26.01.2022
  931


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Ерасыл батырдың ерлiгi

Ертеде Асан деген атқан оғы құр қайтпайтын сұр мерген болыпты. Асанның Айсұлу деген сұлу әйелі мен Ерасыл деген жар дегенде жалғыз ұлы болады. Асан күніге аң аулап, құс атып отбасын осылай асырап жүреді. Әйелі Асанның әкелген олжасынан ас әзірлеп, ұлының тәрбиесімен айналысып үйіне ие болып отыратын. Ержеткен Ерасылға әкесі қасына ертіп, аңшылықтың қыр сырын үйретіп жүрді. Арада бірнеше жыл уақыт өтеді. Асан қартаяды. Ерасыл екі иығы қақпақтай, жауырыны тоқпақтай ержүрек, батыр болып өседі.Құралайды көзге атқан сұр менген, сөзге шешен болады.
Бір күні Асанның ауылына хан уәзірлерінен хабар келеді. Ханның қызы көмекшілерімен серуенге шыққанда, оны жезтырнақ зұлым ұрлап, көмекшілерін сиқырлап кеткен екен. Хан қызын құтқару үшін ел-елге хабар жібереді. «Кімде –кім менің қызымды жезтырнақ зұлымнан құтқарса, қызымды сол батырға тұрмысқа беріп,оған қоса тағымды қосып беремін» -деп жар салып жатыр дейді. Ерасыл бұл хабарды естіп, әке-шешесінен бата сұрап хан қызын құтқаруға сапарға шығады. Әкесі өзінің қолымен жасаған садағын ұлына беріп, аман-есен оралуын тілеп үйінде қала береді.
Ерасыл асу-асу таулардан, ойлы-ойлы жерлерден өтіп, шаршап –шалдығып бір үңгірге келіп демалуға отырады. Үңгірдің іші қап-қараңғы, әрі салқын екен. От жағып жылынған соң, көзі ілініп қалың ұйқыға кетеді. Кенеттен құлағына ырылдап келген дауыстан шошып оянып кетеді. Қараса жаралы көкжал қасқыр екен, оның әлсірегені сонша үңгірге келе сала жерге құлаған екен. Ерасыл әкесінің қасында жастайынан жүргеннен мұндай жаралы аңдардың бірнешеуін емдеп жазғанын көргені бар болатын. Дереу сыртқа шығып емдік шөптерді іздеп жүріп табады. Қасқырды емдеп аяққа тұрғызады. Өзін емдеп жазған жаннан жөн сұрай бастайды. Ерасыл хан қызын жезтырнақтан құтқару үшін жолға шыққанын айтады. Қасқыр жігітке айтады: «Жезтырнақтың тұратын жері жетіқат жер астында, онымен шайқасқанда саған жәрдем беретін менің осы үңгірде неше жылдан бері сақтап , қорғап жүрген қасиетті алтын қылышым бар еді, өзіңе алғысым ретінде оны саған сыйлаймын» -деп Ерасылға алтын қылышты беріп, жетіқат жер астына барар жолды сілтеп жіберіп жөніне кете барады.
Күн жүріп, түн жүре отырып, жетіқат жер астына да жетеді. Үңгірдің аузы болса тар екен, содан алтын қылышымен үңгірдің ауызын шауып кеңейтеді. Сөйтіп жайлап ақырын басып, үңгірдің ішіне кіреді. Үңгірдің іші тастай қараңғы екен. Ерасылдың қолындағы алтын қылыш үңгірге жарық беріп, жол көрсетеді. Үңгірдің ішіндегі жарықты көріп, жалмауыздың ұлы жалғыз көзді дәу алдынан шығады. Жалғыз көзді дәу Ерасылды көре сала тарпа бас салады. Екеуі алыса кетеді, екеуінің шайқасы күн-түнге созылады. Осы кезде жезтырнақ та келеді. Ерасылдың оңайлықпен жеңілмесіне көзі жетіп, сиқырлы сусын дайындап әкеледі. Сиқырлы сусынды Ерасылдың үстіне шашып кеп жіберіп құс бол,- дейді. Бірақ құстың берген жемісінің әсерінен оған сиқыр дарымайды. Жезтырнақ одан да күшті сиқырлы сусын дайындауға қайта кетеді. Ерасыл ептілікпен жалғыз көзді дәуді аяғымен шалып құлатады. Қолына әкесі жасап берген садағын алып, дәудің жалғыз көзінен атып құлатады.
Сөйтіп дәуді жеңіп болған соң, жан-жағына қараса тор ішіндегі отырған хан қызын көреді, ханның қызына оны құтқаруға келгенін айтады. Хан қызы жез тырнақпен жалғыз көзді дәудің сөзін естігенін жігітке айтып береді: «Жезтырнақтың жаны осы үнгірде, тас сандықтың ішіндегі инеде, егерде ол сынса жезтырнақ та сол мезетте отқа оранады да, жер астындағы жезтырнақтың патшалығының күлі көке ұшатындығын айтады. Сен сол тас сандықты іздеп тауып иненің көзін дереу құрт» — дейді.
Ерасыл жетіқат жер астынан тас сандықты іздейді. Үңгір ішінде алтын-күміс толы бір бөлме бар екен, осы бөлмеде тас сандықтың ілулі тұрғанын көреді. Қолындағы алтын қылышымен тас сандықты жерге бар пәрменімен ұрып құлатады, сандық жерге түсіп ортасынан қақ жарылады. Ине анадай жердегі қуысқа түседі, оны жігіт іздеп таппай қалады. Осы мезетте жезтырнақ тырнақтарының астынан от шашып батырға сиқырлы сусыннан шашып жібереді де тас бол дейді. Бұл жолғы сусынның күші алдыңғысынан әлдеқайда күштірек екен. Осы сәтте Ерасылдың аяғы жартылай тасқа айнала бастайды. Ерасыл жалма-жан жезтырнақтан бұрын инені тауып алып, қылышымен шауып екіге бөліп түсіреді. Сол мезетте жезтырнақтың отқа оранып жаны көзіне көрініп бар даусымен айқайлайды. Ерасылдың аяғы қайта қалыпқа келіп сиқыр күші жойылады. Үңгір ішінің астан-кестеңі шыға бастаған кезде, Ерасыл хан қызын тордан құтқарып, үңгірден шығып үлгереді. Жеті қат жер астының күлі көкке ұшады. Ерасыл ханның қызын алып, аман-есен еліне оралады.


Мөлдір МАХАМБЕТОВА,
ОҚО, Түлкібас ауданы, Еңбек ауылы
Т.Әубәкіров атындағы ЖО мектебі





Пікір жазу