29.01.2022
  264


Автор: Қалихан Ысқақ

Көк аспан, тұңғиық түпсіз дүние...

Биыл Қаратай елі қара дауылдың астында бұйығып отыр. Қыс қатты, қар қалың болған екен. Сол қалың қар бір түнде жоқ болып, сарқ-сұрық Бұқтырмадан бірақ шығыпты да тоң болып сіресіп жатқан қара жер қара желдің өтінде тыр-жалаңаш қалыпты. Шөп екеш шөптің де тамыры үсіп, тура менің басымдай қу тақырға айналса керек. Бұл Жарылғастың аулына, Топқайыңға келген жұт — биыл ақсирақ қоян жылы, жұт жылы. Жыл қайыруды ит жылында ұмытып қалған Жарылғас: «бұл не күй болды» деп аспанға қарайды, жұтқа да, құтқа да құдды бір Алланың өзі жауап беретіндей, тек сотқа шақырмағанына шүкір. Әйтеуір Қатынқарағай шүйгінсіз болмайтын еді ғой деген баяғы түсінікпен бұрынғы бір аудан қылтанақ қуалап Қаратайда жүр. Қаратайдың өзі де тіс шұқитын көлденең шырпыға зар. «Мал — малдан соң ал!» дейтін қайран қазақ бүгінде тек малға қарап қалған, ақшасы да сол, киімі де сол, отын-суы да сол, үш мезгіл нәпақасы да сол... Жұрт көңілсіз, бетпе-бет келгенде амандасуға да пейіл жоқ, әйтеуір міндет болған соң «жүрміз ғой» деп күбірлеп кете береді, тойға жиналмаса да өлім-жітімнен қалмайды, «берекесін» беріп, топырағын салып, иек сипап тарқасып жатады. Түбі бәрі де Қоңқайдың бауырына жиналатынын бүгін түсінгендей. Атасы бір ауылдың жетім қалғанын мен биыл сезіндім. Тоқтасынның жоқтығын да мен биыл сезіндім. Дәкеңнің: «біз осында неменеге келдік?» дегенін енді түсінген сияқтымын... Тоқтасын мен Жігердің басына барып қайттым. Екеуі де отыр. Көк таста. Тастың аты тас. Тура қарағанда тұла бойың түршігеді. Бір аят құран аруақтардың рухына жетті ме, жетпеді ме, қамырық көңіл оған да сенбейді. Бойың зіл тартып үйге қайтасың. Тоқтасынның қара шаңырағы жол ортада, Бүркіттің жағасында. Солай бұрылып үйреніп қалған аяқ қия тартады, бір жылда күдер үзген қайран бас оған көнгісі келмейді. Ол ылғида терезенің көзінде отырушы еді. Менің бұрылмай кетіп бара жатқанымды көріп отырғандай, «Аға қайда барасың?» деп айқай салатындай болады да ілгері басқан адымың кейін кетіп, «избушкама» шаршап-шалдығып зорға жетемін. Аядай аула, тілдей сәкіге амалсыз сиясың, аядай болса да өз аулам, басқа барар жер, басар тау да жоқ, аспан қусырылып төбемде ғана қалған, дүние тарылып, тақтай қорғанның тұтқынына айналған. Сонда да осы тар қуыстан шыққың келмейді, бір сәтте аулым да, ағайын да жат болып, әншейінде барғың келіп, көргің келіп отыратын жегжаттар көзден де, көңілден де жырақтап кеткен сияқты. Тек шөккен нардай қарсы алдымда Қоңқайдың үш шоқысы өңкиіп жатады да қояды. Солардың ең биігін Үшкіртау деуші едік, дарақы балалық кезімізде төбесінен тас домалатып, етекте адам жүр ме, мал жүр ме, қаперге де алмай үйдей тас ауыл шетіне барып жығылғанда қызығына қарық болатынбыз. Сол Үшкіртаудың ұшар биігіне ауыл әкімі Дәурен ары өткен, бері өткен: мұнда да Қаратай деген ел барын білсін деп биіктігі онбес метр самырсын сырыққа Отанымыздың символы көк байрақты іліп қойған екен, асылып өлуге жіп таппағандай әлдебір сумақай арқанын кесіп әкетіп, туын лақтырып кетіпті. Өліп бара жатса да арқан ұрламайтын қазақтың ежелгі ырымынан қорықпаған бұл қай найсап болды екен? Онбес метрлік сырғауыл желден қалтырап, сидиып құзар басында әлі тұр. Кейінгі жастар болмаса үлкендердің қолынан келмейтін кәсіп. Сырық басына шықпақ түгілі Үшкірдің басында ұшып кетпей тұрудың өзі қауыпты. Осыдан кейін келер ұрпақтан көңілің қалмағанда қайтерсің. Қарап отырып құлазып, қарадай лоқсығанда туған аулыңнан алды-артыңа қарамай тұра қашқың келеді. Ертеңді-кеш есігіңді қағатын да ешкім жоқ, елегзігенде елу жыл отасқан бәйбішеңнен де ұялады екенсің. Аулым деп аласұрып жеткендегі ағайынның түрі осы ма деп айтып қала ма деп жасқанасың. Айтпаса да ішім сезеді. Үш мезгіл шайлық сүтіңді де сатып ішіп, отын тасып, от жағып күлді-көмеш боп жүрген жарыңды да аяйсың. Амал қанша, аштан өлсем де аулымды Алматыға айырбастағым келмейді-ақ. Осындайда тіліңнің ұшында Абай тұрады:


«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!»


Төрт бөлмелі «избушкамның» әр қуысында «Абай» тұрады. Ары өтіп, бері өткенде бір бетін ашып кетесің. Бір бетін аштың деген соң тұтас бір тарауын ақтармай көзіңді алып қаша алмайсың. Қайда бұрылсаң да, қандай жағдайға тап болсаң да алдыңнан Абай шығады. Абайды ақын десең де, ақылың десең де оның ой қатпарына жете алмайсың, әсіресе жалғыз отырып сырлассаң. Жалғыздықтың жалғыз досы Абай екен, Абай тұнып тұрған мұң. Абайды қаза берсең кейде өмір сүргің де келмей кетеді.


«Май бітпес қара суға қой өткенге
Күлеміз қасқыр жалап дәметкенге
Алақтап сол қасқырдай түк таппадым
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?»...


...Тағы да Абай. Тобықты Абайды тауып бермегенде бұл қазақ кімге жүгінер еді? Бүкіл қазақтың мұңын Абай көтеріп жүрген бе? Әлде Абай бүкіл қазақтың мұңын жинай берген бе?.. Сөйткен Абай 59-ақ жыл өмір кешкен. Бүгінгі қырт шалдар қырыққа келгенде емшек іздеп, тоқсанға жеткенде тостағандап зәһәр ішеді. Абай бойындағы бар қуатын қазағына сарқып берген соң фәниді тастап кеткен тәрізді. Әулиенің «қазақ» деп отырғаны «халық» деп отырғаны емес пе? Өйткені, қазақтың орнына кез келген ұлтты қоя саласаң еш қателеспейсің. Қазақтың бойындағы қасірет пенде біткеннің бәріне тән, тек бірінікі ауыр, бірінікі жеңіл. Айырмасы, қазақ салмақтың ауырлығынан шөкелеп, жауырдан аққаптал болған. Абайдың халықтың баламасына қазақты таңдап отырғаны да тегін болмаса керек...


Меңіреу аспанмен тілсіз мұңдасып отырғанымда тыста машина гүр етіп тоқтады да қақпадан Темірбек кіріп келгені. Елге енді жеткендей бірден жадырап қалғаным. Темірбекті көрсем түлеп шыға келетінім бар. Артрит деген пәлеге тап болып, бір жылдан бері кирелеңдеп қалғанымды білетін. Келе салып Дәкең екеумізді «Джипке» тиеп алды да «Қомшабайға» жөнеп берді. Былауға түсемін деп Жайсаң ауданының әкімі Серік Зайнолдин келіп жатыр екен, шұрқырасып табыстық. Ұнжырғасы түсіп кеткен Қаратайдың еңсесін көтеремін деп көп еңбек еткен ұлтжанды азамат еді, кетерінде ел болып шығарып салғанымыз есімде. Баяғы сол Серік. Шалғайда жүрсе де көкейінде Қаратай, көңілінде осы елдің уайымы, күнсайын телефон шалып, таныстың да, алыстың да амандығын сұрап жатқаны: тойдан да қалмайды — жоралғысын теңдеп жетеді, топырақтан да қалмайды — берекесін тастап кетеді. Туған жері Жайсаң, шыққан тегі Дөртуыл, ағайындары бұған Қаратай деп ат қойып алыпты. Бара салып аудан орталығынан бастап түкпірдегі ауылдарға дейін жайнатып жіберіпті дегенді облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің аузынан естіп, барып-қайтқан зиялы қауымнан естіп, газеттердің бетінен құлағдар болдық. Серікке елі де разы, мұндағы жұрт та баяғы күнін сағынысып отыр. Қолынан іс келетін, қиынды қиыстыра білетін азаматтарға бүгінде тыныштық жоқ. Бұрын да партия қажет десе бақидан да суырып алатын еді, кәзір жуан сіңір ағайыны қолтығынан демейтін әлдекімдер болмаса жөн-жосықсыз өсіп жатқандар некенсаяқ, ұлтым десе жалаңаш қолымен от көсейтін жігіттер ғана бірде желдің өтінде, бірде от-жалынның бетінде, Жайсаң өнеркәсіпті әрі ауылшаруашылықты күрделі аудан болған соң Серікті еркіне қоймай дедектетіп алып кетіп еді, көптен төбең озбасын деген осы. Ол кеткен соң да біразға дейін қоңылтақсып жүріп, жоқ екенін біле тұра аудан орталығы Үлкен-Нарынға шаруам болмаса да үш дүркін барып, «Көкшолақпен» әкімшілік ғимаратын үш дүркін айналып қайтқан едім. Нағашыларымның жүз пайызы осында екенін білсем де ат байлап түсер ағайыннан айрылып қалғанымды сезіндім...


... Жеті күн арқа-жарқа боп бұлауға түстік. Жеті күн жеті сағаттай да болмады. Сегізінші күні ол еліне кетті, мен «избушкама» жеттім. Бәріміздің басымызды қосып жүрген, жанастырып жүрген айналып кетейін Темірбек! ... Есім дұрыс сияқты. Әрі аунаймын, бері аунаймын, бірақ тұра алмаймын. Сөйтсем, аунадым дегенім ойым екен. «Сен мені қатты қорқыттың ғой!» деді Дәкең.- Көзің бақырайып, езуіңнен көбік ағып серейдің де қалдың.» Не заматта көзімді ашсам қасымда ақ халат киген екі келіншек жүр. Бұрын көрмеген адамдарым. Уколды пергілеп жатыр. Сорайтып «системаның» сырығын ербейтіп қойыпты. «Бес күн тапжылмай жатасыз, одан соң ауруханаға саламыз, арғы жағын тағы да көре жатармыз» десті. Арғы жағына қаратқан жоқ, салып-ұрып тағыда Темірбек жетіп келді. Қасында өңі-түсі қашып Сайлаухан жүр. Аяғын санап басқан Болаштың қарасын көріп қалдым. (Исабай атамның қарашаңырағына ие боп қалған Темірбектің інісі). Темірбек пен Сайлаухан екі қолымнан тартқылап, Дәкең арқамнан итеріп отырғызған болады, бірақ шама жоқ, кескен теректей дүңкиіп құлап қала беремін. Инесін оқталып келініміз Мейіргүл (медпункттің фельдшері) кетер емес. Бүкіл ағайынды дүрліктіргендей осыншама не болғанын да білмеймін. Кеше кешке ғана маймаңдап жүрген сияқты едім, аяқ астынан қай албастының басқанын? Мұның құпиясын Темірбек қана түсіндірді...


Бұлаудан соң бір жұма жатып, сорпаланып, күтіну керек екен. Мен қағынып қаздаңдап жүріп кетіппін. Күн болса суық, Алтайда бұрын-соңды дәл осындай ауа райы болған емес, биыл ақсирақ қоян жылы екенін ескермеппін ғой. Жыл сайын бұлауға түсіп рахаттанып көрмеген қайран бас қайдан білейін. Бойдағы буып қалған суықты айдап шығу керек деп Темірбек бұрынғы аудан орталығы Катонға алып келді де тағы бір жұмаға қамап тастады.


Аудан орталығы Үлкен-Нарынға көшкен соң мұндағы қаңырап иен қалған финанс бөлімінің ғимаратын Темірбек сатып алып сауықтыру орталығын ұйымдастырған. Екі қабат сары үй ине-жіптен жаңа шыққандай. Әр адамға жеке-жеке тоғыз бөлме: санаторийге не қажет, бәрі соның ішінде — төсек орыннан тілбезерге дейін, демалатын залда не керектің бәрі тұр, тыста бөренеден соққан монша, кіреберісте бильярд, шахмат тақталары, қарсыдағы бақ ішінде қос киіз үй, сары қымызды сапырып ішсең де, жатып ішсең де еркің, қымыз болғанда қандай — шулықпаған, альпа мен ойдың шүйгін шөбінің хош иісі танау жарады, күн сайын жас ет, бақшадан енді ғана үзіп әкелген көкөніс, асхана рестораннан артық болмаса кем емес, шайға деген тәтті тағамдар тіл үйіреді — осының бәрі шаруа қожалығының өнімдері: бір үйір жылқыны тек қана сауын үшін ұстап отыр, бір отар қой — күн сайынғы жас ет, екі жүзден астам бұғы — мүйіз қолма-қол оталып, қолма-қол қайнатылып, астауға құйылады. Қожалықтың аты да «Баян», сауықтыру орнының аты да «Баян», иесі Болатбек, келімді-кетімдіні күтіп, шаруаны басқаратын Темірбектің келіншегі Қатира.Бір сөзбен айтқанда, отбасылық бизнес, бірақ одан пайда тауып жатқан Исабаевтар жоқ, қарға тамырлы қазақ тегін шомылып, тегін түстеніп кете береді, олардан ақы-пұл дәметуге үй иесі ұялады, өйткені бәрі мен секілді ағайын.


Орталықта Катонның екі бірдей дәрігері қызмет атқарады. Одан қалды Дәриғаның рұхсатынсыз албаты шомылып жатқан ешкім жоқ (Дариға Темірбектің тұңғышы). Қан қысымы, жүрек қағысы, асқазан, ұйқы безі, бүйрек, бауыр деген сияқты іш құрлысын тексеріп алмай 35 градустық ыстық сорпаға жолаушы болма. Мұндағы дәрігерлік құрал-жабдықтың бәрі тексерілген, қытайдың шипалық стандарты. Астауға денсаулығың жарамаса, тізеге дейін буланып отыратын ағаш қауға, тұла бойың балқып, онбес минутта кайф болып шығасың. Бұдан соң массаж, бұл да дүниенің рахаты, башпайыңнан басыңа дейін құрысыңды жазып бергенде құр атқа мінгендей болып қаласың, мұны да жасайтын Өр Алтайдан келген Қаракерейдің Мәмбетінің қызы, алты ай жаз осында болып, қыс түсе үйіне қайтады екен. Басқа да шаруаның басы-қасында жүрген Нүрила бастаған Темірбектің қарындастары мен келіндері, айқай-шу, ұрыс-керіс атымен жоқ, тып-тыныш демалыс орны, тіпті тентек Сұлтанбек те тыныштық бұзбайды.


Кісі-қара көп емес, себебі шамадан тыс артық адам қабылдамайды, оның үстіне ептеген бәсеке де басталған секілді. Ту-сонау Алматы, Астана, Өскеменнен «Баянды» іздеп келген туристерді жол-жөнекей: ондай шипажайды естіген емеспіз деп ұстап қалатын көрінді. Оған мән беріп жатқан Исабаевтар жоқ, күндердің күнінде жұрттан сұрамай-ақ келімді-кетімділер өздері-ақ табатын шығар, өйткені дәл «Баяндай» шипажай әзірге Қатынқарағайда жоқ: шипалық қасиеті жағынан да, күтімі жағынан да, қайырымдылық жағынан да.


Жеті күн жатқанда желіп кетпесем де екі аяқ кіріп-шығуға жарап қалып еді, осындағы аурухананың бас дәрігері Арқабек інім індетіп жүріп ауылдан тауып алды да тағы да төсекке таңды. Ренгентке түсіріп, УЗИ- ге салып, ақыры таппаған кінараты жоқ: екі тізеңдегі шеміршек тозған деді, қос қабырғаңдағы ескі сынық қозғалған деді, ішек-қарынның қызметі бұзылған, ұйқы безі домбыққан дедіме-ау, әйтеуір оның айтуынша тұла бойымда дені дұрыс бір мүше қалмаған көрінді. (Әкесі Шаймерденмен бір мектепте оқып, бірге ойнап, тентектікті де бірге жасаған жақын жұрағат едік, қарашаңырағы да әлі күнге Топқайыңның бір кетігін толтырып тұр). Ауданда жоқ дәрі-дәрмекті Өскеменнен алдырды, онсыз да инеден қотыр болған жамбасты шұрық-тесік қылып, хирург Серік деген жас жігітті қасыма байлап қойды. Серік күні-түні ауруханада, сағат сайын сырқаттарды аралап, хал-жағдайларын қадағалап тұрады. Жөнін сұрағанымда: менде баспана жоқ қой, осында қуықтай бір бөлмеде қыстырылып жатырмын деді.


Қызық, дипломыңды теңдеп ауылға барыңдар деп үкімет ұран тастап жатқанда жас маманның үйсіз-күйсіз жүргені қалай? Жаңадан ашылған аурухана ғимараты қалада да жоқ, үш қабаттың үшеуі де лық толы, іздеген бөлмеңді табамын деп адасып та кетесің, тап-таза, жап-жарық, медициналық құрал-жабдықтар да жеткілікті, тек жетіспейтіні — мамандар. Бір дәрігер демалысқа шығып кетсе бір ай күтесің, жасы жеткендері зейнетке кете алмай олар жүр. (Мұндағы УЗИ аппаратын да Темірбек өз қаражатына сатып әперген. Қолы ұзын, қалтасының бүрі бар бизнесмен азаматтар ауруханаға ептеп қана, шақтап қана шамасынша қарайласып тұратын көрінеді). Мамандардың тапшылығынан қызмет жасайтын медперсоналдар үш қабатқа жүгіріп шығып, дедектеп төмен түсемін деп әбден дымы құриды. Сонда да Серік, Гүлсім, Жұпат, Жанат, Айгүлдер шаршадық деп қабақ шытқан емес...


...Системаға жіпсіз байланып жатырмын. Екі көзім терезеде. Терезенің ар жағында тотияйындай көк аспан. Дәл осындай көк аспанды көптен бері көрмеп едім. Кіршік жоқ. Түбі жоқ. Тұңғиық. Көк аспанда қаптап жүрген періштелер деуші еді. Періштелер тұрмақ перғауындар да жоқ. Бос жатыр. Көзге қаншама көрікті ұшырағанмен көңілге медет болмайтын, мұздан суық қорқынышты-ақ. Адамның денесі көрге түскенде жаны ғарышқа қашады деуші еді. Жер жаралғанда демей-ақ қоялық, адам жаралғаннан бері көк тұңғиық қанша пақырды жұтты екен? Қу жаның жаннаттан мәңгілік орын тапқанша екі аяғыңды жалдап жалған дүниеде жүре тұрғанға не жетсін!..


— Аға, қал қалай?


— Бәлду-шәлду... жатырмыз ғой...


Хирург Серік екен. Бас дәрігер Арқабекті, ақын Жәнібек Қызыровты ерте келіпті. «Аға, сізді Темірбек іздеп жатыр, Өскеменге тез жеткізіңдер деп кешеден бері тынышымызды алды»- деді Арқабек. — Қайтқаныңыз дұрыс шығар, денсаулығыңызды толық тексермесе болмас, ал оған біздің шамамыз жетпейді, жедел жәрдем машинасы мен бір медбикені қасыңызға қосып беремін.»


...Тағы да тілдей сәкіде қыстырылып отырмын. Үшкір таудың қасқа маңдайындағы біздиген діңгек Алтайдың ызғарлы желінен қалтырайтын сияқты. Сол ызғардан Бүркіт те шөгіп қалған ба? Бер жағындағы Мая текшесінің сабалақ сақалы иегін сипаған сайын бірде бар, бірде жоқ, енді болмаса құлап қалатындай теңселіп тұр-ау. Әлде мен теңселіп отырмын ба? Қос өкпемнен қысқанда ішімді жылан жайлап жатқандай маңдайымнан қара тер бұрқ ете қалады. Мейіргүл қашан келер екен? Жанымды сол алып қалатындай екі көзім төрт болып Тартаевтің шаңырағына телмірем де отырамын. Бұл бір Құдай берген келін болды. Маған салса «гүлін» алып тастап «Мейірін» ғана қалдырар едім. Мұндай қолы шипа, ағайын ретінде мұндай жанашырды көрдім бе, көрмедім бе? Ертесімен майы мен сүтін салақтатып, түс ауа инесі мен «системасын» арқалап жетеді де қашан менің бет-аузымның бырыс-тырысы жазылғанша мұңайып отырады да қояды. Ауыратын мен, қиналатын Мейір. Кейде дәрі-дәрмек үшін жауын-шашынға қарамай онекі шақырымдық Катонға жаяу-жалпы тартып кететін кездері де болады. Көше бас сайын Алтайдың ақ бұлағы арқырап жатса да суды тау түкпіріндегі бастаудан ішетін Жарылғастың «су жорығы» дейтін ауруы бар, үй біткенде бір-бірден қол трәшпеңке, бәйгеге түскендей салдыр-күлдір шапқыласып жарысады да жатады. Мейіргүлдің әлі мектепке де жасы жетпеген жұдырықтай ғана немересі қақпаны күшеніп зорға ашып: мен тағы да кеп қалдым ғой деп тәлтиіп тұра қалады. Сондағы бар шаруасы, су таусылды ма, жоқ па? Таусылса ағаларын жұмсайды, таусылмаса ішке озбай қақпа алдынан кетіп қалады, бұл үйде ол сөйлесетін бір-ақ адам бар, ол Дәкең. Кезінде Әуезов, Кенжебаев, Нұртазин, Қабдолов,Сармұрзина, Амандосовпен қызметтес болған филолог Қаратайға келіп жұдырықтай баламен сабақтас боп ермегін жалғастыруда, әрине, дімкәсті күткеннен бұл анағұрлым жеңіл де көңілді шығар...


...Темірбек қалада жатса да бүкіл ағайынды аяғынан тік тұрғызып: сырқат тұрмақ сау адамды «жедел жәрдем» соғып тастайды деп Арқабектің машинасынан «отказ» беріпті де Болаш «мерседес» жалдап, пұлын төлеп, кәмпөртпен Өскеменгі жеткізіп салды. Қан қысымы 180-нен асып кеткен екен, төртжүз шақырымға төрт дүркін «укол» салып, Темірбектің қолына тапсырды-ау әйтеуір. Темірбекті көргенде ауырғанымды ұмыттым, нәр татпағаныма оншақты күн болған екен, бауырымның бетіне қарап отырып қарынымды кептедім, Әлихан Абаймен хабарласып, Алматының кардиология орталығынан орын дайындатып қойғанын да біліп отырыпты, сол бойда самолетке салды да Алматыға айдады да жіберді.


Абай Баймаханов, медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер, мені қамқорлығына алғанына жиырма жылдан асқан, дос-жаран боп кеткен жандар едік, келе салып басымнан бақайшағыма дейін тексертсін. Екеумізді таныстырған, тәңір сұрауыңды бергір, Амантай Біртанов еді. Қайта-қайта дімкәстана бергендіктен бе, менің дос-жарандарым да, жұрағаттарым да дәрігерлер болатын. Елде жүрмін деп мән бермеппін, Қаратайға жеттім деп инфарк болғанымды да білмей қалыппын. Кімнен естігенін де білмеймін, түн ішінде ініміз Ерлан Ғазизұлы «Горный садоводтан» салып-ұрып жетіп келді де ауруханадан шығысымен қағып әкетіп, шөптің сусынымен емдеп, жиырма дүркін иглатерапияға салды. Қос тізенің шеміршегі тозып, жілік басының кемігі ғана қалған екен, алжитын жасқа жетпей жатып бұл да маған азап болатын түрі бар...


Жыл сайын Алматыға бір соғып кететін Қомшабай: (топырағың торқа болыр) бүгінде Ерландай қазақ жоқ деп еді. Артық сөйлемейтін, кем айтпайтын Қомшаның бүл сөзінің жаны бар. Ерлан тек дәрігер ғана емес, дертке дауа, жаныңа рахат сыйлайтын жанашыр адам, тамырыңды басып отырып, тұлабойыңдағы кінаратты санап беретіні өз алдына, жайдары мінезімен, жарқын жүзімен жаныңды жадыратып, осында ем іздеп емес, шай ішуге келгендей бүкіл уайымыңды ұмыттырып жібереді. Қытай медицинасының сиқырын жақсы меңгерген, осындағы көп шарлатандардай бопсалап емес, сырқаттың болмысын тауып емдейтін, қазағының арғы-бергі тарихынан хабары мол, сол арғы-бергінің мәдениетін бойына сіңірген жігітпен әңгімелесіп отырып ерекше бір ләззат аласың да қазақтың көшелі жігіттері әлі бар екен-ау деп іштей разы боласың. Пәтигүл, Айгүл, Юсүпжан, Сәуле секілді көмекшілері босағадан күтіп алып, есіктен шығарып салғанда мұндай ілтипатты көрмегеніңе заман өткені есіңе түседі. Мен Ерланға ертерек барып, ерте қайтуға тырысамын. Себебі, түс кезінде, не жұмыс аяғында бара қалсам қызыл машинасын тайпалтып Ғалым кеп қалады да Ерлан: түстенетін мезгіл болып қапты-ау деп ресторанға жетелейтін әдеті бар. Ғалым да егіздің сыңарындай мінезімен де, табиғатымен де Ерланнан аумайтын, өте бір мәдениетті, білімдар жігіт, әрі ақын, әрі прозаик, арғы беттен келген жазушы атаулының ішінде келе сап араласып кеткен, екі жанрдың техникасын да тәптіштеп меңгерген жазушы. Жазу стилінен байырғыны да, қазақи бүгінгі мәдениетті де бірден танисың, басқалар сияқты кібіртіктеп жатпай, бәйгеге жолортадан қосылған жүйріктей құлашты кең сермейтін өзіндік шеберлігі мол, қаламға әбден машықтанып алған, өнердің белортасында бізбен қатарласып жүрген қарасөздің де, поэзияның да мәйегін шайқап ішкен жорға десек те болады. Әзіл-қалжыңсыз жүре алмайтын, әзіл-қалжыңды көтере де алатын жігіттің сырбазы, мені Ерланға жақындастырған да Ғалым. Соңғы кезде тіршіліктің қарекетімен жазу-сызуды баяулатып алды-ау деймін, менің күдіктенетінім де осы. Үш бірдей өнердің соңына түсемін деп (поэзия, проза, суретші) тізгінді қолдан шығарып алмаса болды...


***


... Алтайды аласартып, орманын отап кеткендей құлазып қайттым. Қатынқарағай иесіз қалғандай. Бытқыл толған жабайы шошқа. Бұлар да құрғақшылық жылы «зиялы» келімсектермен таласып Күршімнен ауып келген. Батпақ біткен қорсылдап жатыр. Қолат біткен соқа салғандай айғыз-айғыз. Австралия, Германия бұларды «захватчики» деп , атып та, асып та төрт аяқты зауалдан құтыла алмай әлек. Тұтас мемлекеттер ашық түрде «соғыс» жариялап жатқанда алақандай Алтайдың болашағы не болмақ? «Жер жаннаты» дейтұғын түркілердің атамекені енді шошқалардың мекеніне айналмаса неғылсын? Онсыз да қасқыр дейтұғын терісауыз құмырысқаның илеуіндей құжынап, жұрттың азғантай малына қырғындай тиіп, қотаннан оздырмай қойғанына оншақты жыл болып еді, көркімен күпініп, аңымен аңызға айналған Алтай бүгінде тонау мен тоқыраудан күңіреніп отыр. Жарғақ құлағы жастыққа тимей акционерлік қоғам ұйымдастырған Асқар Қабанбаев мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң тырпылдап жүріп әбден шаршаған соң ақыры «Екі дос» дейтұғын ашкөзге өткізіп жалаңбұт қалды. Шаруа қожалығының иесі Толқын Раисовтың да күні осы, кәзіргі Қатынқарағайға билік ететін бірде-бір жергілікті жанашыр азамат жоқ, бәрі де Алматы деймісің, Ақсуат деймісің, Астана деймісің тек құлқынның қамымен жүрген жұлымырлар, олар ұлт қамын ойламақ түгілі өздерінің Қаратай емес, қазақ екенін де баяғыда ұмытқан, байлығын жұтсын, барын тонасын, Алтайдың соқта басы қалғанда тасын қалай жұтар екен? Біз күнгейдегі Қытайдан қорқамыз да өз ішіміздегі қорқауларды неге ағайын тұтамыз? Ұлттық парктің атағы ғана қалды, Ереннің кезінде қарағайдың әр ағашын күзететін едік, енді трассамен ағылып жатқан «лесовоздарды» көргенде осыдан 20 жыл бұрынғы пұшайман күйіміз көз алдыма елестейді. Япырау, баяғы күн шынымен қайтып келгені ме? Бұрын әр ағаш есепте еді, кәзір тау-тауды бөлісіп алып отап жатқан көрінеді, Алтайдың шымылдығы көзге түсер бергі жағы ғана, Өрелден арман қарай Аршаты, Шындығатай тыр-жалаңаш деседі. Ал керек болса!..


Осындайда Тарбағатайды есіме аламын. Тарбағатайды жайлаған Мақсат Ақиеков деген жігітті көз алдыма елестетемін, сыртымнан сағынып жүрген қандай жігіт болды екен деп. Өйткені, бұрын бет-жүзін көрмеген, аты-жөнін де дұрыстап есіме сақтамаған бейтаныс бизесмен. Алыстағы Алматыға күн сайын телефон шалып, Әлібек Қаңтарбаевқа, Қалағаң көзіңе түссе болды, қолынан жетелеп Тарбағатайға жеткіз деп тапсырма берген екен, айтқанындай аэропорттың басында Әлібек күтіп тұрыпты, қолды-аяққа тұрғызбай алды да кетті. Алтайдың асуынан сығалағаным болмаса, жетпістен асып иегіммен жер сызғанша Тарбағатайға аяқ баспаған екенмін. Жол ортада атқосшы Төлегеннің үйіне бір қонып рахаттанып қалдық. Әкесі Жабағы қайраты қайтпаған, жалаңаш қолмен қасқыр алған қайратты адам екен, қолы күректей, бүріп ұстағанда қасқыр тұрмақ аюдың да кеңірдегін суырып алатын қарулы, нағыз палуан, әрі әңгімешіл қария боп шықты. Түбі Мақсаттың жама ағайны болса керек. Күн шыға аттанып едік, Мақсаттың аулына жеткенде ат үстінен көтеріп алысты. Ертеңінде ұлы-жіңгір той болды: бүкіл ел жиналып, спорттың әр түрінен жарыс өтті, ат бәйгесіне жеңіл машина тіккен екен, ол Аягөздің бір азаматының жетегінде кетті. Менің бір таңғалғаным: баяғыдай «жасасын» да жоқ, жағымпаздану да жоқ, жұрт өз еркімен жиналып, тойды өздері басқарып, Мақсаттың әкесі Қайырбек ақсақал бас болып өздері атқарды, бір шеті Алматыдан, бір шалғайы Өскеменнен келген өнер шеберлері ойын-сауық ұйымдастырып, ретімен сый-сияпат көрді, арақ мүңкіп адыраңдаған бір пендені көргеніміз жоқ, есесіне ертеңгісін Мәдениет үйінде аста-төк дастархан жайылып еді, мұнда да бейбастақтың нышаны көзге шалынбады. Осының бәрі ненің құрметіне деп сұрағанымызда Мақсат: мынау ел жазда ғана жадырағаны болмаса қыстың көзі қырауда ауладан шыға алмай, қызығы кем, қуанышы арзан қысылып отыратын ағайындарыңыз, жылына бір дүркін көңілін көтеріп, ел бармыз дегенді есіне салып кету міндетім еді, Қасым Қайсенов ағамыз келіп кетті — көре алмай қалдым, Әзілхан ағамыз келіп кетті — көре алмай қалдым, сосын сізді жол ортадан зорлықпен ұстап қалғаным ғой, тек ренжімесеңіз болды деп иығыма шапан жауып, Дәкеңе бешпент кигізіп, астыма ат мінгізді.


Аллаға шүкір, біздің артымызда да ел бар екен-ау!..


***


...Алғаш рет Алтайдан қашып барамын. Көз алдымда қарағай емес тек қайың қалып барады. Орман ағашының өзгеруі 200 жылда бір дүркін дегенді ғылым дәлелдеген: қарағай біткен жерге кейін тек қана қайың өседі, қайың өскен жерге тек қана қарағай бітеді... Көкейімде сағыныш емес, сары уайым арқалап барамын... Көңілге де, көкейге де медет болған алаштың азаматтарын, Темірбектерді, Сайлаухандарды, Асқар мен Төлештерді, ағайындар мен дос-жарандарды, ел басқарып жүрген Бердібек, Серік, сияқты жігіттерді тағы да сағынатынымды біліп барамын, тағы да сағыныш арқалап барамын...





Пікір жазу