20.01.2022
  118


Автор: Арман Шеризат

Тұңғиыққа тартар....

Тұңғиыққа тартар бізді күн-желкен,
Таза мұң бер, Тәңір, маған мұң берсең!
Қобыз тартып қара жердің астында,
Қорқыт көрі күтіп отыр бізді ертең.
Көктем болып жазайын деп көкке өлең,
Шексіздікке шығу үшін, шектелем.
Мәңгі жасыл айналар ем маусымға
Мезгілдердің ғұмырлары жетпеген.
Құлағымда құстар салған ән бүрлеп,
Көп тыңдадым уызына қанғым кеп,
Көктем сайын көп барамын ұяға
Қарлығаштың қанатынан жазды іздеп.
Ақын — ұлы табиғат қой, жүзі — нұр,
Көп шайырдың өздері жоқ, жыры жүр.
Қалыбына сыймай кеткен жүректің,
Жарылуы заңдылық қой түбі бір ...





Пікір жазу