29.01.2022
  270


Автор: Қалихан Ысқақ

Көмейден шыққан қоңыр үн

Басы бірде құла, бірде бұла Кімасар дейтұғын, аяғы бірде бар, бірде жоқ Алматинка дейтұғын құрыдым арықтың жағасында, Көктөбенің етегінде, жықпыл-жықпыл жатаған көп үйлердің жетегінде, екі құмырсқа қатар жарысса бірі сыймай қалатын суырпақтай көше бар. Оның да етегін кесіп алып Сергей Луганскийдің бөксесін қымтапты да кеудесін тыртитып Тәттімбетке кигізген болыпты. Ырсиған сарбалшық жарға жармасып көк дарбазалы, екі этажды, екі бөлмелі, қонақ келіп қалғанда қаңылтыр қалпақты биік баспалдағы да үшінші бөлмеге айналып кететін шөмеледей ғана шошақ үй тұр. Луганскийге жегжаттығы болмаған соң сыймай қалып, түбі ұлы күйшіге жиеншарлығым бар еді деп Тәттімбеттің нөмір бірінші үйінде менің бір досым отыр. Созағы мен қазағын алақанынан түсірмейтін Асқар Сүлейменов бір кезде:


— Созақтың маңдайына біткен марқасқаларының бірі осы! — деп таныстырған еді. Одан бері де ширек ғасыр өтіпті...


... Қазақ қашанда перзентке зар, иә құдай, бердің бе, бермедің бе деп, құдайдан сұрап алған жалғыз ұл дүниеге келгенде шүкіршілік етіп, ата-анасы атын «Иә құдай» қойған екен, аяғын нық басып, азу тісі шыққан соң Алматыға келіп алып Якуда атанып жүрген менің досым Амандықов осы!..


Самай мен сақал-мұртқа ақ түспей, мынау бырс-бырс бет-ауызға дақ түспей тұрғанда біздің де түнделетіп жүретін кездеріміз болатын. Иттен де нахал шағымызда көк қақпаны күзеткен ұялас көкала иттерді абалатып кіргенімде:


— Әй, тимеңдер-ай! — деп шошақ үйдің астындағы сығырайған жетім терезеден әлде кім үн қататын. Мені қасқыр ит түгілі қаскөйден де айырып алатын қимас досым осы Иә құдай Амандықов болатын... Адам иттен де қабаған боп тұрған мынау заманда аждаһаның аузынан да айырып алатын досыңның болғанына не жетсін!..


Астыңғы этаждағы аядай ас бөлменің тең жартысын алып, көмейі оттан босамайтын абажадай пештің үстінде қазмойын құмған танауынан түкіріп тұрар еді, құдайдың құтты күні қапталы қонақтан, белі тамақтан босамайтын ұзын столдың ар жағында, құлап кететіндей іргені қақпақтай жауырынымен тіреп, тілдей тақтай орындықтың үстінде алпамсадай боп жатқан досым қаракөлеңкеде:


— Әй, кім де болсаң шошаланың маңдайына қолыңды сұға кел, сонда саған сақтаған сазан бар! — дейтұғын.


Осы үйде әйтеуір адам барын алакеуімде досымның қас маңдайынан қақ жарып біткен нысаналы бір уыс ақ тұлымынан білетінмін де қонақ келмей қалса көшедегі көлденең өткенді дәмге шақырып, қақпасына жалау байлап отыратын әдетінен қалай жаңылды екен деп:


— Нағып жалғыз отырсың? — дейтінім бар.


— Екеу едік, енді үшеу болдық, — дейді.


Біреуі өзі, екіншісі мен, үшіншісі... Тәттімбет пе, Сүгір ме, әйтеуір, келді-кетті бір күй. Атын да айтпайды, авторын да айтпайды. Күні бүгінге дейін айтпай жүр. Менің құлағымда да күні бүгінге дейін көне домбыраның көмейінен жұққан қоңыр үн жүр. Тәттімбет болса да, Сүгір болса да жатырқайтын мен жоқ, ал өзінікі болса күні бүгінге дейін жасырған ез обалы өзіне!..


Асылы, Асқарша айтқанда «Созақтың марқасқаларының» қолынан домбыра түскен емес. Бірақ, тар жерде, төбедегі жалғыз шамды өшіріп тастап, пеш көмейінен жалпылдаған тарғыл сағымда кәйіп болып отырып тыңдаған қоңыр үн тұла бойыңды балқытып, көңілге мұң, көзге жас үйірілтіп, жанарыңды ысытқанда фәни жалғанды ұмытып, қиялың қияннан асып кететінін сөзбен жеткізу қиын-ақ...


... Қос текемет, қос көрпе, қос-қостан жастық құшақтап қаңылтыр қалпақты баспалдаққа шыққанымызда Жетіқарақшының сүңгідей сүйір тұмсығы тас төбені түртіп тұратын еді. Бір бөлмені қақ бөліп, бала-шағасына беріп, қонағына сайлап, өзі баспалдаққа қоныс тепкенде бәйбішесінің қай қуыста қап кеткенін біле алмай-ақ қойдым. Күні бүгінге дейін біле алмай жүрмін...


Тәттімбет пен Сүгірдің қайсысына жүгінерді білмей адасып жүргенімде түн ортасы да болып қалған екен. Адасқан жалғыз мен емес, Көктөбенің бытқылынан естілген бытпылдықтың быдық үніне қарағанда астананың ала сағымды аспаны бөденені де мезгілден адастырған сияқты. Ауланың түкпірінен қиығының қораз айқайлайды. Көршінің көпек иті үрсе де көңілімен Созағына жүгіретін Иә құдай қоразды да қораға болсын деп ұстайтын көрінді. Көсіліп жатуға келмесе де көңілін өсіріп жатуға, алданышқа жараған жар жағасындағы шөмеледей шошақ үйден оның көшпей отырғанында осындай бір гәп бар екен. Қаратаудың пұшпағын Алатаудың бөктеріне көшіріп әкелгендей баспалдақ үстінде жатып та аспандағы жұлдыздарды аяғымен тебетін қайран Яхаңның сіберлігі мен серілігінде шек болсашы!.. Бірақ... быдық бөдене, сақау қораз, шалапқа да шашалатын кәрі шөңгедей қақалып үретін көршінің көпек иті... Қаратау қайда?! Созақ қайда?! Ел қайда?!.


Бозала таңда бозторғай
Қанаттары қалтырап:
Жаныма самал соқ дейді.
Жалғыз қауырсыны жалтырап:


«Жамаусыз өмір жоқ», дейді. Ақын Амандықов осы бір шумағында жамаулы тірліктің әдібін ғана іліп кетіпті де соның артынша іле-шала:


Көшелі жігіт келте қол


Өлмесе шығар ертең ол! — деп өзіне де, өзгеге де басу айтыпты. Ақынның жанын жұбататын өлеңі, жақынның да жанын жұбататын өлең ғой... Бірақ, екеуінің де ұпайы елдікі.


Әсте бір шыр етіп түскен ши жөргегін ұмытқан мүскене болмаса, ел дегенде, жер дегенде анық жүрегі езілмей тұра ма. Қаратаудың тасын тірілтіп, тағысын табындап жайып отыратын әрі аңшы, әрі әнші, әрі күйші, әрі күйшіл Яхаңның мына бір:


Тауда ұйқыңды таңғы ауада бөліп пе ең?


Тауға шығып тарғыл жуа теріп пе ең?


Тауда отырып түсіп кеткен инеңді


Тауып алар мидай дала көріп пе ең!? — дейтұғын жолдарынан соң мен де Созаққа бір емес, үш барып қайтқам. Тәкен ағамыздың ақбоздарын көремін бе деп, Асқардың қара шалдарын көремін бе деп, күй десе үйі күйіп бара жатса да уәһәм дүниені ұмытып кететін Төлеген Тоқбергеновтің коп достарын көрем бе деп, Яхаңның аң аулап жүріп айдалада тігіп кеткен итарқа қостарын көрем бе деп... Көзі жоқтың ізін таппай мұң арқалап қайтқаным бар. Қаратаудың аңы да Яхаң Алматыға көшіп кеткен соң Алатауға ауып кеткен бе, бір кезде арбалап тасыдым дейтін ақбөкендері Созақтан алыстап жайылатын болыпты...


... Оның есесіне, ағайындары Яхаң туралы аңызды шып-шырғасын шығармай алып қапты. Астанада қасымда жүріп сыры мен мұңын көзімен де танытпайтын Яхаң туралы аңызды ауылында отырып естідім. Қаратаудың тағысын арбалап тасыса да, дорбалап тасыса да қара шаңырағына жеткенше қанжығасындағы олжасын көрші-қолаңға таратып беріп, бәйбішесінің қазандағы қайнап тұрған қара суына ұятты болып қалады екен де кешқұрым:


— Әй, Пернекүл, мыналар бізді сорпа-суына шақырмайтын ба еді? — деп көршілерінің түтініне дәмете қарайтын көрінеді.


Қаратау бүкіл қазақтың ту тіккен қарашаңырағы, алымбас қамалы болған Панатау еді, қасиетті жердің топырағынан досымның қара табанының таңбасын іздеп едім. Жеті жасында әкесінен айрылып, анасымен қаршадайынан падашы болып сиыр баққан жетім баланың көз жасы тамған құба белдер бүгінде қуаң тартып, селеуі де селкем-селкем, қыста қызыл, шілдеде шегірткенің секіртпе сирағын да қырқып түсетін аңызғағынан үріккендей сиреп қапты. Кеберсіген даланың қоламтадай лықыған жон арқасында мынау нарықтың заманында трәктірдің сәлеркесі мен мәшиненің пынзынына құрбан боп кеткен қайран малдың тұяқ ізі де некен-саяқ. Жетім бала тұрмақ қыршаңқы мінген бақырауық падашы да құрығын қоржынға айырбастап, бақалшының жаймасына жүгінген сияқты, иінді сіңіп, майдан тершіп тұратын қара местерді қайқаңдаған жеңгелердің білегінен емес, қада басында қаңсып тұрған жерінен көрдім. Жең-жағасынан тобылғының ысы мен қымыз иісі аңқыған бір кездегі томаға көзді қыз-келіншектер бүгінде бет-ауыздары шырыш-шырыш кемпірлеу келіншек боп мүттәйім базарда жүр. Солардың ішінде заманында өнер қуған Яхаңның замандастары да жоқ емес...


... Жиырма екі жасар бозбала 1957 жылы жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік VH-фестиваліне Созақтың 120 кісілік өнер коллективін алып барып, абыроймен оралған еді. Сол жылы Шымкентте 200 кісілік хор-капелласын ұйымдастырғаны өз алдына. 1962 жылдан бастап он жыл бойы ауданның мәдениет бөлімін басқарып, өнердің бүгінгі озық үлгісі — ұлттық хор-капелласын өмірге әкелді. Оның репертуары да негізінен өзінің музыкалық, поэтикалық шығармаларынан жасалған еді. Яхаң іргесін қалаған ауданның халық театрының сахнасын ашқан оның драмалық туындылары күні бүгінге дейін жетпістен астам өнер ұясының босағасын аттапты. Баласынан бақсысына дейін қолынан домбырасы түспейтін Созақ жұртының өнер сүйер қауымының қарашаңырағы атанған ауданның мәдениет үйіне Яхаңның атын беру жөніндегі аудандық әкімшіліктің шешімін ел болып қолдап, облысқа жіберіп отыр екен. Байқап отырсақ, Амандықов алпыс жылға дейінгі бар еңбегін еліне қалдырыпты. Бұл да бір соның өтеуі шығар. Астанаға Яхаңның ғалымдығы мен ақындығы да жетер деп шүкіршілік етеміз де...


Ер жігіт сегіз қырлы бір сырлы деуші еді, Яхаң алпысына дейін соның төртеуін ғана ашыпты: композитор, ақын, драматург, ғалым. Қалған торт қырын алдағы ғұмырда көрсететін шығар деп сенеміз. Қара сөзден май қалқып кім алып жүр?


Ақша тапсам — ішімді не жарып жүр? Түзу мылтық секілді сөз түзегіш Сыпа сыншы жөн айтпай бұлтарып жүр, — дегені сыншыға ғана емес, өзінің мен сияқты достарына да арнаған Яхаңның назы болса керек.


Жас кезінде құшағың жазылмаса да жасамыс тартқанда суысып, сары тіс болғанда сағынысып қайта табысатын кез болды. Кім біледі, бұл да бір тіршіліктің заңы ма, қуанышың ортақ, қайғың бір, ойың ортақ, арманың бір, мұңың да бір, мінің де бір болған соң көңіл жықпас дос бейнесі, әсіресе замандас сағыныштан да қымбат, туғаныңнан да ыстық. Тілеуі бір тұстасыңның өзіңнен де көбірек жүре тұрғанын Алладан тілейсің. Менің бір ағам айтушы еді: қырыққа дейін қырға шыққандайсың, қырықтан кейін қыр басынан қоя берген атсыз арба секілді салдырлап жөнелесің, қай жерде шашылып қаларыңды бір құдайдың өзі білсін, сол кезде терең қазып, тепкілеп көметін досыңның артында қалғанына не жетсін дейтұғын. Сөйткен ағам кәзір тоқсанның жетісінде отыр. Күнде таңертең шөбересін шақырып алып: әй, жөгермек, әлгі пәленше тірі ме екен, барып біліп келші деп жұмсайтын көрінеді. Атқа мініп көрші ауылдағы ағасынан насыбай іздеп кетіпті дегенде барып көңілі орнына түседі екен...


... Сарша тамыздың осындай бір түнінде, Жетіқарақшы көзден кетіп, Үркер тас төбеге шыққанда, мысықпен таласқан көршінің көпек иті ойбайын салғанда Иә құдай баспалдақ үстінен аунап түсіп:


— Әлі ояу жатырмысың, ендеше мен сені өлеңмен ұйықтатайын, — дейтұғын...


...Арманның жетсең шегіне,
Түсінсең түпкі тегіне,
Жиһаннан сұлу жиһаз жоқ
Қазақ жиһаз жиған жоқ
Кіршіксіз күмбез көгі мен
Мәз болып байтақ жеріне!.. — дегенді де Яхаң жазған...


... көз ұйқыда, көңілі аспанда, ол Қаратауға, мен Алтайға жете бергенде... шөмеледей шошақ үйдің көк есігі сықыр етіп ашылады да Пернекүл замандасымыз:


— Яха, тұн салқын, бөктерде шық бар, тоңып қаласыңдар, — деп үстімізге тағы бір көрпені тастап кететін. Сол кезде менің есіме Иә құдайдың:


Атқардың, жарым, есімде,
Кісіні талай-аз емес.
Кісіден келер несібе
Кісіден қашқан мәз емес, — дейтін шумағы түсетін.


... Адамы иттен де қабаған боп тұрған мынау заманда аждаһаның азуынан да айырып алар жанашыр досыңның жағы түсіп, басы жерге жеткенше қасында жүргеніне не жетсін. Яхаңа Алладан біз де осыны тілейміз. Тек тоқсанның жетісіне келгенде ертеңгісін тұрып: Пернекүл, жүгермектердің біреуін жібере қойшы, әлгі Қалихан тірі ме екен? — деп отырсаң болды...





Пікір жазу