Елшілер және соғыс министрі
Қала көшесіндегі жұрттан сұрастыра отырып, екеуі айналасына мықты күзет қойылған еңселі үйге келді. Соғыс министрі осында тұрады екен.
Бірақ достардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Ерекше рұқсатсыз ішке кіру мүмкін емес көрінеді. Әлденеше күзет қойылған бұл үй адам баласы білмейтін құпия істердің мекені сияқты.
Қанша жалынып-жалбарынғанмен, достар ештеңе шығара алмады. Ішке кіргізу түгілі, күзетшілер өздерін сабап жібере жаздады.
– Тфу! – деді ашуы бұрқ ете қалған Бекен жерге түкіріп. – Бұлар бізді неге жібермейді, а? Біз тіпті ештеңе бүлдірмейміз ғой. Еденді былғайды десе, бәтеңкемді шешіп тастап-ақ кірер едім.
Күзетшілермен сөйлесіп тұрған кезде Шапағат Бекенге жалтақтап қарай берген.
Баланың құлағына жеткен – оның қыстыға күрсінгені. Екеуі былайырақ шыққан соң:
– Білмеймін, Бекен, қорқамын осыдан. Біздің әрекетіміз құр далбаса сияқты.
Өйткені осы үй кілең қара ниетті кісілердің мекеніне ұқсайды. Енді кіре де алмайтын болдық, – деді көгершін мұңайған үнмен. Оның мына жасыған түрі баланы тіпті өршелендіріп жіберді.
– Түк те етпейді, Шапағат. Бір амалын табу керек. Әдейі келіп отырып, кіре алмай кету деген не сұмдық. Менің сөзімді тыңдасаң, қазір кеттік.
Аудио нұсқасы:
Бекен осыны айтты да, көгершінді ұстаған күйі зымыран тұрған жерге қарай жүгіре жөнелді. Аспанға қайта көтерілген соң, бала «Зымыранды» тура министрдің мекеніне қарай бағыттады.
– Бекен, арындамашы. Бірдеңеге ұрынып қалармыз, – деген Шапағаттың сөзін құлағына да ілер емес.
Қара торы өңі күреңітіп, таңқылау танауы делдиіп кеткен. Қысық көздерінде булыққан ашудың нышаны айқын көрініп тұр.
– Сен біздің үйдің балконына қалай түсіп едің? Қазір де сондай әдісті пайдаланамыз, – деді ол.
Зымыран үйдің шатырына қонғаннан кейін, Бекен көгершінді жейдесінің ішіне салып алды да, өрт сөндірушілердің сатысымен төмен түсе бастады. Бір қызығы аспан көлігінің қас пен көздің арасында қайда жоғалып кеткенін күзетшілер байқап үлгере алмаған да сияқты.
Бірақ достардың алдынан тағы да күтпеген қиындық пайда болды. Министрге кіру үшін күні бұрын тіркелу керек екен, қосымша құжаттар қажет болып шықты.
– Оның бәрін мен қайдан білейін, – деді Бекен есік алдындағы хатшыға жалына қарап. – Мен әлі баламын ғой. Менде ешқандай құжат жоқ. Туу туралы куәлігім бар еді, ол үйде қалды.
– Онда куәлігіңді алып кел! – деді хатшы бұған зілдене көз тастап.
– Қайдан алып келем, үйім алыста, тіпті мұхиттың ар жағында ғой.
– Өзің қайдан келіп едің?
Аспай-саспай жөнін айтқан Бекенге хатшы ойлана қарап қалыпты. Сонан
алдындағы селектор арқылы бастығына алыстағы Азияның бір кішкентай елінен бір қара баланың келіп отырғанын хабарлаған.
Сол-ақ екен, Бекеннің бойын белгісіз қауіп билей бастады. Ет қызуымен келіп алып, енді іштей сескенейін деді. Соғыс министрі деген атының өзі-ақ айбынды. Бұларды көрсе болды, дереу құртып жіберуге бұйрық берсе ше?.. Көгершінді қолтығына қысып, кекілін тарағыштап отырған баланың жолы бола кеткені.
Министр әдемі галстугі мен алтын жақтаулы көзәйнегі бар сымбатты кісі екен. Алтын тістерін жарқырата көрсетіп, бұған күле қараған. Бекен таңырқағаннан көздері жыпылықтап, сәлем беруді де ұмытып кетті. Теледидардағы хабарды көріп, Шапағаттың әңгімесін естіп, майданның үстінен ұшып өткеннен кейін соғыс деген сұмдықтың кесапатын сәби жүрегімен сезініп еді. Оның ұғымынша, бейбіт елді қырып-жоятын басқыншылар да дүниедегі ең сұмпайы, құбыжық бейнелі адамдар. Ал мына кісі өзі ойлағандай емес, мүлдем басқа жан. Сымбатты, сыпайы, папасының сөзімен айтқанда, иман жүзді кісі. Қорқатын түгі де жоқ.
– Иә, балақай, сөйле, – деді соғыс министрі қолақпандай трубкасын езуіне қыстырып. Бекен асығып-аптығып бұйымтайын айта бастады. Өзінің соғыс хабарын теледидардан көріп, ұйқтай алмағанын, жазықсыз қырылып жатқан адамдарды қатты аяйтынын, соғыс дегеннің дүниедегі ең жаман нәрсе екенін, қысқасы, өзін мазалаған ең маңызды мәселелердің барлығын түк қалдырмай айтып шықты.
Баланың сөзін ілтипатпен, асықпай тыңдаған министр:
– Жарайды, сонымен маған не айтпақсың енді? – деді алтын тістерін қайта жылтыратып.
– Ағай, біздің бір өтінішіміз бар.
– Біз деп отырғаның кімдер? Әлде сені біреулер жіберді ме?
– Жоқ, біз өзіміз келдік. Мына Шапағат екеуміз ғана.
Министр орнынан тұрып, ештеңеге түсінбегендей, баланың қолындағы құсқа барлай қарады.
– Бұл өзі ақ көгершін ғой, – деді сосын трубкасымен Шапағатты нұсқай көрсетіп.
– Иә... (Соғыс министрін «аға» деп айтуға болмайтыны есіне түсіп, сөзін жұтып қойды.) – Ақ көгершін – бейбітшіліктің белгісі.
Министрдің әдемі, жылтыр өңі дір етіп, бір сәт бұзылып кеткендей көрінді. Шапағатқа да аса зор өшпенділікпен зілдене қараған сияқты. – Бейбітшілік белгісі. Бейбіт сүйгіш адамдар. Аха-ха! Қандай ақылды, парасатты жандар десеңші. Дұрыс-ақ, бәрімізге де тыныштық, бейбітшілік керек. Жер-дүниені жұмаққа бөлейміз. Ауырмай-сырқамай, мәңгі әдемі өмір сүреміз. «Адамдар бір-біріне бауыр және туысқан». Ой, шіркіндер-ай, десеңші. Тілегің дұрыс, балақай. Үйіңе қайта бер. Ертеңнен бастап ол жақтағы соғысты тоқтатудың шарасын қарастырамыз.
Соғысты тоқтату! Қандай тамаша сөз. Бекен осы уәдесі үшін министрді бас салып құшақтай алғысы келген.
– Ағай! – деген сөз шығып кетті еріксіз аузынан. – Ағай, ертең емес, бүгін-ақ тоқтатуға бұйрық беріңізші! Өйткені ертеңге дейін талай бала жетім қалады ғой.
– Бар, бара беріңдер. Бәрі де болады.
Қуанышы қойнына сыймаған бала жаңағы баспалдақпен жанталасып өрмелей жөнелді.
Зымыран орнында тұр екен.
Кабинаға кіріп, жайғасып отыра беріп еді:
– Енді от алдыр! – деген әмірлі дауыс естілді. Бала таңырқап үлгергенше болған жоқ, қойнындағы көгершін жанталаса ұшып шықты да, тұмсығымен тиісті батырманы басып жіберді.
Зымыран бірден-ақ екпін алып, секунд сайын жылдамдығын үдете түсті.
– Құтылдық, әйтеуір! – деді бір кезде Шапағат кеудесін кере дем алып. Жыпылықтаған көздерінен Бекеннің ештеңе түсінбегенін аңғарған ол сәл үзілістен кейін:
– Күзетшілер біздің қонған жерімізді бірден-ақ байқап қалыпты. Біз министрдің қабылдауында отырған кезде олар зымыранды аңди бастаса керек. Кабинаға кірген
уақытта қасымызда пиғылы жаман кісілердің отырғанын анық сездім. Сәл кешіккенімізде бізді ұстап қалуы да, атып түсіруі де мүмкін еді, – деді.
– Неге олай дейсің, Шапағат? Соғыс министрі бізді қалай жылы қабылдады.
Соғысты да тоқтататын болды. Министрдің осылайша айтқанын олар білмей қалған шығар. Әйтпесе бізге тиісіп несі бар?
– Әй, Бекен-ай! Сен әлі бала екенсің-ау.
– Бала екеніме дауласпаймын.
– Өзің әлі шала екенсің тағы да. Соғыс бастауға бұйрық бергендер енді соғысты оп-оңай тоқтата салады деп отырмысың?
– Әрине, сөйтеді. Жаңа өзі айтты ғой.
– Министрдің жаңағы сөзіне де сену қиын сияқты. Қасында тұрғанымда оның жаман адам екенін анық аңғардым.
Досының мына сөзінен кейін Бекен еріксіз күліп жіберді:
– Шапағат, қызық екенсің өзің. Қайдағы жаман адам? Түрін қарашы, қандай келбетті кісі.
– Бола берсін. Кісінің түріне қарап бағалағаның қызық екен.
– Иә, түрінен ешқандай жаманшылық байқалмайды ғой тіпті. Жүзі жылы, киімі әдемі. Галстугі де қандай тамаша! Жоқ, соғысқұмар жауызға ешқандай да ұқсамайды.
– Білмеймін. Жаңа қасында отырғанымызда оның кім екенін қатесіз таныған едім, – деді көгершін көңілсіздеу үнмен.
– Жоқ, өйтіп бекер сезіктенбейік. Дап-дардай адам бізді алдап қайтсін. Соғысты енді тоқтататыны рас. Сонан кейін үйге қайта береміз, – деп Бекен Шапағаттың арқасын сипап-сипап қойды. Сосын кабинадағы радиоқабылдағыштың құлағын бұраған. – Кәне, ән естіп көңілімізді көтерейік. Сен әнді жақсы көресің бе, Шапағат?
Эфирде соңғы хабарлар беріліп жатыр екен:
– Дән елінің патриоттары қасық қаны қалғанша шайқасуға даяр, – деген сөзді естіген кезде, Шапағат лып етіп, радиоқабылдағышқа жақындай түсті:
– Біздің елдегі соғыс жайлы айтып жатыр ғой.
– Дұшпан елді мекендерді әуеден бомбалап, артиллериямен атқылауда. Соңғы сағаттағы хабарға қарағанда, Бүлік елінің Соғыс министрі Дән елін мүлде жойып жіберуге бұйрық берген.
– Мүмкін емес! – деп айғайлап жіберді Бекен мынандай жаманат хабарға шыдай алмай. – Жаңа ғана өзі соғысты тоқтатамын деді емес пе?
Мына суық хабар көгершіннің арқасын осып өткендей болды. Лезде көзіне мөлтмөлт етіп ыстық жас үйіріліп шыға келіпті. Даусын естілер-естілмес етіп күбірлей береді:
– Бәсе, жүрегім сезіп еді-ау! Сөзі мен қылығы қалайша қабыспай тұр деп едім.
Бәсе, бәсе...
– Жүр, қайта барайық, Шапағат. «Бұныңыз дұрыс емес. Жазықсыз халықты қыра бергеннен не табасыз? Қойыңыз, аға!» деп айтайық, – деп қызына сөйлеген Бекеннің қолы бұру тетігіне барып қалып еді.
– Енді бұдан кейін мен оған сенбеймін. Ол – екі жүзді адам. Біздің ендігі тілегімізден де ештеңе шықпайды.
Балаға тағы бір ұнамағаны – көгершіннің күдерін үзіп, осынша торыға сөйлегені.
Әбден көзі жетіп алмай, алған бетінен қайтқысы жоқ. Зымыранды дереу кері бұрғаны да сондықтан. Шапағаттың қарсылығына қарамай, соғысқұмар министрдің еліне де тақап қалды. Тежегішті басып, құлдилай бергендері сол еді, оңнан да, солдан да әлденелер тарсылдап жарыла бастады. «Бұл не?» деп ойлағанша болған жоқ, әлдене құлақ тұндыра гүрс ете түсті де, зымыран қатты шайқалып кетті. Соққының қатты болғаны сондай – достар біразға дейін есеңгіреп, жығылған жерлерінен тұра алмай жатты.
– Бізді атқылап жатыр екен, тез кетейік, – деді бірінші болып есін жиған көгершін.
Шынында да, бұдан әрі қарай ілгерілей беру қатерлі еді. Шекарадан өтіп келе жатқан зымыранды кез келген секундта атып түсіруі мүмкін.
– Ал керек болса, – деді Шапағат қатерлі аймақтан ұзап шыққаннан кейін. – Соғыс министрі бізді жақсылап-ақ қарсы алды.