22.01.2022
  155


Автор: Алма Түсіпбекова

Түс. Түсініксіз түн

Әлденеге келетіндей жылағым...
Қайда көшіп кеткен менің тұрағым?
Маң далаға маңып барам түсімде,
Көз алдымда көлбеңдейді құладын.
Құладынды ойлаушы едім өлген деп,
Қайдан ғана шыға келді көлбеңдеп?
Құладыным кетті айналып құзғынға,
Ғұмырымда мұндай сұмдық көргем жоқ...
Салмақты еді, өзек болған дастанға,
Сабыр кетіп қалды осы сәт тастан да.
Құзғын енді айналды да қыранға,
Сіңіп кетті аспанға...
Аспан болса, көлгірсіп
Сәл тұрды да, төкті маған мөлдір шық.
Ой, анашым!
Қашан келген қасыма,
Ол да аспанға қарап қапты, қолда – ұршық.
Арманымның арнасы енді толмай ма,
Бұл сиқырдан шығатұғын жол қайда?
Қыран енді бұлттан шығып, бұлт етіп,
Кетті айналып, қаптап жатқан торғайға...
Сұрақтарым жанды жатыр ұңғылай,
Болады деп ойлады екен кім бұлай?
... Көзімді ашам – үйде екенмін.
Бір құзғын
Мола жақтан сұңқылдайды.
Сұмдық-ай!..





Пікір жазу