Шалғайдағы шаруа қожалығы
2 бөлімді пьеса
Тоқыш — фермер, 43-те
Алмагүл — әйелі, 41-де
Ерлан — баласы, 20-да
Мырзабек Асылбекович — Тоқыштың құдасы, қалалық адам
Майра — әйелі
Рамазан — көрші фермер, 45-те
Бақытхан — жас маман
Нұргүл — Тоқыштың туыстарының қызы
Нарықбай — аудан әкімінің орынбасары
Ажара — Ерланның келіншегі, Мырзабек Асылбековичтің қызы
Арқабай-Архар — еріккен бос жігіт
Айнұр — Тоқыштың қызы
Ұрылар
Коммерсанттар
Дәрігерлер
Бірінші бөлім
Көрініс
Шаруа қожалығының көрінісі. Ескі вагонның шеті көрінеді. Оның алдында қисайған стол, ескі орындықтар, жұпыны заттар. Сахнаның бір шетінде - құрылыс материалдары. Әр түрлі шашылған заттар. Сахнада Нарықбай, Рамазан және Тоқыш.
Рамазан. Құдайшылығыңды айтшы, Тоқыш, кеше ғана кредитті жеңілдікпен беретін болса да, алмаймын деп тұр едің ғой. Енді келіп, мен нетем деп, өзің жармаса кеттің. Осының дұрыс па енді?
Тоқыш. Алдында өзімнің солай деп кеткенім... рас. Сосын үй ішімен, балалармен нетіп ақылдасып... Жалпы кредитсіз шаруаның жүруі қиын болып тұр. Анау тракторге не керек... запчасть керек, жанармай керек. Тұқым керек. Алған жерім әлі қоршалмай, онан кейін ол жатыр.
Рамазан: Немене осы керектердің бәрі маған керек емес пе екен? Мен жерді сенен кейін алдым, қожалықтың жұмысы не екенін енді ғана соған енді мына Нарықбай бақарымыз көмектесіп, нетіп жіберсе... жатырмын. Жеңілдікпен берілетін кредит алсам, шаруам жүріп-ақ кетер еді.
Тоқыш. Осыдан бар ғой, Рамазан, сол кредитті сен нетіп кетсең... сен алып кетсең... ол болмайды. Тура төбелесем, қашан нетпедің деме “Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін бет жыртыспайық” депті ғой ертедегі кісілер.
Нарықбай. Жеңілдікпен берілген күнде де бұның әуресі көп болып тұр. Біздің аудан әкімшілігі тек себеп қанамыз, әйтпесе барлық күш ана облыстағы банктің өзінде.
Алмагүл (сырт жаққа қарай елендей жүгіріп). Тоқыш, Тоқыш, машина дауысы естіледі. Ана құдалар кеп қалды ғой деймін. Әлде Айнұрым ба екен тойды ести салып, келе жатқан. Шіркін, Айнұрым жарық ете қалса ғой...
Нарықбай. Жарайды, жігіттер. Бұл ғой... біз құда күтіп отырған кезде айтылатын әңгіме емес. Әй, Рамазан. Әй, Тоқыш! Бір ауылдан өскен дос-жаран жігіттерсіңдер. Бет жыртыспай, дұрыстап шешейік. Кредитті біреуіңе әперсем, екіншісің ренжисіңдер. Та-ак. Алдымен, Тоқыш, сен мына үлкен міндетіңнен, құдаларыңнан жақсылап құтылып алшы өзі. Кредит мәселесін сосын көрерміз.
Алмагүл. Келетін уақыттары бағана болды. Бұлар қайда жүр екен, ә? Тіпті бар ғой, жүрегім лүпілдеп әкетіп барады. Ту-у, құдай-ай!
Рамазан. Алмагүл-ау, не болды сонша сасқалақтап? Келін алдым екен деп, жер табанға түсіп, жалпыетек бола берме. Құдалар да өзіміз сияқты адам ғой. Дастарханның бәрі даяр. Сойған қойларың да ірімшіктей семіз болып шықты. Осыдан бір ши шықса, мен мына жаман ағаңа сын. Осы бар ғой, тарбиған мұрнымды кесіп бере қояйын. (Машина даусы). Әне, келді! Жаңағы бөтелкелерің даяр ма? (Мойынындағы ескі модалы галстугін түзетіп, ышқырын көтеріп қояды. Шөлмек, ыдыстар салынған подносты ұстайды.)
Алмагүл. Рамазан, тұршы... қоя тұршы. Алдымен былай құшақтаспаймыз ба, төс қағыстырып? (Кеудесін жөндейді). Соны кейін қайтеміз?
Рамазан: Не істей қояйын деп едің?
Алмагүл: Сүйісетін шығармыз. Қалалықтар сүйіскенді жақсы көреді дейді ғой. Таста подносты, келіп қалды.
Рамазан (сасқалақтап). Ойбай, иә! Өй, қан жауғыр, бұл қалалық құда деген басқаша ғой.
(Сахнаға дабырласып, шуласып, бір топ адам шығады. Олар - Мырзабек, Майра, Ерлан, Ажар, Нұргүл және бір-екі адам. Ауылдың кісілері олпы-солпылау болса, сәнді киінгені -қалалықтар).
Келген кісілер. Ассалаумалейкум!
– Сәлеметсіздер ме?
– Добрый день!
– Қалайсыздар?
Рамазан, Тоқыш. Уағалейкум ассалам! (Асығып-аптығып, қонақтардың әрқайсысымен құшақтасады).
Нарықбай (ортаға шығып). Ал, құрметті құдалар! Міне, Тоқыш құданың да жеріне келдіңіздер, былайша айтқанда - фазендасы. Мына тұрған та-ак, (Рамазанды нұсқайды) құдаңыздың жақын жолдасы Рамазан. Тоқыштың көршісі. Бірақ жерді одан кейін жекешелендіріп алған.
Тоқыш. Нареке, енді мен нетейін... таныстырайын (келген кісілерді таныстыра бастайды). Мына кісі - Мырзабек Асылбекович. Біздің Ажар келіннің әкесі, ал мына кісі - келіннің несі... шешесі - Майра.
Нарықбай. Ой, Тоқыш-ау! Білем ғой... Өткенде тойда таныстық қой. Білем бұл кісілердің барлығын. Мына тұрған (жаңа үйленген жас жұбайларды нұсқайды) Ернар баламыз бен Ажар келініміз себепші болып тұр ғой осы жағдайдың барлығына. (Рамазан жаңағы подносты көтеріп келеді) Та-ак. Ал, құрметті құдалар, қадамдарыңызға гүл бітсін. Құдай бұйыртса, осы еншісіне тиген жердің игілігін Тоқыш құдаларыңыз ғана емес, өздеріңіз де бірігіп көрерсіздер әлі. Ал, қане, алып қояйық. Қане, тез-тез ұстаңыздар.
Тоқыш, Алмагүл. Алып қояйық. Жерге тастамаңыздар. (Кісілердің барлығы да дабырласып, бір-бірін қошеметтеп жатыр. Ішпей тартынған Майра құдағиды Нарықбай болмай отырып, алдыртып қояды. Сонан кейін өзі домбырамен ән бастайды).
Алмагүл. Ал құрметті құдаларым, ана жерде жаюлы тұрған дәмге қарай жүріңіздер. Қысылмаңыздар. Тойдан кейін жерімізді көрсетейік деп сіздерді қожалықтың басына әдейі шақырдық. Балаларымыз да осы жерде жұмыс істесе деп ойлаймыз. Ал, қанеки, жүріңіздер.
Майра (жан-жағына менсінбей қарап). Жұмыс істесе дейді? Менің Ажарам мұндай жерде қалай жұмыс істемек? Это вообще невозможно.
(Барлығы қонақтарды қаумалап сахнаның вагон тұрған шетіне қарай қозғалады. Рамазан домбырамен ән айтып бара жатыр).
Нұргүл. Апай, абыржымаңыз. Міне, біз де жүрміз ғой.
Майра. Сен кім боласың бұл үйге?
Нұргүл. Тоқыш ағаның ағасының қызымын. Осында келіп шаруаларына көмектесіп тұрам.
Көрініс
Қонақтардың дастарханнан тұрып, үзіліске шыққан сәті. Екеу-үшеуден дем алып жүр. Бір жақ шетте Рамазан, аудан әкімінің орынбасары Нарықбай, құда Мырзабек Асылбекович өздерінше бөлек сөйлесуде.
Рамазан (өзі әлгіндей емес, әжептәуір қызып қалған сияқты. Мырзабек құданы құшақтап тұрып, сөйлейді). Осы, құда, бар ғой... Әу, құда Мырзеке. Жалпы қазаққа жер алып, егін саламын деудің керегі жоқ екен.
Мырзабек. Е, неге, Реке?
Рамазан. Өйткені егін салу ежелден біздің маңдайымызға жазылмаған.
Мырзабек. Реке, неге олай деп айтасыз? Қазақтың қолынан келмейтін шаруа жоқ шындап кіріссе. Мысалы, біздің қалада қаншама адам бизнесмен болып кетті. Бастары істей алмағандар, әрине, төрт тағандап көтеріле алмай жүр.
Рамазан. Құрметті құда, мына мен ондай емес, басы істейтін қазақтың бірімін. Жерді мен сіздің құдаңыз Тоқыштан да бір-екі жыл кейің алдым. Шаруам әлі көтерілетін емес. Тегі қиналып қалдық. Осы Тоқыш құдаң шаруаның қара қыртысын айландырып жіберетін-ақ азамат. Ол да жылжыта алмай жатыр. Құр жерді алғаннан не пайда? Жерді игеру үшін көп нәрсе керек.
Мырзабек. Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, техникам бар, шаруам жүріп жатыр деп. Енді келіп былай дейсіз. Құдеке, сізді түсінбей тұрмын ғой мен.
Нарықбай. Та-ак. Мәселе былай ғой, құрметті құдамыз Мырзабек Асылбекович. Бұл кісілерде қажетті нәрсенің біразы бар. Та-ак. Жоқ деуге болмайды. Солай ғой, Рамазан аға?
Рамазан. Солайы солай енді.
Нарықбай. Бірақ жерді игере білудің өз мәнісі бар. Оған көп күш жұмсау керек. Мына Рамазан аға құсап жердің басына анда-санда бір келсең, шаруа қайдан жүрсін, әрине.
Рамазан. Нарықбай бауырым, сен - біздің бәріміздің бастығымызсың, аудан әкімінің дырдай орынбасарысың. Соған қарамай, мені жер басына келмейді дегің келіп тұр ма? Мен осы жаз шыққалы ат ізін суытқалы емеспін, жерімнің басына қонып қалып та жүрмін. Бірақ кейде еңбегің еш, тұзым сор бола ма деп қорқамын. Амал жоқ, жеңгеңнен ұялғасын ғана жер басына келген боламын.
Нарықбай. Та-ак! Ал келдіңіз дейік. Сонда не тындырып жүрсіз, айта қойыңызшы. Өткенде көрдім, жеріңіздің жартысы жыртылмапты да. Жыртқан жеріңе дұрыстап бидай да шықпаған. Ал бұл жақта су деген сарқырап жатыр ғой осы.
Рамазан. Тракторге запчасть, сайман жоғын өзің білесің. Дизель майының бағасын аспандатып, құтыртып жібергендерің мынау. Не көмектеспейсіңдер өздерің. Сонан кейін қазақ қайтіп егін ексін.
Нарықбай. Ой, Реке, сіз де айтады екенсіз. Көмектескенде мен барып суыңыздың құлағын байлап беруім керек пе? Ал жанармай мәселесі біздің қолымызда емес. Оны қымбаттатып жатқан - басқалар.
Мырзабек. Біздің қалада да жанармайдың бағасы аспандап тұр. (Осы кезде бұларға Тоқыш келіп қосылады).
Тоқыш. Әй, Мырзеке... Не... Құрметті құда, шаршап қалған жоқсыз ба? Кішкене нетсеңіздерші... отырсаңыздаршы.
Мырзабек. Ал, Тоқа, жеріңіз үлкен екен, неше гектар өзі?
Нарықбай. Мырзабек Асылбекович, бұл құдаңыз жалпы сен тимесең, мен тимен деп жүрген бадырақ көздің нағыз өзі, кәдімгі момын кісілердің тобынан. Өзіміз мына алқапты жекешелеп бермегенде бар ғой, тіпті осылай маңқиып жүре беретін түрі бар. Әйтеуір осы жер бұйырып, енді ғана шаруасын көтеремін бе деп тырбаңдап жатыр.
Мырзабек. Тоқа, жекешелендіру кезінде қолыңызға тиген тек жер ғана ма сонда?
Тоқыш. Жоқ, тағы бір бульдозер алдым.
Мырзабек. Бульдозер деймісіз? О, здорово! Осында тұрса, көрейікші өзін.
Тоқыш. Ой, құда, көрімдігін берсеңіз, біз қашады деймісіз. (Жабулы тұрған бір заттың жабуын көтеріп қалады. Астында трактордың бульдозері ғана жатыр. Бәрі айналып көре бастайды).
Мырзабек. Мынау бульдозері ғана ғой. Ал тракторы қайда?
Тоқыш. Тракторы басқа біреуде. Ал мынау менікі. Таза өзімдікі, тіпті ешкімнің несі жоқ... дауы жоқ.
Мырзабек. Сонда тракторы қайда бұның? Әлде тракторың біреу пайдаланып жүр ме?
Тоқыш. Жоғ-а... былай не ғой... Жекешеленген кезде маған тигені осы болды. Тракторын басқа адам алған.
Мырзабек. Түсінсем, бұйырмасын. Мына құдамыз не деп тұр өзі?
Рамазан. Сөздің қысқасы былай ғой, Мырзеке. Кеңшар басшылары үш адамға бір трактор берді жекешелендіріп алыңдар деп. Сосын үшеуі тракторды өздері келісіп, бөліспей ме. Сол кезде оның бульдозері, яғни, мына күрегі сіздің құдаңыз Тоқышқа тиіпті ғой.
Мырзабек. Қойыңызшы, сондай да бола ма екен? Қалжыңдап тұрған шығарсыз әшейін (барлығы да қарқылдап күледі).
Рамазан. Естімеген - елде көп, есек мінген - сартта көп деген осы.
Нарықбай. Бульдозерді қойшы, бульдозер деген әшейін. Бұл техниканы үшеуі бірдеме қып бөліп алды ғой ақыры. Енді осы тұрған көрші фермерлеріңіз кредитті бөлісе алмай, әуреге түсуде.
Мырзабек. Қайдағы кредит?
Нарықбай. Кәдімгі банктің беретін кредиті ше? Несие дейміз ғой. Үкіметтің қаулысы бойынша, Агропромбанк ауыл шаруашылығымен және ауыл шаруашылығы өнімдерімен айналысатын азаматтарға жеңілдікпен кредит беретін болды емес пе. Сондай льготный кредитті осы Рамазан аға мен Тоқыш екеуі бөлісе алмай жүр.
Мырзабек (елең ете қалды). Не дейт? Жеңілдікпен берілетін кредит пе?
Нарықбай. Арнайы жеңілдікпен бөлінген кредитті. Қолдан жіберіп алуға болмайды. Сондықтан ол кредитті қалайда осы екі кісінің біреуі алуы тиіс.
Тоқыш. Иә, иә. Нарекеңдер сөйтіп бір ниет етіп отыр... азаматтық жасап отыр. Көріп тұрсыз, Мырзабек құда (айналасын көрсетіп). Мұнша жерді ақшасыз қалай нетеміз... игереміз? Алдымен қолда бар техникаға сайман алу керек. Картоптың тұқымын алу керек. Жоңышқа мен жүгерінің тұқымын алсам деп нетіп отырмын. Қыруар жанармай керек. Қойшы, әйтеуір кредит дегеніз маған былай керек болып тұр ғой (саусағымен кеңірдегін орып көрсетеді).
Рамазан. Әй, Тоқыш, емшек те сатулы заман емес пе? Сол кредитің маған жетпесе бар ғой...
Тоқыш. Иә, немене?
Рамазан. Қасықтағы суға қақалып, аяқты суға ағып өлер едім. (Алмагүл шығады).
Алмагүл. Ал, құда, жүріңіз. Нареке, құданы ертіп жүріңізші. Біз енді айдалада қарға тұяқ болып шаруа баққан адамдармыз ғой. Қалалық кісілердің көңілін таба алмай қалсақ, ұят тағы. Нареке, осы кісілердің тілін бір білсе, сіз біледі ғой деп, бір жағы әдейі шақырдық емес пе өзіңізді.
Тоқыш. Ал жүріңіздер. Ет пісіп қалды-ау деймін.
Мырзабек. Тоқыш құда, Рамазан құда. Біз Нарекең екеуіміз былай қарай барып келейік. Сіздер дастарханды реттей беріңіздер.
Тоқыш. Ой, Мырзеке, сіздерді қалай екеуден екеу жалғыз жібереміз? Бұл маңайда ел жоқ, иен жер ғой. Қастарыңызда біреуіміз тұрайық.
Мырзабек. Ой, құда-ау, сомадай-сомадай екі еркекке тисе алатын әйел затын болса, көріп алдық. Біз, құдеке, қыз-қырқыннан қорықпаймыз. (Нарықбайды білегінен ұстап, оңашалай береді). Нарықбай Әлібекович! Біз сияқты қалада да бизнесмен болу оңай емес. Бірақ әйтеуір Майра екеуіміз оборотты жүргізіп жатырмыз. Мына заманда өзіңнің жеке ісің болған жақсы екен.
Нарықбай. Иә, иә, ол не дегеніңіз, Мырзабек Асылбекович? Сіздер енді крутой бизнесменсіздер ғой. Қолдарыңыз да ұзын.
Мырзабек. Әне, өзіңіз де түсініп отырсыз. Қысқасы, біздің залогке қоятын жылжымайтын мүлкіміз де, оборотты жүргізетін жағдайымыз да бар. Сөздің қысқасы, Нарықбай Әлібекович. Жаңағыны деймін де... (Жан-жағына ұрлана қарап) жаңағы кредитті жұрттың басын қатырмай, мына Майра екеуімізге алып бере қойсаңыздар... Еңбектеріңізді жемейміз.
Нарықбай (шошып кетіп, Мырзабектің қолын итеріп жібереді). Не дейт?! Сіз не айтып отырсыз, Мырзабек Асылбекович? Ол біздің ауданға бөлінген кредит қой. Аргопромбанк беретін целевой кредит. Оны басқадай бөтен ешкімге беруге болмайды.
Мырзабек. Ой, Нарықбай Әлібекович, бүгінгі заманда болмайтын нәрсе бар ма? Ай, ай... қағаз бойынша бәрін оформить етуге болады. Біз де қалада талайды көрген бизнесменбіз. Бәрін түсінемін. Қалайда алып беріңіз. (Тағы да сыбырлап). Мен мыналар сияқты жалаңаяқ емеспін. Сізді де ренжітпейміз, өз доляңызды аласыз.
Нарықбай. Мырзабек Асылбекович, мен сізді... түсінсем, бұйырмасын. Тіпті ретін тауып, алып бердік дейік. Бірақ жаңа өзіңіз естідіңіз, кредитті туған құдаңыз, бүгін бізді қонақ қылып отырған Тоқышқа береміз бе деп отыр емеспіз бе?
Тоқыш (алыстан). Мырзеке, құда! Нареке! Келіңіздер, тамақ нетіп... қалатын болды.
Мырзабек (айқайлап). Қазір, қазір, сәл шыдаңыздар. (Дауысын бәсеңдетіп). Ой, Нарықбай Әлібекович. Бұл ауылдың адамдарының жағдайы белгілі ғой. Жаңа естіп отырмыз, Рамазан айтты. Ештеңе көрмеген колхозниктер ақша жасаудың жөнін қайдан білсін. Қоятын залогтері де жоқ. Найқалып жүргендері мынау асықпай. Шалғай ауданнан банкке залог қоя алмайсың. Короче, мына кісілер ол кредитті ала алмайды. Алса, қайтара алмайды. Көр де тұрыңыз, құдам болса да, айтайын. Түрлерінен көрініп тұр ғой.
Нарықбай. Дегенімен, туған құдаңыздың кредитін алып, сыбағасына жармасқан қалай болар екен? Адамгершілік мәселесі дегендей...
(Осы кезде Мырзабектің қойынындағы ұялы телефон шылдырлайды)
Мырзабек. Кешіріңіз, Нарықбай Әлібекович (телефонмен сөйлеседі). Алло, алло! Алик, сенсің бе? Жағдайың қалай, балам? Иә, иә... Эмиратқа жүремін деймісің? Біз келгенше тоқтай тұр. Иә, білем, ол жақта джип арзан. Біздің жағдайымыз ба? Енді ауыл ғой. Иә, колхозниктер. Бұларда - әлі каменный век. Мамаң шыдай алмай, әрең жүр. Шыбын, кір дегендей... Ауырып қалды. Өзіміз де уже әбден біттік ауылбайский болып... короче, мамбетский вариант... қалғанын барғасын ай-тамын. Иә, иә... Виллиді уақытында қыдыртып жүрсіңдер ме? Жақсы... О, кей!... (сөйлесіп болады) Кешіріңіз, Нарықбай Әлібекович! Үлкен ұлым, ғой. Шетелге жүргелі жатыр екен. Қашан келесіздер дейді.
Нарықбай. Ал жаңағы Вилли деген немереңіз бе?
Мырзабек. Жоқ, ол сондай асыл тұқымды жан. Өте сүйкімді. Бәріміз де жақсы көреміз оны.
Нарықбай. Әлде шетелдік жақындарыңыз ба? Аты шетелдікі сияқты.
Мырзабек. Иә, иә, шетелдік жақынымыз. Қайдан біліп қойдыңыз оны? Білесіз бе, көрсеңіз, өзіңіз де жақсы көріп кетесіз. Вилли деген - шотландиялық овчарка - колли. Небәрі екі жаста. Керемет сүйкімді ит. Тіпті ит деуге ауыз бармайды.
Нарықбай. А-а, солай ма?
Мырзабек. (Ұялы телефонын қайта тығып). Сонымен қалай, Нарықбай Әлібекович? Кредит жөнінде келістік қой (сыбырлап). Сіз алдымен өз интересіңізді ойласаңызшы... қайтесіз басқасын.
Нарықбай. Буынсыз жерге пышақ ұрдыңыз-ау. Тіпті дәл қазір білмей қалдым.
Мырзабек. Былай ғой, Нарықбай Әлібекович... Документтерін сіз болып, біз болып оформить етерміз. Бірақ (жан-жағына ұрлана қарап қояды) сіздің доляңызды... (Бұлардың қасына Нұргүл келеді).
Нұргүл. Ағалар, тәтем піскен астың күйігі жаман дейді. Тамаққа жүрсін деп жатыр.
Мырзабек. Нарықбай Әлібекович, келістік қой, әкел қолыңызды. Тек үндемеңіз (екеуі қол алысады).
Көрініс
Сол көрініс. Қонақтар тараған. Сахнада күнделікті шаруа қамымен жүрген Тоқыш пен Алмагүл.
Тоқыш. Ой, бәйбішем, сен әбден неттің... маладес, жарадың. Қалалық қонақтардың көңілінен шықтың. Бәрі риза болып кетті. Құдаларымыздың қалалық болғаны қандай не болды... Абырой болды деймін де. Енді Тоқышекең танауын аспанға нетіп қойып, шалқып жүрмей ме.
Алмагүл. Танауыңды көтерем деп, тасқа тигізіп алма.
Тоқыш. Е, неге, Алмагүл? Маған кім көлденең тұрады? Менің құдамның не екені өтірік пе?
Алмагүл. Әңгіме онда емес. Тойдан кейін бәрін тауысып, тақырға отырып қалған жоқпыз ба? Оның үстіне Ерланың - анау, бір жағымызға шығысып, септесе ме деген. Келіннің соңынан қалаға кетем деп қиғылықты салып отыр. Қалада бір Айнұрдың жүргені аздай. Айналдырған екі баланың екеуі де қалашыл болып алды.
Тоқыш. Е, немене, балаларың қалада тұрса, жаман ба? Барам десе, барсын. Сосын өзің де арттарынан барып жүріп, нағыз городской бәйбіше болып кетерсің.
Алмагүл. Әй, бар кесел ана құдағида болып тұр ғой... “Ой, ужас, менің қызым осындай дикий обстановкада қалай тұрады” деп шошынып тұр ғой. Оның шошынғанына қарап, мен шошыдым. Енді екеуден екеу сопиған басымыз.
Тоқыш. Айттым саған кезінде. Тағы бір бала нетейік деп. Екеуден екеу дейді ғой.
Алмагүл. Алла бермесе, қайтеміз.
(Осы кезде дабырлай сөйлесіп екі-үш жас жігіт келеді. Олар Арқабай Арқар, Бақытхан және бір-екеуі).
Арқабай. Фермер мырзаға привет! Как дела, старина? Келін құтты болсын (Тоқыштың қолын алып, сілкілеп амандасады).
Бақытхан. Сәлеметсіз бе, Тоқыш аға? Алмагүл жеңгей, амансыз ба?
Тоқыш. Әй Арқабай, Бақытхан, өзіміздің центрдің жігіттері келіп қалыпты ғой. Ал нетіңдер. Қазір тойдың сарқытын ішеміз. Ал, Алмагүл, мына ұлдар келгенде қарап тұрма. Дастарханыңды нетіп, жібер.
Алмагүл (өзімен-өзі сөйлеп). Мынау қағынған Арқабай жынды қайдан келе қалып еді? Жүрген жерінен шөп шықпайтын қу. Неде болса кеңірдегі қышып келген неме ғой. (Дастархан ыңғайлауға кіріседі)
Арқабай (қасындағы жігітті жұлқылап). Өй, Бақытхан, неғып сызылып тұрсың “Сәлеметсіз бе” деп. Осы үйдің жаңа түскен келіні сен бе едің? Қане, давай, отыр.
Тоқыш: Ана Нұргүлді неге нетпейсің... шақырмайсың? Саған көмектессін де.
Арқабай (елең ете қалып). Нұргүл дейді? Әй, бұл айдалада қыз да бар екен ғой. Ол қай Нұргүл, ей?
(Нұргүл шығады. Жігіттер онымен жарыса амандасып жатыр. Нұргүл Арқабай мен Бақытханға кезек жалтақтап, сасқалақтап қалады).
Бақытхан. Нұргүл, сен осында екенсің ғой.
Арқабай. (Нұргүлдің қасына барып, күштеп бетінен сүйеді). Гуль, мен бұл жерге сен үшін келдім. Естідім сенің осында екеніңді. Сен үшін үлкен сюрприз жасайын деп ойладым. Қазір сені алып кетемін.
(Барлығы дастархан басына жайғасады. Бәрін билеп-төстеп жүрген - Арқабай). Ал, қане, алып қояйық. Тоқыш аға, бері қараңыз, Тоқыш аға.
Тоқыш. Өй, әкем-ау, қарап тұрмын ғой. Иә, иә, нете бер.
Арқабай. Короче, біз - сенің інілеріңбіз. Тек іні ғана емес, аудандағы крышаларыңыз да біз боламыз. Оны өзің білесің. Егер бір қыртыңбайлар келіп, бірдеме дейтін болса, дереу маған айт. Сирағын суырып алып, кеңірдек жасаймын. Ал, қане, кеттік (ішіп қояды. Қасындағы Бақытханды түртіп). Әй, Бах, неғып аузыңды ашып отырсың? Немене, бұрын-соңды қыз көрмеп пе едің? Ал, давай, өлең айтамыз (орысшалап бір әнді ортасынан бастайды).
Тоқыш. Жігіттер, тамақ ала отырыңдар.
(Жұрттан көздерін ала беріп, Бақытхан мен Нұргүл бір-біріне қарап қояды. Сәлден кейін екеуі оңашаланып, сыпайы ғана сөйлесіп тұрады. Сахнаға қол ұстасып, керіліп созылып, жаңа үйленген жастар Ерлан мен Ажара шығады. Келгендер олармен мәрсе-сәре болып амандасып жатыр).
Тоқыш. Міне, балалар да нетті. Ерлан, келінді ертіп, дастарханға келіңдер.
Арқабай. Тоқа, келініңіз өзі еркелеу ме, қалай өзі? Енесін жүгіртіп қойып, жаңа тұрып жатыр ғой. Вот, это да-а! Түсінікті. Медовый месяц дейсіз ғой. (Рахаттанып айқайлап, өлеңдетіп жібереді).
Ерлан. (Арқабайға қарап). Арқар, Аркаша, Ақжарға қашан қайтасыңдар?
Арқабай. Короче, ол сенің көкеңе байланысты. Егер ол кісі шашлық жасап берсе, қалып қоюымыз да мүмкін.
Ерлан. Біз сендермен ілесе кетейік деп едік.
Арқабай (даусын көтеріп Бақытханға). Әй, Баха, Бақытхан! Сен неғып жабысып қалдың? Байқа! Таяқ жеп қалып жүрме менен (жұдырығын көрсетеді). Иә, Ерланчик. Сендер неге кетесіңдер? Мына ферманың жұмысын сонда кім істейді?.
Алмагүл. Ей, Арқабай ферма дейсің-ау. Фермаңа қарайық деп тұрған екеуін байқамадым. Ақай жоқ, ноқай жоқ, аяқ астынан қала дегенді шығарып алды. Енді осындағы қыруар жұмысты кім істейді, білмеймін. Шал екеуіміз жалғыз қалатын болдық. Білмеймін, ана Айнұрды қаладан қалай қайтармыз деп жүргенде... мына балалар тағы уайымға уайым жамай ма, қайдам? Айтпақшы, Ерлан, Айнұрға тағы телеграмма салуды ұмытпа.
Арқабай. Солай ма, Алмагүл жеңгей? Молодожендар городской боламыз дей ме? Пускай, барсын. Неге ұстайсыздар? Ауылда не қалды? Давай, Ерланчик, алып кетеміз. Тем более, Ажарға обал ғой мынадай күл-қоқырдың ортасында. Өзі мынадай сұлу болса, өзі городской келін болса...
Алмагүл. Арқабай бауырым, бұл жастарға басу айта ма десем, сендағы... Керісінше жел беріп, желіктіріп жібергенің не? Енді мұндағы жұмысты кім істейді?
Арқабай (Алмагүлді барып құшақтайды). Жеңеше, саспаңыз. Мен сізге дыңдай жұмысшы тауып беремін. Өзі жас, бірақ мас емес. Өзі спортсмен, бірақ комсомол емес. Еще керек болса, қалтасында су жаңа дипломы тағы бар. Жұмыс десе, ішкен асын ғана емес... құшақтаған қызын жерге қояды.
Тоқыш. Өзі әйтеуір былай дұрыс адам ба? Жұмыстан шаршамай ма?
Арқабай. Шаршамайды. (Бақытханға айғайлап) Әй, Баха, бері кел. Давай, бас аяғыңды. (Бақытхан қастарына келеді). Қалай, Тоқа, менің кадрым ұнай ма сендерге? Мен осы үйде жастардың бәрін, в том числе, Нұргүлді де алып кетемін. Үшеуінің жұмысын енді Баха жалғыз өзі-ақ атқарады. Есесіне бір-ақ адамның тамағын ішеді.
Алмагүл. Нұргүлді сонда неге алып кетем дейсің?
Арқабай. Не үшін әкетем, ол - менің шаруам. Қасқыр мен елікті бір жерге қалдыруға болмайды. Нұргүлді мен алып кетіп, күйеуге беремін.
Алмагүл. Елігің ім, қасқырың кім?
Арқабай. Елік деген - мына Нұргүл.
Алмагүл. Осы жындының қалжыңы қайсы, шыны қайсы, адам айырып болмайды.
Арқабай. Нұргүлді мен алып кетіп, күйеуге беремін. Қайдағы күйеу? Нұргүлдей қайын сіңілімді мен саған қалай тапсырамын? Жел жағынан кісі жүргізбей, аялап отыр емеспін бе?
Тоқыш. Ой, Алмагүл, Арқабайға нетпегенде, кімге нетесің? Ол бәріміздің неміз ғой әлгі... крышамыз. Арқабай, сен білесің ғой Нұргүлдің менің немере қарындасым екендігін. Сондықтан оны да нетіп, крыша болып жүрерсің.
Арқабай. Какой разговор? Онда біздің ісіміздің алға жүргені үшін алып қояйық. (Бәрі рюмка соғыстырады. Тек Тоқыш екеуі ғана ішеді. Музыка ойнайды. Арқабай тұрып, Нұргүлді оңашалайды. Тоқыш пен Бақытхан бір бөлек сөйлесіп тұр).
Бақытхан. (Тоқышқа). Аға, шын айтам, қатты қиналып кеттім. Жаңа ана Архар (Арқабайды нұсқайды) да айтты ғой. Жұмысшы керек болса, мен дайынмын. Қандай жұмыстан болса да қашпаймын, аға. Тіпті мына жерді қопарып, қамыс шап десеңіз де. Мына жатқан қоқыстарды тасы десеңіз де.
Тоқыш. Ойбай, Бақытхан-ау, бұның қалай? Құдайға шүкір, университет нетті деген жап-жақсы диплом алыпсың, мамандығың да күшті екен. Енді сонымен былай ... нетпейсің бе?
Бақытхан. Қалай дейсіз, Тоқыш аға?
Тоқыш. Енді мамандығың қандай дедің өзің?
Бақытхан. Енді мен агроуниверситетті бітіріп келіп отырмын ғой. Селекционер-агрономмын.
Тоқыш. Әне, қарашы, қандай күшті. Агроном деген табылмайды емес пе? Селекц дейсің бе, енді ол не өзі?.. Әйтеуір не мамандық қой.
Бақытхан. Міне, бір жыл болды бармаған жерім жоқ. Совхоздардың бәрі тарап кеткен баяғыда. Жеке шаруашылықтарға агроном керегі жоқ, бұрынғы мамандардың өзі қаңғып жүр дейді.
Тоқыш. Иә, иә... Мына кім... Өй, әлгі өзіміздің кім бар емес пе? Рамазан ше, Рамазан ағаң. Көп жылдар ана неде... фермада агроном болды. Қазір фермер.
Бақытхан. Аға, әке-шешемді білесіз. Мені енді бір жерге... Бірдеме қылыңызшы. Маған басқа ештеңе керек емес, тек жұмыс болса болғаны. Елден де әбден ұят болды.
Тоқыш. Апыр-ай, ә?.. Қиын болды ғой. Өзің былай... Әлгі не... Тәп-тәуір баласың. Ешкімде нең жоқ, өзіңмен-өзің жүресің. Қайтсем екен сені? Әлі өзіміздің жұмыс дұрыс басталмай жатыр. Жерді алуын алдық та, былай дұрыстап нете алмай жатырмыз... Енді құдай бұйыртса, кешегі кісілерден бірдеме нетіп отырмыз.
Бақытхан. Не күтіп отырмыз дейсіз, Тоқыш аға?
Тоқыш. Кеше осында жаңа құдаларымды да осында неттім ғой. Солармен бірге аудандағы ана кімді... Нарықбай деген ағаңды шақырғанмын. Өйткені ол кісі маған кредит нетіп бермекші. Әлгі Рамазан ағаң екеуіміз таласып қалған кредитті.
Бақытхан. Аудан әкімінің орынбасары Нарықбай ағаны айтасыз ба?
Тоқыш. Иә, сол. Енді құдай бұйыртып, сол кісі көмектесіп жіберсе, онда бітті, шаруамыз дөңгеленіп жүре береді. Мүмкін, сол кезде мына елу гектар жерге түгел картоп егемін. Немесе жүгері саламын. Сонда тіпті маған агроном да керек болып қалар, кім біледі.
Бақытхан. Ой, Тоқыш аға-ай! Оныңыз ұзақ әңгіме ғой. Оған дейін де бір жерге ілігіп, жұмыс істей берейінші.
Тоқыш. Қайдан білейін, саған төлей қоятын ақшам да жоқ қазір.
Бақытхан. Жұмыс берсеңіз, ақшаны бірігіп жасамаймыз ба?
Тоқыш. Қайдан білейін, мына Ерлан жаңа түскен келінді нетіп... қалаға кетемін деп ол жүр. Тіпті астарынан су шыққандай. Ана үлкен қызымыз Айнұр да қаладан қайтар емес. Анда-санда мал нетіп...сатып, соларға пұл жіберіп, әйтеуір...
Бақытхан. Ой, аға, (осы кезде Арқабай Нұргүлді бетінен сүйіп, екеуінің қастарына келеді) аға, сол Ерлан істейтін жұмысты мен-ақ істей берейін. Сөйтіп сіз екеуіміз...
Арқабай (Бақытханды итеріп қалып). Не, сен әлі Тоқыш ағаның басын қатырып тұрсың ба? Ты же человек с дипломом. Былжырамай, былай тұршы өзің (Тоқышты қолтығынан ұстап, оңашалап алып шығады). Тоқыш аға, бұл Бақытхан деген - бір жуас жігіт. Айтқаныңыздан шықпайды. Құл ғып жұмсайсыз, неңіз кетіп барады.
(Музыка. Тоқыш ойланып қалған)
ШЫМЫЛДЫҚ
КӨРІНІС
Осы көрініс. Түн. Тек бір жақ шеттегі қоқыстар жоқ. Вагон жаңадан сырланған. Оның маңдайына “Айнұр” шаруа қожалығы” деп жазылған. Тоқыш пен Алмагүл жұмыс киімдерін енді шешіп, жүр.
Алмагүл. Ана картошканы биыл бекер еккен екенбіз. Ана бір ала қоңыздар қаптап, түгін қояр емес. Мінтелеп шетінен тере берейін деп ойлағам, қайда-а... Не қылған жалмауыздар десеңші.
Тоқыш. Қоңызды қайтесің, бәйбіше? Оның ана әлгі қара шегірткеден жаман деймісің. Мына Шорға жақтағы жұрттың егінін қара шегіртке нетіп барады дейді. Тәубә, біздің жақта әзірше онша емес... көп емес. Егінді биыл аз салғанымыз сондай жақсы болар ма?
Алмагүл. Ана кредиттен не хабар? Қолымызға кішкене ақша тисе, солярка да алар едік, сайман да алар едік. Сосын мына қоңызға қарсы дәрі алар едік.
Тоқыш. Шегірткені құртатын да дәрі алар едік. Малға жем-шөпті де мол етіп нетіп алғанға не жетсін.
Алмагүл. Әй, сол шегірткеңе қарсы дәрі болса, өкімет өз жағындағы шегірткелерді алдымен құртып алмас па? Осы соған қарсы дәрі жоқ-ау деймін. Ауданға барып, әлгі Нарықбай құрдасыңнан кредиттің жайын білмедің бе? Әйтпесе өстіп қашпаған сиырдың уызына жерік болып отыра бермекпіз бе?
Тоқыш. Ой, ауданға барып-қайту үшін бір күн уақытың кетеді. Барған кезде Нарекең орнында бола қойса жақсы (күрекке сүйеніп, қиялданып). Шіркін-ай, өткендегі құдамыздың қалтасындағы сияқты телефонымыз болса ғой. Бүйтіп әлгі бетіндегі түймелерін нетіп жіберіп, “Әллө” дер едім. “Әллө, Нареке, әлгі кредит қашан? Жиын-терін уақыты нетіп келеді. Әлгі тездетіп бере қойыңызшы” дер едім. Шіркін-ай, қандай керемет! Осынау шалғайда отырып, сонау жер түбіндегі Өскеменмен нете береді екен. Тіпті күн жоқ, түн жоқ, қандай керемет нәрсе, ей!
Алмагүл. Ал, кетті тағы қиялданып. Ой, Тоқыш-ау, ондай телефонды қойып, осы жерге әлгі жай телефонды тартып алудың өзі мұң болып тұрған жоқ па. Телефон болса, алдымен Айнұрыммен сөйлесіп тұрар едім ғой.
Тоқыш. Тіпті рация болса да жаман болмас еді. Баяғыда совхоз неткен кезде конторда рация тұрушы еді. “Жекешеленуге не аласың” дегенде “бір рация аламын” демеген екенмін.
(Осы кезде жалп етіп жарық сөніп қалады. Сахна тастай қараңғы. Аспанда бірен-саран жұлдыздар ғана жылтылдайды).
Алмагүлдің даусы. Ойбай, көтек! Мынасы құрғыр тағы сөніп қалды ма? Кешке қарай өстіп жалп етіп сөнуді қашан қояр екен?
Тоқыштың даусы. Алмагүл, әй, Алмагүл қайдасың? Қайдасың деймін. Дыбыс берсеңші былай, нетіп...
Алмагүлдің даусы. Не болды сонша қақылдап? Қараңғыда қасқыр жейді деп пе едің? Әлгі Бақытхан малды қоралап болды ма екен?
Тоқыштың даусы. Иә, айтпақшы. Мен барып көмектесейін, сен сіріңкеңді тауып, шамды нете бер. Бақытхан малға ие бола алмай жүрер. (Әлдене салдыр-гүлдір етіп, біреудің гүрс етіп құлап түскені сезіледі).
Алмагүлдің даусы. Ойбай, көтек! Тағы не болды? Кім, ей, мынау?
Тоқыш (ыңырсып). Ой, ой! Әй, қаңғыртқан құдай-ай! Бір нәрсеге шалынып, ұшып түскенім. Қазір-қазір нетем... (ыңқылдайды)
(Сол кезде қараңғыдан әлдекімнің сүлдесі көрінеді. Оның тысырлаған дыбысын естіп, Алмагүлдің шошынған даусы шығады).
Алмагүлдің даусы. Ойбай, Тоқыш, мына жерде біреу тұр. Ойбай!
Тоқыштың даусы (ыңырсып). Не-е... не-е дейді? Кім дейсің?
Алмагүлдің даусы. Мынау кім, ойбай? Ұры ма? Әй, албасты, кет былай! Әйтпесе атамын. Кет!
(Қараңғыдағы сүлде ақырын басып, шамның қасына жақындайды. Алмагүл айғайлап шегінеді).
Сүлденің даусы. Бұ-бұ-бұл... м-м-менмін ғой.
Тоқыштың даусы. Кім-м?!
(Сүлде керосин шамды көтеріп, өзінің бетіне жақындатады. Бұл - Бақытхан. Аузын басып алған).
Алмагүл. Бақытхан, бұл сенбісің? Саған не болған? (Жүгіріп Бақытханның қасына келеді). Өй, Бақытхан-ау, мынауың не? Бетің қан ғой. (Бақытханды отырғызып, ем-дом жасай бастайды. Осы кезде Тоқыш та сүйретіліп, бұлардың қасына жақындайды).
Тоқыш. Бақытхан, сен немене? Сен де кәтелге сүрініп құладың ба? Лай таситын кәтелге нетіп жығылғаным.
Алмагүл. Е, Қожанасыр. Бағанадан бері аттандап жүргенің кәтел ме еді? “Бітісі жаман жігітті түйе үстінен ит қабар” деген. Мен тіпті бірдеме болып қалды ма десем... мына Бақытханның аузынан қан кетіпті. Сөйлей алмай тұрғаны сондықтан. Қараңғыда біреу ұрып жібергеннен сау ма? (Осы кезде жалп етіп жарық жанады. Тұрғандар бір-біріне қарайды. Тоқыш пен Алмагүл күңкілдесіп сөйлесе жүріп, Бақытханның бетін жуады).
Бақытхан (еңсесін көтеріп). Жаңа... жаңа мал қоралап жатқанымда... Свет жалп етіп сөне қалды. Сонан сиырлардың арасымен қоршаудан шыға бергем. Аузыма бірдеңе сақ ете қалды. Ұшып түстім. Сиыр басын шайқап жіберсе керек. Мен барып қораның есігін бекітіп келейін (кетеді).
Алмагүл. Ойпыр-ай десеңші! Қайта құдай сақтаған. Мүйізі көзіңе тисе, қайтер едің?
(Осы кезде иттің үргені естіледі. Біреулердің даудырлаған сарыны құлаққа шалынады).
Алмагүл. Тыңдаңдаршы, шынында да біреулер келе жатыр. Рамазан аға шығар. Бағана кешке шай ішіп қайтамын деп тұр еді. (Осы кезде тағы да жалп етіп жарық сөніп қалады. Керосин шам ғана маңайға күңгірт сәуле түсіріп тұр). Әй, кімсіңдер? (Кенет шабаланып тұрған иттің қаңқылдағаны естіледі. Әлдекімдер қараңғыдан шыға келіп, отырғандарға тарпа бас салады. Алыс-жұлыс. Алмагүлдің бақырған даусы).
Маскалы адам. Тездетіңдер! Үйде басқа адам жоқ па екен? Шапшаң қарап шығыңдар! (Біреулер сахнаның о жақ, бұ жағына қараңдап жүгіріп жүр). Тез мал қораға барыңдар. Так, мұнда бір еркек байлаулы. Мына қатынның аузын жабыңдар бажылдатпай.
Бөтен дауыс. Бұл өзі қатын емес, қыз сияқты. Денесі былай нәзіктеу көрінеді.
Маскалы адам. Ендеше бұны сен қарай тұр. Ал сен екеуің мыналарды сүйреп апарып, осы байлаулы күйінде вагонға қамап тастаңдар. Мен де мал жаққа кеттім. (Кетеді. Байлаулы жатқанды Тоқышты біреулер дырылдатып вагон жаққа сүйрелейді. Сахнада байлаулы әйел мен тонаушылардың бірі қалады).
Бірінші тонаушы (Әйелмен алысып жатып). Денесінің ыстығын қарашы! Тыпырлама деймін. Ештеңе етпейді. Саған да, маған да жақсы болады. Қане, қане! (Осы кезде вагондағы тонаушылар шығады).
Екінші тонаушы. Әй, Чурбан, сен не істеп жатырсың?
Бірінші тонаушы. Үндеме, Жарымес! Саған да кезек беремін. Қазір (алыс-жұлыс тоқтамайды. Осы кезде бұлардың қасына маскалы адам жүгіріп келеді)
Маскалы адам. Әй, мынау не қылған алыс? А, ну-ка, заразы, тұрыңдар!
Бірінші тонаушы. Шеф, ұрыспаңызшы! Мына бір қызды былай нетіп... Ақыры ешкім жоқ. Оформить етіп кетейік деп едік. (Маскалы адам Алмагүлдің бетіне қол шамның жарығын түсіреді).
Маскалы адам. А, ну-ка, встать! Немене, өле алмай жүрсіңдер ме? Мұның қай статьяға жататынын білесіңдер ме? Оңбаған Чурбан, қыз бен қатынды ажырата алмай, сені не қара басты?
Чурбан. Не, қатын деймісің?
Маскалы адам. Мынауың кәдімгі салпы етек, сарықарын қатынның өзі. Ну, кәдімгі балпыаяқ колхозница.
Чурбан. Қайдан білейін, денесі ып-ыстық. Әрі тіпті жұмсақ сияқты.
Маскалы адам. Чурбан десе, Чурбансың. Қатын мен қызды ажырата алмаған иісалмас. Давай, айналаны тінтіңдер. Алатын тағы бірдеме болса, алып кетейік. (Әйелді тастай салып, үшеуі қараңғыда тіміскілеп жүреді. Осы кезде қора жақтан біреудің көлеңкесі көрінеді. Қолында ұзын сырық. Үндемей келіп, тонаушылардың біреуін қақ басынан салып жібереді. Қараңғыдағы төбелес көріністері. Біреу жалп етіп құлап түседі де, адамдар аяғының сарыны алыстай береді. Тыныштық орнаған. Иттің әлсіз үргені ғана естіліп тұр. Сәлден кейін құлаған адам көтеріліп, теңселе басып жарыққа жақындайды. Бұл - Бақытхан)
Бақытхан. Апай, апай, тірісіз бе? (Еңкейіп Алмагүлдің аузындағы скотчты алады да, қолын шешеді).
Алмагүл (ауырсынып). Ой, ой!
Бақытхан. Қазір, қазір, сәл шыдаңыз. (Алмагүлдің қолын шешеді).
Алмагүл. Ойбай-ай, ойбай!... қалдық қой... сорлап қалдық қой. Әлгі ағаң аман ба?
Бақытхан. Ол қайда еді?
Алмагүл. Вагонды қарашы.
Бақытхан. (вагонға қарай жүгіріп кетеді. Алмагүл теңселіп орнынан тұрады. Түрі үрейлі. Қолына түскен бір нәрсені алып, бұрышқа барып тығылады. Осы кезде Тоқышты сүйемелдеп, Бақытхан да вагоннан шыға береді. Музыка).
ШЫМЫЛДЫҚ
КӨРІНІС
Сол көрініс. Күндізгі уақыт. Сахнаның бір жақ шетінде, авансценада Бақытхан мен Нұргүл.
Нұргүл (қинала басын шайқап). Білмеймін, Бақытхан, білмеймін... дәл қазір ештеңе айта алмаймын.
Бақытхан (Нұргүлге ұмтыла түсіп). Қалайша, Нұргүл? Өткенде ғана өзіңнен басқа адам керек емес дегенің қайда? Есіңде ме? Екеуіміз ауылдың шетінде қыдырып жүрген кезімізде ше? “Тек сені ғана сүйемін” дегенсің. Нұргүл, айтшы, есіңде ме сол сөзің?! (Нұргүл үндемейді. Бақытхан оны жұлқылай сөйлейді). Айтшы, не болды саған? Сен үндемеген сайын менің жүрегім бір түрлі болып барады. Сен қалайша түсінбейсің?.. Міне, қанша уақыт болды екеуіміздің осылайша жақсы болып жүргенімізге? Айтшы... (Нұргүл қашқақтайды). Сен менің көз алдыма өзгеріп бара жатқандайсың, Нұргүл. Сол бір пәк сезімдеріміз қайда? Тыңдашы менің жүрегімді (Нұргүлдің қолын ұстап, өзінің жүрегіне басады. Осы кезде қыз жұлқынып қалып, бір жақ шетке қашып шығады).
Нұргүл (даусын қаттырақ шығарып). Жетті, айтпа ар жағын! Сен өзің түсінбейсің!.. Жүрек, сезім, махаббат!.. Немене, осыдан басқа айтатын сөзің жоқ па? Болды ғой бір әңгімені қайта-қайта қақсай бергенің. Қазір махаббат, жүрек дейтін заман ба? Оның заманы емес. Тіпті қоймайсың. Немене, мен сендерге қолжаулықпын ба? (Екі қолымен бетін басады. Даусын бәсеңдетіп) Қалайша түсінбейсің? Иә, екеуіміздің арамызда бір сезім болса, болған шығар. Әлсіз жанбыз ғой, кейде не істерімді білмей кетемін. Өзің қайта-қайта жүрек сөзін айтып болмағаннан кейін “иә” дей салған шығармын... (Ақырын жылайды. Бақытхан қасына барып, құшағына алады. Пауза).
Бақытхан. Жарайды, Нұргүл, жыламашы!.. сабыр қылшы.
(Осы кезде қолында сумкасы бар Алмагүл келеді. Екі жасқа таңырқай қарап қалған).
Алмагүл (өзіне-өзі). Мәссаған, мына екеуі қайтадан табысқан ба, ей? Осы бүгінгінің жастарында пәтуә жоқ. Бүгін былай, ертең олай. Мына Нұргүлдің “Бақытханды біржола қойдым. Арқабайдан басқа ешкімнің керегі жоқ” деп жүргені қайда? Ұрпағымыз құнарсыз болып бара ма, қалай өзі? (Даусын қатты шығарып). Әй, балалар, қалайсыңдар? Тіпті бір денедей болып кетіп қалыпсыңдар ғой өздерің.
Бақытхан (құшағын ажыратып). Ой, апай, келіп қалдыңыз ба Ақжардан? Қалай жеттіңіз? (Нұргүл босанып шығып, үй шаруасымен айналысып кетеді). Милиция не деп жатыр?
Алмагүл. Автобустан түскесін, қанша жер жаяу жүресің. Әрең жеттім-ау... (Отырады). Милициямен кетті ғой бір күнім. Бірақ ең басты бітірген шаруам - ол емес, басқа.
Бақытхан. Енді не, апай?
Алмагүл. Әлгі Айнұрға “үйге қайт” деп телеграмма алып жібердім.
Бақытхан. Апай-ау, Айнұрға өткен жолдары да телеграмма жіберіп жүр едіңіз ғой. Немене, олар жетпей қалып па?
Алмагүл. Білмеймін, ол қыздың қалада тағы бір адресі бар екен ғой. Соны тауып алдым да, соған жібердім телеграмманы. Қай адресінің дұрыс екенін итім біліп пе? (Шаршаңқы дауыспен). Қайдан білейін, бұл қыз әкесі екеуімізді әбден шаршатып бітті ғой. Не оқып жатқан оқуы жоқ, не істеп жатқан жұмысы жоқ. Тиіп жатқан байы тағы жоқ. Әйтеуір, мынандай қиын кезде қаңғымай, үйге қайтсын деп едік қой. Бұл балалары құрғыр қиын болды. Бала тізеде сүйіндіреді, тізеден түскен соң, күйіндіреді деген. Айнұрдың қайтпай жүргені мынау қаладан. Қатынын алар-алмастан ұлдың қалаға қарай тартып кеткені анау... (Бетін басып отырады).
Нұргүл (Алмагүлдің қасына келіп). Ақ жеңеше, шешініңіз енді. Шай қойып қойдым. Қазір дем алып отырып, шай ішесіз. Қане, сумкаңызды үйге кіргізейін. (Сумканы алып кетеді).
Бақытхан. Апай-ау, осы Тоқыш ағай екеуіңізден сол Айнұрдан басқа әңгімелеріңіз бар ма тегі? Бандиттер тонап жатса да, айтатыныңыз сол. Апай айтыңызшы, тауып па енді милиция?
Алмагүл. Кімді, Айнұрды ма?
Бақытхан. Жоға, әлгі бандиттерді айтам.
Алмагүл. Ой, ол құрғырлар табылушы ма еді? Айтып отырмын ғой күні бойы милицияның алдынан кеткенім жоқ. Ойпырым-ай, бұл не қылған халық? Мен ойлағам милицияның бәрі шапқылып, сол бандиттерді нетіп... іздеп жүр екен деп. Сөйтсем, ол құрғырларың өзі кеңседен шықпайды екен ғой. Тек қағазды жаза береді, жаза береді. Тегі екі күн бойы қағаздарына қол қоюмен болдым. Милиция емес, кәдімгі жазу жазғыш песір дерсің. Ойпырым-ай, қолды болған екі сиырымды айтсаңшы.
Бақытхан. Әрине, Тоқыш ағай екеуіңіздің табан ақы, маңдай терілеріңіз. “Мал ашуы - жан ашуы” демей ме. Бірақ бәрінен бұрын сол бандиттердің бізді өлтіріп кетпегенін айтсаңызшы.
Нұргүл. Рас-ау. Мұндайды тек кинолардан көруші едік. Не деген сұмдық! Ұстап алып, шеттерінен соттау керек ондайларды. (Осы кезде қолында заттары бар Рамазан келеді).
Рамазан. Ассалаумағалейкум! Амансыңдар ма, әйтеуір? Алмагүл-ау, ана милицияларың не дейді?
Алмагүл. Бәрін ұстасақ, шеттерінен әкесін танытамыз дейді. Нұргүлжан, шайыңды тездетші. Қаңсырығым түтеп, кеуіп барамын тегі.
Рамазан (қолындағы затын қойып). Ұстаймыз дей ме? Әй, қайдам? Өткенде менің көршімнің қорасын үптеп кеткен ұрыларды да ұстаймыз деген. Талайларды тонып жатыр емес пе? Бірақ ұсталды дегені некен-саяқ. Сол милицияларыңа сенбеймін.
Алмагүл. Жоқ, милицияның бастығының өзі айтты. Ана екі сиырымды айтсаңшы. Өкініштен өз тіземді өзім кеміргеннен басқа не амал?
Рамазан. “Ақылдың сабыр серігі” деген Алмагүл. Қайтесің ірімшіктей болып семірген сиырлар еді ғой. Өздеріңді тірі қалдырған қайта. Сен ана арызыңда өзімді де зорлап кете жаздады деп жаздың ба?
Алмагүл. Жаздым, Рамазан. Бірақ оған бөлек арыз жаздырады екен. Маған тиіспес еді ғой, тек мен қараңғыда қыз екен деп қалыпты сойқандар. Әйтпесе тиіспес еді.
Рамазан. Сен қайта өзіңді сөйтіп зорлай жаздағанына қуан. Демек сенің әлі күнге дейін қыз сияқты болып қылымсып тұрғаның ғой. Тіпті өзің қылық көрсетіп, ишара жасадың ба екен?
Алмагүл. Тантымашы, Рамазан. Мына балалардың көзінше қайдағыны қоңырсытып.
Рамазан. Тоқыш қайда, көрінбейді ғой.
Бақытхан. Жер басынан әлі келмей жатыр. Жүгеріге су жіберемін деп жүрген. (Бақытхан мен Нұргүл сахнаның арт жағында әңгімелесіп жүреді)
Рамазан. “Батыр - аңқау, ер - күдік” деген - осы біздің Тоқыш. Бандылардан қорықпайды тегі. Үйін тастайды да, күні-түні жұмысымен шапқылайды. Ең құрғанда, мына қожалықтың қоршауын жақсылап қоршамайсыңдар ма? Мына қақпаны да бекіту керек.
Алмагүл. Осы шаруаның бәрін мына Бақытхан мойнына алып отыр ғой. Тоқышқа қолғанат болып жақсы болды әйтеуір. Көрмейсің бе, шаруаны тап-тұйнақтай етіп ұстап отырғаның. Дөңгелетіп әкетуге қолда қаржының болмай тұрғаны. Өткен жолғы кредиттен әлі хабар жоқ. Осы жолы ауданға барғанда. Нарықбай бастықты іздеп, әбден сандалғаным.
Рамазан. Әлгі Тоқыш екеуімізді таластырып қойған кредит пе айтып тұрғаның?
Алмагүл. Енді ше? Бар үмітіміз сонда болып тұрған жоқ па?
Рамазан (Алмагүлге жалт қарап). Алмагүл, сендер, немене? Естіген жоқ па едіңдер?
Алмагүл. Жоқ, естігеміз жоқ.
Рамазан (сыбырлап, жалтақтап). Кредиттің жағдайын айтам да. Бері келші, Алмагүл. Биыл сендер сол шіркіннің төбесін көре қоймайсыңдар ма деп қорқамын.
Алмагүл. Не дейді? Оған не болып қалыпты? Ана жолы ғана Нарықбай “бұйрытса” деп отыр еді ғой.
Рамазан. Ой-бу, сендер естімеген екенсіңдер ғой. (Жан-жағына жалтақтап, тағы сыбырлайды). Сол кредиттердің басқа жаққа кетіп қалған сияқты-ау. Енді одан гөрі сендерге аспандағы бұлт жуық.
Алмагүл (атып тұрып). Не дейт? Әй, Рамазан, сандырақтап тұрғаның не?
Рамазан. “Кредит” дегенді естіп, құдаларың Нарықбайды майлы ішекше айналдырыпты. Ақыры документтің бәрін соған ыңғайланған сияқты.
Алмагүл. Қай құда?
Рамазан. Өй, өздеріңнің тұңғыш құдаларың Мырзабек ше? Городской құда. Нарықбайдың қасынан шықпай, қайта-қайта оңаша сөйлесе бергені есіңде ме? Ақыры қалай жолын тапқанын кім білсін, сол кредитті городской құда алып тыныпты деп естідім. Ал керек болса.
Алмагүл (тізесі бүгіліп, отыра қалып). А-а?.. Қалайша сонда? Өтірігіңе береке берсін. Ол біздің кредит емес пе? Бізде қонақ болып отырғанда, Нарекең солай деп айтты ғой.
Рамазан. “Өтірікшінің шын сөзі зая” дейін десең, мен өтірікші емеспін. Анығын сол әкімнің орынбасарының өзінен сұрашы, нанбасаң.
Алмагүл (Басын шайқап, тамсанып). Ойпыр-ай, ә?.. Қалайша? Туған құдамыз ғой. Әй, сенбеймін. Әшейін қылжақ қылып тұрсың ғой.
Рамазан. Не сенбейтіні бар? Құдаң - Өскемендегі дөкей бизнесмендердің бірі. Коммерция үшін ақша күн сайын керек қой. Өйтпесе обороттары да жүре қоймайтыны белгілі.
Алмагүл. Ең құрығанда, құдамыз бізге неғып бір ауыз сөз айтпады екен? Мүмкін емес сияқты.
Рамазан. Ерікті ауызға бөрікті жең сияды деген. Мені қойшы, мен сөзге үйір адаммын, айта беремін. Тоқаңа мына бір затты әкелемін деп уәде беріп едім, бере салшы. Мен қайтайын (кетеді. Алмагүл басын шайқаған күйі отырып қалады).
Нұргүл (Бақытханға). Осы Рамазан аға мен Алмагүл тәтейдің сөздері қызық.
Бақытхан. Иә, сөйтіп жүзіңді жылытсаңшы енді. Сенің жымиғаның сондай ғажап. Айнала жарқырап кеткендей болады маған.
Нұргүл. Екеуі де сөздің майын тамызып сөйлейді. Ескі замандағы шал мен кемпір сияқты... қызық кісілер.
Бақытхан. Рамазан аға да кейде мені шақырып алып, оңаша әңгімелер айтады.
Нұргүл. Рас, маған да айтады тісіңнен шығарма деп... (Бақытхан үнсіз құалақтай береді. Нұргүл жолатпайды) Бақытхан, бүгін Арқар екеуіміз қыдыруға кетеміз.
(Сол көрініс. Арқабай мен Нұргүл машинадан түсіп жатыр. Екеуі де мәз, көңілді. Арқабай қашанғысындай ыңылдай әндетіп қояды. Бір жақ шетте жұмыс істеп жатқан Бақытхан терін сүртіп, екеуіне көз алмай қарап тұр).
Арқабай. Ә, Бах, бұл сенсің бе? Өзің Тоқыштың құлақкесті құлынан аумай қалыпсың ғой. Немене, сендерді бандиттер тонады дей ме? Тоқыш қайда?
Бақытхан. Тоқыш аға ана жақтағы мал қораны жөндеп жатыр. (Арқабай Бақытхан көрсеткен жаққа қарай беттейді).
Арқабай (Артына бұрылып). Байқа, Бах, біздің Гүлді ренжітуші болма. Егер ренжітсең... (Саусағын безеп, ары қарай кетеді. Бақытхан Нұргүлден көз алмайды. Нұргүл қол шатырын бұлғандатып, айналасына қараған болып жүр).
Бақытхан (бір басып, екі басып, Нұргүлге жақындайды). Нұргүл! Жағдайың қалай?
Нұргүл. Жаман емес екенін байқап тұрған шығарсың. Ертең Архар мені Өскеменге алып кетеді.
Бақытхан. Нұргүл! А, Нұргүл! (Нұргүл естімеген болады). Арқабайда бәрі бар. Жағдайы жақсы. Мен сияқты тақыр кедей емес. Бірақ ол сенің талғамыңа мүлде мүлде келмейді ғой. Сондай грубый.
Нұргүл. Мен де сені түсінемін, Бақытхан. Мен сияқты қызға қолың жете алмағаннан кейін, әрине, бармағыңды тістейсің. Саған Архар дүниедегі ең жексұрын адам болып көрінетін шығар.
Бақытхан. Жоқ, ойланшы, Нұргүл... ойланшы бір сәт. Сол бір екеуіміз қыдырған кештер есіңде ме? (Нұргүл басқа жаққа қарайды) Қандай жақсы кездер еді сол. Қандай тамаша еді бәрі... Мына Арқабай арамызға кірді де, бәрін бұзды. (Нұргүл бір орнында тұрмай, қашқақтай береді). Егер ол болмағанда, ол сені айландырмағанда... қарашы маған, Нұргүл.
Нұргүл. Ұстама қолымнан. Екеуіміздің арамыз баяғыда біткенін неғып ұқпайсың? Ары тұр! Әне, Архарлар келе жатыр. (Бақытханнан бойын алып кейін серпіледі).
Бақытхан. Сендер Өскеменге барсаңдар, мен де барамын. Тастаймын мына жұмысты.
Нұргүл. Неужели! Шамасы, сен мына көңді қопарып жүріп, астынан клад тауып алған шығарсың! Қаланың ақшаны жақсы көретінін білемісің? Егер ондайың жоқ болса, босқа әурешілік. Ал мені Архар әбден қыдыртады. Ресторанға да отырамыз. Ар жағындағы “Голубой заливке” де барып қайтатын болдық. Ал сен апара аласың ба соған мені?
Арқабай. (Нұргүлдің қасына барады) Гүлім, цветочегім менің, кеттік.
Нұргүл. Көлге барып қайтамыз ғой. Алмагүл тәтені ала кетейікші.
Арқабай. Ешкімді де алмаймыз. Ол кісі біз келгенше қуырдақ қуырып қойсын. Айтпақшы, Тоқыш, мынау сендерге телеграмма. (Арқабай, Нұргүл кетеді. Тоқыш пен Бақытхан тұрған жерлерінде екеуін көзбен шығарып салады).
Екінші бөлім
КӨРІНІС
Сол көрініс. Күндізгі уақыт. Сахнада - Тоқыш пен Алмагүл. Тоқыш жұмыс киімдерін шешіп, жуынғалы жатыр. Алыстан нәзік сағыныш әні естіледі. Ән салушы - Бақытхан.
Алмагүл. ...Тағы да ән. Сағыныш әні. Байғұс бала қияли болып нетіп кетпесе екен деп қорқамын. Күндіз-түні аузынан тастамайды тегі.
Тоқыш. Қойшы, бәйбіше. Менің сол қарындасыма нетіп... жүр ғой. Арқабай екеуін айтамын. Осы дүниеде менің қарындасымнан басқа қыз құрып қалып па? Кішкене жағдайын түзесінші. Сонан кейін Бақытхан белінен нетіп тұрып... басып тұрып, маңайдағы қыздардың біреуін алар.
Алмагүл. Мен де оған соны айтып жүрмін. “Бақытхан-ау, құлағымыздан тіпті жарапазан кетпейтін болды ғой. Бәрібір Нұргүл енді саған қарамайды. Ана крутой Арқабай тұрғанда... Сен кім, Арқабай кім? Арқабай деген - ақшаны судай шашатын алпауыт. Біреуді қорқытып алады, біреуді ұрлап алады, әйтеуір есебін табады” деп. “Ой, апай, есімнен кетпейді, енді қайтейін” дейді (Ән алыстап барып, үзіледі). Соңғы кезде жүдеп те кетіпті өзі. Ішін кемірген тісті кесертке - сол Нұргүлдің құсасы баяғы.
Тоқыш. Әйтеуір ішкі сырын менен гөрі саған нетеді ғой... Менен ұяла ма, қайдам?
Алмагүл. “Бақытхан, басқа қыз құрып қалып па? Саған ақыл айтатындай өзім де жетісіп жүрген жоқпын” дедім. Менің есіл-дертім Айнұрда, көрмегелі қай заман. Ол қыз да қайтпай жүр үйге. Әнеукүнгі телеграммаларға жауап жоқ. (Теріс қарап, көзін сүртіп, пырсылдап жылайды). Қашан келер екен? Әбден сағынып кеттім.
ТОҚЫШ. Алмагүл-ау, не болды жүнжіп? Қыз баланың бір жағы сыртта неткені жақсы да. Көзге не болмай... күйік болмай.
АЛМАГҮЛ. Қайбір жақсы дейсің? Не оқу жоқ, не бай жоқ. Істеп жатқан дұрыс жұмысы тағы жоқ. Әлгі қаланың бұзық балаларына ілесіп кете ме деп тағы қорқамын. Балтасы тасқа шағылған жандай кейде өз тіземді өзім кеміремін. Осы жаман қыз-ақ шашымды ағартып бітті.
ТОҚЫШ. Жарайды, егер ол нетпесе... келмесе, өзім-ақ іздеп...
АЛМАГҮЛ. Науқан уақыты қызып жатқанда қайда барамын деп отырсың? Мен тағы телеграмма салып жібердім. Осы жолы келмесе бар ғой, тұп-тура сен емес, өзім барамын. Бірақ келетіндей-ақ етіп салдым.
ТОҚЫШ. Сонда не деп?
АЛМАГҮЛ. «Әкең аяқ астынан қайтыс болды. Жерлеуіне үлгір» деп.
ТОҚЫШ. Кетші, ей!.. Қайтып дәтің барды, ей, соған? Әбден нетіпсің ғой өзің. Кетші, ей, сені! Денем дір ете қалды ғой тіпті мынауыңа.
АЛМАГҮЛ. Қайтейін, әбден күйдірді-ау. Қара да тұр ертең қызың еңіреп жетіп келмесе, арғы қолынды бері әкел (жайланып).
Нұргүл қайынсіңілім де былай жаман бала емес қой. Меніңше, соның Арқабайға шыққаны дұрыс па деймін. Қанша айтқанмен, Бақытхан сияқты қара сирақ кедей емес. Қалай тапса да, әйтеуір тіршілігі бар.
ТОҚЫШ. Тапқан екенсің мықты жігітті. Ертең шаруамыз нетіп... түзеліп кетсе, Бақытхан да жерде қалмас еді. Үстіме су құйып жіберші. Қане, қане. Ой, жақсы болды ғой. Орамал қайда енді? Орамал әкел. Жүр вагонға. Ана бала жоқ кезде былай нетейік... енді. (Алдымен Алмагүл, соңынан Тоқыш вагонға кіреді).
Музыка. Алыстан тағы нәзік ән естіледі. Бірте-бірте күшейе береді де, ән айтушы жігіттің өзі де көрінеді. Бұл Бақытхан. Ол вагон маңындағы шашылып жатқан киімдерге қарап, аң-таң қалып тұр.
БАҚЫТХАН. Апай, апай. Қайдасыз? Қап, бұл кісілер тоғамға жалаңаш кеткен бе? (Сәлден кейін вагонның есігінен Алмагүл мен Тоқыштың бастары көрінеді. Екеуі де желең.)
АЛМАГҮЛ. Бақытхан, сенбісің? Не болып қалды?
БАҚЫТХАН. Саудагерлер келіпті. Көрші қожалықта жүр екен. Жаңа солардың баласы айтты. Бізге де келсін дегенмін. Соны айтайын деп... (Ыңғайсызданып, кері бұрылады).
ТОҚЫШ (сыртқа жалаңаш шыға келеді. Қолында мылтық). Е-ей, сол ма сонша нетіп... айқайлап, ентігіп жүргенің? Мен өткен жолғыдай тағы да аналар нетіп... қалды ма десем. Әлгі бандиттерді айтамын. Саудагер болса, ойбай, Алмагүл, сен тұрмай нетсеңші. Әлгі қант-шай сатып жүргендер шығар. Мүмкін, оларда Алматинский шай бар шығар. (Мылтығын вагонға сүйей салып, шалбарын кие бастайды. Алмагүл вагон ішіне қайта сүңгиді).
БАҚЫТХАН. Әне, келе жатыр. Бірақ мынау... әлгі не ғой өзі. (Қақпадан артынып-тартынған кемпір көрінеді).
КЕМПІР. Әу, барсындар ма? Әй, балам, иттерің жоқ па?
ТОҚЫШ. Жоқ, жоқ. Келе беріңіз бері қарай (артына бұрылып). Алмагүл, өй, бәйбіше. Анау кешегі маған неткен... берген тиын-тебеннің менің бас жағымда, әлгі ескі қара штанымның ішінде. Соның жыртық балағын қарама. Бүтін жағында, бүтін... мықтап нетіп... түйіп қойғанмын. (Бақытхан кемпірді демеп отырғызады. Тоқыш та қастарына келеді). Ал, апа, шығарыңыз қант-шайыңызды. Қаншадан деп тұрсыз?
КЕМПІР. Қант-шай жоқ менде.
ТОҚЫШ (жұлып алғандай). Не дейт!? Енді не бар?
КЕМПІР (сумкасын ақтарып, жайлап шығара бастайды). Міне, мынандай-мынандай тамаша нәрселер бар. Детский памперстер. Бәрі импортный, алыңдар. Арзанға беремін (кішкене балалардың памперстері мен аяқ киімдерін тізіп қоя бастайды).
ТОҚЫШ. Басқа ештеңе жоқ па? Тіпті кәмпит-печенье жоқ па?
КЕМПІР. Мыналар сондай күшті нәрселер. Баланың бұтына кигізіп қойсаңдар, таң атқанша жылы жатады. Балалар, памперс алыңдар, арзанға беремін. Әй, балалар...
ТОҚЫШ (вагонға қарай айғайлап). Алмагүл, ақшаны қайтадан орнына нете сал. Байқа, ана штанның жыртық балағына түсіп кетпесін. Тура менікі құсап жақсылап нетіп қой.
БАҚЫТХАН (сыртқа қарай ұмтылып). Тағы біреу келе жатқан сияқты. (Бақытхан сырттан әдемі киінген жас жігітті ертіп кіреді. Қалғандары таңырқай қарап қалған). Бұл да сондай кісі екен.
ЖІГІТ. Алсаңыздар, арзанға беремін. Дүкендерде өте қымбат. Ал менікін су тегін деуге болады.
ТОҚЫШ (тағы да вагонға қарап айғайлап). Алмагүл, әй, Алмагүл! Ақшаны қара штанға нетпей-ақ қой. Тағы бір коммерсант дейді. Неғып бүгін тіпті бәрі бұлар нетіп... қаптап кеткен? Мүмкін, осы жігіт бірдеме әкелген шығар. Әй, бауырым, қане, көрсетші қант-шайыңды. (Жігіт шеттегі ескі столға келіп, сумкасындағы заттарын шығарады).
ЖІГІТ. Бұлар магазинде өте қымбат. Ал мен сіздерге жарты-ақ бағасына беремін.
ТОҚЫШ (жақындап шығарған заттарды ұстап көреді). Сонда бұлар не өзі? Иістері сондай не ғой... күшті ғой. Әлгі шетелдік тәттілердің бірі ме?
ЖІГІТ. Бұлар дегенің тіпті табылмайтын нәрселер. Французская косметика. Тұп-тура Париждің өзінен келген. Мынау - духилар. Ал, мынау - туалетная вода. Мынау дезодранттың жаңа түрлері. Ал мынау - жидкость для лака. Пожалуйста, қайсысын аламын десеңіздер де.
ТОҚЫШ (әрқайсысын бір иіскелеп). Пах, шіркін! Қандай керемет иістер. Бәрі шетінен жұпар нетіп тұр ғой (Алмагүл де келіп, әрқайсысын иіскелей бастайды).
КЕМПІР. Әй, балалар, памперс алындар, памперс. Мүлде арзанға беремін, алыңдар деймін.
БАҚЫТХАН. Апай, бұл үйде кішкентай балалар жоқ.
КЕМПІР. Жоғы несі? Бәрің жап-жассыңдар, қалай бала жоқ?
БАҚЫТХАН. Бұл үйдің балалары ұяларынан ұшып кеткен. Ал мен өзім әлі үйленген жоқпын.
АЛМАГҮЛ (косметикалық заттарды іріктейді). Мен мына біреулерді тандадым. Тоқыш, осылар дұрыс қой, ә?
ТОҚЫШ. Тегі керемет деймін. Мыналарды үсті-басыңа нетіп алып... Ой, керемет, ей, енді... қыздан ары қылық шығарып жүрме енді.
АЛМАГҮЛ. Ал, қайным, мыналарды есептей қойшы. Мен де қаланың қатындарындай рахаттанып жағынып көрейін. Ана өзіміздің Майра құдағидан кеммін бе? Құдағи менен бақандай бес жас үлкен екен. Соған қарамай, неғып қылымсиды десем, қаланың осындай иіс суын жағынады екен ғой.
КЕМПІР. Памперс, алыңдар, балалар, памперс.
ЖІГІТ (калькулятормен есептейді). Айттым ғой қымбат емес деп. Міне, пожалуйста.
ТОҚЫШ. Сонда қанша?
ЖІГІТ. Жеңгей, міне, бес түрлі наименование алып тұр. Осы бесеуінің бағасы 17 мың 645-ақ теңге.
АЛМАГҮЛ, ТОҚЫШ (екеуі бірдей). Не дейт?
ЖІГІТ (калькуляторды көрсетеді). Иә, арзан, мінеки. (Барлығы шошынып, үрпиісіп қалған).
АЛМАГҮЛ. Ой-бу, қайтейін! Мен бір мың теңгенің о жақ, бұ жағы ма десем.
ТОҚЫШ (ашуланып) Өй, жігіт! Сен не... сен шын нетіп... айтып тұрмысың? Шын айтсаң, жоғал көзіме көрінбей! Әй, бұл сенің қай неткенің? Мынау сұмдық қой тіпті. Қалай-қалай мазақтайсың, ей, адамды? А?
ЖІГІТ. Ой, аға, ашуланбаңыз. Не болды соншама? Сіздер фермер емессіздер ме. Мына далада жатып, ақшаны қырып табасыздар. Енді жеңгей алмағанда, мұндай затты кім алады? Жалғыз әйеліңізге осындай удовольствие қимайсыз ба? Немесе қаланың әйелдерінен кем бе? Жеңгейге тіпті обал ғой. Өзі әп-әдемі, мына косметиканы пайдаланса, тіпті құлпырып кетер еді.
АЛМАГҮЛ. Қап, әттеген-ай! Ақшаның жоқтығы қор қылды-ау адамды. Мына біреуің қанша тұрады?
ЖІГІТ. Бұл 1753 теңге.
АЛМАГҮЛ. Көзімізді қызықтырып, бұл жаққа неге келдің? Құр тамсанып, қала береміз әшейін.
ЖІГІТ. Енді маған кісілер ана фермерлерге бар, ақша деген соларда пішен деді емес пе.
ТОҚЫШ (әлі де қалшылдай ашуланып). Тапқан екенсің ақшалы кісіні. Ана жаман тракторіме бір ұрттам солярка нете алмай отырғанда. Егінге су нете алмай отырғанда. Қазір табаныңды жалтырат. Бақытхан, қарашы. Ана мылтық оқталған ба екен? Немен нетілген екен? Егер картечь болса, бытыраны ауыстырып сал. Басынған немені келмейтіндей етіп... былай нетіп жіберейін (Бақытхан мылтықты ұстап тұрады).
АЛМАГҮЛ (саудаласыл). Мынауыңды қалай да түсір, қайным, енді. Мен алайын ырымға біреуін.
ЖІГІТ. Мың жарымнан түсіре алмаймын, жеңге.
АЛМАГҮЛ. Жарайды ендеше. Бұл ақшасы құрғыр өзімізден артық болып па?
КЕМПІР. Памперс алыңдар, памперс.
(Алмагүл бір затты алады. Жігіттің қасына кемпір де келеді. Өзгелері өз тірліктерімен айналыса бастайды).
КЕМПІР (жігітке). Әй, шырағым, сен қаладан келген баламысың? Өзің оқыған бала сияқтысың ғой.
ЖІГІТ (даусын қаттырақ шығарып). Оны қайтесіз? Табақтай дипломым жатыр ғой үйде.
КЕМПІР. Дипломым бар дейсің бе?
ЖІГІТ. Бар. Ал немене, сізде де бар ма еді?
КЕМПІР. Ә, жоға. Мектептің өзін кезінде әрең бітірдік қой. Біздің заманда дұрыс оқу болды ма, шырағым. Енді, міне, итшіліп күн көрген тірлік.
ЖІГІТ. Апа, мына заман деген жақсы болды ғой.
КЕМПІР. Е, неге? Несі жақсы?
ЖІГІТ. Сіз сияқты оқымаған кемпір де, мен сияқты қаланың дипломды крутой жігіттері де бірдей болдық. Демократия деген - міне, осы, апа. Адам мен адам тең деген осы. (Өзіне-өзі) Ой, какой позор! Мына надан кемпір коммерсант та бір, мен де бірмін. До чего дожили. (Кемпірге қарап) Қой, апа. Мыналар атып тастамай тұрғанда, жөнімізді табайық (екеуі де кетеді).
К Ө Р І Н І С.
Сол көрініс. Сахнада Рамазан мен Бақытхан.
РАМАЗАН (ентіге кіріп, жан-жағына қарайды). Бақытхан, Тоқыш қайда, Алмагүл ше?
БАҚЫТХАН. Ол кісілер сәлден кейін келеді. Отырып, көже ішіңіз, аға (ыдыс тауып, көже құя бастайды).
РАМАЗАН. Опыр-ай, мына дүние не болып барады? «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген. Мен телеграмма әкеліп едім.
БАҚЫТХАН. Қандай телеграмма?
РАМАЗАН (жоғарыдағы жазуды нұсқап). Мына қожалыққа аты қойылып, құрмет көріп жатқан қыз ше? Содан телеграмма келіпті. Өткенде Алмагүл байғұс қызын үйіне қайтара алмай, амалы құрып, «Әкең өлді. Бәлен күні жерленеді» деп телеграмма жіберген ғой.
БАҚЫТХАН. Иә, иә... Апай «Айнұр, енді қалай болса да келеді» деп күтіп жүрген. Келмеді ғой.
РАМАЗАН. Міне, телеграмманы оқышы.
БАҚЫТХАН (оқиды). «Мама! Мықты болыңыз. Папамның артынан жарылқасын. Мен бір барып қайтармын. Қызың Айнұр». Аға, мына қыздың бұнысы қалай?
РАМАЗАН. Міне, сол, өз зиынында болмаған соң, қыз балаға қайтіп шұқып айтарсың. Туған әкесі өліп қалса да, келмейтін неткен тасжүрек қыз десеңші. Тура шашын жұлып, қолына беретін қарағымның өзі болып тұр ғой. Алмагүл байғұсқа мына телеграмманы қалай көрсетерімді білмеймін тіпті. (Жан-жағына ұрлана қарап қойып). Бері келші, Бақытхан. Саған бірдеме айтайын.
БАҚЫТХАН. Немене, аға?
РАМАЗАН. Осы Айнұр рэкет болып кеткен көрінеді.
БАҚЫТХАН. Аға, қойыңызшы? Рэкет дейді?
РАМАЗАН. Әлгі қаладағы сапырылысқан жұртты баудай түсіретін баукеспе рэкет деген бар емес пе? Айнұр айнымаған нақ соның өзі дейді.
БАҚЫТХАН. Қойыңызшы, Рамазан аға, қайдағыны айтпай.
РАМАЗАН. Қоятын түгі де жоқ. Осыны өтірік десең, аяқты суға ағып өлейін тура. Тіпті жай рэкет емес, солардың бастығы көрінеді.
БАҚЫТХАН. Рамазан аға, осындай жаман әңгімелерді қайдан естіп жүресіз осы?
РАМАЗАН. Ой, Бақытхан шырағым, бұл ағаңның естімейтіні - жердің астында. Сөз сөзден шығады, сөйлемесең, қайдан шығады деген. Елмен араласқан соң, естисің де. Тіпті өзің айтпасаң да, ана Нұргүл екеуіңнің араңдағы жағдай да маған жақсы мәлім.
БАҚЫТХАН. Айтпақшы, аға! Ол туралы ештеңе естіген жоқсыз ба?
РАМАЗАН. Естігем (ойланған болып). Бірақ естігеннің бәрін айта беруге болмайды. Бір білетінім - ана Арқабай жөлік бар емес пе? Сол қу Айнұрды таниды екен.
БАҚЫТХАН. Енді танымай. Бір ауданда өсіп-өнген балалар емес пе.
РАМАЗАН. Әй, жас кезінде араласпаған шығар солар. Екеуі екі жақта жүрді ғой. Осы Өскеменде жақындасқан сияқты. Өйткені - екеуінің де жүретіні әлгі тонаушылардың, крутойлардың ортасы ғой. Қу мен қу намазшам мен намаздыгер арасында жолығады деген сол. Бақытхан, маған келіп екі күнге көмектесіп кетші. Тоқыштан өзім сұрап алайын. Ақыңды жемеймін. Қап, мына телеграмды қайтсем екен?
(Шымылдық)
К Ө Р І Н І С
Бір жылдай уақыт өткен. Келесі жылдың жазы. Сол көрініс. Бірақ айнала тәртіпке келген, жинақы. Ортадағы сәкі үстінде кісілер шай ішіп отыр. Олар - Ерлан, Ажар және бір-екі жастар. Қақпадан Рамазан кіреді.
РАМАЗАН. Ассалаумағалейкум! Әлгі қаладан қайта оралған балаларымыз қайда? Амансың ба, Ерлан? Амансың ба, келін шырағым? (Жастар орындарынан тұрып амандасады. Рамазан олардың беттерінен сүйеді. Ажар отырып, шай құяды.). Адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып үйірін тапқан соң деген. Пай-пай, енді ғана, төрт құбыламыз түгенделгендей болыпты-ау. Анау самаурынның қасына Алмагүл байғұс күйбеңдеп шықпайтын. Енді, міне, келін өз орнына қоныпты. Енді, шырағым, самаурынның құлағын ана енеңе ұстатпа. Ал, Ерлан, біржола келген шығарсыңдар?
ЕРЛАН. Біржола шығар деп отырмыз.
РАМАЗАН. Дегенімен қала жақсы еді ғой. Құдалар сау ма? Жағдайлары қалай?
ЕРЛАН. Сау-сәлемет. Бірақ кішкене банкротқа отырып қалып... жұмыстары жүрмей... сосын біз осылай келдік.
РАМАЗАН. Апыр-ай, былтырғы кредит құдаларға жұқпаған екен-ау. (Басын шайқап) Әй, әй, өзім де сондай бірдемені сезіп едім-ау. Шынын айтқанда, ол кредиттың кімдікі екенін білесіңдер ме?
ЕРЛАН.Жоқ,
РАМАЗАН. Ол мына Тоқыштікі болатын. Оны құдамыз көтензорлық қылып алып кетті. Ана әкімнің орынбасары Нарықбайды майлы ішекше айналдырды емес пе. Ақыры уқит-суқит қылып, Нарықбай кредиттің бетін солай қарай бұрып жіберген болатын.
ЕРЛАН. Ой, Рамазан аға, еске алмай-ақ қойыңызшы соны. Сол кредитті алғаннан кейін папаларымыздың ісі жүрмей-ақ қойды.
Мені де өзінің фирмасына жұмысқа алып еді ғой. Оның үстіне, қырсық болғанда, Өскемендегі крышасы орнынан түсіп қалып...
РАМАЗАН. Крыша деймісің? Не болды оған? Қарадан қарап, крыша құлаушы ма еді?
ЕРЛАН (күліп жібереді). Крыша деген - ол адам ғой, аға. Қалай айтсам екен сізге? Сүйеніш болып жүретін үлкен бастық.
РАМАЗАН. Ә, мен үйінің шатыры екен десем.
ЕРЛАН Сол орнынан түсіп қалды. Сөйтіп папамыздың обороты жүрмеді. Короче, папамыз банкрот болып қалды. Қазір сол банкроттан қалай шығамын деп жанталасып жүр.
РАМАЗАН. Сонда ол кісі мына туған құдасының аузындағы несібесін қағып кеттім деп ойламайды, ә?
ЕРЛАН. Өйтіп айта бермеңізші. Өзі де қысылып жүр содан. Менің көкеммен хабарласа алмай қалғаны да сондықтан.
РАМАЗАН. Қалай деген күнде де келгендерің жақсы болды. Сендер жоқта әке-шешеңді ұрылар тонап кетті ғой... Бала деген сүйеніш емес пе?
ЕРЛАН. Ақыры сол ұрылар табылмапты ғой.
РАМАЗАН. Қайдан табылсын. Сайланып келген қандықол қарақшылар болса. Енді қайта айналып тисе алмас. Мен де қожалықтың айналасын мықтаған болып қойдым.
К Ө Р І Н І С
Сол көрініс. Сахнада кіріп-шығып, қимылдап жүрген Алмагүл, Бақытхан, Ерлан, Ажар. Тоқыш пен Рамазан әңгімелесіп отыр.
АЛМАГҮЛ (жастарға арнап). Тездетіңдер, қазір олар келіп қалады. Жеңіл машинамен шықты деген. Дастарханымызды дұрыстап жасайық. Ол өзі ерке қыз ғой, құстың су ішкеніндей тамақты талғап ішетін еді. Мынауың дұрыс емес деп бетімізге басып жүрер.
РАМАЗАН. Пай-пай! Ана деген жарықтық осы ғой. Қызым келеді деп тіпті ес жоқ. Баяғы әкесіне телеграммен көңіл айта салғанын да ұмытып кеткен.
ТОҚЫШ. Енді қайтсін. Айнұр нетеді дегеннен бері тіпті ұйқы да көрмеді. Мына жаңадан келіп жатқан келін-бала да жайына қалды. Жұмысты да нетті... ұмытты.
РАМАЗАН. Түнде сені де ұмытып жүрген шығар.
ТОҚЫШ. Мені аяғы ауыр болғалы ұмытқан.
РАМАЗАН. Тоқыш-ау, қалай дегенде де Алмагүл екеуің ерледіңдер. Айналадағы жұрттың бәріне де айтып жүрмін, қырықтан асқан қатын екіқабат болыпты дегенге ешкім сенбейді.
ТОҚЫШ (төмен қарап). Енді былай... Құдайдың бергені ғой. Жұрт нетсе, нете берсін.
Сахна сыртынан Бақытханның даусы естіледі.
БАҚЫТХАН (айқайлап). Алмагүл апай! Сүйінші, бір машина келе жатыр. Осы дәу де болса Айнұрлар.
ЕРЛАН (Ажар екеуі қоршаудың сыртына қарай ұмтылады). Өй, мынау өзі иномарка ғой. Бұ жақта жүрген қайдағы иномарка екен, ей? Әлде сонау қаладан осы иномаркамен келе жатыр ма екен?
Аздан кейін машинаның сигналы естіліп, барлығы қақпаға қарай қозғалады. Ең алдында екіқабаттығына қарамай, құстай ұшқан Алмагүл. Сәлден кейін сәндене киінген көрікті қыз Айнұр көрінеді. Алмагүл оны бас салып, құшақтап жібермейді.
АЛМАГҮЛ (қуаныштан жылай сөйлеп). Алтынтайым-ау,.. Құлыным-ау... қайда жүрсің? Сағыныштан әбден құса болып өлдік қой. Айнұр жаным-ау... (Қызын құшақтап, айырылмайды).
РАМАЗАН. Өй, Алмагүл, саған не болған? Қызың келді ғой аман-есен. Сабыр етіп әпігінді бас енді. Сонша не болған? Ең бастысы - аман-есен. Мына жұртқа кезек берсеңші, бәріміз де амандасқымыз келіп тұр.
(Тұрғандар Айнұрдың бетін сүйіп, кезек-кезек амандаса бастайды. Осындай қарбаласта бір жақ шетке келіп тұра қалған Арқабайды ешкім байқамай қалады).
ТОҚЫШ. Ал енді мауықтарыңды бассаңдар, үйге қарай нетейік... (Барлығы бір шеттегі жайылған дастарханға қарай беттейді).
БАҚЫТХАН (Арқабайды байқап қалып). Өй, Арқабай, сен қайдан жүрсің? Амансың ба, ей? (Тұрғандар Арқабайды жаңа көрген. Бәрі оған таңырқай қарап қалыпты).
РАМАЗАН (айқайлап). Мә, мынаны қара. Мынау шынында да Арқабай ғой. Ей, Арқабай, сен неғып амандаспайсың жұртпен? Топырақ шашқан бұқадай болып бір шақырым жерден ақырып-бақырып келе жатушы едің ғой. (Арқабай баяу басып келіп, тұрғандардың әрқайсысымен салмақпен амандасады. Сосын бір шетке ығысып тұрады). Мына Айнұрды сен әкелдің бе машинамен? (Арқабай басын изейді). Ой, мынаған не болған, ей? Мынауың сау емес, бұтына жіберіп қойған баладай куыстануын көрмеймісің.
АЙНҰР. Папа, мама! Иә, ұмытып барады екенмін. Танысып қойыңыздар, күйеу балаларыңыз Аркаша. (Жұрт сілтідей тынып қалған. Алмагүлдің қолындағы ыдыс жерге түсіп кетеді). Неғып бақырайып қалдыңдар бәрің? Аркаша екеуіміз осылай болсын деп шештік. Короче, Аркаша екеуіміз үйлендік.
ДАУЫСТАР. Не дейт!
Екеуі үйленген? Қалайша?
ТОҚЫШ. Әй, қызым, сен не деп кеттің? Мына Арқабай жынды... Не дейді? Ұқсам, бұйырмасын.
АЛМАГҮЛ (жүрегін ұстап отыра қалып). Ойпыр-ай, ойпыр-ай! Неғыл дейді? Мына дүние не болып барады өзі?
ТОҚЫШ (Арқабайдың қасына жетіп барып). Әй, Арқабай, сен менің қызымды нетіп... зорлап алып қашқан жоқсың ба? Сөйткенсің ғой, сен күшік. Әйтпесе қалай тіпті екеуің... Әй, сенбеймін-ау... Сенбеймін тіпті.
АЙНҰР. Не поняла, соншалықты не болды? Бәрің тіпті естерің шығып қалды ғой. Аркаша мені ешқандай да алып қашқан емес. (Арқабайдың қасына барып, оны құшақтайды). Екеуіміз бір-бірімізді жақсы көреміз. И все. Онда тұрған не бар?
РАМАЗАН (өзіне-өзі). Ал керек болса! Апама жездем сай деген осы екен-ау. Бұл екі жертесер бір-бірін қалай тауып жүр, ей? (Даусын қаттырақ шығарып). Әй, Тоқыш, әй, Алмагүл! Кішкене өздеріңе өздерің келсеңдерші. Не болды соншама естен танып? Баяғы өздерің білетін Арқабай емес пе? Еті тірі, пысық жігіт. Кішкене мінезі далдың-дұлдыңдау. Онда тұрған не бар? Жұрттың бәрін өзімсінетін ерке бала. Қане, былай отырайықшы өзі.
(Музыка. Бәрі жайғасып дастархан басына отырады).
К Ө Р І Н І С
Сол көрініс. Рамазан мен Бақытхан.
РАМАЗАН (Бақытханды қол бұлғап, шақырып алады). Бақытхан, әу, Бақытхан (сыбырлай сөйлеп). Бір нәрсе айтамын, бері келші. Тасташы аңдағыны, бұл Тоқыштың жұмысы өмірі бітеді деймісің. Балалары келді ғой, енді өздері істей жатар.
БАҚЫТХАН. Бәрібір мына жұмысты бітіріп тастауым керек, ұят қой Тоқыш ағадан.
РАМАЗАН (айналасында ешкім жоқ болса да, жан-жағына жалтақтай қарап, Тоқышты оңашалайды). Бақытхан, бері қарашы. Мен саған бір нәрсе айтайын деп едім ешкім жоқта.
БАҚЫТХАН. Ол не, Рамазан аға?
РАМАЗАН. Арқабайдың Нұргүлді қалай тастап кеткенін естідің бе?
БАҚЫТХАН. Былай жалпы... естідім ғой. Оны қайтесіз?
РАМАЗАН. Қайтесіз емес, мен сен естімеген бір жағдайды айтайын деп едім. Ана Нұргүл екіқабат болып қалыпты.
БАҚЫТХАН (Рамазанды итеріп жіберіп). Сіз не деп тұрсыз, аға? Қайдан естідіңіз мұндай сұмдықты?
РАМАЗАН. Қайдан болса да, естіп отырмыз ғой. Мына Арқабай оңбаған ол қызды екіқабат болған соң тастап кеткен сияқты. Айнұр екеуінің мынау ит өлген жерде кісінесіп табыса қалғандарын көрмеймісің. Соқыр атқа қотыр ат үйір келеді деген осы-ау.
БАҚЫТХАН (кекештене сөйлеп). Сіз... сіз не деп тұрсыз өзі? Нұргүлді қайдан естідіңіз деймін? Сұмдық қой мынау. Масқара ғой.
РАМАЗАН. Әй, інішек, Бақытхан. Саған не болды? Сонша күйінгенің не бұлар үшін. Былтыр Нұргүлдің саған қарамай, мына Арқабай жөлікпен ілесіп кеткені қайда? Азамат басыңды жерге қаратып кеткен қыз емес пе? Өзіне де сол керек, бәлем. Кедей деп менсінбеген қалай болады екен?
БАҚЫТХАН. Аға, айтыңызшы, Нұргүл... Нұргүл... Шынында да солай болып қалып па? Әлде әшейін өсек сөз бе?
РАМАЗАН. Өтірік айтып басыма не күн туыпты? Тек қайдағы біреулер құсап жіңішкелеп сөйлеп, астарлап жатқым келмейді. Бұны осындағылардың бәрі естіп, біліп отыр. Тіпті Алмагүл де. Қызы Айнұр үшін іштен тынып жүрген де. Естімей қалған жалғыз сен ғана сияқтысың.
БАҚЫТХАН (өзіне-өзі). Бұл дүние не болып барады өзі! Сұмдық қой мынау, сұмдық. Айттым мен Арқабайға ілеспе деп... Байғұстың алданып қалатынын сол кезде-ақ сезгенмін.
(Музыка)
К Ө Р І Н І С.
Сырттан машина даусы естіліп, сәлден кейін құшақтасқан Арқабай мен Айнұр келе жатады. Жан-жақтарына назар аударар емес.
РАМАЗАН. Ә, міне, жас жұбайлар да келіп қалды. Тіпті бізді көздеріне де ілмейді ғой өздері. Әй, Арқабай, халдарың қалай?
АРҚАБАЙ (қолындағы сыраның бөтелкесін жоғары көтеріп). Привет, старина! Қалайсындар?
БАҚЫТХАН (жүгіріп Арқабайдың қасына жетіп барады). Әй, Аркаша, сен ана Нұргүлді неге тастап кеттің?
АРҚАБАЙ (таң қалып). Сен не, Бақытхан, түс көргеннен саумысың? Айтып тұрғаның -өтіп кеткен история ғой. Зачем вспоминать?
БАҚЫТХАН. Аһ, сен үшін өтіп кеткен история, ә? Жазықсыз қызды екіқабат қылып, тастап кете бересің. Саған оп-оңай екен ғой, ә?
АРҚАБАЙ. Мен екіқабат қылыппын? Кто тебе сказал? Мүмкін, басқа біреуден шығар.
БАҚЫТХАН. Ә, енді келіп былай деп сайрадың ба? (Арқабайды құлаштай ұрады. Төбелес. Арқабай Бақытханды лақтырып жібереді).
АРҚАБАЙ. Ты чего, щенок? Пивомен үстімді былғадың ғой (жейдесінің өңірін қағып, өзі тұра алмай жатқан Бақытханды теуіп-теуіп жібереді. Рамазан мен Айнұр арашаға түсіп әлек).
РАМАЗАН. Әй, балалар, жігіттер, деймін. Сабыр қылыңдар. Естерің дұрыс па өздеріннің?
АЙНҰР. Архар, Аркаша, қойшы енді. Зачем руку марать?
БАҚЫТХАН (орнынан әрең көтеріліп). Аһ, мен саған көрсетейін. (Өзіне жақындай берген оны Арқабай тағы лақтырып жібереді).
АРҚАБАЙ. Сен щенок, Архардың жұдырығының дәмін татпаған екенсің ғой. Бірақ мен қазір көңілдімін. Сондықтан саған тиіспеймін. Айнұр дұрыс айтады, қолымды былғап қайтемін. Бірақ мынаны біліп қой. Нұргүлдің ішіндегі кімнің баласы екенін қайдан білесің? Так что, білмей тұрып, адамға жала жаппа. (Айнұр екеуі вагонға кіреді. Рамазан Бақытханға қол ұшын беріп жатыр).
К Ө Р І Н І С
Сол көрініс. Сахнада Тоқыш, Рамазан, Нарықбай және бір шетте Алмагүл мен Ажар. Вагоннан қолында ұялы телефоны бар Ерлан шығады.
ЕРЛАН (телефонмен сөйлесіп). Алло, екі әйел деймін. Бағана звондап айттым ғой тез келіңіздер деп. Сонда скорый қашан шықты? Жақсы, жақсы, қарсы аламыз.
ТОҚЫШ. Немене дейді, Ерлан?
ЕРЛАН. Скорый жолда келе жатыр екен. (Келіншегінің қасына барады).
НАРЫҚБАЙ (өзіне-өзі). Қап, мезгілсіз уақыттан келгенімді қарашы! (Тоқышқа). Тоқыш, сен есті азаматсың. Қайдағы бір кредитке бола құдаңа да, маған да өкпелеме. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастама» дейді қазақ. Бәрібір қалада залогқа қоятын недвижимостің болмағасың, жоғарыда демеп жіберетін біреуің болмағасын, ондай кредит алу қиын екен. Ал құдаң Мырзабек Асылбековичтың ол кезде мүмкіндігі болды.
ТОҚЫШ. Оның бәрі не ғой... дұрыс қой, Нәреке. Тек бізге бір ауыз айта салмадыңдар ма? Біз болсақ, кредит әне нетеді, міне нетеді деп. Әбден тостық көзіміз көгеріп.
НАРЫҚБАЙ. Ол, шынында да, біздің қателік болды. Енді оған айып етпе. Айтайын дегенім мынау - біздің ауданға сонау еліміздің астанасы Астана қаласынан бір күшті ансамбль келе жатыр екен. Соның билеттерін таратып жүрмін. Бір билеті 2000 теңге көрінеді. Соны алсаңдар.
ТОҚЬІШ. Тәке-ау, сенің билет таратқаның - қай сасқаның? Ол осы біздің қожалыққа келіп нете ме? Концерт қоя ма?
НАРЫҚБАЙ. Жоқ, аудан орталығынан қайтатын шығар.
ТОҚЫШ. Ой, біздің ауданға бармағанымызға қай заман! Бір-екі билет нетейік енді сіздің көңіліңіз үшін, Нәреке. Апыр-ай, Алмагүлдің де толғағы басталды-ау.
НАРЫҚБАЙ. Тоқыш, бері қарашы. Сенің қожалығың, құдайға шүкір, тәп-тәуір дамып келеді. Болашақтарың үлкен. Кем дегенде бір жиырма билеттің ақшасын төлесеңдер.
РАМАЗАН. Нәреке, енді ұят болу керек қой. Фермер боламыз дегенде, өкімет теспей сорсын деп пе едік. Тегі тексеруден көз ашпаймыз. Налог инспекторларың-ақ «салық төле» деп тағы маза бермейді Енді келіп билет алыңдар дейсің. Аудан әкімінің дап-дардай орынбасарысың. Қайдағы бір кассир құсап билет таратып жүргенің ұят емес пе?
ТОҚЫШ. Қайдан білейік, Нәреке? Қолда жөнді тиын-тебен де болмай. Балаларымыз келіп жатыр. Оның үстіне көріп отырсыз ғой... Қос қатынның толғағы қатар нетіп тұрғанын... (Әйеліне дауыстап) Алмагүл, шыда, қазір келеді скорый.
РАМАЗАН. Тұмса келіншектің толғағы белгілі. (Алмагүлге) Қартайғанда қалай екен?
АЛМАГҮЛ. (Күйбеңдеп). Мені қойшы... Мына келінді айтам... Ажара, қорықпа айналайын. Өзі солай болады...
НАРЫҚБАЙ. Тоқа, қартайғанда бұларың қалай? Балаларыңмен жағаласып, сендерге не жоқ сонша?
РАМАЗАН. Қызықсың, Нәреке. Қалай күн көреміз деп иенде жатқан халық. Свет бір күн бар, бір күн жоқ. Енді түнімен... түнімен бұлар ай бағып, жұлдыз санайды деймісіз. Оның үстіне Тоқаң бәйбішем қартайды, тоқтасты деп ойлаған ғой. Сөйтсе әлі жарап тұр екен. (Бәрі қарқылдап күледі).
НАРЫҚБАЙ. Немене, свет жоқ болса, обязательно бала жасау керек пе, Тоқыш? Онан да кітап оқып жатпайсыңдар ма былай, мәдениетті түрде дем алып.
ТОҚЫШ. Свет жоқ деп тұрмыз ғой, Нареке, қалай оқимыз?
НАРЫҚБАЙ. Ну, жарайды, Тоқа. Сені босқа қысай бермейін. Онда мына жиырма билеттің ақшасын счетыңа бірдеме түскенде әйтеуір бір аудара жатарсың. Мойныңа жазып қояйын. Жарай ма?
ТОҚЫШ. Ол келетін не қылған ансамбль екен өзі?
НАРЫҚБАЙ. «Бублики» деген керемет көрінеді. Кәдімгі Астананікі екен. Жастар жақсы көреді дейді өзін. Мына Рамазан да аудармақ ақшасын.
(Қолында сумкасы бар Бақытхан көрінеді).
АЛМАГҮЛ. Бақытхан, сен сәл шыдай тұрсаңшы. Көрмейсің бе Ажар екеуіміздің екі жақта ыңқылдап отырғанымызды.
БАҚЫТХАН. Мына Нарықбай ағаның машинасына жармаса кетсем деп едім.
ТОҚЫШ. Бақытхан, әлі де нетші... ойланшы. Екеуіміз жұмысты жап-жақсы істеп жатыр едік. Астыңнан су шыққандай тұра қашып барасың.
АЛМАГҮЛ (Орнынан тұрып, Бақытханды оңашалайды). Сонымен Өскеменге барасың ғой.
БАҚЫТХАН. Иә, апай. Қаладан Нұргүлді іздеп тауып алсам деймін.
АЛМАГҮЛ. Байғұс баланың аяғы ауырлап қалыпты дейді... Оны қайтесің?
БАҚЫТХАН. Мың жерден ауырласа да, маған бәрібір. Мен үшін ол - баяғы Нұргүл. Тапсам болды ең бастысы.
(Осы кезде «Жедел жәрдем» машинасының сиренасы естіледі. Қолдарында құралдары бар екі дәрігер кіріп келеді. Барлығы орнынан тұрған).
ДӘРІГЕР. Қане, қайда толғатып жатқан келіншектер?
ТОҚЫШ. (Қалбалақтай жүгіріп) Мұнда, мұнда. Тек оның біреуі... не емес... келіншек емес. Былай нелеу...
ДӘРІГЕР. Немене, келіншек емес, кемпір ме?
ТОҚЫШ. Солай десе де болады.
АЛМАГҮЛ. Кетші әрі. Әйтеуір, мені кемпір қылғанша тынбассың.
ДӘРІГЕР. Ал, қане, еркектер. Бәрің былай шығыңдар. Мен толғатып жатқан әйелдерді көруім керек. (Екеуін кезек тексере бастайды. Ажарға қарап) Шырағым, сені скорыйға бірінші саламыз. Қане, тез кіре қой.
АЖАР. Жоқ, маған бірінші кіруге болмайды.
ДӘРІГЕР. Неге болмайды, кіріңіз.
АЖАР. Ұят емес пе, қалай кіремін?
ДӘРІГЕР. Е, не болыпты сонша?
АЖАР. Енемнің алдына қалай түсемін?
ДӘРІГЕР. Өйткені сіздің толғағыңыз бірінші келіп тұр. Бұрын туып қаласыз. Ене-келін деп тәжікелесіп тұратын уақыт жоқ. Толғақ оған қарамайды. Қане, кіріңіз.
АЛМАГҮЛ. Кіре ғой, Ажар. Қап! Сенімен қабаттасып маған да ұят болды ғой.
(Дәрігерлер әйелдерді әкете бастайды. Музыка. Шығып кеткен еркектер қайта келеді. Күйеулері өз әйелдерін сүйемелдейді).
ЕРЛАН (Тоқышқа). Әке, қарап тұрмайық. Бірге барайық перзентханаға.
(Әкесі екеуі өз машиналарына отырып жатады)
НАРЫҚБАЙ. Мезгілсіз уақытта келгенімді қарашы.
РАМАЗАН. Жоқ, Нареке, қайта жақсы кезде келдіңіз. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демей ме? Ақ жол болып, мына келініміз де, онымен жарысып қағынған құрдасымыз да жеңіл босанса екен. (Барлығы қақпадан сыртқа шығады. Осы жерде Бақытхан бұрылып, Рамазанмен құшақтасып қоштасады). Бақытхан, сөге жамандама бізді.
БАҚЫТХАН. Қайта оралатын шығармын.
РАМАЗАН. Не дейсің?
БАҚЫТХАН.Нұргүлді тапсам, мүмкін мен де қайта оралатын шығармын.
(Музыка. Сахнада қолын бұлғап Рамазан жалғыз қалады).
РАМАЗАН. Жақсылықпен оралыңдар бәрің де.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ (Соңы)