21.01.2022
  146


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Аңшы ата

Қолыңа бүркiт үйретiп,
Ақ құмай тазы қарғылап,
Ақтабан сойыл сүйретiп,
Астыңа мiндiң арғымақ.
Өмiрдiң қумай мансабын,
Тұрмысқа мойын бұра алмай,
Даланы ғана аңсадың
Қамауға түспес қырандай.
Түлкiнiң таңын боятып,
Тазыңа талай аунаттың.
Ормандарды да оятып,
Жанғыртып жүрiп тау қақтың.
Кеуденде жүрген бұлтыңның
Нажағай оты ұрғандай,
Көкжалды көрсең, ұмтылдың
Қас жауың қарсы тұрғандай.
Тажалдың жолын тосқандай,
Пiрiңнiң бәрiн шақырып,
Жолбарыстан да жасқанбай,
Аюға бардың ақырып.
Жайратып тұрдың қолыңнан,
Дауысың күндей күркiреп.
Құландар қашты жолыңнан
Құла бiр дүзде дүркiреп...
Ақбөкендерге дүрлiккен
Бiр қарау үшiн жеттiң бе?!
Аң емес, әлде тiрлiктен
Арманды қуып өттiң бе?





Пікір жазу