22.01.2022
  681


Автор: Жаңа заман ертегілері

Меймандос мейірбан планетасы

Жер саяхатшыларының келіп қонған планетасының табиғаты таң қаларлық көркем болып шықты. Оның бет жағының қыртыстары да, өсімдіктердің түстері де өзгеше. Тіпті бұлар өсімдік емес те шығар. Өйткені тотының қауырсынындай құлпырып, көз алдаған көрікті заттар Жер өсімдіктеріне мүлде ұқсамайды. Айнала тұп-тұнық, ауада көкірек ашқандай жұпар иіс бар.


Меймандос мейірбан планетасы
Екі дос естерін жия алмай, біраз тұрып қалыпты.
– Бұл не ғажап! – деді әлден уақыттан кейін барып Бекен.
– Тынысымыз кеңейіп, бойымыз да лезде сергіп кетті. Менің жүрегім анық сезіп тұр: айналада жауыздық қана емес, жаман мінез-құлық атаулының нышаны да жоқ.
Бойымды белгісіз қуаныш кернеп барады, – деді Шапағат-көгершін айналасына жаутаңдай қарап.
– Ал мен ше? Мен тіпті ән салғым келіп кетті.
– Біз осы мейірімділік дәрісін жеп қойғанымыз жоқ па? – деді Шапағат.
Сол екі арада Мейірбан тұрғындарының өздері де көрінді. Сырт пішіндері құмыраға ұқсаған тіршілік иелері қысқа аяқтарын баппен басып, таяп келе жатыр. Оларды Жер адамдарымен жақындастырып тұрған – құмыраның мойын тұсындағы танадай көздері ғана.
Сыбызғы сазындай әуенді дыбыстар шығарған мейірбандықтар тілін алдымен Шапағат түсінді. Өйткені әлгілердің қасында бір-екі көгершін ұшып жүр. Кәдімгі Жер көгершіні. Шапағат бөтен планетадағы туыстарын көріп, қатты қуанып қалды.
Олармен жөн сұрасып, бір-екі ауыз тіл қатуы мұң екен, «құмыралар» дереу сөйлеп қоя берді. Достардың қайдан келгенін естігеннен кейін, ортадағы үлкен мейірбандық қысқаша ғана былай деді:
– Есте жоқ ескі заманда біздің ата-бабаларымыз жерліктермен тату, дос болған екен. Олардан көп жақсы нәрселер үйреніп, планетамызды гүлдендіріпті. Тіпті, керек болса, біздің ата-тегіміз бейбітшілікті сүйе білуді жер адамдарынан үйреніпті. Соның айқын белгісі – мына көгершіндер. Бұлар негізінен бізде ғана өсіп-өнген құстар.
Жердегілер мейірбандықтарға бейбітшілік сыйласа, мейірбандықтар оларға сол бейбітшіліктің белгісі ретінде осы құсты тарту еткен. Ал адамзат арасы түрлі себептермен бұзыла бастаған соң, Мейірбан тұрғындары Жермен қатынасты үзген көрінеді.
Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Жер бетінде «Мейірімділік сәулесі» болыпты.
Мейірбандықтарға сол сәуленің шапағаты тиіпті. Сонан бері Мейірбан планетасы тек бейбітшілікпен ғана өмір сүріп келеді.
– Ура! «Мейірімділік сәулесі» сіздерде екен ғой. Міне, таптық енді, – деп, Бекен орнынан ұшып тұрып. Өзі тіпті шыдай алмай, қолын да шапалақтап жіберді.
Бірақ достардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Мейірбан тұрғындары жаманшылық атаулыны әлдеқашан ұмытып кеткен ғой. Сондықтан мейірімділік сәулесінің
ешкімге қажеті болмай қалған. Оның қазір қайда екені де белгісіз.
Бұл, әрине, саяхатшылар үшін үлкен соққы еді. Сонша жырақтан шаршапшалдығып келіп отырып, сәтсіздікке ұрыну қандай өкінішті.
Ұнжырғалары түсіп, мұңайып қалған достардың ауыр халі мейірбандықтарға қатты әсер етті. Дереу демалатын орын қамдап, жағдай жасап дегендей, әбігерленіп жатыр.
Екі достың көңіліне ұялаған мұңды лезде шайып өткен де осы өздеріне көрсетілген құрмет пен ілтипат. Адал да аңқау жандардың адамгершілігі неткен зор еді! Бір таңқаларлығы – Жердегі бес жасар бала білетін қайсыбір қарапайым нәрсенің өзінен бұлар тіпті бейхабар болып шықты. Ең ақыры «жауыздық», «соғыс», «қылмыс», «ұрлық», «ұру», «алдау», «өтірік айту» деген сияқты сөздерді де бұлар мүлде түсінбеді. Өйткені Мейірбан планетасында тек жақсылық қана билік етеді екен.
Тұрғындардың санасында жаманшылыққа қатысты ұғымдар мүлде жоқ.
«Қандай тамаша! Шат өмірден басқаны білмейтін уайым-қайғысыз халық неткен бақытты еді. Ал Жерде ғой...» Осы ойдың келуі-ақ мұң екен, Бекенді қайтадан көңілсіздік билеп алды. Глобустай домалаған өзінің жұмыр Жері, қанға бөгіп жатқан Дән елі көз алдына елестеген.


сурет ертегі
Бөтен планетаның тыныштығына табынып, жайланып отыруға уақыт қайда? Осы жай есіне түскенде:
– Енді не істейміз? Бізге сіздерден қандай жәрдем болады? – деді оқыс дауыстап.
Мұнысына манадан ойға батып, үнсіз отырған Шапағат та селк ете қалды. Ғарышкер меймандардың бұйымтайын естіген бүкіл Мейірбан елі елеңдесіп, шамалары келгенше көмек көрсетуді ниет етіпті. Аз уақыттың ішінде планетаның түпкір-түпкірінен «Мейірімділік сәулесіне» байланысты әр түрлі мәліметтер де түсті.
Бас мейірбандық саяхатшыларға қарап былай деді:
– Қапа болмаңдар. Бейбітшілік үшін жан аямай, күндіз – күлкі, түнде ұйқыдан айрылып жүрген сендер сияқты ержүрек ғарышкерлердің сол сәулені табатынына күмәнім жоқ.
– Қалай, ағай! – деген даусы естілді осы кезде Бекеннің. Шапағат шыдамсыз досына бір қарап қойды. «Сөзді бөлме» дегені еді онысы.
– Сәуленің Мейірбанда жоқ болғанымен, Жер планетасында бар екені анық.


Бекен орнынан атып тұрды да, «уралап» жіберді:
– Сонда Ғалым атаның сәулені осы планетада дегені несі? – деді Шапағат та лүпілдеген жүрегін баса алмай.
– Иә, мен ұмытып кетіппін ғой. Біздің атамыз білмей айтқан ба сонда? – деді Бекен де.
Бас мейірбандық бұл сұраққа былай деп түсінік берді:
– Сендер қайта аталарыңның бізге жол сілтегеніне рақмет айтуларың керек.
Мейірбандықтардың Жерден қол үзіп кеткендеріне талай жыл болды ғой.
Жұртты мүдірткен қиын сауал осылайша оп-оңай шешілді. Бас мейірбандық сәуленің Жердің қай бөлігінде екенін білмесе де, оны тез табуға көмектесетін бір кішкентай құрал сыйлады.
Осынау жақсы хабарға көңілі жайланған Бекен шаршағанын енді сезіп еді.
Мейірбандықтар ұсынған аспен жүрек жалғап, қисайған қалпы мызғып кетіпті.
Ұйқтап жатып, түс көрді... Ерсілі-қарсылы шапқылап үйінде жүр екен дейді.
Қасында қуыршағын құшақтаған қарындасы бар. Папасы диванда жайланып газет оқып жатыр да, мамасы әдеттегідей ас үйде тамақ әзірлеп жүр. «Қатты жүгірмеңдер, жығыласыңдар», – деп балаларына ақыл айтып та қояды. Папасы көзінің қиығымен қарап, үнсіз жымиятын сияқты.
Бір кезде мамасы: «Кәне, жүріңдер. Тамақ ішеміз», – деп шақырып жатыр екен дейді. Қанша ұмтылғанымен, мына тұрған ас үйге жете алсашы?.. Содан неше ұмтылып жете алмай жатып, ақыры елегізіп оянып-ақ кеткені.
Бір түрлі кеудесі ауырғандай болып, көңілі қайтадан құлазып қалыпты. Жүрегі сағыныштан езіліп, жылағысы келді. Мамасы мен папасын ғана емес, қарындасын да, досы Славканы да, тіпті оның көгершіндерін де сағынып кеткендей. Одан қалса, өз елін, өз планетасын да қатты сағынып, көңілі босап отыр. Мынау жерұйықтай көрінген ауасы тұнық, әсем жазира да алдандыра алар емес.


Мейірбанның мейірімді тұрғындарымен қайта-қайта қимай қоштасып, әрең айырылысқан достар жолға шықты. Бір тәуліктен кейін сонау қиырдан Жер планетасының да қарасы бой көрсетіп еді. Көгілдір жұмсақ сәуле шашып тұрған планета көзге сондай ыстық. Оған таяған сайын Шапағаттың өзі де шыдамсыздана түсуде.
Зымыран екпінін тежеп, Жер атмосферасына кіре бергені сол еді, аяқ астынан достардың көздері қарауытып, бастары айналып кетті. Кабина ішіндегі ауа сиреп, тыныс тарылды.
– Біз Мейірбандай таза планетаға үйреніп қалдық қой. Енді бізге Жер ауасы тым ауыр сезіліп тұр. Әйтпесе Жер – баяғы өзіміздің Жеріміз ғой, – деп түсіндірді Шапағат бұл құбылысты.




Аудио:



 





Пікір жазу