20.01.2022
  269


Қазақ мифологиясында қандай кейіпкерлер бар?

Халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазынамыздың бірі – фольклорлық мұрамыз. Оған терең бойлаған адам халық тарихынан мол мағлұмат алатыны сөзсіз.


Адам баласының қоршаған ортаны тылсым күшке балап, одан туындаған қиялды көркем бейнеге айналдырып, жұмбақ әлемнің құпиясын түсінуге тырысқан жанрды мифология деп атасақ болады. Миф дегеніміз – адамзаттың қоршаған орта туралы қорытқан ілімі. Ежелгі адамзаттың қоғамдық санасына, қоршаған ортаны түсінуге тырысқан ой жемісіне айналған миф қазіргі күнде ертегі сынды тәрбиелік маңызы бар, үлгі-өнегесі мол әдеби қазына саналады.


Қазақ мифологиясында 40-тан астам кейіпкер бар. Олардың кейбірі қаскүнем болса, енді бірі – жағымды образдар. «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» атты кітапта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлерді 6 түрге жіктеп көрсетілген:
Тотемдік кейіпкерлер: көк бөрі, көк өгіз


Шамандық кейіпкерлер: самұрық, бәйтерек, бақсы



Демонологиялық кейіпкерлер: албасты, жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір, пері, шайтан, жын, дию


Хтоникалық кейіпкерлер: дәу (қара дәу, бір көзді дәу, Шойынқұлақ, Үш дәу, Аю дәу), алыптар (алаңғасар, арсалаң, Толағай, Ерсары, Ұлтанқұл), ергежейлі (жартықұлақ, бойы бір қарыс, сақалы қыры қарыс)


Ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (таусоғар, көлтаусар, саққұлақ, желаяқ, епті), пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата)


Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.


Бұлардың арасында көк бөрі, көк өгіз, самұрық, бәйтерек сынды кейіпкерлер бейтарап, біршама жағымды образда болса, демонологиялық кейіпкерлердің барлығы, аты айтып тұрғандай, жағымсыз, қаскөй келеді. Ал дәулердің ішінде адам жейтін қара дәу мен жалғыз көзді дәу, аю дәу, асқан күштің иесі Шойынқұлақ жаман кейіпкер болса, үш дәу табиғатынан аңғал, алаңғасар келеді, ешкімге зияны жоқ.


Ал алыптар екі сипатта келеді: бірі адам баласында көмектескіш, жақсылық ойлаушы жан болса, екіншісі – дүлей күштің иесі, жамандық жолында жүруші. Мәселен, арсалаң мен алаңғасар табиғатынан қырсық болса да, өте ақкөңіл, бала мінезді, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын аңғал кейіпкерлер. Қазақта «арсалаң» деген сөз ниеті таза, біраз ебедейсіздеу, қалбақтаған жарқын адамға айтылатыны содан.


Тау көтерген Толағай мен ірі тұлғалы, алып күштің иесі Ерсарының әдебиеттегі образы – батыр. Олар – адамзат үшін жағымды кейіпкерлер. Ал алыптардың арасында Ұлтанқұлдың бейнесі ұнамсыз. Алпамыс батыр жырында кездесетін кейіпкердің бет-болмысы өте жиеркінішті.


Ергежейлі кейіпкерлердің арасында жарты құлақ – өте елгезек, тапқыр бала. Бірақ бойы бір-ақ тұтам. Ал «бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» жарты құлаққа қарама-қарсы кейіпкер. Егер жарты құлақ адамзатқа пайдалы кейіпкер болса, бойы бір қарыстың адам баласына тигізетін кесірі соншалық ауыр.


Ал Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ, Епті сынды адам баласына жолдас болуға бейім келетін кейіпкерлер табиғатынан көмекші, қағілез, белгілі бір нақты қызметті атқарушы болып келеді.


Тазша бала мен Қаңбақ шал – адамзатқа аса зияны жоқ кейіпкерлер.





Пікір жазу