Прототип, оның қарсыласы және мен
* * *
Өмір сүру — жезөкшенің жүріс-тұрысы, көңіл-күйі. Сайқалдық. Өлім... Дәтің шыдамайды айтуға. Қорқынышты. Ұсқынсыздығынан. Мен — жүрген біреу. Жазушысымақ. Прототип — құрметті жан. Мен үшін. Оның қарсыласы — өзінше бір әлем. Қысқасы осы. Бәрін жек көремін. Тағдырымды құрайтындығынан.
* * *
Прототип. Есіңізде екендігіне бек сенімдімін, жоғарыда ол жайында тілге тиек еткенім. Расында солай. Менің шимайларымның кейіпкері атанғандығы үшін оған алғысым шексіз. Бір ғана кілтипан бар. Барлығы оның келісімінсіз іске асқан еді. Содан бері бұлданып жүр. Жан әлеміндегі құпиясын жария еткендігім үшін. Басында қуанған. Кімнің тақиясына тар келіпті, егер өзі жайында өзгелер жазып жатса. Алғысын жеткізген. Кейіннен көңіл-күйі күрт басқа арнаға бұрылды. Бәлкім біреулер азғырған, «сені пайдаланып жүр» деп. Пенде емес пе, құлағына құйып отырып қызғанышын қоздырған. Әйтеуір, арамызда салқындық орнады. Соңғы кездері жолыққан сайын ренішпен тарқаймыз. Не айтатыны белгілі. «Менің атымды пайдаланып, өз атағыңды шығардың. Мені көлеңкеде қалдырдың» дейді.
— Ау, жарқыным, бұл не сандырағың?— деймін, ақталып. Басқа ой санама кіріп-шыққан емес.
— Жалған. Енді маңайыма жолаушы болма, сені көргім келмейді.
Әдеттегіше сылқия тойып алған. Араққа. Тәлтіректеп әрең тұр. Ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Үнсіз тыңдадым.
— Сен барып тұрған хальтурщиксің. Бұдан былай өзім жайында тек өзім ғана жазамын.
Қолын бір сілтеді. Маған қарай. Бәлкім басқа бағытқа. Ұғу қиын. Шыдамның шегі жіңішкеріп, бырт-бырт үзілді. Мен де айқайға бастым.
— Сіздің қолыңыздан ендігәрі жазу келмейді.
— Не дейсің?..
Денесі қалш-қалш етеді.
— Барлық мүмкіндіктеріңіз таусылған. Тоқырағансыз.
— Қатты қателесесің.
— Мен байқаған шындық осы.
Түнеріп кетті. Кетіп қалды. Қоштаспастан.
Ертеңіне суыт хабар естідім. Прототип қайтыс болыпты. Жаныммен жақсы көретін кейіпкерім дүниеден өтіпті. Өзекті өкініш тырнап, өксік басылмады. Қуыстанып, менің соңғы сөздерімді көтере алмаған шығар қайран жүрек деп ойладым. Жерлеу рәсіміне қатыса алмадым, бейіт басында тұрып оған көз жасым ауыр болатындығын сезінгендіктен. Фәниден бақиға жол тартқан кейіпкерімнің бар азабы менің мойыныма артылғандай. Алғаш жаралған сөз үшін. Шырмаған ойлардың түйіні осы. Арнайы сараптаманың қорытындысы мүлде бөлек. Прототип араққа уланып өліпті. Олар үшін осылай болуы заңдылық.
* * *
Оның қарсыласы. Мен оның қандай жан екендігін білмеймін. Өмірімде өзін бір-ақ рет көргенмін. Жұмысқа іздеп келген. Мені. Сыртта тосып тұр екен, шықтым. Үстінде көнетоз киім. Қалалық психология тұрғысынан ойласаң, қасында тұру ыңғайсыз. Тіптен ұят. Алба-жалбасы шыққан крассовка, тізесі шыққан ескі шалбар, әр жері темекінің шоғынан тесілген, мойыны ырбиған, созылған футболка. Көңілге қуаныш ұялататыны, тек қолындағы әлдебір әдеби газеттің жаңа нөмірі ғана. Бір қарағанда осы тұрысында ешқандай үйлесім жоқ. Бір жұдырығын түйіп алыпты. Қандай іске тайсалмай қарсы тұра жүгіретіндей кейіп танытады.
— Мен жайында неге жазасың?
— Не дейсіз?
Мұндай адамның бұл өмірде бар екендігін алғаш көріп отырмын, ол жайында қалайша жазуым мүмкін?
— Қашқақтамаңыз, сен мені бір әңгімеңе бас кейіпкер етіп алыпсыз. Сенбесең, міне, — деді ол, қолындағы әдеби басылымды көрсетіп.— Осы басылымның алдыңғы сандарында жарияланған. Енді есіңізге түскен шығар.
Ойланып тұрмын, бұл газетте өмірімде бір әңгімем ғана жарық көрген. Оның өзінің протатипі бар. Ол өмірден озып кеткен. Прототип — менің жан досым. Бейтаныс біреудің бұлайша шатып тұрғанын неге жоруым керек?
— Сіз менің «Гений» атты әңгімемді айтып тұрған жоқсыз ба?
— Иә, дәл өзі. Бірақ сол әңгіменің бас кейіпкері менмін.
Өзіне нық сенімді.
— Мүмкін емес, оның прототипі бар, ол менің досым болатын. Жақында ғана дүниеден өткен.
— Жалған, жалған.., — деді ол, қолындағы газетті аспандата лақтырып жіберіп,— жалған бәрі. Бәрі маған сенгісі келмейді.
Сосын маған ұмтылды. Жұдырығын сілтеді. Қорғаншақтап, кейін шегіндім. Осы сәтте біздің жұмыстың алдында тұратын күзетшілер келіп ажыратып алды. Біреуі полиция шақырып үлгеріпті. Лезде сиреналарын ойнатып екі-үш патрульдік мәшине келді жұмыстың алдына. Абыр-сабыр... Артынан сап басылды. Бейтаныстың қолына кісен салып, мәшинеге отырғызды. Жаныма бір аға лейтенант келіп:
— Арыз жазасыз ба? — деп сұрады.
— Жоқ, — дедім.
Оны алып кетіп қалды.
Жұмысқа енгеніммен көңілім елегізіп, ештеңе өнбеді. Арада екі-үш сағат өткен, орнымнан тұрып, қалалық ішкі істер басқармасына тарттым. Маған киліккен жанмен жете танысқым келді. Оның жазығы жоқ болатын. Кіре берісте бағанағы аға лейтенант қарсы алды. Аты-жөні есімде қалмапты. Салған жерден ол:
— Ә, сіз кешіктіңіз. Өзіңіз ешқандай айып тақпағаннан кейін жаңа ғана босатып жібердік. Айтпақшы, сіздің келетініңізді білетін болған-ау шамасы, мына хатты тастап кеткен, беріңіз деп. Өзі қияли ма, қайдағы бір нәрселерді жазған екен, — деді міз бақпастан.
— Сіздің қандай құқығыңыз бар біреудің хатын оқуға, — дедім ашуланып. Ол алақанын екі жаққа жайып, иығын қиқаң еткізді де, хатты беріп жүре берді. Екі бүктеулі парақты аштым. Маржандай жазу.
«Әлемді — өлім құтқарады. Адам жанына бостандық алып бергеніндей. Біле білсеңіз, өмірдегі ең сұлу, ең әдемі нәрсе — ажал. Себебі, қандай дүние болмасын, оның шарықтау шегі жаныңа жақын келеді ғой. Сол секілді, ғұмырыңның, тағдырыңның шарықтау шегі — өлім. Сау болыңыз! Құрметпен, Оның қарсыласы!».
Хатты қайтадан бүктеп қалтама салдым. Прототиптің прототипі сияқты. Енді оны ешқашан көре алмайтындығымды түйсіндім. Күрсіндім...