21.01.2022
110
![](/uploads/shorttexts/author_image/024208e04a903e9f14a45881eca9c55c-original.png)
Тағы аңсадым
Көктем келiп, аспанда бұлт өргенде,
Қарай қалдық қол созып нұрлы ертеңге.
Алғаш рет құмартып қырға шықтық,
Қыз-бозбала жиылып гүл тергенде.
Өз қолыңмен бiр шоқ гүл берiп, құрбым,
Күнде-күнде қырларға елiктiрдiң.
Нұрым болып, сен менiң жырым болып,
Гүлмен бiрге құшаққа келiп кiрдiң.
Құшағына алғанда қос қанатым,
Балкыттың-ау кеудемнiң тас болатын.
Менiң балаң сезiмiм перiште едi,
Жалт қараған жанарға мас болатын.
Шалқып тұрды балбырап балаң шағым,
Өн бойымнан жүгiрдi алау-сағым.
Сен үйiңе кеткенде қарай-қарай,
Таң атқанша көруге тағы аңсадым.