптесіне қырсықты да, қалған екі сұрағымды айтқызбай «Емтихан пашпыртына» «Отлично» деген бағаны қойып берді де тағы да көзіме қадалып отырып:


— Айналайын, қалған сынақтардан құлап қалып жүрме, сен оқитын бала екенсің, — деді.


Мен есікті жапқанша Зекең көзімен шығарып салды. Жетімдіктен жасып қалған ынтырнаттың жабылығы ма, көкейімде кілкіп тұрған рахметімді де айта алмадым.


Бір нәрсені қарызға алып кеткендей есік алдында Зекенді андып кешке дейін отырдым. Күлмейтін, қадалып қарайтын сарғыштау қоңыр қой көзбен тағы бір ұшырассам деп едім. Мынау бөтен жұрттан бөлек, жанашырлығы жанарында, ажары бетінде тұрған көркем жігітті тағы да бір көрсем деп едім. 1965 жылы алғаш рет Мәскеуде болып, сегіз миллион бөтен жұрттың ішінен Тәкен ағамды тауып алғанымда бойымды осындай бір сезім билеп еді. Мәскеу Мәскеу ғой, ал мен бір сәтте қабырғаның ар жағында отырған Зекенді сағынғандай болдым. Әйтеуір ол маған Алматының қазағы емес сияқты көрініп еді. Кейін білсем Атыраудан екен, Алтай мен Атыраудың арасы қол созым-ақ екенін сонда сезсем керек.


Ол сыптығыр қара жігітпен есіктен қатар шықты. Көршідегі КазПИ-дің алдына дейін еріп келіп қала бердім. Жарамсақтығым жоқ еді, көзіне түсіп көлбеңдегім келмеді. Құлағымда қалғаны: «айналайын, сен оқитын бала екенсің!». Жетім көңілге осы да жетіп жатыр еді.


Сегіз пәннен емтихан тапсырдық. Ішінде конституция мен жағрапия да бар. Орыс тілінің диктантынан ғана төрт алдым, басқасының бәрі бес. Жағрапиядан емтихан алған, ұмытпасам, Қалиев деген ағамыз: «қарағым-ай, жұдырықтай неме екенсің, артында көмектесерің болмаса, стипендиямен күн көре алмайсың — ау» деп ол да жаны ашыған болды. Бірақ, маған қанат болған Зекеңнің «айналайыны» еді.


Қош, сонымен тізім де ілінді. Филология факультетінің журналистер тобына 25 студент қабылдайды екен, тізімнің соңында Мыңбай Ілесов тұр. Мен жоқпын. Бағаң қандай еді десем, бір үштігім бар, қалғандары бес дейді. Салып-ұрып емтихан комиссиясының жауапты хатшысы Ибрашев деген кісіге барайын. Алакөз әдемі жігіт екен, бетіме бажырайып қарады да:


— У тебя нет общественный характеристики, айда марш! — деп қуып шықты.


Жылағаным да жоқ, жұбанғаным да жоқ. Бірақ денем мұздай. Соны ғана сезіндім. Қағып-соққан толқынмен фоеге шықсам Зекең тұр екен. Қасында ұзын бойлы, ақалтекенің рычагіндей мойны сорайған сазандай аппақ келіншек, мүмкін қыз болар, маған келіншектеу көрінген. Дәл осы сәтте қорланғаным соншалық, Зекеңнің көзіне түспей зып ете қалайын деп едім, бағыма шығар, мені байқап қалып:


— Иә, айналайын, халің қалай, оқуға түстің бе? — деді.


Сонда ғана көзімнен жасым ыршып кетті.


— Жүр, ректорға барамыз, — деді Зекең жағдайымды түсінген соң.


Екінші этажға қолымнан жетелеп шықты. Ректордың алдындағы іс хатшысы бетінің бояуы бес қадақ ұйғыр қатыны қасының сүрмесін құлағына жеткізіп отыр екен, штукатуркасы сынып кететіндей езуін ғана жыбырлатып: «іште кісі бар» деп жібермей қойды. Бір ауыз ілтифатқа тұрмайтын жасанды кербезді кергіткісі келмеді ме, әлде шаруасы болды ма:


— Мына баланы міндетті түрде кіргізетін бол, — деп мені сол қатынға тапсырды да Зекең асығыс шығып кетті.


Төлеген Тәжібаев сымбатты кісі екен. Қайдам, әйтеуір маған жылы қараған жұрттың бәрі көркем сияқты көрінетін. Емтихан тапсырған қағазымды қарап шыққан соң қоңырау басып хатшысын шақырды да:


— Маған дереу Ибрашевті шақыр! — деді.


Ибрашев ректордан бұрын бажырайып маған қарады. Сосын ректорға:


— Бұл баланың мінездемесі жоқ, — деді.


— Жұдырықтай балаға неткен мінездеме? Мұның қай мінезі кімге керек болыпты?!


— Журналистиканың талабы сол, мүмкін филологияға ауыстырармыз?


— Жоқ, ауыспайды, журналистикада оқиды!..


Мені қарсы алдындағы креслоға отырғызып, жауапты хатшыға орын нұсқамаған. Абажадай столға иегім ілінбей қалды. Ибрашев шығып кеткен соң құдды менің бар-жоғымды біліп алғандай:


— Сандығың бар ма еді? — деді.


— Бар еді.


— Ендеше кәзір есік алдына машина келеді, сандығыңды ал да содан қалма. Жамбыл ауданына екі аптаға жұмысқа барасың.


Бұл хикая мұнымен біткен жоқ. Екі күн өткенде Майбұлаққа Ибрашевтан шапқыншы жетті, жаны барда аяғының ұшымен қайтсын депті. Салып-ұрып келейін. Баяғы сол Ибрашев. Баяғы сол сөзі:


— Слушай, я тебя ясно сказал: у тебя нет общественной характеристики!


Көрген жерде ауыл бар, тағы да ректорды іздейін. Келіншек таңырқап қарсы алды.


— Тағы келдің бе?


— Тағы келдім.


— Бағың бар екен, ол кісі бүгін шетелге жүріп кетпек еді, аяқ астынан сапарға шықпай қалды. Тезірек кір.


Кіріп бардым. Солай да солай дедім. Ол кісі бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты да Комсомол көшесіндегі 102 үйге барасың деді, сонда Асия Алексеевна деген пілдей мұртты қатын бар, соған осы қағазды бересің деді, бар да жат, жұрт жұмыстан оралғанша демал деді.


Асия Алексеевна шынында пілдей екен, мұрты бары да рас. Бір матрас, екі жастық, екі төсенішті маған артты да үшінші қабаттағы атшаптырым бір бөлмеге апарып қамады.


Жалғыз қалдым. Жалғыздықтың да рахаты бар екен. Алатаудың биігін бірінші рет байқадым. Сонда ғана: «япыр-ау, Зекең болмағанда Алатаудың биігін көре алмай қайтқандай екенмін-ау!» деген ой мені тәубемен таныстырды...


Менің ұстаз алдындағы тапсырған бірінші емтиханым осылай аяқталған. Кейін ол әдебиет теориясынан сабақ берді. Аудиторияға алғаш кіріп келгенде мені іздеп келгендей қуанып, орнымнан атып тұрғанымда Зекең байқамаған болды. Біреуге істеген жақсылығына жауап күтпейтінін сонда сезіп едім...


... «Қоңыр күз еді» повесімді 1958 жылы «Лениншіл жас» газетіңде жүргенде жаздым. Бір жыл өткенде Сафуан ағамызға оқып едім, ұнатпады. «Жұлдыз» журналында біраз жыл жатып қалды. Сайын осы редакцияға келісімен редколлегия мүшелеріне таратып берген екен. Расын айтсам, мен одан мұндай жанашырлықты күткен жоқ едім. Өйткені оның «Лениншіл жасқа» әкелген бірнеше әңгімелерін жаратпай қайтарып бергенім бар. Менің «балшығымды» (Сафуан ағамыздан қалған сөз) Зекең түнімен оқып шығыпты да ертеңгісін қолжазбаны қолына ұстап келіп: «мына повесть осы уақытқа дейін неге жатыр?» десе керек. Ғабдол ағамыз ішіндегі өлендерін сызып тастағаны болмаса, бір ғарпіне тиіспей, Жұбан Молдағалиев қол қойып, әлдебір материалдың обалына қалып журналдың кезекті санына жіберді.


Дәл сол кезде Жазушылар Одағында жас жазушылардың кеңесі өткен. Сол жиында Зекең сөзін «Қоңыр күз едіден» бастап, «бұл күз емес, шыбынсыз жаз ғой!» деп аяқтағаны есімде. Зекеңнің осы сөзін «Қазақ әдебиеті» шығармай жариялап жіберді. Қолжазбаны жұрттан бұрын оқығандардың бірі Асқар еді:


— Төрт жыл жатқан «балшығыңның» тағдырын бір түнде шешіп берді, саған осыдан артық не керек, ең құрыса рахметіңді айтсай, — деді.


Мен Зекеңнің қасына бара алмадым. Зекең мені байқамаған болды. Көкейімде кілкіп тұрған рахметімді тағы да айта алмадым. Біреудің аруағын көтеріп тастаса, сол адамның қасынан аулағырақ жүретін Зекеңнің әдетін осы жолы тағы да аңғардым. «Ұлыға кішілік керек, кішіге кісілік керек» дейтін нақылды жиі айтатын ағамыз, кішіге айтқан ақылын алдымен өзінен бастайтын болар.


Мақала жарияланып кетті. Повесть жоқ. Біреудің аты естілсе елеңдеп отыратын әдеби қауым жарияланбаған дүниені жапа-тармағай іздей бастады. Мұқатқысы келген біреу болса, Қабдолов қарындасын сүйреп жатыр дер еді. Әттең, олар Алтай мен Атыраудың арасы қол созым- ақ жер екенін білмей қалды. Бірақ, кейін айтатындар да табылды... Бұл менің ұстазға тапсырған екінші емтиханым еді.


... Періште болмаса, аяғы салбырап аспаннан түскен ешкім жоқ. Софылық болмаса, жер басып жүрген пендеге періштелікті жазған емес. Алла мен аруақтан соң әркімнің жағалайтын бір ағасы бар шығар. Тек ашқарақтық, арам ниет болмаса, арамтамақ масыл болмаса. Ағаны ағаламаса, ағаны жағаламаса кейінгіге қасиет кімнен қонбақ? Алла мен аруақтан соң қазақты қазақ қылған ағайыншылық емес пе еді. Пенде болған соң анда-санда ағайын арасынан жүгіріп өтетін пендешілік те кешірімді.


Алпысыншы жылдардың басында сонау астанадан адасып келген «абстракционизм мен формализмге қарсы күрес» дейтұғын науқан «жылымық» тұсында ептеп көзі ашылып қалған жастарға бүйідей тиді. Мезгіл-мезгіл ұрпақ пен ұрпақ дәнекерін кесіп тастап отыратын зәлім саясаттың ежелгі дәстүрі екенін біздер кейіннен түсіндік. Жазушылар Одағында күнде жиын, газет-журналдың беттері қып-қызыл айқай. Әдебиеттің беделін ұстап жүрген кейбір ақсақалдарымыз бен ағаларымыз мезгіл-мезгіл қазақтың шаңырағын шайқап тұратын заман үскірігі қайта соқты деп қалды ма, запылықпен болса да кейінгі інілерін балағынан алып лақтырды. «Бұларды қылтанақтап келе жатқанда қырқып тастау керек» дегендер де болды. «1961» деген поэманың авторын «буржуазияшыл ұлтшыл» дегенін радиодан құлағымызбен естідік. Бұл айып қалам ұстағандардың бәріне тағыла жаздап барып тоқтаған. Бұл айып кешегі «Алаш» азаматтарына таңылған приговор екенін бүгін біліп отырмыз.


Зекең трибунаға шыққан жоқ. Газет-журнал беттерін жауып тастады. Бірақ жастардың арасынан кетпеді. Ешкімге ішін алдырған жоқ. «Қазақ әдебиетінің» Өнер бөлімінде отырған кезім еді, жорта есік көзінен өтіп бара жатқан болып:


— «Әй Қалихан, бері келші» деді. — Осы екеуміздің тізе түйістіріп шай ішпегенімізге көп болды-ау, жүрші, — деді.


Төрт кварталды қоршап жатқан ЦК-ның тұрғын үйін «Шанхай» десетін. Зекең осы «Шанхайда» тұрады. Сәуле жеңгеміздің шайы бұрқылдап, мәйі мөлдіреп тұр екен. Ағамыз айдаладағы бір анекдоттарды айтып, көңілді отырған секілді еді. Бірақ, мені айдалаға әдейі алып қашып отырғанын ішім сезді. «Қылтанақтап келе жатқанда қырқылуға тиістінің» бірі — «Қоңыр күз еді». Жазған мен, оны көре қойған Зекең. Іштен шыққан шұбар жыланы болмаса да, жетектегі күшігін қыңсылатып біреу сабап жатқандай шамырқанып, тамағына әлдекім түкіріп кеткендей шіміркеніп жүргенін сонда сездім.


Қонақ бөлмеден холға шықтық. Холда отырып оңашада кайф болдық. Оңашада тырс етпей отырып бір-бірімізді үндемей түсіндік. Тек кетерде ғана Зекең шығарып салып тұрып:


— Сабырлық керек, уақыт өтер, бәрі де сабасына түседі, — деді.


... Уақыт зымырап өтіп жатты. Бәрі де сабасына түскен сияқты еді. Бірақ жасым елуден асып, алғашқы жүздесуден соң қырық жыл өткенде ұстазыма тағы бір емтихан тапсырамын деп ойлаған жоқ едім...


... Алғашқы турда тізімнен түсіп қала жаздаппын. Екінші турда екі адам қарсы болыпты. Үшінші турда отыз үш адамның ішінде бір ағамыз жалғыз өзі өлтіре сынап, бұл шығарма бәйге беруге жарамайды деп жатып алыпты. Бәйгеге түскен «Ақсу жер жәннаты» еді. Естіген құлақта жазық жоқ, өтірік айтса обалым соларда, сүйінші сұраған жюри мүшелері: «екі Зейнолла (Серікқалиев пен Қабдолов) жалаңаш қолмен от көсеп, шырылдап жатқан жерінен суырып алды» десті. Менен бұрын, менен бетер қуанған марқұм Оралхан еді: «Егеменді елдің алғашқы лауреаты болдыңыз. Алдымен Зекеңе алғыс айтыңыз!» деді.


Зекең менен қашты. Мен қумадым. Көкейіме кілкіп тұрған алғысымды тағы да айта алмадым...


... Уақыт зымырап өтіп жатыр. Жас жасамыс тартып, кексе кемелден асып кетті. Қазақ мәдениетінің төріндегі біраз ағаларымыз бақиға аттанды, кейінгілердің көңілінде болмаса, тұғырдағы орындары йен қалды. Олардан соңғы «жетімдер әулетінің» де төбесі сиреп, қазақ әдебиетінің тарихына кіре бастапты. Өткеннің көбі сағыныш. Көзден кеткендерді былай қойғанда, күн сайын көз алдымызда жүрген ағаларымыздың өзі де сағыныш. Сол сағыныштың бірі Әуезов. Зекең «Менің Әуезовым» депті. Әуезов бүкіл әлемге ортақ. Зекең сол ортақ сағынышты айтыпты.


Алпысқа келсем де алдымда ағаларым тұрғанда мен әлі жастық дәуренімді ұмыта алмаспын!..





Пікір жазу