Көнбіс бәйбіше
— Әй, немене, көрмегелі талай заман болды ғой, мен әбден мезі қылған жандай неге қашқалақтайсың? Қойшы әрі тіпті, мінезі ауыр деген сайын қайтеді-ей, — деп Сәнімгүл әңгімеге қаныға алмай, қаны қайнауға шақ тұр. Оның мылжыңына құлақ құрышын қандырып, рахаттана тыңдайтын дегбір қайда. Бағила қарлығыңқы қоңыр даусымен өз отбасының жағдайына қысқаша ғана тоқталып өткен. Үш баласының үшеуі де осы қаланың әр жерінде бөлек-бөлек күн кешуде. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, замана ағымына ілескен қалыптары бар.
— Е, үйде шалың екеуің ғана екенсіңдер ғой, әй, рахат сендердікі екен ғой, — деп Сәнімгүл осынау шағын мағлұматтан терең мағына тауып ала қойды.
— Ой, Сәнімгүл-ай, сен де айтады екенсің. Әңгіме сол шалда болып тұр емес пе.
— Шалда дейді? Пенсияға шығып алғасын, жатқан шығар шәлжиіп... аспанға шырт-шырт түкіріп қойып...
— Сырқаттанып... больницаға да жатып шықты... соның көңіл-күйіне қарап, жағдайын жасап... әжептәуір сырқаттанып қалғаны...
Сәнімгүлдің санаулы сыйлас адамдарының бірі — осы Бағиланың жұбайы Ожарбек. Тіпті ескі құрбысы мына Бағилаға қарағанда сол кісімен сөзі жарасып, әзілі астасып жатушы еді. Сырқатының жайын тәптіштей сұрап алды да:
— Әй, саған еркелегені шығар... уайым қылып тұрғаның сол ма сонда? — деді.
Екі әйелдің басы қосылса, бұзау емізетін-ақ жағдай. Бірақ құрбысының құлықсыздау түрін көріп, Сәнімгүл бұдан әрі жібі түзу әңгіменің шықпайтынын шамалай бастады. Ентігін басып, көрші құрбысынан басына бостандығын қайырып алғаннан кейін Бағила тыңайып қалғандай орнынан лып етіп қозғала берді.
Есікті тықырын білдірмей өз кілтімен ашқаны — қоңырау безілдетіп, үйдегі ауру кісіні қорқытып алмау. Қолындағы заттарын қойып, қысқа пальтосын да шешіп үлгерген. Төргі бөлмеден еміс-еміс жеткен үнді осыдан кейін барып бір-ақ естіді. Көздерімен кіреберісті тінте шолып өткенімен, үйге кірген бөгде адамнын белгісі байқалмайды. «Сонда бұл Ожарбек... кіммен сөйлесіп жатыр екен?».
— ... Жатқаным сол... Иә... Иә.. Әрине, әрине... Жоқ, қашып жүргенім жоқ, процедураға уақытында бармаса болмайды ғой. Кездесеміз деймін... Сәл шыдасаңшы. Иә, түсінем ғой.
Құлағына жеткен осынау үзік-үзік сөздердің басын біріктіріп, мағынасына көз жүгірту керектігі Бағиланың қаперіне де келген жоқ. Есіктен қараса, күйеуі терезе алдында далаға қарап сөйлесіп тұр. Телефон трубкасын құлағына жапсырып, талтайыңқырап тұрған түрі өзі күнде көріп жүрген Ожарбектен басқаша. «Тфә, тфә, — деп Бағила оның осы қалпына қуанып кетіп, — сақайып қалған сияқты... Енді ұзамай жазылып та кетер. Әнеугүннен бергі ем-домның шипасы тигені ғой». Сөйтті де, ас үйге қарай бұрылып, күнделікті күйбең тірлігіне кірісіп кетті. Сәлден кейін қайтып келіп қараса, күйеуі көптен мекен етіп алған меншікті қоңыр диванына қайта қисайған екен.
— Ойбай-ау, неғып жата қалдың? Жаңа ғана саңқылдай сөйлеп, кеңкілдей күлгенің жақсы еді. Дәу де болса ана Әлекең шығар сені орныңнан жұлып алған.
— Иә, иә... Сол, білесің ғой оны... Еріксіз күлдіреді. Қалай тұрып кеткенімді өзім де байқамаппын, — деді Ожарбек жеңді білегімен шекесін жауып.
Бағиланың күйеуі жастайынан салмақты, әрбір сөзін екшеп сөйлейтін, үсті-басы қашан да мұнтаздай, бір кірпияз жан. Жүрген ортасында жарқырап көзге түспесе де, көрген адамына бірсыдырғы тәуір әсер қалдырады. Бір көргенде зиялы, сыпайы, тіпті ғұлама жан секілді болып танылатыны да бар. Алайда көп уақыт бойы араласып, карым-қатынас жасай келе, бұл кісінің сол мөлшерлі шектен әрі шықпайтын, біркелкі қоңырқай тірліктің ғана адамы екеніне көзіңіз жетеді. Тапсырылған шаруасына тындырымды болғанымен, өз тарапынан «Сөйте қояйық» деп ынта көрсететін кезі сирек, бәлкім жоқ та болуы. Өзінің жұмыстағы қызметін осындай қалыпта тиянақты атқара жүріп, бір күні аяқ астынан лып етіп зейнеткерлікке шықты да кетті.
«Бұл Ожарбек өмірінің келесі асуынан асыпты, қолы босапты... Енді аспанға шырт-шырт түкіріп, шалқасынан жатқан шығар... Барып көңілін көтере қояйықшы», — деп жатқан адам сирек. Анда-санда телефон соғып, өзінше тексеріс жасап қоятын құрдасы Әлекең ғана. Зейнеткерлікке шығу өзіне ауыр соғып кетті ме, созбалақтап аурып жүріп, бір күні ұзыннан бір-ақ түсті. Содан бері Бағиланың да күйбеңі көбейіп, уайымы молайған.
Соңғы күндері байқағаны — осы Ожарбектің телефонмен сөйлескіш болып алғандығы. Оның сөзіне құлақ түріп, мән беріп жатқан Бағила жоқ. Тек анда-санда сөз арасынан: «Иә, сөйтейік, жолығайық... Бүгін емес, ертең...» — деген сияқты сөздерді тергіштеп қалатыны бар. Оған назар аударатыны әлгіндей әдепті әрі нақты әңгімелер Ожарбектің сөз сөйлеу мәнеріне сай келе бермейді. Бір-екі мәрте:
— Сенің осы телефонмен сөйлесе беретінің кім? — деп сұрап қойғаны бар еді, естіген жауабы тиянағы жоқ, буалдырлау болып шықты. Бұндайда
күмәнді нәрсені керегінше індетіп, көз алдындағы тұманын айықтырғанша тыным таппайтын беймаза әйелің Бағила емес. Көмейіне сығалап келіп тұрып алған жіңішке күдікті сыртына шығармастан, сүлесоқтау жүріп жатқан.
Бір күні түс әлетінде көзі ілініп кеткен екен, сырт ете қалған сыртқы есіктің дыбысынан оянды. Баспалап қарап, бөлмесіне бас сұқса, Ожарбектің орны ойсырап жатыр. Үш бөлмелі үйді адақтап шығу қаншалықты бір қиын шаруа дейсің. Ауыр денесін асығыстау қозғап, аула жаққа қарайтын терезеге ұмтылған. Ірі панелді үй болғанымен, лифтінің гуілдеп жүріп-тұрғаны естіліп жатады. Алтыншы қабаттан төмен қарай телміріп ұзақ күтіп тұрудың реті келген жоқ. Дөңгелек сусар бөрікті, етек-жеңі қайып тігілген қоңыр тонды төбесінен төніп тұрып-ақ таныды. Асықпай басатын өзінің мәнері. Ақырын аяңдаған күйі көрші үйдің қабатында тұрған жеңіл ақ машинаға қарай беттеді. Оны айналып өтті де... сол машинаның алдыңғы есігін аша берді. Жылы киінген зейнеткерді сылп еткізіп жұтып қойған ақ машина дыбысын да, түтінін де шығармастан, қайқайып алып жөнеле бергені.
Бұл түсініксіз жүрістің мәнісін ашуға талпыныстың жасалғаны кешкісін ғана. Бағиланың аузынан шығуға тиісті:
— Бағана қайда бардың?.. Ана машина кімдікі?.. Ауырып жүріп, көшеге шығып кеткенің не?.. Маған неғып айта салмадың?.. — деген сияқты тізілген сұрақтардың жұмбақ шешімі табан астында табыла қалды деп айтуға болмайды. Әйтеуір құйрығын ұстатпай, бұлдыратқан бір әңгіме. Тек соңғы сұрақтың ғана мәнісіне өзінше қанағаттанған болды.
— «Қай бір жетісіп жүр дейсің. Байғұс әбден шаршады ғой, кішкене мызғып алсыншы. Мазаламай-ақ өзім кете берейін» дегенім ғой баяғы, — деді Ожарбек. Дегенмен ерлі-зайыпты екеуінің арасында бұрын-соңды бола бермейтін бір құпиялау құбылыстың орын алғаны күмәнсіз еді. Мінезі ауыр Ожарбектен тиянақты жауап естудің қиын боп қалғаны өз алдына, әлгі түсініксіз телефон қоңырауы үйдегі алаңсыз ахуалдың етегін желпілдетіп жібергендей.
Ожарбектің орнын сипап қалудың бұл басы ғана екен. Бірер күннен кейін пәтердің есігін баппен ашып кірген Бағила жетімсіреп иесіз қалған бос диванды тағы көрді. Жанталасып ұялы телефонына қарай ұмтылды. Іле-шала дыңылдаған музыка үнінің естілген жағы —Ожарбектің бөлмесі. Әдетте жанынан тастамайтын байланыс құралын күйеуі бұл жолы столына қалдырып кетіпті.
...Есіктен ентіге кірген адамның бет пішініне әжептәуір байыппен барлай қарап, қозғалмастан біраз тұрып қалыпты. Әжім торлаған аққұбалау бетінің екі ұшы сәл-пәл қызарыңқы тартақандай. «Аяз шымшыған болар», — деп ойлаған Бағила артық тіл қатпастан, күйеуінің жылы тонын жұлмаламай, бипаздай шешті. Бәтіңкесінің бауын еркін ағытсын деп ас үйден табуретканы да алып берген. Жанаса беріп, байқап қалды — өзінен жеңіл хош иіс лекитін сияқты. «Ана жолы балалары сыйға тартқан шетелдік әтірді пайдаланған екен ғой», — деді тағы да Бағила. Бірақ ойларының ешқайсысын сыртқа шығармай, ішінен ғана түйді.
Қанша айтқанмен міндеті емес пе, «Қайда болдың?..» деген сыңайдағы кезекті сұрақты сыналап қойған болып еді, тағы да көңіл тұшытар тиянақты жауап ести алсашы. Естімесе ештеңе етпес, күйеуінің қайда болғанын қазбалап, мазалай беретін адамың Бағила емес. Өзінің аурудан тұрғаны кеше ғана, оның үстіне жүрген-тұрғанын тізбелеп баян қылу қашаннан бері әдетінде болушы еді, Ожарбектің де жауапқа қандырып жатқаны шамалы. Тіпті жас кезінің өзінде әңгімеге жарытып, айызын қандыру жағына жоқ еді ғой. «Апама жездем сай» дегендей, екеуінің осындай қарым-қатынасынан көлденең адам тосын өрескелдік таба алмас еді. Тек сөз десе, жанып түсетін, өсек десе, өртеніп кете жаздайтын Сәнімгүл болмаса.
Бір күні шыр ете түскен телефонның тұтқасын көтерудің реті келіп қалды. Сол-ақ екен, оқып жатқан газетін тастай салып, Ожарбек те оқыс қимылмен орнынан тұра берген. Бірақ әңгімені әйелі бастап қойғаннан соң, дымы құрыған адамның кейпімен не түрегелген емес, не отырған емес, бір қызықты қалыпта ербиіңкіреп тұра берді. Сәл-пәл жыпылық қаққан қысықтау көздері — Бағиланың жүзінде.
Ар жағындағы Сәнімгүл екен. Қашан да қамшы салдырмайтын жорғалығына басып, сайрап ала жөнелсін. Алдымен өзі білетін адамдардың бәрін тізбелеп, барлы-жоқты жаңалықты жездей қақтады. Тек әңгімесінің соңында ғана сөз арасы қып:
— Немене, Ожарбекке мәшине жалдағасыңдар ма? Бір ақ «Мерседеске» мініп алып, қайқайып бара жатады ғой. Айына қанша алады анау шопырларың? — деп тосын әңгіменің шетін шығара қойғаны. Тосын емес-ау, Бағиланың көкейінде көптен түйткілге айналған, өзі үшін шетін мәселе.
Өзінің өткендегі көргенін Сәнімгүлдің айтқанымен тұздықтап алып, Бағила сол күні кешкісін генеральный шабуылды бастап кеп жіберсін. Қаншама олай-бұлай бұлтақтағанымен, Ожарбектің барар жері, басар тауы қалмаған сияқтанды. Сөзінің аяғын жұтып, күмілжіп келіп, ақыр соңында:
— Иә, барамын... — деп келіп бір тоқтады.
— Бильярдта танысқан жігіттер ғой, мәшина жіберген соң бармау ұят, — деп тағы бір тыныс жасады.
— Сенің де қайбір жетіскен денсаулығың бар, мазасы кетпесін, ауырып қалмасын деп әдейі айтпай жүр едім, — деп келіп, сөзінің соңын нанымды уәжбен түйіндеген сыңай танытты. Іштей толық қанағаттанбай қалғанымен, әңгімені әрі қарай індетіп, нақты жауап алудың ретін келтіре алмаған Бағиланың тергеуі осымен тамамдалды. Екеуі бұдан әрі көңілді алаңдататын ештеңе болмағандай сөз ауанын басқа тақырыпка бұра берген.
Сонан көп ұзамай-ақ өз көзімен көрді. Баяғы ақ автомобиль өткен жолғы орнында тұр екен. Қиғаштай жүріп өте бере, елеусіздеу ғана көз қиығын салды. Машинадағы отырған адам жалғыз. Жанасалай келіп, көз сала қарады да, жаны түршігіп кетті. Рульдегі адам -тап-тұйнақтай боп киініп алған... жас әйел. Кірпіктерін сирек қағып, алдына қараған күйі бей-жай отыр. Одан ары жүз тоқтата үңілуге Бағиланың дәті бармады. Жүрегі құрғыр атқалақтап, кеуде тұсын тепкілеп барады. Көз алды ептеп тұманданып кеткен сияқты ма?
Бір кезде қараса, жаңағы келген жағына қарай кері бұрылып алыпты. Оқшаулау жерде тұрып күтпекші. Сонан не керек, ұзақ зарықтырған жоқ. Подъезден өзіне мейлінше таныс дөңгелек бөрікті, қоңыр тонды адам салмақпен басып шыға берді. Ол да баяғысынша жан-жағына көз салмастан, ауырлау қозғалса да, аяқтарын нық басып, машинаның алдыңғы жағын айнала берді. Жас кептеліп үлгірген көздеріне жеңін апарып, күйбіжіктеп қайтадан қараймын дегенше... ақ машина лезде ғайып болды. Тіпті орнында түтіні де, түтіннің иісі де қалған жоқ.
Пәтерге кіргесін, әдеттегісіндей сырт киіміне жармаспастан, сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Көргеніне көңілдің көк дөненін жеткізе алмай, байыпты бір нәрсені тиянақ ете алмай, мең-зең. Ой дейтін ой шіркіннің өзі маңайынан құйынперен болып безіп кеткендей.
Сонда бұл не жұмбақ?.. Жолдастарының жіберіп жүрген шофері жаңағы жас әйел болғаны ма? Әлде бүгін онысы ауырып қалып, жаңағы ұрғашыны рульге отырғызып қоя берді ме екен? Жан-жақтан қамалаған қалың ойды қалай қуаласа да, сары масадай буып, сейілер емес. Телефон тұтқасын көтеріп, Әлекеңді іздеді. Жоқ, ешқандай бильярдтан хабары жоқ болып шықты. Ана бір Ерғазы деген жолдасы карта болмаса, бильярдтың ауылына қоңсы қона алмайтын кісі көрінеді. Одан кейін Ербол, Ниязбек... Бильярдқа қатысы бар осы соңғысы ғана екен. Бірақ ақ машинаның жағдайын мүлде естімеген.
Қанша ұстамды болғанымен, заты әйел емес пе, күйеуі көзіне қалай көрінді, солай сілкілеуге кірісті. Шайпаулығы да, адуындылығы да өлшеулі адамға қиын екен, дәрменсіз әйелдің әлжуаздау ызыңы деңгейінен аса алған жоқ. Жігері де, тегеуіріні де жетпегесін, көрген күнің осы да. Қауқары шыбын шаққандай ғана әсерсіз ұрыс.
Дегенімен Ожарбектің бетпақтығы шамалы ғой. Көптеген еркектердей бір мойын дүлей де емес, әпербақандық дегеннен әу бастан ада. Алғашқысында бет бақтырмай, басын ала қашқан сияқты көрінгенімен, екеуара кикілжің сәл бәсеңсіп, пәтер ішін лезде ауыр үнсіздік меңдеп алды. Соның өзі ширыққан жүйкені одан әрі жұқартып, төзіміңе темір қари бастағандай. Бір кезде өз бөлмесінен Ожарбек бабымен адымдап, ас үйге оралды. Қайдан тапқаны белгісіз, бір уыс шекілдеуікті алдына қойып, терезеге қарап шағып отырған Бағила селт еткен жоқ. Күйеуінің қасына келгенін, тынысы жиілеп, ентіге дем алғанын сезсе де, мойын бұрмады. Өзі келді деген сөз — шындығын айтуға қам жасады деген нышан ғой. Қандай жағдайда да ештеңені мойындамай, іштен тіреп жатып алатын бетпақтығы жоқ кісі.
Амал не, кешегі-бүгінгі күдігі шындыққа айналуға шақ қалды. Рульдегі жас әйел мен Ожарбектің арасында... жасырын қарым-қатынастың бары рас екен. «Арамызда бәлендей ештеңе жоқ. Бірақ... Солай болды. Ренжімессің оған» деген сияқты сүйейсалды бұлыңғырлау сөздермен ащы шындықтың беті ептеп ашыла бастады.
Ары қарай әңгімені тереңдете түсудің қажеті шамалы сияқты. Өз ойымен өзі алысып, қасындағы адамнан оқшаулана берді. Иә, солай-ақ дейік, зейнеткер күйеуі жаңағы келіншекпен (мүмкін, қыз шығар) көңіл қосыпты дейік, жарасып қалыпты дейік. Өмірде не болмай жатыр? Әлгі Мексика фильмдерінен көретін оқиғалар біздің елде емес, тек соларда ғана кезігетін сияқты көрінуші еді. Өз өмірімізді білмегендіктен, сөйтіп аңғалдыққа жориды екенбіз-ау. Осындай қисынсыз оқиғалардың шет-жағасын Бағила өзі де әлдекімдерден естіп қалып жүруші еді. Енді сондай жағдай мысықтабандай жылжып, өз басына келеді-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті.
Бірақ көңілінде көгендей тізілген жауапсыз жетім сұрақтар қайта-қайта жәутеңдейді: «Сонда бұл не қылған ессіз ұрғашы? Соншалықты қызығатындай Ожарбектің алып бара жатқан байлығы немесе ел танитын беделі жоқ. Жарайды ғайыптан тайып, екеуінің көңілі ептеп жарасып қалған екен дейік. Сонда бұларға ортақ қандай сезім, қандай әңгіме болуы мүмкін? Ақ машина мініп жүргеніне қарағанда, ол әйелің де жер тіреп отырған кембағалдар тұқымынан емес. Ажарына кез-келген еркегің үйіріліп түсері сөзсіз. Ендеше өзі бай, өзі сұлу келіншек мұның ырбиған жаман күйеуінен не тапты?».
Осынау ойлардың түпкіріне сол күні ғана емес, ертең де, онан кейінгі күндері де жете алған жоқ. Жеткісі келген сияқты болып еді, миы шаршап, өзінен-өзі тозуға айналды.
Мұндай жағдайда аттан сала ойбайлап, айналасын жапырып жіберетін ашушаң адам болған жақсы ма деймін. Айналаға айтып күйеуінің бет пішінін айпарадай, абыройын айрандай қылатын. Бірақ табиғатында жоқ ондай тегеурінді қуат енді ұлғайған шағында Бағилаға қайдан келсін. Өзінен өзі күбірлеп, тек іштен тынды. Іштей мүжіліп, түнгі ұйқыдан қалды
Екеуі ұрысқан да жоқ, бет жыртысып, кикілжіңдеспеді де, бір-біріне кінә артысып, кінәліні де іздеуге құлықсыз сияқты. Үй ішіндегі жағдай дүрдараздыққа дейін ушықпағанымен, қолайсыздау бір нәумез ахуал өз билігін жүргізе бастаған. Қысқа ғана тіл қатысып, үнсіз шәй ішіледі. Әрқайсысы өзінше аһылап-уһілейді. Сәнімгүлдің жетіп келе қалғаны — сондай күндердің бірінде. Есікті жұлқи ашқан бойы:
— Қайда анау, арсыз неме! Қартайғанда тарлан боз шығайын деген екен. Бұл не басынуы-ей оның? Бәлем... Жұлып қолына берейін... Кімді басынады-ей бұл!
Ол есік ашқаннан төгіліп берген осындай ашулы сөздерді есту үшін қызармайтын қалқан құлақ керек шығар. Бейне бір тапталып жатқан Бағиланың емес, өзінің ары сияқты анадайдан аттандап, аузынан жалын шаша, түтіндете кірді. Бетіне адам баласы дәл қазір тіктеп қарай алмайтындай. Аяғын да шешпестен, үш бөлмеге бір-бір басып сұғып шықты.
Абырой болғанда жоқ еді. Бағила болса оған үйге қабаған ит кіріп кеткенін көрген баладай әрі таңырқай, әрі ептеп сескене қарап қалыпты. Қашаңғы арпылдай берсін, бір кезде Сәнімгүлдің де даусы қарлығыңқырап, қабарып алған қатаң жүзіндегі ызғар сынғандай болды.
— Қап! — деді ол қатты өкінген үнмен Бағила ұсынған орындыққа жалп етіп отыра кетіп. — Әдейілеп келгенде үйде болмай қалғанын қарашы. Әкесін танытатын едім. Бөріктінің намысы бір деген... Мына сұмдықты естіп, шыдай алсамшы. Бағила, сенің момындығыңнан ғой осының бәрі айналып келгенде. Басынып алған ғой әбден. Мен болсам бар ғой, көзіне көк шыбын үймелетіп, айдап шығар едім. Ай-шайға қаратапас едім... Барсын ана ақ машина мінген салдақысына. Кім екенін білдің бе, ей? Білсең, телефонын берші маған. Ожарбегіне қосып ит қосып қуайын.
Сәнімгүлдің қолынан ұстап, сабырға шақырды. Өзін емес, өзінен ары жәбірленген құрбысын аяп кеткен сыңайлы. Көк долы әйелді сабасына түсірудің қамымен шай қойды. Екеуінің әңгімесі жуыр маңда таусыла қоятын емес. Бірақ мына мәселеге байланысты келісе алмайтын, ұғыса алмайтын жерлері де бар екені байқалып қалды. Тек байқалып қана қойған жоқ-ау, екеуінің көзқарасы үйлеспей, ойлары қайта-қайта екі жаққа қарай лағып, алып қаша береді. Ақыры тақымдап болмағасын, Сәнімгүл Бағиланың ультиматумына келіскен сыңай танытты. Тұжырымдай келгенде, ол ультиматумның түйіні мынау еді.
Бірінші — Ожарбектің басын айналдырып жүрген ақ машиналы келіншекті дереу тауып алып, әкесін таныту керек.
Екінші — Ожарбекті үйге қамап ұстап, бүкіл жарық әлеммен байланысын үзу керек. Ұялып тұрмай, ұялы телефонын да жұлып алған жөн.
Үшішпі — оған көнбесе, қолына қара чемоданын ұстатып, үйден қуып жіберу керек.
Төртінші — осынау болған жайды айдай әлемге дабыра қылып, жұрттың бәріне жаю керек.
Бесінші — көнсін-көнбесін, ажырасу жөнінде сотқа арыз түсіру керек.
Сәнімгүлдің аузынан шыққан сөздердің бәрі бірыңғай осындай «керек», «қажет» сияқты бұйрық райлы етістіктермен түйінделді.
Бағиланың үндемей ғана бас изей беруін келіскені деп пайымдаудан басқаға жору қиын.
Бұрынғысындай көп үйде отырмайтын болды. Біресе бөлек тұратын балаларына, біресе құда-жекжаттарына, енді бірде туыс, достарына ат басын тіреп, қыдырыстап ктедінді шығарды. Онысы бір есептен дұрыс та сияқты. Көңілдегі ауыр ойлар серпіліп, іштей сергіп қайтатындай.
Бір күні автобустың терезесінен ығы-жығы қала көрінісіне тұнжырай қарап отырған. Екпіндеп келе жатқан қоғамдық көліктің жүрісі сәлден соң тұсалған аттай кібіртіктей берді. Қаптаған машиналар тіпті жаяу адамдарды да жүргізер емес. Терезеден әлемді жаңғырта сызылған әлдеқандай созылыңқы ашық үн естіледі. Көшедегі көліктерді жүргізбей жатқан — ағылған қалың халық. Жеке машиналарын айдалаға қалдырып, жаяу шұбыруда. «Бұнысы несі? Тағы оппозиция ма митингі жасап жатқан?.. Осылар-ақ шаршамайды екен...» деген ойдың басына келгені сол еді, автобустың әр тұсынан:
— Есікті аш! Түсеміз!
— Қарағым, мен шыққанша тоқтай тұршы... — деген сияқты жапырлаған үндер жамырай шықты.
Осынша халықтың бір мақсаттағы мына қимылына қарап, аңырып қалған Бағила қасындағы біреуден:
— Неғып бұлардың бәрі митингшіл болып қалған? — деп сұрады әлі де ештеңенін байыбына бара алмай.
— Бүгін күн жұма ғой. Жұрттың әлгі мешітке барып құран оқытатын күні... садақа береді, — деп жауап қатты қасындағы егделеу еркек.
— Аға, ол ғана емес, — деген сөзге жалт қараса, жастау жігіт екен. — Ең бастысы — түсіп жатқан мына кісілердің барлығы намаз оқуға асығуда. Бәрі Алладан медет тілеуге...
Одан әрі сөзін аяқтамастан, лықси сыртқа төгілген көпшіліктің қабатында жас жігіт те бірге кетті.
Енді қараса, автобустың іші лезде үңірейіп, босап-ақ қалған екен. Мешіт аялдамасынан түсіп қалған соңғы жолаушының... өзі екенін аңғарды. Оны көпшілік жамағатқа ілестіріп жетектей жөнелген. «Қой, мен де барайын... Мешітке... Күйеуім үшін Алладан кешірім сұрайын... Бәлкім, күнәсін азайтар» деген тосын ой.
Қалың жұртшылықпен мешіттің дарбазасынан ене бергенде: «Әлгі екеуі осында келіп, некелерін қиғызса ғой... Осыны Ожарбекке неге айтпай жүрмін?» деген тағы бір тың ойдың көлденеңдей оралғаны.
Қол сөмкесінен тауып алған орамалын басына салды да, Бағила бір Алладан медет тілеген қалың жамағаттың арасына тамшыдай сіңіп, тұтасып кете барды.