25.01.2022
  158


Автор: Мақсат Мәлік

Жердің жаназасы

Жер о дүниелік болыпты деген қаралы хабар бір сәтте он сегіз мың ғаламға тарап үлгерді. Маған да жетті. Қаралы хабарға күллі әлем күңіреніп, ащы өксікке толы өкінішпен тіл қатқанымен, бірқалыпты өмірім өзгерген емес. Жерді ойлап жанарымнан жас та шығармадым. Алып Күнді өз өсінен тоқтамастан үш жүз алпыс бес күн айналатын Жердің, әйтеуір бір тоқтайтыны мен үшін ақиқат еді. Сол сәт бүгін орындалып отыр. Негізгі қисын осы. Біз соның куәсіміз, бірақ кінәлі емес едік. Кінәлі да шығармыз, бірақ менің қатысым шамалы. Әлем болса қылмыскерді іздестіріп жатты. Ұзақ іздеу салатын шығар деп ойлағанмын, қателесіппін, олардың топшылауындағы қылмыскер сол күні кешке қарай қамауға алынды.


Бір Көріпкел ұсталыпты. Ол жайында сырттай талай сырға қанық болғаныммен, түр-түсін көрмеппін. Ал оның бар жазығын естігенімде, шыдай алмай күліп жібердім. Сонда барлығы маған жек көре қараған. Көңіліме алмадым. Дегенмен Көріпкелге тағылған айып, ойландырмай қоймады. Егер бар әңгімені бүкпей баяндасам, Көріпкел Жер қаза табатын түні аспандағы жұлдыздармен ұзақ сырласыпты-мыс. Біреулер тыңдап қалса керек. Әсіресе Жеті қарақшымен арада өткізген әңгімесі өте қызық. Жұмбаққа толы. Аспанға қос қолын жайып ұзақ қараған Көріпкел: «Мен сендерге мекенімді мәңгілікке аманат етемін» депті. Олар: «Мақұл» деген жауап қайтарыпты. Бұл әңгімелерді жеткізген адамды анықтадым. Жердің асты-үстіндегі барлық әңгімелерді қалт жібермей тыңдап отыратын Саққұлақ екен. Осы айғақтарды алға тартқан із кесушілер, Көріпкелді тырп еткізбестен, жердің өліміне тікелей қатысы бар жан ретінде көрсетіп берді. Бұған Көріпкел ешқандай қарсылық көрсетпепті. «Мен жазықтымын» немесе «жазықты емеспін» деген сөз де айтпапты. «Кесімдерің осы болса, маған берілетін жазаны күтемін» депті. Өзін асқақ, паң қалыпта ұстапты. Көріпкелден осындай мінез күтсем де, оның жазықты екендігіне толық көзімді жеткізе алмадым. Ол өзінің болжам— жорамалдары арқылы құрбандыққа шалынып тұрғандай елестеді. Расында оның айтқан болжамдары ешқашан мүлт кеткен емес. Сан мыңдаған жылдардың құрдасы саналатын Көріпкелдің талай айтқандары дәл келіп және өзі соның талай мәрте куәсі атанған болатын. Оның қашан дүниеге келгендігі өзіне ғана аян. Өзін Адам Ата мен Хауа Ананың құрдасымын деп санайтын. Осы сөзден жаңылған емес. «Мен сендердің түп-тамырларың Адам Ата мен Хауа Ананың мына жер бетіне түсетіндігін білген едім» деген сөзді мен сан мәрте естідім. Біз ол заманның куәсі болмағандықтан, бұл айтылғандарға онша мән бермейтінбіз. Бірақ, мен ес білгелі мына әлемде орын алған түрлі табиғи катаклизмдер мен апаттар; түрлі әлемдік саяси-әлеуметтік оқиғалар; қақтығыстар жайында жасаған болжамдары айна-қатесіз айтқан қалпында қайталанатын. Сондықтанда барлығы Көріпкелден қорқатын. Бәлкім Жер жайында жасаған болжамы оның бар ғұмырындағы соңғы болжамы шығар. Себебі осы әркеті үшін Көріпкел өлім жазасына кесіліп отыр. Және жеті бөлшекке бөлінетін оның денесі Жермен бірге қабірге кіретін болып кесілді.


Жұма күні Жерді ақтық сапарға шығарып салынатындығы жайында төрткүл дүниеге жар салынды. Сол күні ерте тұрып, жуынып-шайынып, сақал-мұртымды қырып, үстіме тек қана ақ матадан тігілген киім кидім. Күллі әлем жиналыпты. Әуелі Көріпкелді құрбандыққа шалатын адам тағайындалды. Оған берілген тапсырма бойынша әуелі Көріпкелдің басы шабылуы тиіс. Кейін екі қолы мен аяқтары шауып тасталынады. Сосын денесі екіге бөлінеді. Жеті бөлшектенген дене қара кебінге оралып, Жермен бірге көміледі. Барлығы осы қызықтан құр қалғысы келмегендей, алға қарай ентелейді. Мен де алдыңғы қатар жаққа барып жайғастым. Алдыңғы қатарға барып тұра бергенім сол, қатты шу шықты. Жиналған жұртшылық бір-бірімен төбелесіп жатқандай. Мән-жайды енді ұқтым, жердің жаназасын біз шығарамыз деп мұсылмандар мен христиан өкілдері қырықпышақ болып, керісіп жатыр екен. Әр қайсысының айтқан уәждері орынды секілді. Шу толастаған жоқ. Арты төбелеске ұласты. Қан төгілді. Атқылаған қаннан Жерді ораған кебін қызыл түске бояла берді. Ақ матадан өткен қан Жердің бойына сіңе берді. Айқай-шу, қырғын тоқтаған жоқ. Қан төгіле берді. Осы сәтте ышқына айқайлаған Көріпкелдің үрейлі даусынан барлығы сілтідей тына қалды.


— Ей, немесіне арамтер болып қырқысасыңдар?


— Жердің жаназасын шығаруымыз керек. Оны мұсылмандар атқаруы тиіс.


— Жоқ, бұл әдет-ғұрып христиандарға ғана тән. Жерді біз өз қолымызбен ақтық сапарға шығарып саламыз.


— Қайсыларыңның айтқандарың дұрыс екендігін біле алмадым және Жердің жаназасын қайсыларың шығарсаңдар да маған бәрібір. Бірақ, Жерді қайда арулап көму керек екендігін ойладыңдар ма?..


Алдында ғана кісендеулі тұрған Көріпкелдің қолы босап кетіпті. Көкке жайылып тұр.


Күбір-күбір дауыстар көбейді. Біз шындығында Жердің мәңгілік мекені қайда екендігін білмейтінбіз. Бәріміз бас шайқадық.


— Міне, ең қасіреттісі осы емес пе?...


Көріпкелге қарсы ешкім де жауап қатқан жоқ. Ол көкке қараған қалпы әлденелерді айтып, жалбарынды. Көктен ерекше нұр құйылды. Көріпкел мен Жерді ерекше шуаққа бөлеп бара жатты. Шыдай алмай, бәріміз теріс қарадық. Көріпкел мен Жер нұрға сіңіп бара жатты. Санаулы секундтар арасында жоқ болып кетті. Біз мекен-жайсыз, кеңістікте қаңғырып, ұлардай шулап қалдық. Түпсіз тұңғиыққа шашырап кеттік. Бәріміздің санамызда «Енді қайтеміз?» деген сұрақ.


...Сол күні Жердің жаназасы шығарылмай қалды... Көріпкелді содан бері көрген жоқпыз.





Пікір жазу