Ақыл
— Тұр, тұр деймін.
Жылы төсек пен ұйқысын қимаған ол, екінші қапталына аунап түсті.
— Тұр, тұр деймін.
Досы мұның ырқына қояр емес, жұлқылап, «тұр, тезірек тұр, кешігеміз» деп бастырмалата жөнелді.
— Не болып қалды сонша, жау шапқандай, – деп басын көтере терезеге қараған ол таңның жаңа ғана бозарып келе жатқандығын көрді.
— Таң әлі толықтай атпапты ғой. Әрі бүгін жексенбі емес пе?
Ол есінеген қалпы тіл қатты. Жылы төсекті қияр емес.
— Тұр деймін, тездетіп киін, кешігеміз.
— Не болды сонша таң атпай дүрлігіп.
— Жаңа ғана радиодан хабарлады, қаланың шығыс қапталындағы таудың басында ақыл тегін үлестіріліп жатыр екен.
— А, а, не дейсің...
Ол орнынан атып тұрды да, тездетіп киіне бастады.
Досы әлі асықтырып жүр.
— Жүр тез, адамдардың қарасы көбейіп кеткен шығар. Кезек көбейіп кетеді.
Екеуі асығып-үсігіп сыртқа беттеген еді, есік ашылысымен нөпір адамға соқтығысып, тұрып қалды. Қатар-қатар тұрған адамдардың кезегіне көз жетпейді.
Екеуі ұзақ тұрды. Сақал-мұрттары өсіп кетті. Тұра берді. Егде тартты. Сақал-мұрты мен шаштары ағарып кетті. Қартайды.
... Иә, ол екеуі әлі кезекте тұрған еді.