23.01.2022
  426


Автор: Жаңа заман ертегілері

Табылды

...Қанша жатқаны белгісіз. Бір кезде көзін сығырайта ашып, есін жиғандай болды. Қараса, шалқасынан жатыр екен. Ашық аспанның асты сияқты. Қасында арал тұрғындары да жиналып үлгеріпті... Біреуі басын сүйеп, маңдайынан сипаса, біреуі аузына су тамызып әуре.


бала адамдар сурет
Баланың есі кіргенін көріп, әлдекім қанаты салбыраған көгершінді де алып келді.
– Байғұс, Шапағат, – деді Бекен оны еппен сипалап. – Көрмеген қиыншылығың қалмады-ау сенің.
Осы кезде айнала тұрған жұрт өзара күбірлесіп кетті.
– Өзінің үсті-басында сау-тамтық жоқ. Сөйтіп жатып құсты мүсіркеуін көрдің бе?
– Қайта аман-есен қонғанын айт. Жазық жер болмағанда қирайтын еді ғой.
– Өзі неғып жүрген бала?
Мейірімді жандар баланы көп жатқызған жоқ. Дереу оңаша бөлмеге әкеліп, қамқорлық жасады. Көзілдірікті дәрігер екі досты да қатаң тәртіппен күтімге алған. Бір тәулік бойы оларға жан баласын жолатпай, екеуін жатқызып қойды.
Баланың денсаулығын тексеріп отырып, одан қайда тұратынын сұраған. Аздан кейін:
– Ата-анаңа телеграмма салып жібердім. Ертең келеді, – деді жұмсақ жымиып.


Бекен қуанғанынан төсектен ұшып тұрды. Сол-ақ екен, көзі қарауытып, басы айналып, құлап қала жаздағаны. Дәрігер де қорқып кетсе керек.
– Әзір саған қозғалуға болмайды. Ештеңеге алаңдамай, тыныш жатқаның дұрыс.
Әлі сені ұзақ емдеуге тура келеді, – деді.
– Бұнда тұрған ештеңе жоқ, ағай. Кеше де бір-екі рет басым айналып, жазылып кеткен, – деді Бекен зорлана жымиып. Оған ойлана қараған дәрігер тіс жармастан шығып кетті.
Оңашада қалған Бекен Шапағатты сипалап жатып, бір сәт тәтті қиялға берілді:
«Папам мен мамам тезірек келсе екен. Олар маған мейірімділік сәулесін табуға көмектесер еді. Соғыс біткеннен кейін Шапағат бәріміз үйге қайтар едік».
Баланың ойын сезгендей, көгершін басын көтеріп алды. Ол да қатты ауырып, денесін қозғауға қиналып тұрған.
– Байқайсың ба? – деді Шапағат баланың құлағына жақындай түсіп. – Бұл жердің халқы да, мейірбандықтар тәрізді, тым бауырмал екен. Асқа зауқым болмай, басым ауырып тұрса да, жүрегім әлдеқандай қуанышқа толы.
Осы кезде Бекеннің есіне «Мейірімділік сәулесін» іздейтін аспап түсе кеткені.
Арал халқы бұлардың еш затына тиіспей, бөлменің бұрышына ұқыптап жинап қойыпты. Аспап та соның ішінде жатыр екен.
Бекен оны қолына ұстап, демін ішіне тартқан күйі бір сәт қадала қарады. Сонан кейін орнынан шошаң етіп атып тұрған.
– Ура! – деген жіңішке даусы қоса ышқына шықты. – Табылды.
– Не табылды?
– Мейірімділік сәулесі ше?
– Не дейсің, Бекен? Шынымен табылды ма?
– Мейірімділік сәулесі қасымызда екен. Жүр, кеттік, Шапағат!
Көгершінді қойнына тыға салып, ашық терезеден қарғып кеткен бала құралдың көрсеткен бағытымен бар пәрменімен жүгіре жөнелді. Бір топ бала өңшең ақ гүлдің арасында сайран салып ойнап жүр екен. Ентелеп жеткен Бекен солардың қасына келіп, бір-ақ тоқтады.
– Мынау қандай өсімдік? – деді қолындағы құрал мен гүлге кезек жалтақтап. Бұған балалардың ересектеу біреуі жауап берді:
– Бұл бүкіл жыл бойы солмайтын, гүлін ешқашан тастамайтын «Бөбек күлкісі» деген өсімдік. Неге екені белгісіз, өзі осы жерде ғана өседі. Сабағынан үзілсе де солмайды, иісі де тамаша.
– Бұл гүлдің басқа қасиетін білесіңдер ме?
Балалар бұл сұраққа жауап бере алмады да, біреуі барып анадайда кетіп бара жатқан ақсақалды ертіп әкелді. Саяхатшыларға гүл жайлы толығырақ айтып берген – сол кісі.
Осынау шағын арал көз көріп, құлақ естімеген ежелгі заман адамдарының мекені екен. Мұхит ортасындағы осы бір тіршіліктің пұшпағы талай тарихтың куәсі болғанға ұқсайды. Тұрғындары тек жақсылық жасаумен аты шыққандықтан, арал Жақсылық аралы деп аталған.
– Ал мына гүлге арал халқы біздің арғы атамыз деп табынады екен. Қауашағы түнде сәуле шашып тұратын осы ғажайып гүлге қараған адам өзінен-өзі мәз болып күле береді екен. Оның «Бөбек күлкісі» аталуы сондықтан. Мүмкін, бұл гүл арғы аталарымыздың жер бетінде қалдырған ізгі мұрасы шығар. Жақсылық аралы ежелден-ақ тек жақсы адамдардың мекені болыпты. Кілең ізгі жандардың мекеніне айналған екен.
Мүмкін, бүгінгі ұрпағына қалдырған ізгі мұрасы шығар. Сол кісілердің ізі қалған жердің бәрі «Бөбек күлкісімен» жайнап тұр.
– Бұл гүлдің басқа қандай қасиеті бар? – деп қалды Бекен әңгіменің аяғын тыңдауға тағаты жетпей. Баяғы өзінің шыдамсыздығы. Ақсақал да, балалар да «Бөбек күлкісінің» керемет құдіретке ие екенін білмейтін болып шықты.
Бекен ауырғанын мүлде ұмытып, гүл өскен көгалға жата қалып, әрі-бері аунай берді, аунай берді. Айнала ұшып, тыным таппай жүрген Шапағат-көгершін де қасына келіп қонған.


– Ура, бұл Мейірімділік сәулесі ғой. «Бөбек күлкісі» – Мейірімділік сәулесі. Ура-аа-а!
Бекен гүлдің бір бумасын үзіп алып, анадай жерде тұрған зымыранға қарай құстай ұшты. Бір тал «Бөбек күлкісін» тістеген Шапағат та қатарласып келеді.
Ақсақал мен балалар екі достың неге сонша қуанғанын ұғып жатқан жоқ. Әйтеуір гүлдің өте қажет екенін түсінген олар әрқайсысы үзгендерінше алып, зымыранға қарай жарыса жүгірді. Сосын бәрін кабинаға кіргізіп, өздері сыртқа шыққан.
Бекен Шапағатты бауырына қысып алып, бұларға қол бұлғады.
– Біз енді соғысты тоқтатуға кеттік. Сосын сендерге ораламыз. Әзірше сау болыңдар! – деді өз әдетімен айқайлай сөйлеп.
Бұл кезде кезекші дәрігер жұртты аяғынан тік тұрғызып, ауру баланы шарқ ұрып іздеп жүрген болатын. Енді көгершін екеуінің зымыранмен ұшып кеткенін естігенде басын ұстап тұрды да қалды. Не істерін білмей, әрі-бері жүгіріп, тыпыр-тыпыр етеді.
– Тоқтату керек, кері қайтару керек оларды! – дейді жан ұшыра айқайлап.




Аудио






Пікір жазу