20.01.2022
150
Туған жер
Алтын тәжді қондырып күн — енені,
Қарт Шыңғыстау түсіме жиі енеді ...
Жиі енеді сол ауыл, балалығым
Аңсаттырған мендегі жүрек еді.
Тірі сөздің бұл жерге пірі біткен,
Іргесінде болмаған ірілік кем.
Арылуға барамын ақ күмбезге,
Жалыққанда пендауи тірліктен.
Қарауылым — кіршіксіз бағасы ардың,
Қара өлеңнің қағбасы таласар кім?!
Ақ күмбезден аспанға көтерілер,
Күнмен бірге рухы Қара шалдың.
Қаламыма сол рух қуат берген,
Жанарыма сол рух шуақ берген.
Көзім жұмсам, Шыңғыстау бауырынан
Көшіп келе жатады бір ақ керуен.
Маңдайымның қайтпаған бағы, сірә,
Түйсігімнің атқандай таңы шұға ...
Жүгінерге тірі сөз иелерін,
Жүгіремін сол көшке жан ұшыра.
Қашықтықты қалайша жақын етем?
Бар болғаны жердегі ақын екем.
Мәңгілікті артып ап бабам көші,
Жарық күнге тіреліп жатыр екен.