22.01.2022
  761


Автор: Жаңа заман ертегілері

Жаралы көгершін қайдан келді?

Күнде бұл уақытта танауы пысылдап ұйқтап қалатын еді. Ал қазір жұмсақ төсекте дөңбекшіп жатып, көзі ілінетін емес. Оның да өзіндік себебі болатын. Теледидардан кезекті мультфильмді көргеннен кейін ғана ұйқыға бас қоятын күндегі әдеті. Бүгін күн сенбі болғандықтан, теледидар бағдарламасында аздаған өзгеріс бар екен.
Мультфильмді тосқан Бекен экранға телміріп отыра берді. Шетел хабарлары беріліп жатқан. Әлдебір елдегі қанды оқиғаларды көрсете бастағанда, Бекен еріксіз қадала қарап, қатып қалып еді. Қала көшелерінде тарс-тұрс, бұрқ-бұрқ, гүрс-гүрс жарылған бомбалар, оқ тиіп жығылған адамдар, жазықсыз қаза тапқан анасы мен сәбиі... Мынадай қантөгісті тұла бойың түршікпей көру мүмкін емес еді. Алған жайсыз әсеріңнен құтылу қиын екен. Хабардан кейін көрсетілген қызықты мультфильм де көңілін алдандыра алмады.
Міне, содан ұйқтай алмай жатқаны. Басы жастыққа тиісімен, көз алдында тұтылып, ұйқысын үркітіп жіберген әлгі сұмдық көріністер. Жалаңаш сәбидің шырылдаған ащы үні де құлағынан кетпей тұрып алғандай. Аяушылықтан ауырған кішкентай жүрегінің дүрсдүрс соғады.. Бір жағы жазықсыз жандарды шын пейілімен мүсіркесе, екінші жағынан жанын жегідей жейтін – бейбіт елді қанға бояп жатқан қатыгез адамдарға деген шексіз өшпенділік
Шіркін, сондай сұмырайларды бір-бірлеп ұстап алып, шетінен дуалдың ар жағына лақтырса деп ойлайды. Көгершіннің балапанына зәбір көрсеткен мысықтарды досы Славка солай жазалайтын. Неге екенін кім білсін, кейбір мысықтар көгершінге ғана емес, құс атаулыға тіптен өш. Бір ретте жас балапанды мысықтың қайтіп бас салғанын өз көзімен көрді. Кішкентай хайуанның жыртқыштығына таң қалған бала мысықты керемет жек көріп кеткен болатын.
Сонан талығып жатып ақыры ұйқтап кеткен екен, әлден уақытта сытырлаған оқыс дыбыстан селк етіп шошып оянғаны. Терезеден түскен көше жарығынан бөлме іші алакеуім.
Бекен жүгіріп барып, балконның есігін ашып жіберіп еді, еденде тыпыр-тыпыр етіп, әлекке түсіп жатқан әлдебір құсты көрді. Аңдап басып жақындап келді де, ойланып тұрмастан, сарт-сұрт ұрып жатқан қанатынан ұстай алды. Лып еткізіп шамды жағып жіберіп қараса, кәдімгі ақ көгершін. Баланың көзі жайнап сала берді.


кептер көгершін сурет фото
Досы Славка көгершін өсіретін. Оның бір үлкен арманы дәл осындай ақ көгершінді қолына түсіру. «Мынау Славка үшін тамаша бір сыйлық болды. Қандай қуанар еді ол», – деп ойлады Бекен, досының қалай шаттанатынын да көз алдына елестетіп үлгеріп. Сосын көгершінді қолына қондырған күйі ақырын сипалай бастаған. Осы кезде бір нәзік үннің:
– Ой, ауырттың, – дегені дәл қасынан.
Бала селк ете түсті де, сасқалақтап, айналасына қарады. Бөлмеде өзінен бөтен ешкім жоғын көріп, көгершінді ептеп столдың үстіне қоя бергені сол еді, әлгі нәзік үн:
– Ой, ақырын, – деді ауырсына.
Бекеннің таңырқауында шек жоқ. Аузын ашып, сілейіп тұрып қалған:
– Көгершін, бұл сен бе? – деді әлден уақыттан кейін барып, қобалжыған үнмен.
– Иә, мен. – Бұл, шынында да, столда қанатын жайып, қыбырсыз жатқан көгершіннің даусы еді. – Мен жаралымын.
Бекен көгершіннің сөйлегеніне қайран қалғанымен, аузын ашып қарап тұрған жоқ.
Жедел қимылдап, йод, бинт тәрізді қажетті заттарды тауып алды да, дереу іске кірісті.
Көгершіннің қанаты топшысынан жаралы екен. Бала ұсынған суды жұтып, ептеп есін жинағанмен, сөйлеуге асығатын емес. Бекен қайта-қайта сұрақ қойып, көгершінді әңгімеге тартумен әуре.
Жаралы құс қинала сөйлеп, мынаны айтты:
– Менің туған жерім биік-биік таулардың ар жағындағы Дән елі еді. Ну тоғайдың арасындағы шағын ауылда емін-еркін өмір сүріп жатқанбыз. Еліміз асып бара жатқан бай болмаса да, тұрмысымыз жақсы, көңіліміз шат еді. Көзімізді ашқалы көргеніміз оңтүстіктің көкпеңбек ашық аспаны, сол аспанға шаншыла ұшқан бейбіт елдің түтіні.
Жапырағы сыбдырлап, құстары сайраған ну тоғай. Қысқасы, біздің бар білетініміз мамыражай бейбіт тірлік қана болатын.




Аудио нұсқасы:






Бір күні айналаны арыстан жайлап кеткендей, тоғай іші азан-қазан болды да қалды.
Жер тітіреніп, аспан күңіренді. Жан-жақтан өрт қаулады. Сөйтсек, Бүлік елі бізге қарсы соғыс бастаған екен. Дүние асты-үстіне келген мұндай сұмдықты бұрын кім көрген.
Әсіресе бейбіт елдің шыбындай қырылған адамдарын айтсаңшы. Басқыншы жау мынау әйел, мынау бала-шаға деп ешкімді аяған жоқ. Олар қыстақты қоршай бастаған кезде, менің қожам ауланың бұрышында жатқан ескі зымыранды жөндеп, ұшуға әзірледі.
Ол бірнеше көгершінді зымыранға мінгізіп алып, ұшып шықты. Бірақ байқап қалған жау әскерлері бізге оқ жаудыра бастады. Аман құтылған жалғыз мен ғанамын. Бірнеше көгершін мен қожамыз қаза тапты. Майдан шебінен ұзап шықтым да, зымыранды теңіз жағалауына қондырдым. Жылап-сықтап жүріп, достарымды сол араға жерлеген соң, қанатымды әрең қағып, бет ауған жағыма қарай кете бердім.
Алғаш келген ой – қалай болса да, мағынасыз қырғынға тоқтау салғызу еді. Бірақ ол үшін қандай шара қолдануды, кімге барып айтуды, әрине, мен білгенім жоқ. Тек іштей ғана сезгенім көрші елдерден көмек сұрау болды.
Біздің басқа тіршілік иелерінен өзгеше бір қасиетіміз – адамдардың жан дүниесінің қандай екенін жүрегімізбен сезе қоямыз. Бір кезде қысылып, әлсіреп келе жатқан жүрегім әлденеге жылып қоя берді. Өз-өзімнен қуанып, жан-жағыма қарадым. Сөйтсем, зымыран бір үлкен елдің шекарасына еніпті. Жүрегімнің жылып қоя бергеніне қарағанда, бұл елдің халқы мейірімді жандар болуы тиіс. Қаланың үстін айнала ұшып келіп, жаңа ғана осы үйдің шатырына қонғанмын. Енді түсейін деп қозғалсам, басым айналып барады. Көзім қарауытып кетіп, құлап түскенім сенің балконың екен.


кептер көгершін сурет фото
Манадан бері демін ішіне тартып, тосын хикаяны үнсіз тыңдап отырған бала,көгершін сөзін аяқтасымен, орнынан ұшып тұрды:
– Жауыздардың қылығын теледидардан мен де көрдім ғой. Обал-ай десеңші! –
деп қинала дауыстап жіберді.
Өзі жүрегімен сезінген мейірімді адамдардың бірі осы бала екенін көгершін дәл аңғарыпты. Енді екеуі де іштегі шерлерін тарқата, қызу әңгімелесіп кетті. Оларды іштей тез жақындастырып жіберген де – сол ортақ мұң, ортақ қайғы еді.
Шолақ қайырылған әңгіменің соңы «енді не істеймізге» келіп тіреле берген.
– Сенің зымыраның бар екен ғой. Жүр, кетейік, – деді Бекен дереу иығына жейдесін іліп алып. Көгершін тарыдай ғана кішкене көздерімен оған таңырқай қарады:
– Сонда қайда барамыз?
– Сенің еліңе жетіп, дереу соғысты тоқтатпаймыз ба?
– Қалай тоқтатасың? Олар айтқанға көне ме?
Бекен бір сәт ойланып қалды. Шынында да солай екен-ау. Соғысты тоқтату үшін дәл қазір қандай шара қолданған жөн?
– Таптым, – деді сосын кенет қайтадан ұшып тұрып. – Біз Соғыс министріне барайық.
– Қайдағы министр?
– Бүлік елінің министрі ше? Барлық армия мен қару-жарақты басқаратын адам.
Соғысты тоқтату соның қолында.
Көгершін ел басқару жүйесінен бейхабар болатын. Баланың саясатты өзінен гөрі тәуір білетінін байқап, соның айтқаны дұрыс деп ұқты. Жүрегіндегі соғыс салған жара жағдайды кеңірек ойлауға мұрша да берген жоқ. Содан екеуі жедел жолға жиналды.
– Ата-анаң рұқсат ете ме? – деген көгершіннің сұрағына, бала:
– Оларды оятпай-ақ қояйын. Біз көп кідірмейміз ғой. Таң атқанша келіп те қалармыз.
Жүр, тездетейік, – деп жауап берді. Көп кідіруге уақыт жоқ еді. Өйткені қырғын соғыс әлі толас табар емес. Әрбір атылған оқ, әрбір түскен бомба қиылып жатқан жазықсыз адамдардың өмірі.
Бекен жүгіріп барып, ұйқыдағы папасы мен мамасының, сосын кішкентай қарындасының беттерінен сүйді. Сосын мұздатқышта тұрған бір кесе суық сүтті сіміріп салды да, жұмсақ тоқаштың екеуін қалтасына тықты. Славканы ертіп алғысы келіп тұрды да, «Оған айтпай-ақ қояйын. Барып келгенімді таңертең бір-ақ білсін» деп ойлады.
Көгершін де жарасының ауырғанын елемей, қанатын сергек қағып, шатырға көтерілген. Балконның ернеуіне жанаса тоқтаған зымыран жел қайықтай шағын ғана екен. Бүйірінде латын әріптерімен «Зымыран» деп жазылыпты.


көгершін сурет
Айлы тымық түн еді. Үлкен қала ұйқы құшағында. Үйдің шатырын жанай көтерілген әуе көлігін қызықтаушы ешкім болған жоқ. Қала үстін бір айналып ұшқаннан кейін, Бекен төмен қарап: «Көріскенше», – деді ақырын ғана. Бұл сөзді қалада қалып бара жатқан барлық адамға арнап айтты.





Пікір жазу