Асқар таудың басында арман қалған...
Қас-кірпігіне дейін қырау шалса да баяғы бір жиырма бесін ұмытпай, кәрілігін де жұртқа міндет қып, жөтелін де жөпшеңкіге қимайтын тәкаппар шалдай шарт жүгінген Ақбұлақтың көкшағыр биігі қақ төрде қақшиып отыр еді. Теріскей қолаттағы ескі жылдың құрттап кеткен сүр қары самайдың ағындай сағал-сағал жосып түсіп, етектегі қара қорымнан өте алмай қалыпты. Қорым астынан күңгірлеген су сылдырына құлағын салып тоқылдақ көк аяғын қорғана басып келеді, желіп келе жатып жол жиегін жалмап өтетін әдеті еді, Майпалау ағамыз секілді аузы астан босамайтын өзі де бір мес неме екен, қорым арасындағы ербейген қортық бұтаның басын құр жібермеймін деп қиқалағымен шаршатты. Болдырайын деді ме, Тельманның қисық құйрық бұйра жал күрең жорғасы омырауы көпіршіп, қайта-қайта сүріне берді...
... Нарынқолдан аттанарда Тельман ат ерттеп жатқан Сейдін ағамыздың құлағына:
— Жорғаны Кетік мінсін, — деп күбірлеп жатты. — Маған анау тоқылдақ көк те жетеді.
— Неге?
— Жорғаның жүрісі жайлы шығар, Кетіктің екі қабырғасы да кетік, операция жасатқаны да кеше ғана.
Менің езуіме от қыстырмаған кезім бар ма, баспалдақ үстінде темекі шегіп отыр едім, Сейдін ағамыз әдетінше күрек тісін жалтыратып маған қарап езу тартты да Тельманға бұрылып:
— Жоқ, жорғаға сен мінесің, — деді.
Жақсы атын бөтенге қимай, жантартып туғанына тықпалап тұр деп ойлады ма:
— Жоқ, Қалихан мінсін, — деп Тельман да қоймады.
— Сен бұл аттардың сырын білмейсің. Аяғын орап басатын жорға тау-таста сүріншек келеді. Оқыс бола ма деп қонаққа мінгізбей тұрмын, — деп ағамыз маған тағы да бір қарап қойды, — Ал өзің ат үстінде сақ отырғайсың...
«Жорға мінген жолда қалады, жүйрік мінген қолды болады» дейтұғын қазақтың бір сақтық сөзін сонда есіме алып едім: жорғаның тез болдыратынын, ұрының көзі алдымен жүйрікке түсетінін қайсыбіріміз ескере бердік дейсің...
— Әй, жігіттер, тым биіктеп кеттік, мына қорымнан қайтып түсе алмай қаламыз! — деп Майпалау ағамыз арт жақтан айғай салды.
Жауырға қонған сауысқандай шартық қаракердің бел ортасында шоқиып отырған жұдырықтай мосқал қара ауыл рәйісінің төрағасы екен. Қырып жатқан жұмысың жоқ, мына екі жігітті жайлауға апарып қыдыртып қайтасың деп жұмсаған Сейдін ағамыз еді. Екеуі қайда болса жылқышы қымызымен қуалап жүріп табатын болсын деп қолына бір жапырақ қағаз да ұстатқан. «Е, оны мен қатырамын ғой! Бұларды тауға да апарайын, тасқа да шығарайын, таутеке де аттырайын!» — деп түкірігін жинай алмай қалған. Тельманның жамағайын жұрағаты Сартымбет ақсақалдың қойлы ауылына келіп түскенімізге бір жұма болса да шошаң етіп тышқан өрісіне ұзаған жоқ, қонаққа деген көпірме көрпе, құс көпшікті қозықарнына басып алып, ертеңгісін әкеп тастайтын жылқышының жалғыз торсық қымызын есіктен аңдиды да жатады. «Менің ұлтабарыма қатты тамақ батпайды» деп әуелде ақ ірімшікті сары майға бөлеп жеп, айранға қарамай қаймақты бөлек ішіп еді, ел естімеген «майпалау» дегенді шығарып, күнде бір марқаның бас құйқасын ұлтабардың майына мылжалап, көз майын миға орап, қатыққа малшылап шайнамай жұтқанда көріп отырып құр қалған табақтастарының сілекейін де аяған жоқ. Әзілі әлімсақты да тірілтетін Сартекеңнің дуалы аузының демінен әжептәуір ауып рәйісінің дәстердей төрағасы бір түннің ішінде Майпалау атанып шыға келді.
Майпалау ат үстіде отырып бір айылын шартық қаракердің шабынан тартты да бұрылып кетуге ыңғайланды.
— Ау, ағасы, таутеке қайда? — деп ортада келе жатқан Тельман жамағатына күле қарады.
— Олар ана биіктің басында жатыр ғой, — деп таудың тағысын шыңның шошағына байлап қойғандай Майпалау сәңірейіп аспанға қарады. Иығынан «маузапанның» стволы селтиеді. Ол немесі жауын-шашында да балшыққа кептеліп күресінде жататын Сартекеңнің сыңарауыз қара мылтығы еді, оғының тиер тимесін кім білсін, әйтеуір, құр дәрілеп қасқыр үркіткенде дауысы Аспан-тауды төңкеріп тастайтындй болған соң «Маузапан» атап кеткенбіз. Бізде екеуара бір шиті.
Шаңқай түс. Қылыштай қиып түсетін биіктің ащы күні жанарды жеп барады. Қорымның астындағы суға қол жетпей кенезе де кеуіп сәлекей желім тартып тұр. Біздің қанжығамыздан қашып кететіндей ағамыз жанторсықты өзі байланып еді, нағып шабандап артта қалды десек, күндік сыбағалы қымызды жалғыз сарыққан екен де; Майпалаудың бөксесіндегі құрысып қалған лақ месті көргенде екеуміздің де көңіліміз су сепкендей басылды.
Тау десе ішіп отырған тамағын тастай салатын Тельман күрең жорғаның басын қинала бұрды. Аңшыға ергені бар шығар, бала кезінде қоянға тұзақ құрғаны, елден естіген әңгімесі болмаса аңшылыққа құмарлығы жоқ еді. Әйтпесе, үстінен секіріп өткен бір табын еліктің біреуіне оқ дарыта алмаған адамға аңшылық өнері қонды деп кім айтады...
... Мүйізді хайуанның күн қайта күнгейге шығып оттайтын әдеті. Қойлы ауылдан қол созым жердегі шүйгінді қолаттың басына жон-арқасы қып-қызыл боп бір үйір елік шашылып жатыр екен. Ал, кеттік деді. Маузапанымыз бар, шитіміз бар, тұра жүгірдік. Тельман төменде, қолаттың сайға түсер тар аузында қалды да мен пысылдап жүріп терістен айналып шоқының құзырына шықтым да маузапанды аспанға барқ еткіздім. Ағараң-ағараң шоршыған оншақты құйрық етекке саулап жөнеліп еді, қырып салған шығар деп танауым делдиіп жетпеймін бе! Тельманым шитісін таянып қаннен қаперсіз отыр.
— Таптап кете жаздады, — деп ыржиып күледі.
— Сосын?..
— Обал екен, — деді.
— Тфу!..
Мен еңбегімнің еш кеткеніне өкінсем, ол шіркін:
— Өкпе қалай? — дейді.
— Орнында сияқты...
— Е, ендеше бопты!..
... Тың деген дақпырт мені де дедектетіп командировкамен Ақмолаға апарған. Ат құлағы көрінбейтін боранда айдалада қалып, ақыры «гнойный плеврит» деген пәлеге душар болдым да ауруханаға түстім. Екі қабырғамды сөгіп операция жасаған. Аяғым аспанда, басым еденде, аспалы төсекке шалқамнан таңып тастады. Қаланың дін ортасында аласа ғана ағаш барақтың іші түтігіп тұр. Дала да тымырық. Демің құрсағыңа жетпей кеңірдектің кемерінен қайтатын сияқты. Шіркін-ай, кеудеңді кептеп, тойып бір тыныс алғанға не жетсін!.. Терезеге қараймын да жатамын... Жолдасхан келіп кетті, Қомшабай келіп кетті, Рысхан келіп кетті, Ахан келіп кетті... Тельман жоқ... Аяғым аспанда, басым еденде, аспалы төсекте алты күн жаттым. Терезеге қараймын да жатамын... Жолдасхан келіп
кетті, Қомшабай келіп кетті, Рысхан келіп кетті, Ахан келіп кетті... Тельман жоқ... Тельман сөйтті ғой деп Жолдасханға шағым айттым.
— Әй, ол күнде келіп жүр.
— Өтірік!
— Оңбай кетейін, күнде келіп жүр!..
— Көрмедім!
— Терезеден қарасам болды, Кетіктің түрін көріп, жылағым келеді де көзімнің жасын тия алмай қашып кетем дейді... Қызық ей өзі, қатын-баласы бар адам да жылайды екен-ау!..
Ауруханадан шығар күні машина алып келіпті. Сөйлеспейін деп едім.
— Өкпе қалай? — дейді.
— Орнында сияқты...
— Редактормен келістім, екеумізге де демалыс беретін болды, — деді. — Жолға жарасаң екі-үш күнде Нарынқолға жүреміз, қымызға жатып, демалып қайтайық, — деді.
Аптабоз соғып тастайды деп мені аяп, бес жүз сомға такси жалдап, салақтатып Нарынқолға ап келген. Сейдін ағамыз тас-талқан болды:
— Қалталарыңды ақша тесіп бара ма?! Менде болмаса да калкозда бар, телефон соғып айтсаңдар ғой, машинаның бірін емес, екеуін жіберетін едім! — деген...
... Тельман шиті мылтықтың оғын алып тастаймын деп затвордың құлағын тарта беріп еді, ажалы ма, бір қарға барқылдап төбемізден айналып кетпей қойғаны. Тыңқ еткізіп еді, жалп етіп тура алдымызға түсті. Оқ көзінен тиіп басының быт-шытын шығарыпты. Сол күні...
— Япыр-ау, мынау біздің Тельман зор ма?!
Атқаны апта бойы соқыр қарға.
Салмағын соқыр қарға көтере алмай,
Сандалып зорға кепті-ау күрең жорға! — деген Сартымбет ақсақалдың әзіліне тап болған...
... Тау десе ішіп отырған тамағын тастай салатын Тельман намысқа бола теке атайын деп шыққан жоқ еді. Оның назары шыңда жатқан таудың тағысында емес, биікке деген құмарлығында еді... Тельман разрядты альпинист болатын. Студент кезінде бір күн сабаққа қатысса, бір жұма тау кезіп кететін университет командасының таңдаулы мүшесі спорт шебері деген атақты алуға санаулы шың қалғанда альпинистің рюкзагін тастауға мәжбүр болды. Үнемі қар жамылып, мұз жастанудың зардабы ма, аяққа ревматизм түсіп, соның әсері жүрекке шапты да соңғы бір экспедицияда дәрігерлік комиссия оны командаға қоспай қойды. Біраз жыл болса да бар шығар, сол жолы белгілі альпинист, республика құрама командасының мүшесі Құсайын бастаған жігіттер Алматыға қайтып орылмай, қар көшкісінің астында мәңгілікке қалып кетті.
Құз бен қиянда бір біріне демеу болған жақсы дос, сенімді серіктесі Құсайын туралы Тельман очерк те жазған, бірақ, соның қай жылы, қай басылымда жарық көргені есімде жоқ. «Лениншіл жас» газетінің спорт бөлімін Әбдісаттар Бөлдекбаев та, Сейдахмет Бердіқұлов та басқарған. Бірақ, спорт тақырыбын газет бетінде профессионалдық дәрежеге көтерген, қазақ журналистикасында репортаж жанрын, оның өзіндік стилін жасаған Тельман Жанұзақов болатын. Мақсұт Омаров бастаған бокстағы Омаровтар әулетін, басқа да талай-талай спорттың атақты шеберлерін газетпен таныстырған, журналистерді спортпен таныстырған да Тельман еді. Мақсұттың Фурманов пен Шевченко көшесінің бұрышындағы каркас үйінде, онан соңғы «пивзавод» дейтұғын тау жақтағы қуықтай екі бөлмелі пәтерінде әңгіме-дүкен, ойын-сауықпен атырған талай таңдарды қалай ұмытайын, кәзіргі «кино үйінің» орнындағы екі қабатты ағаштан соққан боксшылардың жаттығу залында түнеп шығатын кездеріміз де болушы еді. «Жетімдер әулеті» дейтұғын біздің буыннан түңғыш рет шетелге шығып, Италияда өткен дүниежүзілік олимпиадаға спорт журналисі ретінде Тельман қатысқанда, қалғанымыз Римге барып қайтқандай қуанысып едік.
— Рим деген керемет қала ғой, бірақ, біздің Алматыдан қымбат емес екен! — деді.
«Бұқа бұға, азбан дұға» демекші, досыма еріп құр желіккенім болмаса, менің спорттан хабарымның жоқтығы рас. Алтайда туып Алатаудың суын ішкен соң кейде Тельманды тілге тиек етіп тау туралы әңгіме айта қалсам, Әкім мен Сайын, Рамазаны қосылып мені мазақ қылады. Дегенмен...
«... Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» — дегенді қазақ тегін айтпаған шығар. Таудың тәкаппарлығы пенденің пысын басады. Таудың басына талай шықсаң да таудан биік емессің. Бірақ, терең тұңғиыққа тартса, тау биікке шақырады. Шығарда артыңа қарамайсың, түсеріңді өзің біл. Биікте тұрғанды кім жек көрсін, ал биік тұру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Сонан соң да биікте орны жоқ кейбіреулердің түсерде мерт болып жататыны анайы тірлікте де, рухани өмірде де екінің бірі...
Қияға құлаған күн беткей-беткейді жалап ұрып тұр. Ақбұлақ баяғысынан да биіктеп кетіпті: сұп-суық екен; күнгейі қан-жоса, көлеңкесі көкпеңбек үрей, ұшар басында тоғысқан қызыл-көк сағымнан кемпірқосақ киіп алыпты, ұшар биікте құйын желпіді, көк-шағыр құзды күңірентіп, құйын лебі етекке күркіреп естілді. Тас қорымды сырғытып, Ақбұлақ жылжып келе жатқан сияқты еді... (Тау түске дейін қызық, түстен кейін бұзық. Түске дейін құс боп ұшып ақ шаққан мұзынан жалағың келеді, түстен кейін ызғарынан жаның түршігіп жылағың келеді. Биікке шығу үшін еп керек, биікте түнеу үшін жүрек керек. Өз басым альпинистен жүректі адам жоқ дер едім... Жүректі адам сертке де берік, принципке де берік). Жылжыған тау емес, қорымнан ат сырғанап келеді екен; алдыңғы екі аяғымен адымдап, артқы аяғымен шаңғы тепкен шартық қаракер тау-тасқа мысықтай болса керек, іші басынан асып, ыңыранып қойып жүзіп барады, қозы қарынын ердің алдыңғы қасына артып алған Майпалау ағамыз бізге қарайтын да емес. Тоқылдақ көк өрге де, еңкуге де бірдей, жарықтықтың жалғыз кемшілігі-шоқпыты жоқ, тақтайдай арқасына ер-тұрман тайғанақтап тұрсашы. Күрең жорғаның шығуынан түсуі қиын болды, паясынан тасырқап, маймақ байқұс еңбектегендей кирелеңдеп келеді, «итті де иесімен қина» деген осы-ay, әркім жеріне қарай жорға ғой; Тельман анда-санда тау басына көз тастап, бала кезінен бауырында өскен Ақбұлақтың дәп бүгін жатырқай қалғанына іштей өкпелегені болмаса қиналғанын атқа да, жұртқа да білдірген жоқ; күрең жорға мен иесі — бірі жазығын, бірі баяғысын көксегендей еді... Ақбұлақ бізді етегімен итеріп тастап едірейіп қала берді.
Қойлы ауылға жеткеніміз сол еді, біз аттан түспей жатып Сартымбет ақсақал тайыншадай тарғыл серкені алып соғып бауыздап жіберді. Кеше ғана сойылған марқаның еті таңдайымыздан кете қойған жоқ еді.
— Аңшы деген ағайын жас сорпасыз отыра ма, — жеп қанжығамыздың бос екенін Сартекең кекесінмен бір іліп кетті де, Майпалау жемесе қалжасы жақпай қалатындар да бар ғой, — жеп рәйіс төрағасына жымия қарады. — Ауылда үш бірдей аңшының қоржынын күтіп отырғандар да бар шығар, кептіріп алсаңдар, ет көрмеген жұртқа таудың текесі не, ойдың серкесі не!..
Үш ауыз сөзбен Сартекең үшеуімізді де төркінімізге апарып тастады да қолды-аяқты баласын шақырып алып, тарғыл серкенің басын қарағайдай мүйізінен ұстатып, мынаған дақ түсірмей кепештігімен шауып ал деп тапсырды.
Сартекеңнің жас шамасы белгісіз: шоқша сақалды, әжімсіз қызыл күрең жүзінде тозғандықтың танамдай белгісі жоқ, жазық маңдай, биік қабақ, бет сүйегі бөлек-бөлек шүйлі желке-қасқа маңдайынан қарасаң да, ту сыртынан бақсаң да жасқа жатқыза алмайсың, жасамыстың санатына қоса алмайсың; қақпақ жауырын, қапсағай денесі ұстағанын түйе болса да көтермей қоймайтын қайсарлықты, тастағанына қайтып қайрылмайтын ірілікті танытқандай; жарылып ашуланғанын, жарқ етіп қуанғанын көргенім жоқ, әзілінде күлкіден кекесіні басым, қайырымға кең, тарылса көндей тарылатын кісі болса керек. Көрнекте отырса да, көмескіде отырса да көз тартпай қоймайтын, қоңыр дауыспен үн қатса үлкенді де, кішіні де қасынан қарыс жібермейтін бір сиқыры бар. Ұрғашының сұлуы, еркектің көркемі деуші еді қазақ, шалдың да салтанатқа лайық сабазы болады екен-ау деген ойға қалдым. (Атамыз дәл осындай емес еді ғой деп артындағы ұрық-шарқы дау айтар болса таласым жоқ, бірақ, осыдан отыз жеті жыл бұрынғы Сартекем менің көз алдымнан кеткен жоқ).
— Япырай, күн бұзылайын депті, әлгі біздің кемпір жоғалды-ау... Мынау ұлтабарды Майпалаудың өзі аударып алар ма екен? — деп Сартекең тегенеге сыймай теңкиіп жатқан ішек-қарынды тазалауды жейтін ауыздың өзіне тапсырғандай серкенің терісімен жаба салды.
Жел тұрды. Жел қарағайдың шайыры мен жаңбырдың иісін қуалап келді. Ақбұлақ бекерге сұс көрсетпеген екен, әлгінде ғана қырқадан жоны қылтиған қара бұлт күдірейіп, тауды жұтып, етекті тып-типыл қымтап келеді...
Таудың тұманы — бұлт, таудың жаңбыры да бұлт. Сабалап тұрған ештеңе жоқ болса да су табан астында сүйегіңнен өтеді. Жарқылы мен тарсылы қатар соққанда тәкаппар шыңдар қақ айрылып, аспан жерге түскенде, тіршілік атаулыны қаңғытып, жер жеті қатынан тітіркенгенде жаның танауыңның ұшына, миың бақайыңа түспесе мұрынымды кесіп берейін.
Тастай қараңғыда да малын танауынан санап алатын шопан тас қараңғыда жүріп бала-шағаның башпағынан иттің итаяғына дейін түгендеп, осындағы тірі жанды түгелдей киіз үйге қуып тықты. Ертеңгісін қотанда қалған бес-алты ақсақты іздеп кеткен бәйбішесі әлі жоқ.
— Адамның ақсағы мен малдың ақсағынан оңбаған хайуан жоқ! — деді Сартекең ошақтың шаласын оттың ортасына сырып.
— Ақсақтың жазығы не? — деп күңк етті жүкке сүйене, кересін шамды көзімен сүзіп отырған Майпалау ағамыз.
— Ақсақ адам біреуге күні түспесе жұмсағанға жүрмейтін, жүрістіге ермейтін өне-бойы толған қырсық, — деді Сартекең, — малдың ақсағы ертеңгісін өріске баспай, түстен кейін маңырап, түстен кейін оттап, жеткен жеріне түней салатын кезеп мақұлық!..
Аяғының бүтін екенін көрсеткісі келгендей Майпалау хром етігін шешіп есік көзіне лақтырып жіберді. Мұнысы енді ешқайда шықпайтынын сездірген еді.
— Кәрі жеңгем адасты деп жардан ұшып өлер жайым жоқ! — деді де жүктен екі-үш көрпе-жастықты құлатып алды.
— Соны айтам-ау...
Иесі келмей оттағы қазанның түспейтінін біліп, оның үстіне Майпалаудан күдер үзген рәйістің төрағасы қиқиып жатуға ыңғайланды. Осы үйдің қойын өзі жайып келгендей шіренген жамағатына іштей шамырқанған Тельман сулығын кие бастаған, мен де қозғала беріп едім:
— Саған не жоқ? — деді.
— Мен де тірі жанмын ғой...
— Мен болсам бұл өңірді ептеп білемін!
— Е, сен білсең мен де өлмейтін шығармын...
— Әй, балалар, малдың ақсағын таба алмай жүргенде аяғы бүтін адамды қайдан іздемексіңдер? — деп Сартымбет ақсақал екеумізді жібергісі келмеді.
Бір нәрсеге бет қойса Тельманды тоқтату қиын еді. Жігіттер оны «великий спорщик» дейтұғын, өзінікі дұрыс болмаса да соған қисынды дәлел тауып мойындамай кететін. Ақыры көнбеген соң Сартекең:
— Егер кемпір сендерден бұрын кеп қалса, мына маузапанмен белгі беремін, — деп қала берді.
Көзіңе түртіп алса түк көрмейсің. Соқыр адамдай жазық жерде де аяқты көтеріп тастап келеміз. Екеуімізде де үн жоқ. Үндегенмен қатар адамның дыбысы естілетін түрі жоқ. Тұншығып келеміз. Тұншықтырған жел. Жел де емес-ау, бірде оңнан, бірде солдан ұйытқыған сынаптай суық бу тынысты бітеп тастаған. Ет піспейтін биіктің ауасы да кеужірден өтпейді екен, ағаш кеңірдегімізге арпаның шаңыт талқаны кептелгендей қақалып, жер шыр айналған сияқты. Интернатта басымнан кешкем. Кімнің ұртына қанша талқан сияр екен деп бәстесетін едік. Кім бұрын толғап тауысса, түскі көжені сол ішеді. Өлшем бір кесе. Бір кесені сиғыза алмасаң күні бұрын ұтылғаның. Бір кесе талқанды ауызға толтырып алып, сағат бойы қылғынып көкпеңбек боп сілейіп жатқаның. Тек шашала көрме. Шашалсаң тұншығып өлгенің...
Алдымыз ор ма, сор ма, белгісіз. Әйтеуір, бірімізді біріміз жетелеп келеміз. Айқайлаған боламыз. Айқайың ауыздан озбайды. Бір кезде «Маузапан» дүңк етті.
— Өтірік, — деді Тельман мылтық дауысына сенбей. — Біз қайтсын деп Сартекеңнің жорта жасаған амалы.
Жылбысқы бу қиыршыққа айналды. Мың шіркей жабылып бетіңді талап жатқандай. Шөп беті де жылпылдай бастады.
— Өкпе қалай?
— Орнында сияқты...
Ауаның сызы, желдің ызғары маған жақпайтынын жақсы біледі. Адасқан ағайыннан достың амандығы қымбаттау болды-ау деймін, Тельман кері бұрылды.
Айтқанындай-ақ жоқтығымыз келмепті.
— Мал жоғалса жоғалар, тек біздің кемпір тірісінде менен айрыла қояр ма екен?! — деп Сартекең бүлк етпей бейғам отыр. — Осы дәп кәзір кіріп келмесе менің атымды теріс қойындар!
Айтқанындай-ақ кіріп келгені.
— Ойпырмай, қалыңыңа қырық қошқар, сексен серке төлегенімді қайтейін, еңбегім еш кетті-ау деп отыр едім. Қалай, төркінің аман-есен бе екен?!
— Тумайтын қошқар, қашпайтын серкеңнің құнын алты ақсақпен қайтарамын ба деп едім, ол да болмады. Арамқатқырлар, аспанға ұшып кеткен бе, жоқ — деп бәйбішесі жауаптан ұтылғысы келмеді.
— Маған ақыл айтқанда ғой, ыстық май жұтқызғандай қыласың. Өз ақылың өзіңе жетпегеніне таң қаламын, — деп Сартекең малмандай бәйбішесінің иығынан кептеліп қалған сырт киімін сыпыра бастады. — Қой баласы күн қайтқан соң оттамайды, жеткен жерінде күйіс қайтарып жатады. Ертең өрістен қайтарда қосып айдап келетін едім ғой...
— Қасқыр жеп кете ме деп...
— Жесе жейт — дағы, оның аузынан айырып алатын сен бе? — деп Сартекең ақ малын бәйбішесінің құрбандығына қия салды. — Жаман шалыңның ыстық құшағында жырғап жататын бір түніңе татымайтын алты тулақты осыншама іздеп!..
Ойда жоқта от басына күлкі келді. Бала-шаға да көңілденіп сала берді. Тіпті серейіп қалған Майпалау да тіріліп, басын көтеріп алды да қазандағы сырбаз, сөредегі серке аз болғандай:
— Жеңеше-ау, аман-есен келгеніңе ақсарбас шалдыр! — деп «адасып кеткен кәрі жеңгесін» қағытқан болып жатыр.
Тектінің әзілі де текке айтылмайды, тексіздің әдемі сөзі де анайы естіледі. Жігіт бойындағы жақсы қасиет жаратқаннан бір қонса, жақыныңнан және жұғатын болса керек. «Жақсы сөз де жарым ырыс» дейді, жапан түзде жалғыз үй қой бағып отырған жамағайыны әзілімен йен тауға ел қондырғандай көңіліңнің базарын шалқытса, Тельман бойындағы ел мақтар мінездің төркіні етене туыстарынан сабақталмасына кім кепіл. Сартекең мен бәйбішесі бір бірін жарастығымен асыраған жандар. Сөйтіп отырып адасқанға қара, көлденең өткен көк аттыға пана... Алматыға келе қалғанда алдымен Тельманды тапса, екінші мені іздейтін Сейдін аға, сыбағамызды бөліп-жармай бір ыдыстан ас беретін анасы, ищай десіп көрмеген ағалары мен інілері... Тельманның тегін, тектінің төркінін мен осы жолы танығандай болдым...
Күн сайын қой күзетіне бәйбішесі шығатын еді, түн тастай қараңғы әрі жаңбырлы болған соң Сартекеңнің өзі кетті. Ұлы тауды күңірентіп ұлан асыр жел сел жаңбырды орап соғып тұр. Жаңбыр мен жел сарыны ма, тасыған өзен сарылы ма, жоқ тау сарнап, орман азынап тұр ма, әйтеуір, ағыл-тегіл асау тасқынның үні көрпеңді тұйықтап алсаң да құлағыңнан кетпейді. Тыстағы күзетшіні ойлағанда тұла бойың тітіркеніп, жылы көрпенің астында жатып та қорыққандайсың. Бір жерде түней қалсақ қашанда Тельман екеуміздің төсегіміз бір болушы еді. Екеуміз бір көрпенің астында көп жаттық...
... Парк түбіндегі баяғы Қаракөл көшесінде Телқожаның он шаршы метр топ-тоқал жетім бөлмесі бар еді. Есігін ашсаң тура көшеге тып ете қаласың. Сол бөлмеде Тельман, анасы, Фарида, Майра, бесіктегі Ләйла, оның үстіне мен келіп қыстырылған соң Телқожа жатақ іздеп қаңғып кетті. Тамақты баспалдақ үстінде ішеміз. Алақандай жозының астында аяғымыз да сыймайды. Шай құюға жүгіне беріп, шешеміз: «мынау қайсыңның сирағың, тарта тұрыңдаршы» — деп жалынатын еді. Ашық күндері Тельман екеуміз баспалдақта түнейміз. Рахат! Жауын-шашында бөлмеге тығыламыз. Монша! Екеуара бір бөстек, жалғыз жастық, сыңар көрпе. Әйтеуір, еденнен ешқайда құламайсың.
Ерте оянатын әдетім, көрпе астынан құлағымды түрсем, Тельман мен Фарида біраз жерге барысып қалыпты: «Рано уходишь, поздно приходишь. Ты всегда на поводу у Калихана! Ты же не холостяк. Или без Калихана жить неможешь?!» — деп Фарида көмпілдеп жатыр. «Да, немогу! Понимаешь немогу!» — деп Тельман жатыр. — Давай разведемся! Только с условием: Майра останется со мной, Ляйлю заберешь ты. Сегодня же подам заявление о разводе!». Сонымен екеуі ажырасатын болды.
Көрінген құстың ұясына көз салған көкек сияқты бойдақ кезім. Қызметтен соң бірінші Алматыда тұратын Байбосынға еріп қаштым. Ертеңгісін Тельман:
— Әй, сен қайда жүрсің? — деп кәдімгідей ежірейіп ұрысты.
— Мамам іздеп жатыр ғой! — деп қорқытты.
— Мынау Байбосынға еріп... Сонда барып...
— Немене, жатқан жеріңнен су шықты ма?!
Байбосынның әйелі Нарынқолдың қызы еді, Тельманның сәл іші жылығанымен мұнан соң күнде кешке жұмыс аяғын есік көзінде аңдып тұратын болды. Құтылудың жалғыз амалы — үйлену. Ақыры үйленіп тындым. «Ойпырай, осы қатын деген пәлені кім ойлап тапты екен?!» — деп алғашқы күні-ақ Тельманның өкінгені бар. От басында болып тұратын боран-шашынға байланысты өкінетін де жөні бар еді...
Сегіз жыл бойы көрінген мәтүшкенің босағасында тентіреп жүрдік. «Кісі киімі кіршең», келген-кеткен қонағыңның кебісіне дейін андып отырады. Соны да тыңдамастан бірде ол үйде, бірде бұл үйде семьямызбен көшіп жүрдік. «Времянкада» да тұрдық, жертөледе де тұрдық, подвалда да тұрдық. Есік пен терезенің кәсегінен аққан су қыстың күндері сүңгі боп қатып қалғанда балталап ашқан кездеріміз де болды. Осы Майра сурет кітапшасын құшақтап ортамызда жатып алып, таң атпай түртіп оятып: мынау аю, мынау қасқыр, мынау түлкі, мынау қоян деп мазамызды алатын еді.
Университеттің бес жылы, облыстық газеттегі жыл сайынғы практика да дәм-тұзымызды айырған жоқ. Төртінші курсты бітіре салып қызметке орналастық. «Лениншіл жасқа» ол менен екі-үш ай бұрын келіп еді. Екі очеркімді алып кетіп, едел-жедел қатар басты. Калинин көшесіндегі жатақхананың бір бөлмесінде сегіз студент жататын едік, бір күні Тельман таң атпай сирағымнан суырып алып:
— Сені редактор шақырып жатыр, — деді.
Жетектеп келіп кабинетке кіргізіп жіберді.
— Бала, қызмет істеуге қалайсың? — деді Абай Бейсембаев ағамыз.
— Істер едім... бірақ мен әлі оқып жүрмін ғой...
— Ендеше болды, — деді Әбекең. — Тауманға өзім айтамын. Бұйрықты беріп қойғанмын, анау Тельман досыңа барсаң орныңды тауып береді.
Мені «Лениншіл жасқа» жетектеп келген де Тельман еді...
Бір-біріміздің жазғанымызды үндемей оқыдық. Мынауың нашар, мынауың жақсы дескеніміз жоқ. Мен одан, ол менен жасқанған жоқ. Кім қалай жазады, ерікті нәрсе. Қалам еркіндігі. Сырттай болмаса, көзімізше бір-бірімізді мақтасқан, не ғайбат айтқан емеспіз. Айтса — Тельман айтқанынан қайтқан емес. Газетте редактордың орынбасары болып жүрген кезінде кейінгі жас буынға Тельмандай жанашырлық жасаған ешкім жоқ. Куба мен Кастроның дүрілдеп тұрған кезі. Біздің елде «абстракционизм мен формализмге қарсы күрестің» өртеніп тұрған шағы. Біз «Лениншіл жас» газетін «Остров свободы» деп атайтынбыз. Өйткені, жас буын тек «Лениншіл жастан» пана іздеді. Партиялық баспасөз оларды шетінен таяқтап жатқанда «Лениншіл жас» қасақана соларды қорғап, тіпті мақтап мақала жариялап жатты. Сынға ілігіп, тілге тиек болған, абстракция мен формализмнің үлгісі атанған шағын жанрдағы туындылардың бәрі де осы газетте басылған. Соның бәріне қол қоятын Тельман Жанұзақов болатын. Редактор келіспеген күнде оның командировкаға не демалысқа кеткенін аңдып отырып басып жіберетін еді. Әрине, сол үшін Орталық Комитеттен таяқты өзі жейтін. Кейін редакторлыққа бекітпей қойғанда басты себеп болған да Тельманның ақиқат десе, принцип десе тастай қатып қалатын осы бірбеткейлігі еді. Әрине, бұл бөлек әңгіме, сонан соң да мен әдебиет маңына басқым келмей отыр. Кезінде: «ауру адам пенсиясына неге кетпейді?!» — деп орнына таласқандар да болған. Тельман жүрегінің ауыратынын сырт көзге сездірмей, сау адамша тік тұрып, тік жүріп, тік сөйлеп, қызметін тік атқарды. Жүрегін әбден шаршатып барып...
... Новосибирскдегі Академгородокта операция жасататын болды. Сайынға жол қаражатымды көтертіп, Әкімнің қыс киімін сыпырып киіп, артынан мен де барайын. Академик Мешалкин Лениндік Сыйлықтың лауреаты бола тұрса да мұжықтау кісі екен, құлап сенгенім жоқ. Операция алдында Тельманға:
— Осыны қойсаң қайтеді? — дедім.
— Операция жасатқан сен де өлген жоқсың ғой! — деді.
— Менікі, әншейін өкпе ғой.
— Немене, жүрек керек адамға өкпе керек жоқ па екен?!
Тельманды көндіріп көр...
Операция өткен соң үш күннен кейін бардым.
— Жүрек қалай?
— Орнында сияқты...
Жеті күннен кейін бардым.
— Жүрек қалай?
— Орнында сияқты...
— Сосын?..
— Сосын не болушы еді?
— Құлағыңа бірдеме айтайын ба?
— Айт.
Мен оның құлағына сыбырладым. Ол ыржиып күлді де:
— Оны қайдан білесің? — деді.
— Басымнан өткен.
Он төрт күн өткен соң бардым.
— Жүрек қалай?
— Орнында сияқты.
— Анау ше?
— Әй, қылтылдайды әй! — деп ыржиып күлді. — Бүгін дәрігер келіншек келіп қолтығымнан шприцпен қан сорғызып еді, үстінде халаттан басқа ылпасы жоқ, денесі аршыған жұмыртқадай аппақ, әрі тулап тұр екен!..
— Енді өлмейсің! Ертең мен қайтамын, — дедім.
Үш, жеті, он төрт. Бұл сандарды дәрігерлік тәжірибеде сырқаттың «кризисные дни» деп есепке алады... Адам ғұмырында мұндай сәттер көп қой. Үш пен жеті, он торт сияқты күндер аяқ басқан сайын. Арманшыл тірлік соның бәрін ескере бермейді. Тельман 43 жасында Әкім Таразидің кабинетінде отырып: «шіркін-ай, сендердің қатарларында тағы бір он жыл өмір сүрсем ғой!» — деп армандап еді. Бұл кешкі алты болатын. Тағдыр он сағатқа да созған жоқ... Біз оны ең құрығанда тағы да бір он жыл қатарымызға ерте алмадық...
... Аузын шымшып бұған бір етті күрең жорғаға артып еді, тарғыл серкенің атан жіліктері бүйіріне батты ма, жатып кеп мөңкісін. Мынау тоқылдақ көкке аю өңгерсең де мыңқ етпейді, маған бер деп едім, Тельманды көндіріп көр. Оның үстіне Сартымбет ақсақал да: «бір келген қонаққа қап арқалатқандай ұяттан озғамыз жоқ!» деп інісінің қолтығына су бүркіп қойды. Майпалау ағамыз жылқылы ауылда жұмысым бар деп ертеңгісін тартып отырған. Шалдың тоқалы жас екен, қозы қарынын көтере алмай жүріп ағамыз жігітшілік құрудан да құр алақан емес сияқты. Онсыз да не бары, не жоғы белгісіз, жарты ай жатып артына пәленшекең айтып еді-ау дейтұғын бір жылы сөз, пәленшеде болып еді-ау дейтұғын небір суыртпақты із қалдырмай кетті.
Сартымбет ақсақал бәйбішесінен бастап бүкіл бала-шағасын сапқа тұрғызып қойып қоштасты. Қазақ байқұстың қашанда айтатыны: келіп тұрыңдар ғой. Келіп тұрамыз деп едік...
Ақбұлақ шалқайып отыр екен. Ақбұлақ шаңқайып отыр екен. Нөсерді етекке қиып, қарды өзі жамылыпты. Келгеніңе де, кеткеніңе де қыңқ етпейтін баяғы сол тәкаппар қалпы. Альпинистерді ерегестіретін де осы тәкаппарлығы болса керек...
... Алматы деген керемет қала ғой, бірақ Тельманның Нарынқолынан қымбат емес сияқты...