Қазақ отбасы тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері
Қазақстан Республикасының Конституциясында (27-бап) «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы, әрі міндеті», - делінген.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру»,– деп көрсетілген. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім беретін мектептерде зияткер, дене бітімі және рухани дамыған азаматты қалыптастыру қажеттігі, ол үшін «Білім беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершілік-рухани мәдениеттің жоғары деңгейіне қол жеткізетін болады» делінген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылда халыққа арнайтын Жолдауында да отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесін дәріптеу, ата-аналардың балаларын шынайы қамқорлыққа алу мәселелері тұрақты сөз болып келеді. Бұл жолдар әр баланың білім алуына мемлекеттің басты назар аударатынын және ол отбасының парызы екенін айғақтай түседі. Осы міндеттерді шешуде «Қазіргі отбасы тәрбиесі» оқу пәні жастарды отбасы тәрбиесіне дайындауда үлкен рөл атқарады. Бұл пәннің мақсаты-болашақ мамандарды тәрбие жүйесіндегі қазақ халқының отбасылық тәрбие өзгешеліктері мен отбасылық қарым- қатынас жайлы біліммен қаруландырады, көпғасырлық тәрбие әрекеті нәтижесінде жинақталған отбасы тәрбиесі жайлы пікірлерді өмірде қолдана алу дағдысын игертуді көздейді. Ал, пәннің міндеті-болашақ педагогикалық мамандық студенттерін қазіргі отбасы тәрбиесі мәселелерімен қаруландыру, орта ғасыр ойшылдары, ақын-жыраулар, ағартушылар, ғалым-педагогтар еңбектеріндегі отбасы тәрбиесі туралы ой-пікірлермен таныстыру болып табылады. Қазақ отбасылық тәрбиесінің теориялық, педагогикалық және психологиялық негіздерін
жасауға Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б. үлкен үлес қосты.
Қазақ қауымы, ондағы отбасының тарихы, оның ерекшеліктері, ондағы бала тәрбиесі туралы Х.Арғынбаевтың, С.Мұқановтың, Д.Кішібековтың, С.Кенжеахметұлының, А.Жүнісовтың, Қ.Толыбаев- тың, С. Қалиевтың, М.Оразаевтың, М.Смайлованың т.б. еңбектерінде қарастырылған.
Қазақ этнопедагогикасының теориялық – әдіснамалық және қол- данбалы негіздерін Т.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, К. Қожахметова, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, Қ.Бөлеев, Р.Дүйсембінова, А.Қалыбекова, т.б. жасаған.
Кеңестік қоғамдағы отбасылық тәрбие проблемасы бойынша Қазақс тандық ғалым-педагогтар Ж.Қоянбаев, Қ.Жақыпов т.б. арнайы еңбектері жарық көрген. Қазақ отбасында қыз бала мен ер баланы тәрбиелеу проблемасы Ж.Байжанованың, қыз бала тәрбиесі Т.Төленбаев пен Қ.Иманбаевтың, А.Исабекованың, А.Бекжігіт пен Ә.Ыстыбайдың, Г.Мейірханованың, Ж.Сарыбекованың, Б.Әлімқұлова мен Е.Әбдрамановтың, З.Башбаеваның, С.Дорженовтың, әйел және отбасы туралы Т.Байтастың ғылыми-көпшілікке арналған еңбектерінде жалпы түрде сөз болған.
Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбиесі проблемасының кейбір мәселелері бойынша бірқатар диссертациялық жұмыстар қорғалған (Қ.Сейсембаев, С.Жамансариева, А.Дайрабаева, Ж.Сәкенов, А.Жумадуллаева).
Қ.Сейсембаевтың еңбегінде отбасылық тәрбиеде балаларды мектепке дайындауда қазақ халық педагогикасының озық идеялары мен тәжірибесін пайдалану мәселесі, С.Жамансариеваның зерттеуінде отбасы мен мектептегі қазіргі тәрбие практикасында қазақ халық педагогикасының идеялары мен дәстүрлері қарастырылған. Ал, А.Дайрабаеваның жұмысында қазақ халық педагогикасындағы қыздарға адамгершілік тәрбиесін берудің тарихы, Ж.Сәкеновтың зерттеу жұмысында жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге дайындауда халықтық дәстүрлерді пайдалану, А.Жумадуллаеваның жұмысында жоғары сынып оқушыларын отбасы-некелік өмірге даярлаудың педагогикалық негіздері анықталған. Ал, Ж.Сарыбекованың зерттеу жұмысында қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесі және оған болашақ мұғалімдерді даярлау мәселесі қарастырылған.
Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін әр оқытушы сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет- ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар өзінің бойына адамдық
құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Гуманизм, табиғатпен үйлесімділік, халықтық, еңбекте тәрбиелеу, сезімталдық, тәрбиенің жүйелілігі мен бірізділігі, талаптар бірлігі, бала тұлғасына ілтипат пен құрмет- бұлар ұрпақ тәрбиелеудің халықтық жетекші бастаулары жүйесін құрайды. Бұл принциптердің қадағалануы баланы табиғи жағдайда қояды, яғни оның дағдылы ортада өсіп жетілуін, туған тілінде оқып, мәдени-тарихи, рухани ұлттық дәстүрлер мен әдет - ғұрыптар арқылы тәрбиеленуін қамтамасыз етеді. Қазақ халқының отбасылық тәрбиесі басқа халықтарға қарағанда өзгеше жүзеге асырылады. Қазақ халық педагогикасында отбасылық тәрбиенің мынадай кезеңдері пайда болған: құрсақ тәрбиесі, бесік тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі, ұл бала тәрбиесі, келін тәрбиесі, ер азамат тәрбиесі.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыру да оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты - әкеде, қыздың ұяты - шешеде» деп бағалағандықтан. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы - ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі болып табылады. Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта
«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Бұл қазаққа тән жақсы қасиеттер мен ұлттық сананы ұрпаққа қалыптастыру, ұлтымыздың дүниетанымдық тәжірибесін жалғастыру дегенге саяды.