1 наурыз - «Алғыс айту күні»
Елімізде 1 наурыз - «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.
Алғыс айту күні бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Алғыс айту күні күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Президент «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн - мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», деген болатын.
Бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. «Алғыс айту күні» қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерді. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Елбасы адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
«Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас Ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.
«Алғыс айту күні» Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.