Қазақ отбасы тәрбиесі, оның негізгі ұғымдары
Бала тәрбиесінің негізі - бұл оның отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ - бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, әрбір ата-ана өзінің баласын білімді, мәдениетті, жан-жақты етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы Конвенция» (1995), Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» (2007), Қазақстан Республикасының «Балалардың құқығы туралы Заңы» (2002). Үкіметтен қолдау тапқан бұл құжаттарда үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан бастап, мектеп аяқтағанға дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселесін жоспарлы түрде шешіп, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етеді. Ал, ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қазіргі кездегі жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі, жа стардың нашақорлығы, адамзаттың басынан төніп тұрған әр түрлі дерттің қанат жаюы, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Баланың негізгі тәрбиешісі-өзінің туып өскен ортасы, ата-анасы. Баланың дұрыс азамат болып өсуі немесе қате жолға түсуі көбінесе үлкендерге байланысты.
«Баланы-жастан…» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Жасөспірімдердің білім алуында, тәрбиесінің дұрыс қалыптасуында мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынаста болуы қажетті жағдай болып отыр.
Отбасы мәселесін көптеген әлеуметтану, философия, психология, педагогика, демография, кұқық, әдептану, тарих т.б. ғылымдардың қарастыруына байланысты көптеген анықтамалар кезіктіруге болады. Олай болса, отбасының бірнеше анықтамаларына тоқталайық.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Отбасы» – өзіне, «неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ»– деген анықтама берілген. Оның мүшелері тұрмыстық ортақтығы, өзара көмек және рухани жауапкершілік арқылы байланысқан. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық катынастардың жүйесімен тығыз байланыста бола тұрса да, отбасы қоғамдық өмірге қарағанда адамдардың белгілі дәрежедегі дербес
сырлас тобы. Отбасы өмірі материалдық және рухани үрдістерімен сипатталады. Табиғи-биологиялық және шаруашылық тұтыну қатынастары оның материалдық жағын құраса, рухани жағын құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды. Отбасы еркек пен әйелдің табиғи физиологиялық және басқа қажеттерін (рухани, этикалық, эстетикалық, т.б. қажеттерін) өтеп, ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіре дамытушы әлеуметтік топ болып табылады.
Философиялық тұрғыда «отбасы» – қоғамның ажырамас құрамды, өмірде зор мәні бар кішігірім ұйым деп бepiлсе, әлеуметтану ғылымында отбасы некеде және қандас туыстар негізінде құрылған кішігірім топ деп берілген. Оның мүшелері бір-бірімен тұрмыстық, моралдық, жауапкершілік, өзара жәрдем көрсету қарым-қатынаста болып, әлеуметтік құрылыс ретінде қоғамның экономикалық базисінің дамуына байланысты өзгеріп, жекелей дербестікте болады деп көрсетеді.
АЛ, педагогикалық-психологиялық тұрғыда отбасы - ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардьң және басқа да отбасы мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи нақты жүйесі болып табылады.
Отбасы мен бала тәрбиесі ғылыми-теориялық және әдістемелік мазмұнға бай. Ежелгі грек ойшылы Платон «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деп есептесе, Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған.
Классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасы мәселелесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. Фихте отбасының негізі -махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.
Отбасының формасы мен атқаратын міндеттерінің өзгеруі өндіргіш күштердің дамуына, яғни адамның шығу тегін айқындайтын элементтердің қалыптасуына байланысты болады. Бұл жөнінде Ф.Энгельс өзінің «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» деген еңбегінің кіріспесінде былай деп жазды: «Қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш сайып келгенде өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру болып табылады. Алайда, өндіріс те екі түрлі болады. Бірінші жағынан-тіршілік қажеттерін: азық- түлік, киім-кешек, баспана және бұларды өндіру үшін қажетті құралдар өндіру; Екінші жағынан -адамның өзін өндіру, ұрпақты өсіру.
Белгілі тарихи дәуірде және белгілі бір елде өмір сүретін адамдардың қоғамдық қатынастары өндірістің осы екі түрімен: бір
жағынан, еңбектің, екінші жағынан, отбасының даму дәрежесімен анықталады...».
Отбасы тәрбиесі– нақты отбасы жағдайындағы ата-ананың басқа туысқандарының ықпалы арқылы берілетін тәрбие мен білім беру жүйесі. Бала бойында жақсы мінез-құлықтарды сіңіруде ата-ананың, үлкендерінің жеке бас үлгі-өнегесі ерекше рөл атқарады. Бала оларға қарап, еліктеп өседі. Кейбір ата-ананың балаға айтар өсиеті мен күнделікті тіршіліктегі іс-әрекеті, мінез-құлқы сай келе бермейді. Балаға өтірік айтпа, ұрлық істеме, біреудің ала жібін аттама, кісіге қиянат жасама дей отырып, ата-ана немесе отбасының өзге мүшелерінің өзі осы қылықтармен айналысса, бала тәрбиесіне теріс әсер етері сөзсіз.
Профессор К.Ж.Қожахметованың зерттеулеріне сүйенсек, тәрбиедегі этноәлеуметтік рөлдік бағытты жоғары қояды. Ол ерте балалық шақтан бастап этноәлеуметтік рөлдерге бейімділігін және оның адам өмірінің барлық кезеңінде жалғасын табатынын көрсетеді. Тәрбиеге этноәлеуметтік рөлдік тұрғыдан келу қазақ этникалық тәрбиесінің, оның ішінде отбасы тәрбиесінің негізгі қағидасы болып саналады. Отбасында баланың жас және жыныстық ерекшеліктеріне орай этноәлеуметтік рөлдері игеруі оның дамуының көрсеткіші болып табылады. Отбасы қызметі қарым-қатынас процесінде және отбасы мүшелерінің өзара әрекетінде жүзеге асады.
Отбасы қазіргі мағынасында – бұл некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға септігін тигізетін, мүліктік және мүлікке қатысты емес жеке бастың құқықтарымен байланысқан адамдар тобы.
Осы анықтамалардан түйіндейтініміз: адамның өз өмірінің негізгі процестерін бастан кешіретін кіші әлеуметтік топ -отбасы болып табылады. Отбасындағы әрбір адам өмірінің онымен тығыз байланыстылығы сонша, ол әрбір отбасы мүшесінің дамуына шешуші әсер етеді.
Отбасының жоғарыда келтірілген анықтамасы бойынша, ол отбасын дағы қатынастар, отбасының құрылымы мен формасы тарихи өзгеріп отыратын әлеуметтік топ.
Сонымен қатар отбасы тәрбиесіне қатысты келесі ұғымдарды да қарстырып өткеніміз жөн.
Әдеп –халқымыздың үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы, әйелінің ері алдындағы немесе ерінің әйелі алдындағы әдеп сақтау үлгілерінің көрінісі. Мысалы, ата-ананы сыйлау сәлем беру , үлкен адамның жолын кеспеу т.б. әдептілік нормаларды айтады. Әр адамның адамгершілік қасиеттерінің көрінісі т.б. халықтық тәрбиенің өзін-өзі тану жолындағы үлгісі болып табылады.
Нақыл –өнеге өсиет, тақпақ, жыр негізінде айтылатын тәжірибеден алынған тәрбиелік сөз. Ұлы адамдардың нақыл сөздері жастардың жадында сақталып,зор тәрбиелік рол атқарған.
Өсиет- кейінгі ұрпаққа айтылған ақыл-кеңес, ғибрат, өнеге, ата- ананың ұрпағына айтқан тәрбиелік сөздері.
Ұлттық тәрбие –жалпы адамзаттықты ұлттық пен бірлікте ұштастыратын азаматтарды, ұлт мүшелерін қалыптастыру; мәдениет, тілді білуімен қатар ол қазіргі білімді де меңгеруі тиіс.
Үлгі- өнеге – жеке адамның басқаға үлгі көрсетіп, өнегесін үйретуі. Жеке тұлғаның білімділігі, еңбекқорлығы, имандылығы, үлгілі мінез- құлқы жастарға үлгі-өнеге болады.
Көрегенділік –жеке адам бойындағы имандылық, кішіпейілділік, әдептілік тәрізді адамгершілік қасиеттердің жиынтығы. Көрегеділік жақсы үлгімен тәлім –тәрбие алғанын білдіреді. Көрегенділіктің әуелгі қайнары –әдеп болса, алғашқы белгісі амандасудан көрінеді.
Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезіну. Барлық азаматтардың ұлты мен конфессиясына қарамастан қазақ халқының тарихы мен мәдениетін құрметтеу, мемлекет рәміздеріне, мемлекеттік тілге құрметпен қарау. Қазақстанды барлық азаматтарының бірыңғай Отаны ретінде түсінуі.
Отбасылық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынт ығы отбасылық құқық деп аталады.
Отбасы – неке қатынастарын реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт. Неке–отбасын құрудың негізі болып табылады. Ерлі- зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туындататын отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсінуіміз қажет. Егер неке тіркелмесе де, бірақ еркек пен әйел бірге тұрып, балаларын тәрбиелеумен айналысып жатса, мұны да отбасы деп айтуға болады. Егер кәмелетке толған балалары ата– анасымен бірге тұрып, оларға қамқорлық жасап, материалдық көмек көрсетсе–бұл да отбасы. Адамдар арасында некеден, туыстықтан, бала асырап алудан, отбасына тәрбиелеу үшін бала алудан туындайын қатынастар -отбасылық қатынастар деп аталады. Бірақ отбасындағы қатынастардың бәрі бірдей құқық жөнімен реттеле бермейді.
Отбасындағы қатынастар, негізінен, адамгершілік, ізгілік - өнегелік нормалары негізінде реттеледі. Бұл өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық қолдаудың көрінісі.
Отбасылық өмір қалыбы, көбінесе ұлттық дәстүрлер мен әдет- ғұрыптарға сүйенеді (үлкендерді қадірлеу, отбасын қамтамасыз ету оның басшысы ретінде толықтай ер адамға жүктеледі,
туысқандарды қадірлеп, құрметтеу). Отбасының ішкі мәселелері отбасы мүшелерінің өзара келісімі бойынша шешіледі. Егер ол мәселе кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты болса, оны шешуге балалар да қатыстырылады. Құқықтық нормаларға араласу отбасылық қатынастар бұзылғанда қажет. Жеке басылық қатынастармен салыстырғанда отбасылық мүліктік қатынастар құқық арқылы егжей- тегжейлі реттеледі, өйткені бұл қатынастардың объектісі материалдық игілік болып табылады. Отбасылық құқық азаматтық құқықпен тығызь байланысты. Мәселен, отбасылық құқықпен реттелмеген отбасы мүшелерінің арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды реттеуге азаматтық заңнама қолданылады, өйткені ол отбасылық – некелік қатынастардың мәніне қайшы келмейді. Қалай десек те ата-ананың өз ұрпағы алдындағы міндеттері мен құқықтарын ешкім бөліп атқармақ емес. Отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған.
ҚР бірқатар заңнамаларында ата-атаның бала тәрбиесіндегі міндеттері және өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Неке және отбасы туралы Кодексінде (26.12.2011ж.) 70- бап.
Ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері:
- Ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi.
- Ата-аналардың өз баласын тәрбиелеуге құқығы бар және осыған міндетті. Ата-аналардың барлық өзге адамдар алдында баласын тәрбиелеуге басым құқығы бар.
Бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады.
- Ата-аналар баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ата-аналардың бала жалпы орта білім алғанға дейін оның пікірін ескере отырып, білім беру ұйымын және баланың оқу нысанын таңдауға құқығы бар.
- бап. Ата-аналардың баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттері
- Ата-аналар өз баласының заңды өкiлдерi болып табылады және арнайы өкiлеттiктерсiз кез келген жеке және заңды тұлғаларға қатысты, оның iшiнде соттарда оның құқықтары мен мүдделерiн қорғайды.
- Егер қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функциялард ы жүзеге асыратын орган ата-аналар мен баланың мүдделерi арасында қайшылықтар барын анықтаса, ата-аналар өз баласының мүдделерiн бiлдiруге құқылы емес. Ата-аналар мен баланың арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бала-ның құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн өкiл тағайындауға мiндеттi.
Егер ата-аналар балаға қатысты ата-ана құқықтарынан айрылған не олар шектелген жағдайда, баланың мүдделерін білдіруге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының «Білім беру» туралы Заңында ата- аналардың өз балаларына, қамқорлыққа алынған балаларға қамқор заңды өкілдер-қамқоршылардың алдындағы тәрбиелеу мен білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері айтылады. Ата-аналар және өзге де заңды өкілдері:
- Балаларға өмір сүруі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың интеллектуалдық және дене күшін дамытуын, адамгершілік жағынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;
- Бес (алты) жасында балалардың мектепке барар алдындағы дайын дығын қамтамасыз етуге, ал алты (жеті) жастан бастап жалпы білім беретін мектепке беруге;
- Білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық жасауға; балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге міндетті (38 бап.)
Неке мен отбасын қорғау. Неке мен отбасын қорғау екі түрде жүзеге асырылады: юрисдикциялық және бейюрисдикциялық. Біріншісінде-отбасының құқығы бұзылған немесе дауланатын құқықты қорғау жөніндегі өкілетті мемлекеттік органдарды қарастыру арқылы жүзеге асырылады. Бұлар сот, прокурор, азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдары, қамқоршылық органдары, ішкі істер органдары. Екінші түрі – отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтар мен ұйымдардың іс - әрекеттері. Азаматтар бұл әрекеттерді мемлекеттік органдардан көмектесуді өтінбей-ақ өздері іске асырады. Мұндай іс - әрекеттерді – құқығын өзі қорғау деп атайды. Мысалы, құқығы бұзылған баланың ата-анасы тәртіп бұзушы баланың ата-анасымен кеңесіп, оған кешірім сұрауға ұсыныс жасайды және т.б. Сот арқылы қорғау – отбасы құқығын қорғаудың бір түрі болып табылады. Бұл істе прокуратура, ішкі істер органдары, АХАТ органдары, тәрбиелік мекемелер, атқарушы органдар – әкімдіктер үлкен рөл атқарады. Мысалы, әкімдіктер ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларын
қолға алуға, ондай балалары есепке алуды ұйымдастырып, оларды отбасыларға орналастыруға көмектесуге міндетті. Ішкі істер органдары баланы күштеп тартып алуға, сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген адамдарды іздестіруге байланысты шешімдерді күштеп орындауға қатысулары мүмкін.
Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі. Неке жасы. Некеге тұру некеге тұрушы ері мен әйелдің өзара ерікті келісімі және олардың неке жасына жету болып табылады.
Егер неке күш көрсету, алдау, қорқыту жолымен қиылған болса, онда ол жарамсыз деп танылуы мүмкін. Некеге тұру келісімін некені тіркеу рәсімінің барысында некеге тұрушы адамның тікелей өзі ауызша білдіреді және оның қолын қойғызу арқылы расталады. Соның өзінде ата-аналарының немесе туыстарының келісімі талап етілмейді. Дей тұрғанмен, қай жағынан алып қарағанда да ата – анасының құптауы болашақ отбасы үшін өте маңызды екендігі күмәнсіз. Отбасын құру үшін неке жасына жетудің үлкен маңызы бар. Некеге тұрушылар белгілі бір рухани және күш-қуат кемелділігіне ие болуы керек, ол белгілі бір жаспен байланысты. Біздің заңымызға сәйкес неке жасы – 18 жас. АХАТ органдары дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады. Неке жасына жетпеген адамдардың некеге тұруына ата – аналарының келісімі бойынша ғана рұқсат етіледі. Жүктілік немесе баланың тууы, әскери қызметке шақырылуы, кәмелетке толмағандардың нақты отбасын құруы дәлелді себептердің қатарына жатады. Соның өзінде басқа да дәлелді себептердің болуы мүмкін. Некеге тұратын адамдар медициналық, сондай-ақ, генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелері бойынша консультациялар алып, тексеруден өтулеріне болады. Мұндай тексерулер некеге тұратын адамдардың екеуінің келісімімен ғана өткізілуі тиіс. Некеге тұратын адамдарды тексерудің нәтижелері медециналық құпия болып табылады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін. Болашақ ерлі – зайыптылар АХАТ органына өздерінің некеге тұрғысы келетіндіктері туралы бірлесіп жазбаша түрде мәлімдеуі керек. Ал олардың біреуі АХАТ органына бірге өтініш беру үшін келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда қалай істеу керек? Егер ол дәлелді себептермен АХАТ органына келе алмайтын жағдайда ол адамдардың некеге тұруды қалайтындықтары жөніндегі нотариус куәландырған өтінішін табыс етуге заң рұқсат береді. Некеге тұратын адамның тікелей қатысуымен неке мемлекеттік АХАТ органдарында қиылады. Некені сенімхат бойынша немесе өкілдер арқылы қиюға тыйым салынады. Қамауда немесе бас бостандығынан айырылғандар некеге отыра алады. Алайда оларда мемлекеттік тіркеу АХАТ та емес,
бас бостандығын айыру орнында немесе қамауда отырған жерде жүргізіледі. Заңда неке қиюға кедергілер де көзделген. Бұл өзге тіркелген некенің болуы, болашақ ерлі – зайыптылардың жақын туыстығы, некеге тұрушылардың біреуінің іс - әрекетке қабілетсіздігі, сондай-ақ бала асырап алушылар мен асырап алғандар арасында неке қию.
Некелік шарт. Некелік шарт – біздің тұрмысымызға салыстырмалы түрде жақында енген ұғым. Некелік шарт деп – некеге тұратын адамдардың немесе ерлі-зайыптылардың некеде тұрғандағы немесе оны бұзған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісімдері танылады. Некелік шарт міндетті түрде жазбаша жасалуы және нотариуспен куәландырылуы қажет. Некелік шартты некеге отыратын адамдардың тікелей өздері, сондай-ақ адвокат не нотариус толтыруы мүмкін екендігін айырықша атап көрсету қажет. Некелік шартты нотариалды куәландыру үшін жекеменшік немесе мемлекеттік нотариусқа жүгіну керек. Некелік шартты некені тіркегенге дейін, сондай -ақ некеде тұрған кез келген уақытта жасасуға болады. Некелік шарттың субъектілері не ерлі-зайыптылар, не некеге енді тұруға әзірленіп жатқан адамдар болуы мүмкін (күйеу мен қалыңдық). Ерлі- зайыптылар, яғни АХАТ органдарында тіркелмеген, бірақ бірге тұратын және бір-біріне қамқорлық көрсететін адамдар некелік шарт жасаса алмайды. Некеге тұратын кәмелетке толмағандар (18 жасқа дейінгі адамдар) ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен ғана некелік шарт жасаса алады. Бұл кәмелетке толмағандардың өз бетінше некелік шарт жасасуына тыйым салынады деген сөз. Некелік шарт жасасу-некені тіркеу үшін қажетті шарт болып табылмайтындағын атап өту керек. Некеге отыратын адамдардың немесе ерлі-зайыптылардың неке шартын жасасуы немесе оған қол қоюдан бас тартуы ерікті түрде шешіледі, өйткені бұл олардың міндеті емес, құқығы болып табылады. Бірақ сонымен бірге неке шартында ерлі – зайыптылардың немесе некеге тұратын адамдардың ортақ еркі білдірілуі тиіс.
Некені тоқтату және оның негізі. Ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтық қатынастарының тоқтатылуын некенің тоқтатылуы деп түсінеді. Неке заңда айқындалған белгілі бір оқиғалардың тууына байланысты немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің не екеуінің бірдей қалауымен тоқтатылады.
Некені тоқтататын оқиғалар қатарына мыналар жатады:
- ерінің қайтыс болуы;
- соттың ерлі -зайыптылардың біреуін өлді деп жариялауы;
- некенің бұзылуы (ажырасу).
Некенің тоқтату негіздерінің тізімі толық болып табылады.
Ері қайтыс болған немесе ерлі-зайыптылардың біреуі өлді деп жарияланған жағдайда неке өздігінен тоқтатылады. Егер артында қалған адам жаңадан некеге тұрғысы келсе, бұрынғы неке бойынша ерінің өлгені бойынша АХАТ органдары берген куәлікті көрсетсе де жеткілікті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 31 – бабына сәйкес, егер азамат тұрақты тұратын жерде үш жыл бойына ол туралы ешқандай мәіметтер болмаса, егер ол өлім қаупі төнген жағдайда немесе оның өлімі алты ай ішінде жазатайым оқиғадан болды деп есептеуге негіз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз кетсе, ол азамат мүдделі адамдардың арызы бойынша сот арқылы өлді деп жариялануы мүмкін. Сот азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы шешім шығарған сәттен бастап, онымен неке тоқтатылды деп есептеледі. Кейде қайтыс болды деп жарияланған адамдардың шындығында тірі болып шығатын жағдайлары да кездеседі. Өлді деп жарияланған жұбайы тірі келген жағдайда сот әлгі шешімді бұзады, бірақ тоқтатылған неке өздігінен қалпына келтірілмейді. Ол ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша АХАТ органдары арқылы қалпына келтірілуі мүмкін. Егер қалпына келтіру туралы өтініш берілмесе, ерлі-зайыптылардың екеуінің де тірі екендігіне қарамастан, неке тоқтатылған деп есептеледі. Басқа жұбай жаңа некеге тұрған жағдайда, бұрынғы некені қалпына келтіре алмайды. Жаңа некенің тағдыры түрліше шешілуі мүмкін: ол не сақталады, немесе бұзылады, бұл кейін бұрынғы жұбайымен некесін тіркеуге мүмкіндік береді.
Некені бұзу, ажырасу. АХАТ органдарында некені бұзу. Ерлі- зайыптылардың көзі тірі кезінде неке, олар ажырасса ғана тоқтатылады.
Ажырасу арқылы некенің тоқтатылуы, АХАТ органдары немесе сотта заңда белгіленген тәртіп бойынша іске асырылуы мүмкін.
Некені бұзу АХАТ органдарында ерлі-зайыптылардың біріккен және жекелеген ерекше жағдайларда – жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіледі. Ал сотта некені бұзу ерлі – зайыптылардың екеуінің бірлескен, сондай-ақ жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіле береді.
Некені бұзу үшін мынадай үш шарттың болуы қажет:
- АХАТ органдарында ерлі-зайыптылардың некені бұзу жөніндегі өзара келісімі;
- кәмелетке толмаған балаларының болмауы;
- бір-біріне мүліктік және өзге де талаптарының болмауы.
Некені бұзу АХАТ органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуді қажет етеді. Тіркеу некені бұзу жөніндегі өтініш берілген күннен бастап бір ай өткенде жүзеге асырылады. Бір ай мерзім ерлі-зайыптыларға қабылдаған шешім туралы тағы да әбден ойланып-тоғану үшін беріледі.
Некені тіркеу үшін берілетін мерзімнен айырмашылығы, некені бұзған кезде оның мерзімі ұзартылып не қысқартымайды.
Ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені АХАТ органдарында бұзумен қатар, заң жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша некенің бұзудың қарабайыр оңайлатылған тәртібін де белгілейді.
АХАТ органдарының некенің бұзылуын тіркеу кезінде ажырасудың себептерін анықтауға, ерлі-зайыптыларға татуласу үшін мерзім беруге қақысы жоқ.
Некені сот тәртібімен бұзу.
Ол мынадай жағдайларда іске асырылады:
-ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуы;
- ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімінің болмауы;
-егер ерлі-зайыптылардың біреуі өтініш беруден бас тартып некені бұзудан жалтарса, некені бұзу үшін мемлекеттік тіркеуге келуден бас тартса, т.б.;
-ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүіктік талаптарының болуы.
Некелік одақтың тұрақты болуына мемлекет мүдделік танытады. Сондықтан да соттарға заң арқылы ерлі – зайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолдану міндеттері жүктелген. Бірақ, сонымен қатар татуластыру мақсат қана емес, отбасын сақтаудың амалы ғана. Сондықтан да бұл міндетті орындау мүмкін болмаса және балаларды не жұбайларды қорғау мүдделеріне қайшы келетін болса, онда сот некені бұзады.
Егер сот неке біржолата бұзылмаған деген қорытындыға келген жағдайда, ол істі кейінге қарауға қалдырып, ерлі-зайыптыларға татуласу үшін 3 айлық мерзім тағайындай алады. Бірақ сот нақты мерзімді әрбір істің жағдайына қарай белгілейді.
Егер ерлі – зайыптыларды татуластыру шаралары нәтиже бермей және жұбайлардың біреуі некенің бұзылуын қасарыса талап ететін болса, некені бұзу іске асырылады.
Егер айырылысатын ерлі – зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болып және жұбайлар ол балалардың кіммен қалатындығы жөнінде келіспеген жағдайда, бұл мәселені сот шешеді. Сот балалардың ата – анасының біреуімен қалатындығы жөнінде не баланың ата – анасының әрқайсысымен қалатындығы жөнінде (егер екі бала не одан көп болса) шешім шығара алады. Соның өзінде сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін ғана еске алу керек. Сондай – ақ балалардың мүдделерін және болашақ ананың денсаулығын қорғау мақсатында заңның 15 – бабында мындай қағида көзделген: «Әйелдің жүкті кезінде
және нәрестенің бір жасқа толмаған кезінде әйелдің келісімінсіз некені бұзуға болмайды».
Айырылысатын жұбайлар ортақ мүліктерді бөлісу жөніндегі мәселені кейбір жағдайларда өздері дербес шешеді. Бірақ ерлі- зайыптылар келісімге келмеген жағдайда мүліктерді бөлуді сот іске асырады және әдетте, оларды тең бөледі. Егерде некелік шартта мүліктерді бөлісу мәселесі қарастырылған болса, онда сот мүлікті екі жақтың не бір жағының талабы бойынша осы келісімшартқа сәйкес бөледі.
Сот тәртібімен некені бұзу ерлі-зайыптылардың некені бұзу туралы өтініш берген күннен бастап бір ай өткеннен кейін іске асырылады.
Некені тоқтатудың құқықтық салдары. Жоғарыда айтылғандай, некені бұзу нәтижесінде ерлі зайыптылардың некеде тұрған кездегі жеке және мүліктік қатынастары тоқтатылады. Мысалы, бірге тұруы, ортақ бірлескен меншік, өзара қамқорлық және асырау. Соның өзінде кейбір құқықтық қатынастар бірден тоқтатылады да, енді біреулерінің сақталуы мүмкін. Некеге тұрған кезінде бірлесіп жиған мүліктері бөлінген жағдайда, әдетте, некенің тоқтатылуымен байланысты ерлі – зайыптылардың ортақ бірлескен меншік тәртібі де тоқтайды, бірақ мүлік бөлінбеген жағдайдағы ажырасу өзінен - өзі жұбайлардың ортақ бірлескен меншігін үлестік меншікке айналдыра алмайды. Некенің бұзылуымен бірге жұбайы қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік құқығы, бұрынғы жұбайы – ажырасушысының өліміне байланысты келтірілген зиянның орнын толтыру және т.б. құқығы да жойылады.
Некенің тоқтатылуы жаңадан некеге тұру құқығын туғызады.
Ажырасу жолымен некенің бұзылуы ата – аналарының балаларына қатысты құқықтары мен міндеттерін тоқтата алмайды.
Сонымен, отбасы дегеніміз – бұл некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға септігін тигізетін, мүліктік және мүлікке қатысты емес жекебастың құқықтарымен байланысқан адамдар тобы.
Отбасының заңдық белгілеріне мыналар жатады:
- адамдардың неке немесе туыстық негізде бірігуі;
- өзара имандылық және материалдық қолдау;
- бала туу және оларды тәрбиелеу;
- өзара жекебасындық және мүліктік құқықтар.
Бір негізден немесе ортақ атадан тарайтын адамдардың қандастық- кіндіктестік байланысы, туыстық деп түсініледі. Туыстықтың екі тармағы бар: тікелей және жанама.
Ерлі-зайыптылардың арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туындататын, отбасын құру мақсатымен заңда
белгіленген тәртіп бойынша тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасаған ері мен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты неке деп түсінуіміз керек. Қазақстанда тек мемлекеттік АХАТ органдарында жасалған адамдардың одағы ғана неке деп танылады. Болашақ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі және олардың неке жасы 18- ге толуы неке қиюдың басты шарты болып табылады.
Отбасы– өмірге адам әкелу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан- жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт. Отбасын
«дербес мектеп, әлеуметтік институт» деп қарастыратын болсақ, әке- шеше - сол орданың ұстаздары, ал ата-әже - профессорлар іспеттес. Белгілі оқу орнында оқып диплом алған педагог мамандардың да ұрпақ тәрбиесі үшін ізденіс үстінде болатындығы, әдістемелік көмек күтетіндігі қажеттілік болса, ата-ананың да баласының алдында міндеттерін түсінуі, оның болашағы үшін өз білімін көтеруі, арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ түруі де қажеттілік және уақыт талабы деп түсінеміз. Себебі, еліміз егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгеріс болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Бала тәрбиесінің өзекті проблемаларын шешуге тәрбиенің уақыты өткен әдістерін ауыстыратын тәрбиенің жаңа технологияларын қолданудың қажеттігі, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика ғылымының жетістігін әр отбасының тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің сұранысы. Алайда, соңғы уақытта еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтар пайда болды. Ата-ана өз міндетін орындау барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы «мәдени орын» деген атаудың астарына тығылған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтендіру қызметін әлсіреткенін жасыра алмаймыз.