20.01.2022
  121


Автор: Арман Шеризат

Жұтылу

Есті өлеңді естімес керең құлақ,
Абай айтқан, ей, жүрек, тереңді бақ.
Маңдайдағы көзіммен жаутаң қағып
Жүректегі көзіммен келем жылап.
Жылап келем, онымды кім түсінер?
Жұмыр жерге сыя алмай жұрт ісінер.
Күлкің қайда кешегі балақай деп
Бүйірімнен түртеді күлкішіл ел.
Арзан сөзге жұбанбас аш көңілім,
Маған осы мәндірек жасты өмірім.
Я, Тәңірім, пайым бер, парасат бер!
Парықсыздың салмағай басқа өлімін.
Көміп жатыр, күлкілер көп естімді,
Менің жырым мұңайтқан жоқ ешкімді.
Барым жоққа жұтылып бара жатыр,
Өңім түске айналған елес құрлы.





Пікір жазу