26.01.2022
  205


Рысбек Рамазанұлы

«Американың ең үлкен ұрлығы» немесе Біз неден ұтылдық?

«Америка арманын» білмейтін адам аз шығар, сірә. Бірақ бұл идея кезінде «Түрік арманының» көшірмесі десем сенесіз бе? Мұны түсіну үшін тарихқа сәл шегініс жасайық.


Кезінде Жаңа Дүние «Америка» ашылып, әлем абыр-сабыр күйге түсіп, Испания мен Португалия байлыққа белшеден батты. Бір ғана инктер патшасының байлығы бүкіл КСРО-ның алтын қорынан асып түсетін. 6 тонна алтын, 12 тонна күміс. Бұл тек «Мың бір түнде» ғана кездесетін тәтті ертегі болатын. Бірақ осындай байлық шын өмірде болды және Испанияға әкетілді. Ондаған кемеге тиелген алтын толы сандықтар ырғатылып-жырғатылып испан порттарына келе бастады. Алтынның шамадан тыс көптігінен Еуропада алтын құнсызданып кетті. Расында бұл сұмдық байлық болатын. Испания – Еуропаның алтын тәжіне айналды. Король сарайы мұндай байлықты киелі кітаптардан оқығаны болмаса бұрын соңды көрмеген еді. Ғалымдар мен саясаткерлер испан сарайына ағылды. Бұл ғажайып «алтын ғасыр» болатын.


Испанияның тамаша жетістігі жүздеген жылдар бойы жалғасар еді, егер испан халқы еврей мен арабтарды қырғынға ұшыратып, отқа өртегенін тойлап жатпағанда. Бүкіл Испанияны инквизиция өрті шарпыды. Гитлер еврейлерді қалай қырса, кезінде испандар мен португалдар оларды осылай азаптады. Себебі Испанияда ең бай адам, ғалым, өнеркәсіпші, тігін цехтарында, ұстаханаларда, кітап басу орталықтарында, бояу құятын орындарда, темір балқыту өнеркәсібінде, кеме жасау мен навигацияда, ең ақыры қару жасайтын шеберханаларға дейін еврейлер мен ісмер арабтар қызмет етті. Генуядан шыққан тоқымашының баласы Колумбты саяхатқа шығуға ықпал еткен де осындай өнеркәсіп иелері болатын. Тіпті, Кордова халифаты тұсында бір бірімен қырқысып жатқан вестготтарға егін егіп, мал өсіру, қала мәдениетін үйреткен де осы арабтар болатын.


Міне, осындай еңбекқор арабтар мен еврейлер жергілікті испан жұртының көзіне шыққан сүйелдей болды. Испания империяға айналды. Ал қандай империя болмасын өзінің өткен тарихын мінсіз, ұлы халық етіп көрсетуге тырысатыны белгілі.  Оларды өлтіру мен азаптау Еуропада «ардың ісі» саналды. Бір сөзбен айтқанда жергілікті халық арабтар мен еврейлерді өлтіру арқылы өз арын тазаламақ.


Осылайша бүр жарып келе жатқан «алтын ғасырды» олар өз қолдарымен балталады. Испанияның бұл ақымақтығы Осман сұлтаны II Баязидті қуанышқа бөледі. II Баязид испан королі Фердинандты келеке етіп, бас сауғалап қашқан еврейлер мен арабтарды өз еліне қабылдай берді, қабылдай берді. Оларды көшіріп әкеліп, икеміне қарай жұмыс ұсынды. Қашқындардың көбі ғалымдар, озық ойлы картографтар мен кеме жасаушы шеберлер болатын. Қуғын көрген босқындар түріктің барлық провинциясында жұмыс істеп жатты. Бұл жағдай II Баязидтің ырысын арттырды. Ісмер еврейлер Испаниядағы жаңа технологияны, кеме жасауды, баспа ісі, ауыр өнеркәсіп үлгісін, жаратылыстану ғылымдарын, қару жасауын зеңбірек құюдың соңғы үлгілерін Стамбұлға алып келді. Ал  II Баязид қашып келген еврейлерге Испания мен Португалиядан кек алуға жәрдемдесті. Кек алар күнді олар ұзақ күткен жоқ.


Көп өтпей испандар мен португалдар осы ісінен оңбай таяқ жейді. Жерорта теңізінде испандық, венециандық кемелер кеше ғана құрылған түрік флотынан жеңіле бастады. Арада 100 жыл уақыт өтпей жатып байлыққа белшеден батқан, тонналап алтын әкелге Испания экономикасы күйреген, өнеркәсібі құлдыраған Еуропада ең артта қалған елге айналды.


 II Баязид өз әкесі Мехмед Фатихтан үлгі ала білді. Қандай істе дейсіз ғой. Константинополь қамалын алу кезінде Мехмед Жаулаушы ең үлкен сабақ алған еді. Білім мен ғылымды дамытпайынша ұлы мемлекет құру мүмкін еместігіне көзі әбден жетті. Себебі қаншама ай бойы түріктің қайқы қылыш ұстаған әскері қаза тауып, сағы сынуға айналғанда енді қылыш пен қара күштің дәуірі өткенін ол ұғына білді. Міне, осы Мехмед сұлтан Орта Азия түнегінен қашып барған Құсшы деген ғалымды өзіне қабылдайды. Оқиға былай болған еді.


Көздері көр болып, қараңғылықта қармалаған дүмшелер ақыры Азияның маңдайына біткен жұлдыз Ұлықбектің басын шауып, оның ғажайып обсерваториясын талқандап тынды. Алайда олар мұнымен де шектелмеген еді. Енді олар Ұлықбек сарайында жұмыс істеген ғалымдарды қуғындай бастады. Оларға діннен безген, құдайсыз деп тақпаған айыбы қалмады. Қолынан келгенін өлтірді, үлгере алмағанын елден қуғындады. Бұл қашқындардың ішінде бізге белгілісі Ұлықбектің шәкірті, тамаша ғалым Құсшы да бар еді.


Ұлықбектің көзі жойылса да жазған кітаптарын сақтап қалуға тырысқан Құсшы тәуекелге бас тігіп Самарқаннан қашып шығып Аққойлы патшасы Ұзын-Хасанды паналайды. Кейін елші ретінде Стамбулға келеді. Осы сапарында Осман сұлтаны II Мехмед Құсшының біліміне тәнті болып, таңдай қағады. Сый-сияпат, беріп, сондай сұлтан басымен өтініш айтып ғалымды Стамбулда қалып, ғылыммен айналысуға ақыры көндірді. Табалдырықта тұрған ғалымды төрге шығарған Осман сұлтаны бұл ісіне ешқашан өкінген емес. Керісінше осындай алтын адамдардың қадірін білмеген Орта Азия үлкен өкініште қалды.


Дінбұзар, Құдайдан безген деп айыптаған Орта Азияның сол кездегі билеушілері сүттен ақ та, сол дінбұзар ғалымды паналатқан Осман сұлтаны күнәһар ма? Екі мемлекет те мұсылман, екеуінің де бағыты сүннет жолы. Күні ертең осы өзбектер жан алқымға келіп парсылардан қорғану үшін османдардан қанша рет көмек сұрайды. Ерлік жөнінен түріктер артық па, өзбектер артық па? Егер олай болса Еуропаның төбесіне найзағай ойнатқан Баязид ақсақ барысы Темірден жеңілмес еді ғой. Еуропадан қашқан еврей-арабтарды, Орта Азиядан қашқан ғалымдарды қабылдай берген сұлтандар осман түріктерінің «Алтын ғасырын» жасады.


Біз бір ғана мысал келтірдік. Ұлықбек, Құсшы секілді қаншама ғалым, оқымыстының наласына қалғанымыз бір Аллаға аян.


Сол кездегі Осман империясы қазіргі АҚШ қолданып отырған әдістің арқасында сондай қуаттылыққа көтерілді. Османия басы істейтін, өзгеше ойлай алатын, идея бере алатын адамдарды импорттаушы ел болды. Әйтпесе жалаң қылышпен Еуропаны тізерлету ақылға сия ма?


Сіз Аттила немесе Бату хан қылышпен-ақ бағындырды деп байбалам салуыңыз мүмкін. Есіңізде болсын, кез келген жаулаушы өз заманына тән озық, өзгеше әдістерді шебер меңгергенде ғана сол атаққа жете алмақ. Мұнан әрі қараңғылығымызды қорғай берудің қажеті жоқ секілді.


Ә, ұмытып барады екем, Америка қалай «Америка» болды? Америка – өзгеше ойлатын адамдардан тұрады. Бірақ ол елде мұндай адамдарды сен «космополитсің», діннен бездің, мемлекеттің жауысың деп қудаламайды. Керісінше мұндай адамдар Америкада ең құрметті адам саналады. Егер шет мемлекеттерден жиналған ғалымдар өз елдеріне кететін болса Америка Ұлттық Ғылым Академиясының 90% зерттеушісін жоғалтады екен. Бірақ олар кете қоймайды-ау шамасы. Себебі олар өз елдерінде «Ұлықбектің трагедиясына» ұшырағысы келмейді. Трагедия міндетті түрде өлу емес. Бұл – өз идеяңды жүзеге асыра алмай, тірі өлікке айналу. Өз ішіңде бұрқылдап қайнағанмен айналаға дымыңды білдірмеу. Бойыңдағы талантыңды, көкейдегі маржан ойыңды өз еліңде жүзеге асыра алмай арманда кету. Бір сөзбен айтқанда өмір сүру, бірақ тірі өлікке айналу.


Ал біздің қанша ғалым-зерттеушіміз шет елге кетіп, қаншасы өз елінде «тірі өлікке» айналып жүр екен?





Пікір жазу