ҚАҢБАҚ ШАЛ
Қазақ фольклорында бір ғана ертегіде кездесетін, бірақ өзіндік орны ерекше, қазақпын деген адамның бәрінің жүрегінен ойып орын алған бейне – қаңбақ шал. Бұл ертегі кейіпкерін білмейтін қазақ жоқ десек артық айтқандық болмас.
Сыншыл ертегілер қатарына жатқызылып жүрген «Қаңбақ шал» ертегісінің бірнеше нұсқасы бар. Бір мәтінде «қорқақтығынан үйден шықпайтын шал қолындағы жарасына алпыс шыбын үймелеп, оларды бір соғып өлтіргені үшін өзін батыр санағаны туралы айтылады. Ен далаға шығып, ұйықтар кезде өзінің осындай батырлығы туралы жазып қойғанын көрген үш дәу оны қорқасоқтап, сақтықпен оятады. Кейін шал өзін құдықтан шелекпен су және орманнан ағаш кесіп әкелуге жұмсағанда тапқырлық көрсетіп, дүлей күш иелерін айласымен жеңеді.
Ертегінің келесі нұсқасындағы «Аулаған балығын тартып жейтін түлкінің қыспағына шыдамай қоныс аудармақшы болған әлсіз шалдың ертегінің соңында барша мұратына жетуі де» тапқырлығының арқасы.
"Қаңбақ шал" ертегісі жас ұрпақты қарапайымдылыққа, ақыл мен адал еңбек етуге тәрбиелейтін, халықтық мәні зор шығарма. Ел арасында ертегінің бірнеше нұсқалары сақталған. Бірақ ол нұсқалардың қайсысында болмасын қаңбақ шалдың бейнесі өзгермей, ұнамды кейіпкер ретінде танылады.
«Бұрын, бұрын бұрында Қаңбақ шал деген шал болыпты. Мал мен басқа зар болыпты. Кедейліктен шықпапты. Ол ау салып, балық аулап, тамақ асырапты. Жел соқса, шал домалап жөнеледі екен. Содан соң оған Қаңбақ шал деген ат қойылыпты», - деп басталатын ертегіде қаңбақ шал дәрменсіз пенденің кейпінде бейнеленгенімен, ертегі барысында оның мүсәпір, көнбіс пенде емес, намысқой адам екені көрінеді.
Түлкіден және қайырсыз тірлігінен құтылмақ болған қаңбақ шал шарасыздық танытып отыра бермей, әрекетке көшеді. Осы әрекетінің барысында оның ақылдылығы, тапқырлығы қылаң береді.
Ол тапқырлығының арқасында дәуден аман қалады. Бұл сәт ертегіде: Дәудің ақылы таяздығын біліп шал ерленіп, дәуге:
- Кел жердің ішек қарнын шығарйық - дейді. Дәу жүгіріп келіп, жерді теуіп қалады. Жер тізеден ойылады. Ештеңе шықпайды. Шал өзі бұрын көміп қойған, қаны - жыны арылмаған ішек қарын жатқан жерді жүгіріп барып, теуіп қалса, ішек қарын шығады. Дәу қорқады. Сосын шал:
- Кел енді жердің миын шығарайық, - дейді. Дәу бар пәрменімен келіп, жерді теуіп қалады. Жер тағы да тізеден ойылады. Ештеңе шықпайды. Шал манағы айранын көміп кеткен жерді жүгіріп барып теуіп қалса, бырқ етіп айран шыға келеді. Дәу одан бетер қорқады. Мына шал не деген орасан күшті деп, шалдың айтқанын істей береді», - деп суреттеледі.
Қара күш иесі даңғой дәуден тапқырлығымен құтылған қаңбақ шал, ата жауы болған түлкіден де ұшқыр ой мен ұтымды сөздерінің арқасында құтылады. Бұл көрініс ертегіде былайша беріледі:
- Тақсыр, қайдан қашып келесің? - дейді түлкі.
- Бір пәле шалдың қырсығынан құтыла алмай қашып келеміз, - дейді дәулер. Түлкі:
- Сол Қаңбақ шалдан қорқып жүрсіңдер ме? Менімен жүр, мен сенің өшіңді алып берейін, - деп, дәуді ертіп, шалды іздеп қайта келе жатса, шал лашықтың жанында тұр екен. Түлкінің ертіп келе жатқанын көріп, шал айғай салады:
- Ей, түлкі-ау. Арғы атаңда алты атамның құны бар, бергі атаңда бес атамның құны бар, өзіңде бітіспейтін кегім бар, үш дәуді сол үшін бергелі жатырсын ғой! Бәрібір онымен бітпеймін! - деп дауыстайды.
Сонда дәу қорқып, бұл бізді сол аталарының құнына беруге алдап алып келе жатыр екен ғой, - деп ойлап түлкіні құйрығынан алып жерге бір ұрып өлтіріп, алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Сөйтіп, Қаңбақ шал дәулер мен түлкіден осылай құтылған екен дейді.
Көріп отырғанымыздай, ақымақ дәулер мен айлакер түлкіден қаңбақ шал осылайша тапқырлығының арқасында құтылады.
Қаңбақ шал мен дәудің арасындағы сюжет алғашқы рулық қоғамда дуалистік мифтегі ежелгі қулық (трюк) дәстүрінің негізінде туып, сюжеттің дамуы барысында кейіпкерлерді – адам мен дәу – бір-бірімен шендестіру (антитеза) арқылы сарказм жасап, «жалған мықтылық» сарыны шығармаға сатиралық сипат дарытқан.
«Қорқақтың батыр болуы» деген ертегіде қаңбақ шалдың дәулерден ақылын асыруына себеп – үй тышқанын кездейсоқ өлтіріп қойып, өзін батыр сезінуі айтылады: «Ерте заманда ен далада қатпарлы тауға жуық шамада бір кемпір мен шал болыпты. Бір күні қызыл құйрық түлкі үйлеріне келіп қорқытып бар дәмді тағамын жеп кетіпті. Келесі күні үйге кіріп келе жатып үй тышқанын басып өлтіріп қояды. Кемпіріне «енді мен батыр болдым, зор мақұлықты өлтірдім» деп мақтанады. Кемпіріне 2 жұмыртқа, 20 құлаш арқан әзірлетіп алып жолға шығады. Қатпарлы таудан қашықтау жердегі дәулердің үйіне бет алады. Жолда беліндегі арқанды жерге көмеді де, дәулерге келіп күш сынастырғалы келгенін айтады».
Қорыта айтқанда, қаңбақ шал – сырт көзге дәрменсіз, бірақ алды-артын ойланып жасайтын, ертеңін болжай алатын, қысылғанда жол табатын, көреген, өзінің адал еңбегімен күнін көріп жүрген қарапайым еңбек адамы.