24.01.2022
  404


Автор: Қазақ жерінің 100 аңызы

Жауыртау немесе Теміртау аңызы

Екі жақты жүріске арналған кең арналы асфальт жолмен Қарағандыдан солтүстікке қарай жеңіл автомобильмен шығып, 15-20 минут уақыт шамасында Жауыртау деп оғаштау аталатын аласа шоқыға жетуге болады. Бұл атаудағы жауыр дегеніміз – атты дұрыс ерттемеуден пайда болатын жарақат. Оның кәдімгі Сарыарқаның жайпақ таулары мен төбелерінен айтарлықтай өзгешелігі жоқ және де баршамызға жақсы таныс пейзажбен үйлесіпақ тұрғаны байқалады. Дала ашық-сұр бетеге мен ашық-сарғыш ақселеудің реңінен алтын түстес ұшқын шашып тұрғандай көрінеді.
Жауыртаудың биіктігі өзіне жақын орналасқан көптеген шоқылардың арасынан едәуір көтеріңкі тұрады. Тау беткейлерінен қараған мен тобылғының сирек өскен бұталары көзге шалынады. Бұл таудың атауы нені аңғартпақ болғаны беймәлім (арқасы жауыр ат қалған жер ме?). Байқасақ, бұл атау оның әлде бір сыртқы ерекшеліктері мен белгілеріне негізделмеген. Жауыртау атауының шығуы туралы аңыз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты халық жырымен де байланыстырылады...
...Қыстыгүні қолынан қар шықпайтын сараң Қарабай өзінің сұлу қызы Баянды оның сүйіктісі Қозымен құдаластырудан барынша қашқақтайды. Ол өзінің қызына лайықты теңін табуға үміттеніп, ержүрек Қозының ауылынан қашық өңірге асығыс көшеді. Осындай шұғыл көшулердің біріндегі әбігерлік кезінде қымыз құюға арналып, жылқы терісінен жасалған мес – саба жарылып кетеді. Сол кезден бері қымыз төгілген осы жер «Ақкөл жайылма» деп аталған.


Адамдар мен көліктерді қажытқан ұзаққа созылған көшу кезінде нар деп аталатын жалғыз өркешті қырық түйе жол азабына төзе алмай опат болады. Бұл кезде Қарабайдың ауылы Аягөзге жетеді, мұнда оларға ноғайлық Шақшақ байдың дөрекі әрі өркеуде ұлы Қодар кездеседі. Баян сұлуды көрген Қодар сол сәтте оған ғашық болып қалады... Аса мол тарту жасауға және бай қалыңмал төлеуге уәде берген Қодар Қарабаймен ортақ тіл табысады. Алыста қалған Қозымен жолығудан бар үміті үзілген Баян өзінің еркіне қарсы жасалған келісімді жеткізу үшін Айбас есімді жігітті хабаршы етіп аттандырады. Оның астына әкесінің сансыз табындарының ішінен Бақа деп аталатын ең жақсы айғырды таңдап мінгізеді. Бұған қоса, өз махаббаты мен адалдығының белгісі ретінде өзінің моншағы мен домбырасы, құстың қауырсыны – қарқарамен безендірілген бас киімі салынған алтын қобдишасын да жөнелтеді.
Қарабайдың қырық нары шыдамаған ұшы-қиырсыз даладағы ұзақ жол Айбас пен оның атын да титықтатады. Әлі кетіп қалжыраған жігіт жолда Баян сұлудың домбырасы мен моншағының қалай түсіп қалғанын аңғармайды. Осыған орай, бұл жер «Домбыралы» және «Моншалықты» деп аталып кетеді. Жолай қобдишадан қыздың қарқаралы бас киімі де түсіп қалған жер «Қарқаралы» деп аталыпты.
Ең ақырында, жігіт алтын қобдишаның өзін де түсіріп алады. Осыған орай, халық арасында «Алтын сандық» және «Ақшатау» деген жер атаулары қалыптасқан.
Жолдың Айбас пен оның атын қаншалықты шаршатып, жүдеткеніне қарамастан, жігіт өз мақсатына жетуге деген мықты сенімде болады. Титықтап әлсіреген сәйгүлік ақырында ілгері жүре алмай, бір орнында тұрып қалады. Бұл жер кейін «Тоқырауын – Жәмші» деп аталыпты. Қазірде бұл өзен Жезқазған өңіріндегі Ақтоғай ауданы арқылы ағып, Балқаш көліне құйылады.
Сансыз ауыртпалықтарды басынан кешкен Айбас мақсатына жетпей тынбайды. Астындағы айғырын Тоқырауын өзені жағалауындағы шүйгін шөпке оттатып, біраз тынықтырған соң сапарын әрі қарай жалғастырады. Ұзаққа созылған апталар, айлар өтеді, ат тұяғы тозып, аяқтары дірілдейді, аттың ер тоқым асты жауыр болуға айналады. Аңызда айтылғанындай, жігіт өзінің атын қалдырып кеткен осы жерді ел аузында «Жауыртау» деп атаған деседі... Бұл тарихи оқиғаның өткеніне көптеген ғасыр болса керек.
Белгілі бір жердің халықтық атауын сол халықтың өзі ғана өзгерте алмақ. Жауыртаудың жайпақ жотасымен қаһарлы Темірланның мың санды әскері басып өткен; жоңғар қоңтайшыларының екпінді отрядтары әлде неше мәрте қиқу салып шапқан; Нұра өзені тұсындағы шоқы маңында ержүрек Кенесары Қасымовтың әскерлері аттарын суаруға аялдаған; кәсіпкер орыс көпестері, ағылшын және француз кәсіпкерлері оның төбесіне көтеріліп, төңірекке көз салған... Ең қызықтысы сол, кім болсын, қашан болсын, бұл тауды тек Жауыртау деп атаудан жалықпаған. Ал енді соңғы он-жиырма жылдықта, неліктен екені белгісіз, адамдар бұл тауды Теміртау деп атай бастаған. Жергілікті тұрғындар оған кездейсоқ атау бере қояр ма екен? Сірә, бұл жаңа атаудың адамдардың санасы мен жадында орнығуы және, жалпы алғанда, оның өмірге келуі соңғы онжылдықтардағы орасан зор өзгерістердің тууына байланысты болар. Шынында да, қазіргі Теміртау атауы қазақтың тау-тау темір, көп темір, үйілген темір секілді сөз тіркестеріне барып тірелетін болар. Аспанға қарай ұмтылған алып зауыт мұржаларының қасында Жауыртау мүлде елеусіз болып қалатындай. Ал Нұра өзенінің кең аңғарында жұмысшылар қаласы Теміртау қанат жайды. Ыстық металл балқытып, құятын жақын маңдағы фабрикалар мен зауыттарда екі мыңнан астам тұрғындар еңбек етеді. Теміртау тауы мен осы аттас қала – құрдастар болды. Олардың жасы қырықтан аспаған. Бір қызығы – қала тауға жаңа атау берсе, тау – қалаға атау ұсынды.





Пікір жазу