Адам қорыған көл
Ертеде Данияр деген бір бала болыпты. Қалалы жерде өмірге келген оның денсаулығы әлсіз екен. Жиі-жиі сырқаттанып, ауруханаға түсе беріпті. Бір қызығы – дімкәстігі оны онша қынжылта қоймапты. «Бала болғаннан кейін өстіп науқастану керек шығар» деп ойлапты. Сөйтіп жүріп, әр түрлі ішетін және инемен жіберілетін дәрідәрмекке әбден еті үйреніп кетеді.
Даниярдың көзін ашқалы көргені – қабат-қабат биік үйлер, асфальт төселген кең көшелер, жарқылдаған жарықтар, әрі-бері ағылған қалың машина екен. Солардың араарасында жасыл желекті ағаштар мен қызыл ала гүлдер кездесіп қалады.
Соған таң қалған Данияр бір күні:
– Апа, ана биік үйлер мен асфальттың арасындағы әдемі нәрселер қайдан келген? – деп сұрайды анасынан.
– Олар – ағаштар мен гүлдер. Бір сөзбен айтқанда, өсімдіктер. Олар Табиғаттың бөлшегі, – дейді анасы.
– Өздері сондай әдемі екен. Сонда Табиғаттың өзі де әсем болғаны ғой!?
– Оған сөз бар ма, ұлым? Табиғат деген – дүниедегі ең сұлу нәрсе. Сондықтан оның бөлшегі де сұлу болмақ.
– Ал ол Табиғаттың өзі қайда, апа?
– Табиғат па? – дейді анасы сәл ойланып қалып. – Табиғат қаланың сыртында.
– Қаланың сыртында деймісіз? Неге ол қаланың ішінде емес?
–Біздің осы тұрған жеріміз – Табиғаттың бұрынғы орны. Адамдар құрылыс салып, үй орнатып, оны ығыстырып шығарған.
– Түсіндім, – деді Данияр. – Қала болған жерде Табиғат болмайды екен ғой.
– Дұрыс айтасың, ұлым. Табиғаттың толық өзі емес, бөлшегі ғана болады қалада.
– Бөлшегінің өзі мынадай әдемі. Ал тұтас Табиғат қандай болады екен? Мен соны көргім келеді, апа.
Баланың қарапайым тілегін орындау қаншалықты қиын дейсің. Ол анасы екеуі лезде қала сыртына шығады. Жазық даланы, тау-төбені, шоқ тоғай мен сай-жыраны аралап көреді, жалаң аяқ өзенді кешіп өтеді.
– Алақай! – дейді Данияр шаттана айқайлап. – Табиғат деген қандай тамаша!
Айнала қандай кең!.. Мұндай таза ауаны өмірі жұтып көрген емеспін. Шөбі жұмсақ, суы мөлдір екен. Апа, бұрын неге Табиғатты менен жасырып жүргенсіңдер?
– Балам-ау, оған уақыт болды ма? Ылғи ауруханада жүрдің емес пе?..
Сонымен Данияр Табиғат дүниесін, яғни өзен-су, тау-шөпті жан-тәнімен жақсы көріп қалады. Қолы қалт етсе болғаны, қала сыртына қарай жүгіріп, таза ауа жұтқанша асығады екен. Кең далада асыр сап ойнап, биік жоталардың төбесіне шығады. Кеудесін самалға тосып тұрып, тоғайға қарай жүгіреді. Жеміс-жидек теріп жеп, өзен суына түседі.
Осылай таза ауада әбден тыныққан соң ғана қалаға оралады екен.
Сұлулыққа ынтығып, таза ауаға құмартып жүрген баланың денсаулығы да біртебірте түзеле бастапты. Бұрынғыдай емхана төңіректеуді, дәрі-дәрмек ішуді азайтады.
– Апа, білесің бе? – депті бір күні ол қуанып тұрып шешесіне. – Табиғаттың бөлшегі ағаш пен гүл ғана емес екен.
– Иә, гүл де, су да, ауа да Табиғаттың бөлшегі демексің ғой.
– Оларға, әрине, дауым жоқ. Сонымен бірге мына мен де Табиғаттың бөлшегі екенмін. Өйткені қала сыртына шықсам болғаны, өзімді еркін сезінемін. Сондықтан мен осы Табиғаттың арасында жүре берсем қайтеді?..
Ұлының ақылды сөзіне көңілі ұйыған ана жүрегі елжіреп, оның маңдайынан сүйеді.
Тау мен тасты кезіп, сейілдеп жүрген Даниярға бір күні шашын ақ қырау шалған әлдебір қарт жолығыпты. Не дерін білмей кідіріп қалған балаға жақындап келіп:
– Шырағым, сен өзі есейіп қалған бала көрінесің. Бірақ бұл кемшілігіңді бір жолға кешіремін, – дейді ол.
– Қандай кемшілікті айтасың, қарт? – депті Данияр үлкен кісінің аяқ астынан өзін кінәлай жөнелгенін түсінбей.
– Шырағым, сен осы тұрғанда бір емес, бірнеше кемшілік жібердің. Ең алдымен, шашым ағарған шал екенімді көріп тұрып, менімен амандасқан жоқсың. Мұндайда үлкен адамдарға «Ассалаумағалейкум» деп ауыз толтыра сәлем берген абзал. Екіншіден, «сен» емес, «сіз» деу керек еді. Бұл тағы да үлкенді сыйлауға байланысты. Үшіншіден, «қарт» дегеннен гөрі маған «ата» дегенің жарасар еді.
Үлкен адамдармен сөйлесудің өзіндік мәнісі болатынын Данияр білмеген екен. Өз кінәсін өзі толық түсінбегенмен, қарттың қолын алып, ғафу өтініпті.
– Иә, балам, – дейді ақсақал сөзін әрі қарай жалғап. – Біраз уақыттан бері өзіңді осы маңайдан жиі байқаймын. Қашан көрсем де, тау мен даланы кезесің де жүресің.
Әлде бірдеңе іздейсің бе? Осы жүрісіңнің мәнісін айтшы, шырағым.
Данияр өзінің жай-жапсарын, Табиғатқа ынтықтығын айта жөнеледі.
– Дүниедегі ең таза нәрсе Табиғат екен, соны білдім, – дейді ол сөзінің соңында. – Сондықтан мен оған ылғи да құштармын. Қала сыртына бір шығып қайтпасам,
ұйқым қанбайды, көңілім көншімейді.
– Оның дұрыс қой, – депті қарт ойлана сөйлеп. – Ал сонда Табиғатқа не үшін разысың?
– Неге разы болмаймын?! Табиғат деген тамаша, таза, ауасы ғажап.
– Тамаша деймісің? Жүр, ендеше, даланы бір аралап келейік, – дейді қарт аяқ астынан ұсыныс жасап.
Балаға керегінің өзі осы ғой. Қарттың алдына түсіп алады да, сай-саланы аралап, томпаңдай жөнеледі. Содан екеуі бір жерге келгенде:
– Міне, мына тасты қара, – дейді ақсақал таяғымен сай ішінде шөгіп жатқан жалпақ тасты көрсетіп. – Беті шимай-шимай.
– Осындай сызылған тастарды мен ылғи көремін. Табиғат деген қызық-ау, тас беті де шимайланады екен?! – депті Данияр.
Көк майса даланың төсі айқыш-ұйқыш жол, қаптаған машина іздері екен. Әр жерде айқасып жатқан темір-терсектер.
– Міне, енді осыларға қарашы, шырағым, – деп, қарт таяғымен нұсқап, жан-жағын көрсетеді.
– Иә, даланың осы бөлігі көңілді екен, – дейді Данияр да жалма-жан. Баланың сөзіне қарт таңырқайды, бірақ үндемейді. Бұлар жүріп отырып орманға кіріпті.
– Тағы анықтап қарашы, – депті қарт екі иінінен ентіге деп алып тұрып. – Міне,
ағаштардың қабығы айқыш-ұйқыш жазу. Бұтақтары сынған. Аттаған сайын салдырлаған қалбыр, неше түрлі заттар. Көгалдың әр жері сап-сары, тақыр, төгілген май...
– Иә, Табиғаттың кей жері қызық. Тегі, тамаша! – дейді бала айналасына мәз бола қарап. «Мұнысы несі?» деп қарт тағы таңырқайды.
Бұл – Даниярдың ес білгелі көріп келе жатқаны – Табиғаттың бүлінген лас жері.
Сондықтан да бүлінген Табиғат ол үшін қалыпты, үйреншікті нәрсе сияқты. Оның ойынша, шөп арасында жатқан темір сынығы да, ағын судың лайлануы да, ауадағы газдың мүңкіген иісі де солай болуға тиісті қалыпты құбылыстар.
Қарттың күйзелісін әуелі түсінбеген бала енді таң-тамаша қалыпты.
– Айнала әбден бүлініп бітті ғой, – депті қарт күйінішін жасыра алмай.
– Таза Табиғат бұрынғы заманда болған.
– Мейлі, ата,— дейді бала.— Маған осындай Табиғаттың өзі-ақ ұнайды. Қалаға қарағанда бұл жер керемет емес пе?! – Сосын біраз үндемей отырып, бір сұрақ қойыпты: – Сонда туған жеріміздің бүлінбей, таза сақталған жері бар ма?
– Бар. Әй, бірақ сондай жерді табу қиын-ау.
– Өзіңіз ондай жерді білесіз бе? Мен барар едім. Көрер ме еді сол Табиғатты!..
Ойланып қалған ақсақал біраз отырғаннан кейін барып:
– Ондай бір жердің барын білемін, – дейді көзін алысқа қадап: – Албан таудың ар жағында, Балбан шөлдің бер жағында Арайлым деген көл бар деседі. Бір аман қалса, сол көл аман болар. Бірақ өзі жер түбінде, қиянда көрінеді. Сен оны іздеп әуре болмайақ қой. Шаршап-шалдығып, босқа азап шегерсің.
Данияр қарттың ақылын тыңдамайды. Анасынан рұқсат алып, әлгі көлді іздеуге шығыпты. Табиғатқа деген іңкәрлік оның ең таза пұшпағын, жерұйықты көргенше асықтырып, тыным тапқызбайды.
Күн жүреді, түн жүреді. Шаршап-шалдығады. Ақыры астындағы машинасы кішкене күймедей, оның дөңгелегі түймедей болған кезде қарт айтқан Арайлым көліне де жетіпті. Қараса, адам тілі суреттеп жеткізгісіз жер жәннаты екен. Мөлдіреген тұнық көлдің суы таңғы шықтай тап-таза, айналасының құрағы қалың, жағасы жайсаң. Су астында жүзіп жүрген үйір-үйір балық анадайдан көрінеді. Шағаласы шаңқылдап, қазы қаңқылдап дегендей, көлдің беті де, жағасы да қаптаған құс.
Бұрын мұрыны иіскеп көрмеген ерекше кәусар ауа, адам ізі түспеген жап-жасыл жағалау Даниярды бір сәт есеңгіретіп тастағандай болады. Мына ғажап көріністен ол біразға дейін есін жия алмапты.
Адамның келгенін көріп, Арайлым көлінің аң-құстары, балықтары қуанып асыр салыпты. «Бізге қамқорлық жасап, бас-көз болатын құдіреті күшті адам ұрпағы келді!» – деп жар салады олар.
– Иә, – дейді көл бетіне қарап көңілі толқыған Данияр да. – Атай айтқан нағыз Жерұйықтың өзі осы екен. Енді оны ешкімнің бүлдіруіне жол бермеуім керек. Оның бұл үнін естіп қалған бір-екі балық судан бастарын шығарады. Бала олармен қуана амандасады.
– Мен Ақсазанмын, мынау Көксерке, – дейді қабыршағы жалтылдаған әдемі балық өзін таныстырып. – О, адам баласы, сенің біздің көлді көріп, сүйсінген сөзің бәрімізді тебірентті. «Қорғауым керек» дегенді естіп, одан да қатты қуандық. Рас, бұрын бұл жаққа адам баласы аяқ басып көрмеген еді.
Ә дегеннен-ақ іш тарта сөйлескен Данияр балықтармен жақын достасып кетіпті. Бәрі жаңағы ізгі мақсаттың тезірек іске асуын арман етіседі. Сөзіне берік, достарына сенімді балада жан қала ма? Көлді қорғау жайында көппен ақылдасу үшін дереу елге қайтады. Туған шаһарына жеткен оның аузынан шыққан сөз жалғыз-ақ – Арайлым көлінде көрген ғажайыптары. Естігендердің барлығы «көлді қорғау керек» деген пікірді бір ауыздан мақұлдайды.
Сонымен қорғаушы адамдар Табиғаттың осынау жерұйығына қарай біртіндеп ағыла бастапты дейді. Сақадай сай көліктермен келген олар көл жағасына баспана орнатып, әр түрлі үйлер соғады. Асфальт жол, электр, телеграф бағаналарын жүргізіп, әлгі жерді әжептәуір қалашыққа айналдырыпты.
Сөйтіп Арайлым көлін адамдар қорғауға кіріседі. Көлге енді ешкім тиісе алмайды деп мәз болады Данияр. Ақсазан мен Көксерке бастаған балықтар мен түрлі аңқұстардың қуаныштарында шек жоқ.
Бірақ, өкінішке орай, уақыт өте келе бәрі керісінше болып шығыпты.
Сол екі арада мектептегі сабағы басталып кеткен Данияр көп уақыт қаладан алысқа шыға алмай қалады. Ол Арайлым көлін көргенше тағаты жетпей, сағынып жүріпті.
Сонан бір жыл өтіп, жазғы демалысқа шығысымен, аңсаған жағына қарай құстай ұшпай ма? Келсе, көлде баяғы көрік, баяғы тыныштық жоқ, жағалауы жүдеп-жадаған.
Адам танымастай әбден өзгеріп кеткен.
Алдымен жағалаудың жібек майсасы, бал құрағы тапталып қалған екен. Қалашық салына бастағанда-ақ жағалаудағы аң-құстар арғы бетке қарай жөңкіле ығысыпты.
Бұдан соң қорғаушылар моторлы қайықтарға мініп алып, көл бетін тынымсыз шарлаумен болыпты. «Қорғаушылар» қолдары бос кезде мылтық атып, ау салып ермек қылады екен. Кейде өздері жалыға бастаған соң шаһардағы дос-жарандарын шақырып алып, олардың демалуына жағдай жасап отырады.
«Осындай да осындай... Адам аяғы баспаған бір көл бар екен. Аң мен құс, балық жыртылып айрылады екен» дегенді естіп, таныстың танысы, туыстың жолдасы, жолдастың жекжаты ат терлетіп келіп жатса, қайтіп олардың қолын қағарсың.
О сұмдық! Аз уақыттың ішінде Табиғат-ананың адам аяғы тимеген тұнық перзенті Арайлым көлінің ұйқы-тұйқысы шығыпты. Жағада көк майса, балқұрақ тегіс жапырылып, орны тақырға айналыпты. Қиқулаған үйрек-қаз, қырғауыл, қасқалдақ, бірқазан, шағалалардың тоз-тозы шығып, жоғалыпты. Түлкі, жанат, бұлғын, сусардың оқ пен тұзақтан аман қалғандары жан сауғалап, әлдеқайда ауып кетіпті.
Аяқ астынан келген нәубет әсіресе балықтарға қиын тиеді. Олар аяқты аң, қанатты құс сияқты басқа жаққа қашып кете алмайды. Көлге құйып жатқан өзенді өрлей қашайын десе, ау құрып, тор тастаған адамдар құтқармайды.
Сөйтіп, жер жаннаты болып тұрған Арайлым көлі көп ұзамай-ақ адам қолымен былғанған қатардағы көп көлдің бірі болып шыға келіпті.
Мына сұмдықты көріп, жүрегі зырқ ете түскен бала әуелі есінен танып қала жаздайды. Айқайлап баяғы балық достарын шақырыпты. Олар болса, жағаға жақын жерде мұны күтіп зарығып жүр екен, лып етіп судан шыға келісіпті. Екеуінде де түр жоқ, әбден жүдеген.
Сөзді Көксерке бастап, Ақсазан аяқтапты.
– Данияр бауырым-ау, бұл не қылғаның? – дейді олар. – Қорғаймыз деп келіп едің. Енді не күйге ұшырадық? Ықылым заманнан бері тіршілік етіп келе жатқан жайлы мекеніміз, кәусар суымыз күн өткен сайын ластанып барады. Төгілген май атаулы су бетіне жайылып болды. Тынысымыз тарылып, тұншығып өлуге айналдық. Бәріміз шетімізден аурумыз, қырылып жатқандарымыз да бар... Бауырым Данияр, құтқара гөр бізді! – деп зарлапты балықтар.
Болған оқиғаны естіп, баланың төбе шашы тік тұрады. Сонан тұра жүгіріп, бір кезде өзі ертіп әкелген, көлдің қорғаушыларына бармай ма:
– Не істеп жүрсіңдер? Мыналарың қылмыс қой, – деп айқайлайды ол. Бірақ қызыққа батып, қоныс теуіп үлгерген адамдар шырылдаған баланың сөзіне қайдан құлақ аса қойсын.
Әрі-бері жанталасып жүгіргенімен, Данияр бәрібір еш нәтиже шығара алмайды.
Оны түсініп, мүсіркеп, көмектесудің орнына, ересектер:
– Бұл жерге ертіп әкелген өзіңсің. Біз болмасақ, ертең басқа біреулер келген болар еді. Сондықтан, бала, босқа әуре болғанша, кел, бізге қосыл. Балық аулайық, құс атайық. Сөйтіп, байлыққа да, қызыққа да белшемізден батайық, – депті.
Мынадай арсыздыққа күйіп кеткен бала не істерін білмейді. Тыныш жатқан көлді
қорғаймын деп өзінің орны толмас қателікке ұрынғанын Данияр сонда ғана сезіпті.
Арайлым көлінің ауыр тағдырына күйзелген бала құсаланып қатты ауырып қалады.
Өзегін өкініш өртейді.
Балаларының жағдайын естіген ата-анасы да жетеді аптығып. Олар көлді енді қорғаушылардың өзінен арашаламақ болады. Мемлекет басшыларын жағалап жүріп, Табиғаттың таза бөлігін, жерұйықты заң жүзінде қорғауды өтініпті. Даниярдың атаанасына басқа адамдар да қосылады. Сөйтіп, олар тізе қосып, үлкен күш болып жүріп, ақыр соңында Арайлым көлін апаттан арашалап қалған екен.
Данияр әбден сауығып, өзі аңсаған Жерұйыққа келсе, жағалаудың тапталған өсімдігі қайтадан бой көтере бастапты. Бұрынғыдай шұрқырап қайнап жатпағанымен, көлге аздап құстар да оралыпты.
Өкініштісі сол – көлдің бір кездегі таңғы шықтай мөлдіреген кәусар суы әлі де сол лас қалпы екен. Өкініштісі сол – бүгінгі адам аяғы басқан жер бәрібір бұрынғыдай болмай қалады екен.
Өкініштісі сол
– Даниярға баяғы мұңдарын шағынатын қос мұңлық – Ақсазан мен Көксерке ізім-қайым жоқ болыпты. Араны ашылған ашқарақ қорғаушылардың құрған торына түсіп қалды ма, әлде аяқ астынан келген індеттен опат болды ма, әйтеуір ізтүзсіз.
Жағалауды кезіп жүріп қанша айқайлағанмен, Даниярға ешкім жауап бермейді.
Сонан жақын достарынан айрылғанын сезген бала отыра қалып еңкілдеп жыламай ма.
Жылап-жылап болып, өзіне қараса, бір-ақ сәтте есейіп шыға келіпті. Сонан кейін Арайлым көлін қорғауға бел шешіп кіріседі.
Содан кейін-ақ Арайлым көлінің жағдайы да жақсара түсіпті деседі.
Ал Данияр күн сайын көл бетіне көз тігіп, жоғалып кеткен Ақсазан мен Көксеркені айқайлап шақырады екен...