20.01.2022
  231


Автор: Әлібек Асқаров


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарының бұл ісін мінеп-шенеген жиналыстар, соңдарына шырақ алып қудалап-соттаған науқан басталғаны мәлім. Сондай жиналыстың біреуі бұрынғы Мемлекеттік баспасөз комитетінде де өткен болатын. Республикалық баспалардың жетекші мамандары, баспахана басшылары, комитет қызметкерлері түгелдей қатысқан үлкен жиналыста Тұрсынбаев деген арнайы шақырылған қарт профессор ұзақ сонар сөз сөйлейді. Сөзінде, алаңға шыққан қазақ жастарын сынаумен тынбай, соның төркінін әріден, қазақтың өз мінезінен, дәстүр-салтынан, шығып жатқан кітаптардың ішінен іздеуге тырысып бағады. Қысқасы, не керек, ол қазақтың ақ көңілділігі мен қонақжайлылығын да ұлтшылдық деп тауып, соның салдарынан сүйекке таңба түсірген желтоқсан оқиғасына келіп ұрындық дегенге саяды ғой. Профессордың мұндай баяндамасынан соң жиналған жұрт біреу төбелерінен қойып қалғандай, не айтарларын білмей сілейіп отырып қалыпты. Осы кезде жазушы Сұлтан Оразалинов қалың топтың ішінен суырылып шығып, мінбеге беттейді. Біреулер оқу мен жұмыстан шығып, енді біреулер сотталып, біреулер атылып жатқан, әйтеуір “қазақ жаман” деген қиын-қыстау кезең болса да, мінбеге шыққан



 



Сұлтекең профессордың сөзін тайсалмай жоққа шығарып, халқын арашалауға тырысады. Қазақтың қонақжай мәрттігі кеңес үкіметіне дейін де пәлен рет дәлелденгенін, тіпті оны қазақтың өзі шығармағанын, сонау Ибн-Фадлан, Ибн-Батута, Рубрук, Марко Полодан бастап, кешегі Паллас, Аткинсон, Янушкевич пен Залесскийлерге дейін тайға таңба басқандай хатқа түсіріп кеткенін нақты деректермен дәлелдеп береді. Профессор жақ аша алмай отырып қалыпты.


 


Жиналғандар арқасынан ауыр жүк түскендей “уһ” деп дем алып, сыртқа шыққан кезде бір досы Сұлтекеңе:


 


- Мынау алмағайып заманда бәлеге қалармыз деп бәріміз жүрексініп отыр едік, көңіліміздегіні айттың... Алла-тағала өзіңе жар болып, қызылкөзден сақтасын! – дейді шын ризашылдығын білдіріп.


 


Сонда Сұлтекең:


 


- Тау сыртындағы жау кәрлі келеді деуші еді, ту сыртыңдағы жау одан да бетер болады екен! – деп, ашуын баса алмай, маңдай терін сүрте беріпті.






Пікір жазу