23.01.2022
  150


Автор: Бақтыбай Жайлау

Мен солдаттың сарқытымын

Мен соғыстың не екенін бесіктен
Белім шығып, ес кіргенде-ақ есіткем.
Қаһарлана атам ылғи айтушы еді
Неміс жайын біздің елге өшіккен.
Олар бізге алғаш жорық бастапты,
Бейкүнә елге жау жарағын жасқапты.
Менің атам ерлікпенен сол кезде
Өткізіпті қан майданда жас шақты.
Кешіп жүріп ол соғыс дауылдарын,
Ойлапты ошақ басын, ауыл қамын.
Тілепті ел мен жердің амандығын
Және де ұрпағының жойылмауын.
Құштарлыққа жеңдіріп зұлымдықты,
Қолдапты Алла өзінің құлын мықты.
Ішінде атамыз бар жауынгерлер
Жау жеріне Жеңістің туын тікті.
Енді, міне, арада жылдар өтті,
Соғыстың суық лебін жұрт ұмытты.
Атамның аңсап өткен тілегіндей
Бабалардың ерлігін ұлтым ұқты.
Болашаққа жалғайтын ата үмітін
Орнында бар адамның арты бүтін.
Майданда осы күнді армандаған
Мен өзім сол солдаттың сарқытымын.





Пікір жазу