25.01.2022
  463


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

СҮЛЕЙМЕН МЕН ҚҰМЫРСҚА

Күндерде бір күні хазірет Сүлеймен ... ұзыны-ұзын, (ені) көлденеңі сегіз жүз шақырым қатар-қатар, бір ашық жері жоқ, сонша (иірді) [1] жерді түгел толтырған ғаскерменен ұшып бара жатқанда, құмырсқаның патшасы илеуінің үстіне шығып (тұрып) [2] көп құмырсқаға жар салды:


– Уай, бейшара, құмырсқалар, жердің астына қарай тығылыңыздар! Сүлеймен ғаскерімен, олардың көздері көкте, сізлерні майда-майда қылып кетеді!: депті. Уақтап-уақтап [3], ұсатып кетпесін!- деді. Өңшең сезбестер келеді. Екі көзі аспанда жүргендер аяғының астында бір нәрсе бар-ау деген ойларында бар дейсің бе?!- дейді.


Жел құмырсқа патшасының аузынан шығысымен, қазірінде Сүлейменге жеткізді, құлағына сап еткізді дейді [4]. Хазірет Сүлеймен ғалайһи-уәссалам өзін зор санап, құмырсқаны қор санап күлді дейді [5]:


– Надан шіркін, аспанда ұшып бара жатқандардың жердегіге не зарары тиеді[6}?! Соған білімі жетпей айтып жатыр-ау! - деп, қорашсынып, тоқтап тұрып, құмырсқаның патшасын шақыртып алды.


Сонда құмырсқаның патшасы:


– Мені неге шақырттыңыз?- дейді.


– Тілдесейін, сөйлесейін деп шақырттым! - дейді.


– Менімен тілдесіп, жауаптассаңыз, иығыңыздың үстінен, құлағыңыздың тақ түбінен орын беріңіз. Әйтпесе, біріміз - көкте, біріміз - жерде: сөзіміз түгел бола ма? - дейді.


Тақ Сүлеймен құмырсқаның патшасына иығының үстінен [7], құлағының түбінен орын берді.


– Сұра, тақсыр,- дейді.


– Сұрасам, мендей патшасы бар жұрт біреуге зорлық-зомбылық қыла ма? Не үшін: «Таптап кетпесін?»- дедің?!


– Уай, тақсыр-ай, қол астыңдағы халқыңның төбесін көкке тигізбедің, аяғын жерге тигізбедің. Көкте болсаң, жердегіні аяр едің. Жерде болсаң: «Бәріміз бір ауылдың кісісіміз ғой!» - дегендей, жаның ашыр еді. Көкте де жоқ,жерде де жоқ, желге ұшқан тулақтай өзің ұшып жүрген соң, сенің қай жеріңде ғақыл-ес тұрады деп ойлаймын. Шөп жаманы -қаңбақ, о да желге ұшқанда, жерге домалап ұшады: есебі құдайға қылған сәждесі. Аспан-көктің арасында не жүреді: құйынмен ұшқан шөп-шар жүреді. Желмен ұшып жүрген нәрседе ғақыл-ес бар деп кім ойлайды?


– Хош, менің ғаскерімнің көк пен жердің ортасында ұшып жүргенін біле тұрып: «Қирап қаласыңдар, жойылып қаласыңдар!»- деп, қалайша айттың? Сен білгіш болсаң, білімді кісіден бос сөз шыға ма екен?!- дейді.


– Оны айтқаным: «Аналар басып кетеді де, сендер жаншылып қаласың!»- дегенім емес. «Алма алмадан реңк алады, ат есекпен бір ахырда тұрса, мінездес болады. Желге ұшып, жеңіл тартып жүргендерді тамаша қыламын деп фікір-зікірден бос қалып, ғапілдерден (ғафиллардан) болып, құдай қасында тапталып, уатылып қаларсың!»- дегенім еді. Тақсыр, кезектесейік. Менің де сізден сұрап үйренейін деген мұқтажым бар, маған жол беріңіз!-дейді.


Тақ Сүлеймен:


– Сұра!- дейді.


– Сұрасам, құдайдың өзіңе бергенін айт, жұрттан бөлек не берді?- дейді.


– Желді маған билетті, жел тізгіні қолымда болғандықтан, құдайға шүкір, аруаққа шүкір, айлық жер менің баруыма - түстік, екі айлық жер қоналқалық болды!- дейді.


– Бәрекелді, тәуір нәрсені билеткен екен. Гуілдеп өткен желдің қайта айналып келгенін көрген жан бар ма? Желді қолына ұстап: «Мынау менікі!»- деп, алып жүрген жан бар ма? Орынға тұрмаған сөзді «Желге кеткен бір сөз-дағы» демей ме? Сондай дүние - ақыретке пайдасы жоқ: құдайдың саған бергені - желге кеткен бір өмір екен. Тағы бергенде, жұрттан бөлек не берді?- дейді.


– Бір жүзік берді: барша патшалықтың кілті, билігі соның көзінде,- дейді.


– Ол жүзігің қайсы?- дейді.


– Мінеки!- деп, көрсетті.


– Бәрекелді, барлық құны тырнақтың көлеміндей тас болған бақ-дәулеттің болғанға, тұрғанға не сәні бар? Тіпті, дәнеме емес екенін осынан білсейші!- дейді.


Хазірет Сүлеймен ғалайһи-уәссалам айтты:


– Сен артықпысың, мен артық па?- дейді.


Құмырсқа патшасы айтты:


– Астыңдағы тағың артық па, үстіңдегі киімің артық па?- деді.


– Тахыт бақытпенен. Тақта бақ жоқ болса, тақ жансыз нәрсе, неменеге жарайды? Тақ артық болса, төбеме көтеріп жүрер едім. Бір күн де болса, үстінде отырмын: тақтан мен артық-дағы, - дейді.


Құмырсқа:


– Рас айтасың!- дейді. - Астыңдағыдан үстіңдегі артық болатұғын болса, әлхамдид шүкір, сенен менің артықлығым мағлұм болды. Сен пенде жасаған таққа мініп отырсың да, мен құдай жасаған сені тақ қылып отырмын ғой қазіргі сағатында!- дейді.


Тақ Сүлеймен айтты:


– Құдай жаратуда қайсымызды жақсы жаратты? Бұл турадан хабарың бар ма?!- дейді.


Онда Құмырсқа айтты:


– Бұл турадан хабарым бар.Әлхамдилла шүкір, жаратуында осы отырған сенен мені артық жаратты. Неге десең: өзге денеңе қарағанда, басың кіші, миың аз: ақылыңның аздығы -сол! Менің өзге денеме қарағанда, басым зор: миым көп, ақылымның артықтығы сонан! -дейді. Сенің өзге денеңе қарағанда, қарның жуан: тойымдығың жоқ, қанағатың аз. Тойымы жоқ қанағатсызда қасиет бола ма?! - дейді. Менің өзге денеме қарағанда, қарыным жіңішке: қанағатым зор, дүниеге мұқтажлығым аз!- дейді. Сенің өзге денеңе қарағанда, аяқ тарпың шидей: өзіңнен қаралдысы зорды көтере алмайтұғының - сол. Менің өзге денеме қарағанда, бөксе тарпым - жуан: сол үшін өз қаралдымнан үлкен нәрселерні көтере беремін. Ақылымды көп қылып, тамақ үшін уайымымды жоқ қылып, өзімнен зорды көтеретұғын күш беріп жаратты. Мұнан артық жаратылу бола ма?! - дейді.


Сонда құмырсқаның патшасы хазірет Сүлейменнің өзін, барлық ғаскерін қонақ қылды. Жер астына жиып тастаған астығы тақ Сүлейменнің қосынына мол болып жетті.


– Өгізің жоқ, соқаң жоқ, мұнша астықты қайдан егіп өндірдің?- дейді.


– Өзің не айтасың, ылғи баланың сөзін сөйлейсің: құдайдың жаратқаны жалғыз сен деймісің? Бір патша көп қосынымен өтіп бара жатып, осы жерге бір түнеп, қосыны аттарына жем берді. Сонда соның шашылған, төгілгенін жұртыма жиғыздырып едім: «Бір керек күні болар, құдайдың жаратқан нығыметі далада қалмасын!»- деп. Міне, сені бір қонақ қылып жөнелттім: еңбегім орынға тұрмады ма?!- дейді.


– Сонан бері таусылмай, өзің, жұртың не жеп күн көрген?- дейді.


– Бәрекелді, жалғыз бидай жеті жыл жеуіме жарайды. Бұл жеуменен не құрайды?- дейді.


– Сонда хазірет Сүлеймен құмырсқаның бұл сөзіне нанбай, шын-өтірігін білу үшін, бір құмырсқа мен бір бидайды темір қапасқа салып сақтады: «Жеті жылда ауызын бір-ақ ашамын!»- деп.


Жеті жылдан соң, аузын ашып қараса, құмырсқа аман-сәлемет бидайдың жартысын жепті, жартысы қарап тұр дейді.


– Бұл қалай, жеті жылда бір бидайды тауыса алмапсың ғой!- дейді.


– Оны тауыса алмағанымның мәнісі бар. «Өзі өтірікші болған - кісі сөзіне нанбайды» деген бар еді. Менің сөзіме нанбағандығыңнан жазықсыз қапасқа салып, мейман тұтқар қылдың. «Жеті жылда ашамын деген уағдасына опа қылса жақсы, уағдасында тұрмай, ар жағында жеті жыл артық салып қойса, сонда керек болар!- деп, жартысын жемей сақтағаным - сол!- дейді.


– Хазірет Сүлеймен тәубе қылып, құмырсқадан қанша үгіт-насихат алып, өзінің білместігіне, оның білімділігіне қайыл болды:


– Менен соңғы патша болғанлар мұнан ғибрат алсын! Біреудің көзге көрінісі құмырсқадай болса да, тауып айтқан сөзіне құлақ салып тұра қалсын!- деп, кітапқа жаздырып, кейінгіге қисса қылып кетті.





Пікір жазу