26.01.2022
  1087


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Піл мен маймыл

Ну  орманды мекендеп, бірімен-бірі сыбайлас боп қатар жүрген  піл мен маймыл бір күні өз бойларындағы артықшылықтарын айтысып отырып, дауласып қалыпты.
—  Менің бойым таудай. Күшім де көп, — деп  мақтаныпты піл. – Ашулансам бар ғой,  қандай жуан ағашты болса да тамырымен қопарып тастаймын. Ондай қайрат сенде жоқ!..
— Ал мен ептімін, ештеңе бөгет бола алмайды, — деп таласыпты маймыл.
Ағаштан-ағашқа ырғып, ну жыныстың арасымен сырғанап жүре беремін. Осылайша піл мен маймыл өз бойларындағы артықшылықтарын айтып, ұзақ таласыпты. Cөйтіп, екеуі емен ағашының діңінің қуысында отырған үкіге келеді.
— О, орманның ақылгөйі!- депті піл ұзын тұмсығын жоғары созып тұрып. – Мына маймыл екеуміздің таласымызға өзің төрелік айтшы!
— Не жайында таласып жүрсіңдер? – деп сұрапты үкі. Сол кезде жыпылдаған маймыл сөзді іліп әкетеді:
— О, біздің  ақылгөйіміз! Анығын айырып берші, күш-қайрат үстем бе, немесе епшілдік үстем бе?
— Мұны менің  іс үстінде сынап көруім керек. Шешімін содан кейін айтамын, — депті үкі. Үкі екеуіне кезек-кезек қарайды да, сынның шартын түсіндіреді:
— Мына өзеннің арғы бетіне өтіңдер. Қалың ағаштың арасында биік өскен бір түп алма ағашы бар. Қазір жемісі уылжып пісіп тұр. Екеуің де өзеннен өтіп барып, сол алманы  алып келіңдер. Содан кейін,  өздерің қалаған төрелікті айтамын,- дейді.
Піл мен маймыл алма алып келу үшін өзенге қарай беттейді. Келсе, өзен арнасына сыймай, лықа толып,  ағып жатыр екен. Өзеннен өте алмайтын болған соң маймыл мұңайып, қасірет шегеді. Сол кезде:
— Кел, менің  жотама мініп ал, — депті піл. – Мен таудай үлкенмін. Күшім де мол. Өзеннің ағысы мені ағызып кете алмайды.
Маймыл қуанып кетіп, пілдің жотасына өрмелеп шығып алады. Піл өзенді қақ жарып, ешбір қиналмастан арғы жағаға өте шығады. Содан кейін екеуі үкі айтқан алма ағашын іздеп табады.
     Қараса, алма ағашы зәулім биік екен. Жемістің бәрі мойын жетпейтін биікке өсіпті. Қанша созса да пілдің тұмсығына бірде-бір алма іліге қоймапты. Алманы  ала алмайтынын білген піл қатты мұңайыпты. Сол кезде маймыл:
— Мұңайма, — депті пілді жұбатып. –  Қазір мен алма ағашына өрмелеп шығамын да, басындағы жемістерді жерге түсіремін. Сен жинай бер, — дейді.
Маймыл бұтақтан-бұтаққа секіріп, алма ағашының басына өрмелеп шығады да, алмаларды үзіп, жерге тастай беріпті. Піл алмаларды теріп, жинапты.
Сөйтіп, алмаларды алып болған соң, екеуі кері қайтыпты.
Екеуі алып келген алмаларын үкінің алдына төгіп қойыпты да,  қандай төрелік айтатынын тосыпты. Сонда үкі:
— Маймыл, сен мына ағыны қатты өзеннен қалай өттің? – деп сұрайды. Маймыл шынын айтыпты.
— Дұрыс. Өйткені оның бойы таудай. Күші де мығым. Өзен ағызып кете алмайды. Ал, піл, сен айтшы, биік ағаштың басындағы  жеміске бойың қалай жетті?
— Менің бойым жетпеген соң,  маймыл ағаштың басына өрмелеп шықты да, алмаларды  үзіп, жерге түсірді. Мен жинап тұрдым.
—  Міне, ұқтыңдар ма? – деп, үкі өзінен төрелік сұрап тұрған піл мен маймылға түсіндіре бастапты. – Күштен де, епшілдіктен де үстем нәрсе – біріңе-біріңнің көмегің.  Селбесіп мақсаттарыңа жеттіңдер.  Біріңе-бірің жәрдемдеспегенде, екеуің де мына алманы алып келе алмас едіңдер. Демек, күш пен епшілдік қабысқанда ғана  жарасып тұрады.
— Дұрыс, дұрыс! – деп, піл мен маймыл өздеріне айтқан үкінің төрелігіне бас шұлғысыпты.  Сонда үкі:
— Піл, сен күшіңе сеніп даурықпа! Маймыл, епшілмін деп бөспе! Әрқашан біріңе-бірің осылай жәрдемдесіп жүріңдер! – деп өсиет айтыпты.





Пікір жазу